• Қоғам
  • 30 Сәуір, 2021

ДӘРІГЕР ЖАЗБАСЫ

Баян  Жұманова

Бейбітшілік қадірі

Тоғыз-ондар шамасындағы бала кезім. Үшінші класта оқитын болуым керек, өйткені, бастауыш сынып оқушылары  ауылда оқимыз да, бізден ересектеулері аудан орталығындағы мектепке автобуспен қатынап оқитын. Күн суық қыс айларында олар апта бойы аудан орталығында қалып, ауылға тек жексенбіге қарсы, сенбіде келетін еді. Мұндай кездерде бауырларымды сағынып, күн санап асыға күтетінмін.

Көктем еді. Үстімізден сыртқы киім түспеген уақыт. Мен үшін бүткіл дүниеге қасірет туып, ел басына қауіп төнгендей болған сол күні де сенбі болатын. Өзіміз қала деп атайтын аудан орталығынан автобус келетін жол жаққа жиі қарап қойып, сыртта аға-апаларымды күтіп жүргенмін.

Кенет.., кенет алыстан, ауылға келер жолдың сол жағын ала аспанда пайда болған алып саңырауқұлақты көрдім. Ия, кәдімгі соғыс жайлы жазылған кітаптардағыдай немесе кинодан көрген бомба жарылысын сипаттайтын алып саңырауқұлақтың нағыз өзі. Кішкентай ғана бала жүрегім кеудеме сыймай тыпырлап кетті. Ол аздай, әлгі саңырауқұлақтар бірінен соң бірі пайда болып, ауылға жақындай түскендей. Соғыс басталып кетті деген оймен тұрған жерімде қаққан қазықтай қатып, абдыраған күйдемін. Аспанға тік көтерілген ақ жолақтан пайда болған алып саңырауқұлақты бомба жарылысы деп ұққан менің түрімді дәл сол кезде ешкім көріп немесе суретке түсіріп алған жоқ. Бірақ, сол түрімнің соғыстағы  бомбалау кезінде жертөледе отырған балалардың әлпетінен еш айырмашылығы болмаған шығар.

Мені осы жағдайдан құтқарған ауылға келер жолдан көрінген автобусқа көңілімнің аууы болды. Бір жағынан расында бауырларым да бар, іші адамға толы сол автобусты жарылыс қуып жетуі мүмкін деген қорқынышым да бар. Жоқ, олай болмады. Автобус ауыл көшесінің орта жеріне келіп тоқтады. Мен одан түскен бауырларымның алдынан жүгіріп шықтым. Ауылға келгендер көңілді, жүздерінен қорқыныш сезімі байқалмайды. Құшақтасып қауышқан бауырларым екі көзімнің алыстағы жарылыста екенін байқап:

   – Қорықпа, егер көктемде өзендегі сең қозғалмаса, осылай мұз жару жұмыстарын жүргізеді, – деп түсіндірді.

Сол жасымда мен оны қайдан білгенмін, ел аман, жұрт тыныштықта өз ойыммен соғысты бастап қойыппын ғой.

Ең бақытты кезеңім – ауылдағы балалық шағымды еске ала қалсам, ылғи сол тұла бойымды орасан қорқыныш билеген сәт жадыма оралады. Осылайша, бұл оқиға маған бейбітшіліктің қадірін бір-ақ мезетте ұғындырған.

 

Құрбылар құпиясы

Екінші курс студентімін. Қысқы сессия басталған. Әр емтихан алдында дайындыққа берілетін 3-4 күнде ертелеу оянып, ішкен таңғы шайымызды тезірек жинап, отыра қалып сабақ оқитынбыз. Сол отырғаннан түске дейін тырп етпейміз. Бұл тыныштықты анда-санда бөлмемізге конспект немесе кітап сұрап кірген бірен-саран курстастарымыз бұзуы мүмкін. Түскі, кешкі тамақтан соң да түн ортасы ауып, ұйқыға жатқанша осылай. Алғашқы күндері кешке қарай таза ауа жұту үшін сыртқа шығып, серуендеп қайтуға немесе киноға баруға 1-2 сағат бөлуіміз мүмкін, ал емтихан тапсыруға жақын қалғанда ол да жоқ. Кітап-қисаптан бас көтермейміз. Емтихан тапсырып келген біреуді көрсек, оған қызыға қарап, сұрақтың астына алып, біраз шуылдасып қаламыз.

Бірақ, оқуымыздың екінші жылында бірінші курстағыдай емес, еркінси де бастағанбыз. Осындай бір күнде қарсы бөлмеде тұратын құрбымыз Ғалия келді. Ол көзбен мегзеп, ыммен түсіндіріп бөлмелес Гүлзарды сыртқа шақырғандай болды. Олар шығып кеткенмен, сәлден соң Гүлзар қайта оралып, Айшаның құлағына сыбырлады.Енді бөлмеден Айша шығып кетті. Осылайша, бөлмелес құрбы қыздарым бірінен соң бірі дәлізге шығып қайтты. Сыртқа шақырылмаған тек мен ғана.

Құрбыларымның неге бұлай жасаған-дарын түсінбей, әр нәрседен күдіктене бас-тадым. Ойым бөлініп, әр саққа кетті. Бұлар маған айтпай не жасырып жүр? Әлде емтихан тапсырудың бір оңай жолын тауып, өзгелерге айтып қояды деп аңғалдау  менен жасырып жүр ме?  Түнгі ұйқыға жатқанда да  бөлектелуімнің себебін өзімнен іздеп, жуық арадағы барлық жүріс-тұрысым мен айтқан сөздеріме шолу жасадым. Қалай ойлансам да, оның себебін таба алар емеспін.

Ертеңіне емтихан алды қарбалас басталды. Кешегі болған жайды ойлауға уақыт болмаса да, көңілдегі күдігім сейілмей, ауық-ауық мазалап қояды. Ал топтас қыздарым ештеңе болмағандай жүр. 

Емтихан тапсырған күні бір ширығамыз. Біріміз қуанып, біріміз әттеген-ай деп, емтиханды енді тапсыратындар мен сұрағандарға өзімізге қандай сұрақтар келгенін, қалай жауап бергенімізді, қандай мұғалім қабылдағанын қызу айтумен боламыз. Кешке қарай шаршап, шала болған ұйқыны қандыру үшін ертерек жатып қаламыз. Бұл күні де дәл осылай болды. Көңілімдегі күдігім осындай қым-қызу сәттердің көлеңкесінде көмескіленіп қалды.

Ал ертеңгісін оянғанда мені тосын сый күтіп тұрды. Бұл күн менің туған күнім болатын. Міне,  құрбыларымның құпиясы!      

Былтырғы жылғы алғашқы сессия кезінде  туған күнімді атап өту былай тұрсын, ол туралы ойлауға да мұршамыз болмаған еді.

Психологтар түсініксіз жағдай болғанда сұрау керек дейді. Бірақ, сол кезде  құрбыларым мен сұрасам да өз әрекеттерінің  құпиясын ашар ма еді? 

 

Бақыт өлшемі

Дәрігер бөлмеге есік жақтауын қолымен сипалап, қадамын шалынып құлайтындай абайлап баса еніп келе жатқанынан науқастың көзі нашар көретіндігін байқап, орындыққа жайғасуына көмектесті. Науқас әйелдің аты-жөнін  сұрап, мазалап жүрген шағымдарын, ауыру тарихын, қандай ем қабылдап, қалай бақыланып жүргенін сұрай бастады. Сұхбаттасып, тексеріп, талдау  нәтижелерімен таныса отырып, оған кеңес берді. Кеңес беруін берді-ау, бірақ, ауру аса дендеп кеткен екен. Көз көруі, бүйрек жұмысы, қан тамырларының өткізгіштігі нашарлаған науқасқа деген аянышын білдіртпеуге тырысқан дәрігер, әйелдер қауымында асқынулары ерте басталып, ауыр өтетін аурудың аяусыз сипаттағы ағымына қынжылды. Науқастың барлық сұрақтарына жауап беріп, соңынан оны қолынан жетелеп, дәлізге дейін шығарып салды. Бөлмеге келген бойда Балкен орнына отырмай терезе алдына келіп, көкке қараған күйі: «О, Жаратушым! Егер өзіңнің деніме берген саулығыңды бағаламай, өз өміріме риза болмай, берген нәпақаңды қанағат тұтпай артық кеткен жерім болса, кешіре гөр!» – деп тәубесіне келді. Өмірі жалғыздықпен өтіп жатса да өзін ауру меңдеген әйелмен салыстырғанда бақыттырақ санады. Есік ашылып, жаңағы науқас әйелдің қайта кіріп келе жатқанын көріп, назарын бұрды.

– Мазалағанымды кешіріңіз, – деді әйел ыңғайсыздана. – Менің сізге бір өтінішім бар еді. Егер қазір жолдасым сізге кіріп, менің денсаулығым жайлы сұрай қалса, менің жағдайымда ұрпақ жалғастыру мүмкін емес екендігін оған айтпай-ақ қойыңызшы. Біздің қосылғанымызға да көп болмаған еді. 

– Жарайды – деп, келіскен дәрігер: «Ия, дәл қазір бас қайғы болып тұрғанда,  ол туралы ойлау да артығырақ»  деді іштей. 

Көп кешікпей есік қағылып, рұқсат сұрап кірген сымбатына көркі сай қазақ жігітіне отыруын мегзеп, әдеттегідей танысып, денсаулығына қандай шағымдары бар екенін сұрай бастаған. Бірақ, оның сөзін бөлген ер адам өзінің жақын арада қабылдауда болып кеткен Марияның күйеуі екенін және әйелінің денсаулығы жайлы білгісі келетінін айтты.

Балкен әйелінің халін күйеуіне айтып жеткізуге тырысты. Бұл түсіндіруден ер кісі түбінде жағдайдың немен аяқталатынын сезсе де, қаймыққан сыңай көрсетпеді, сыр берместен дәрігерге рахметін айтып кете барды. Сұрақ болмаған соң, Марияның өтініші бойынша ештеңе айтудың қажеті де болмады.

Тым-тырыс тыныштық. Қабылдауға кірген келесі ешкім болмады. Әлі де таңданыс сезімінен шыға алмай отырған Балкен тағы да терезе алдына жақындап, көке көз тігіп: «Бақ қондырайын десең, өз қолыңда екен-ау» – деді.

 

Жар салғым келген сәт

Кешке жұмыстан шыққан кезде күні бойына алғаш рет таза ауа жұтып тұрғандай әсерде болдым. Қандай керемет сезім десеңші! Таза ауаға тоймағандай терең демала түстім. Аурухана ауласынан шығып, аяғымды ілбіп басып, көше бойлап жүріп кеттім. Әлім болса екі қолымды қанаттай жайып, арасында секіріп қойып, жүгірер едім. 

Ертеңгі уақытта мені шұғыл қабылдау бөліміне шақырған. Барсам, ауылды жерден ес-түссіз күйде науқас алып келіпті. Тез арада тексеріп, емдік шараларды бастап, жансақтау бөліміне орналастырдым. Күні бойы науқастың жағдайына қарай емге қосатынын қосып, азайтатынын азайтып, сағат сайын бақылаумен болдым. Сол еңбегім еш кетпей, науқас түс ауа есін жинай бастады, ал кешке қарай тілге келді. Алды түн болғандықтан науқасты таңға дейін жансақтау бөліміне қалдырып, кезекшілерге түні бойғы бақылау, емдеу, тексеру жоспарын жазып қалдырдым. Көпті көрген реаниматологтардың өзіме деген ықылас-ілтипатын да байқап қалғандаймын. Шаршадым, әрине, бірақ бұл жанға жағымды шаршау еді. Адам ұнататын жұмысымен айналысып, ісінің нәтижесін көрсе, осылай болады.

Бүгінгі нәтижем қандай ерекше еді? Бүгін менің оқу бітіргелі алғаш рет өз бетімше науқасты кома жағдайынан шығаруым болатын. Ия, сол студент шағымда алған білімім бойынша, дәл бізді оқытқандай көмек көрсете алдым. Көз алдыма осы жағдай бойынша қандай ұстаз дәріс оқығаны, алғашқы көмек көрсетудегі бірінші, екінші, үшінші қадам деп жазған дәптерім, емтихан тапсырғандағы сұрақтарым мен жауаптарым келе қалды. Бірнеше жыл оқып білім алып, оны тәжірибе жүзінде пайдаланып, еңбегінің жемісін көретіндей халге жетуің кеу-де кернейтіндей қуаныш сезімін шақырады екен.

Осындай күйде жымиып, баяу аяңдап келемін. Ерте күздің кеші. Үстімде тоқылған ұзындау сұр жемпірім, тізеден түсетін қара юбкам, аяғымда өкшесі биік емес қара туфли. Жұмысым офиста болмаса да, науқастардың көз алдында әшекей тағынып, соңғы сән үлгісімен жарқырап киінуге ыңғайсызданамын. Сән қууға жалақы да жетістіріп ерік беріп тұрған жоқ, әрі дүкен кезер бос уақыт та көп емес. Сонда да өз өміріме риза күйдегі көңілмен тұратын жеріме таядым. Орталық көшеден жатақханама бұрылар жерде казино орналасқан. Сол бұрыштан өте бере сыртқа шылым тартуға шыққан мен құралпы қыз-жігіттер тобына көзім түсті. Соңғы сән үлгісімен киінген жігіттер қыз өтіп барады-ау деп мен жаққа мойындарын да бұрмастан, темекілерін құшырлана сорып, түтінін ауаға будақтата әңгімелерін қызу жалғастыра берсе, қабысқан киімдері дене мүшелерін айқындай түскен біз өкшелі бикештер маған менсінбей көз салғандай. Оларға бұрылып тұрып: 

– Ей, адамдар! Сендер не білесіңдер? Мен бүгін кәдімгі сұм ажалмен жекпе-жекке шығып, жеңіске жетіп келе жатқан батырмын! Менің бұл жеңісім зердемнің, еңбектеніп оқып, жинаған тәжірибемнің жемісі. Мен бүгін бұл дүниедегі ең бақытты адаммын! – деп, жар салғым келді.

 

Адами түсінік

Дабырлаған дауыстардан таңғы тәтті ұйқым бұзылып оянғанымда, пойызда келе жатқаным есіме түсті. Жоғарыдан қарап, купе ішіне кіріп төменгі сөреге жайғасып отырып, ала сөмкелеріндегі заттарын аударыс-тырып жатқан екі-үш әйелді байқадым. Байқауымша, вагон аралап, сауда жасап жүргендер. Өз шаруаларының қамымен өзгелердің тыныштығын бұзып отырғандарын сезбейтін де сияқты. Төменгі сөреде жолға бірге шыққан ағам келе жатыр еді, орнында өзі көрінбегенімен, заттары тұр. Басымды көтеріп, әйелдерден ұйықтап жатқан адамдардың мазасын алмай, бәсеңдеу сөйлеулерін сұрайын десем де, ұйқымды қимай маужырап жатырмын. Саудалары жүрген бе, көңіл күйлері көтеріңкі әйелдер анау-мынау өтінішті тыңдай қояйын деп отырған жоқ сияқты. Купе қабырғасына қарап аударылып жатып ұйықтамақшы болдым. Бірақ,  шыны ыдыстардың сылдырына қарағанда отырыс шәй ішумен жалғасатын сияқты. Ұйқысырап жатып, ағамның «Шәй алыңыз, тағы бір кесе ішіңіз» деген дауысын есітіп, таң қала төменге үңілдім. Ағам болса төмендегі қатарласа жайғасқан әйелдерге шәй құйып беріп, «Ас алыңыз» деп жолға алып шыққан бар тамағын ұсынып, сый көрсетуде. Әйелдер де тартынбай, терлерін сүртіп қойып, тәтті тістеп, ыстық шәйді сіміруде.  Әншейінде әйелі құйып бермесе, шәй ішкісі келмей, зауықсыз тамақтанатын ағамның таңнан тұрып зыр жүгіріп, шәйнекпен қайнаған су алып келіп, шәй  демдеп, шәй құйған ыдысын өзге әйелдерге ықыласпен ұсынып отырғанын көргенімде,  кәдімгідей күлкі қысты.

Пойыз жүрісі бәсеңсіп, дөңгелегін шиқылдата барып  тоқтады. Ала сөмкелерін сүйреткен әйелдер шуылдаған күйлері сол жерден түсіп қалды. Терезеден сыртқа қарап отырған ағам қалың ойға шомғандай. Таңғы тамағын ішуге жалғызсырап отырған болар деп төменге түсіп, жуынып келген соң дастарқан жайдым. Оған күле қарап:

– Өз шаруаларымен жүрген саудагер әйелдерді қонақ етіп, қатты күттің ғой,– деймін кекесін кейіпте.

– Е-ей, олар небір жетіскеннен жүр дейсің? Бала-шағаларының қамы да. Таң сәріден пойызға үлгерем деп асығып, үйлерінде шәй ішті  дейсің бе? Бар болып, жетіп тұрса, ел қатарлы ұйқыдан енді тұрып жататын кездері ғой, – деді ағам күрсініп.

   Шынымен де солай  екен-ау.  Бұрын  сауда тек сауда орнында жасалып, одан тыс сатылым алыпсатарлық, қымбаттаған бағада зат сатылуы – саудагерлік деп аталып, санамызда қалыптасып қалыпты. Қатып қалған сол түсінігім бойынша  сырт пішіндері мен киімдері жетістіктен шалқып жүргендерге ұқсамайтын әйелдерге саудагер ретінде қараппын. Жаппай жұмыссыздық кезеңі талай аналарды үйін, бала-шағасын тастап жол жүріп, базар, вагон кезіп кетуге мәжбүр етті емес пе?

Қайран менің нәзік жанды, суретші ағатайым! Мықшыңдап ауыр зат көтерген нәзік жандыларға қарап, көңілсіз күйде отыруының себебі осы екен. Өзімнің біржақты ойлайтынымнан ұялып, ағама  құрметпен  шәй  ұсындым.

 

4154 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы