• Шежіре
  • 30 Сәуір, 2021

ҚАЗЫНАЛЫ МЕКЕН

Сіз осыдан бірнеше ғасыр бұрын жазылған, ұзындығы бір метр болатын алып кітап пен көлемі үш-ақ сантиметр кітапшаны қолыңызға ұстап көрдіңіз бе? Әлде сізді ғажайып қисса-дастандар мен хандар шежіресінің түпнұсқасы қызықтыра ма? Бәлкім, сіз ортағасырлық шым-шытырық оқиғаларға толы саяхаттар тарихын сүйіп оқитын боларсыз. Мархабат! Мұның бәрін бір-ақ жерден тауып оқуға әбден болады. Ғасырлар сыры – тарихтың тірі куәгерлері жинақталған бұл  қазыналы мекен Орталық ғылыми кітапхананың Сирек  кездесетін кітаптар, қолжазбалар және қазақ әдебиеті бөлімі деген атауға ие. 

Құрылуына атақты академиктер Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан ерен еңбек сіңірген ғылыми кітапхана 1932 жылы ғалымдар сыйға тартқан 2500 дана кітап негізінде ашылған. Дәл осы жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы алғашқы бастауыш ұйымы құрылады. 1946 жылы бұл ұйым Қазақ КСР Ғылым академиясы болып құрылып, кітапхана «Орталық ғылыми кiтапхана» деген ғылыми дәрежеге ие болды. Ғылыми экспедициялар ел ішінен, басқа республикалардан  тауып әкелген құнды жазбалар кітапхана қорының маңызын арттыра берді. Бүгінде ғылыми кітапхана қорында 6 миллионға жуық кітап бар. Мұнда сонау ХІІ-XVI ғасырларда қолмен жазылған түпнұсқалардан бастап, заманауи электронды ақпарат тасымалдағыштарға дейін жинақталған. «Хандар шежіресі» (XVIII ғ.), «Пайғамбарлар және қожалар шежіресі» (XIX ғ.), «Абылай ханның Сібір әскери шептерінің қолбасшысы генерал-поручик И.И.Шпрингерге жазған хаты (1765-1767 жж.)», бүкіл қазақ пір тұтатын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, қазақ этнография-сын зерттеуші Әбубәкір Диваевтың, әйгілі әнші-ақын Жаяу Мұсаның қолжазбаларын осы жерден табасыз. Абай Құнанбаевтың жеке хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының қолымен жазылған өлеңдері мен Шоқан Уәлиханов қолжазбаларының фотокөшірмесі ұлы тұлғаларымыздың көзіндей жәдігерлер.

Сирек кітаптар қорындағы ең үлкен көлемді басылым 1856 жылы Парижде шыққан орыс императоры Александр ІІ мен патшайым Мария Александровнаның таққа отыру рәсімін суреттейді. 106 беттен тұратын кітаптың ұзындығы 92 сантиметр, ені 68 см. Салмағы да оңай емес, 22 килограм! 1856 жылы тамыздың 26-нан қыркүйектің 16-на дейін тойланған бұл тойға әлемнің түкпір-түкпірінен патшалар мен ханзадалар жиналыпты. Императордың таққа отыру рәсіміне Сібір қырғыздарынан өкіл болып аға сұлтан, майор Шорманов, подполковник Татенев, Аблес Али сұлтан қатысыпты. Кітаптың 55 беті көркем суретпен безендірілген. Олардың арасында қырғыздардың (қазақтардың) аңға шыққан сәті бейнеленген сурет те бар. Бұл сирек кездесетін басылымды кітапхана 1960 жылы облыстық сау-да басқармасының кітап дүкенінен 1500 рубльге сатып алған. Ал мұндағы ең кішкене кітап – Құран Кәрім. Стамбул қаласында XX ғасырдың басында шыққан. Бұл кітапты Құран Кәрімнің өте сирек кездесетін толық нұсқасы деуге болады. Кітаптың ұзындығы 3,4 см, ені 2 см, қалыңдығы 1,2 см.

Кітапханада шет тілдегі сирек кездесетін кітаптардың тақырыбы  да өте қызық. Адам Олеарийдің 1696 жылы неміс тілінде шыққан «Описание путешествия в Московию и через Московию в Персию и обратно» кітабы, Әбл әл-Кәрім Бұхаридің «Орта Азия тарихы» (1740-1818 жж.) сол заманнан сыр шертетін құнды дереккөздер. 

Қазақ тіліндегі кітаптар 1929 жылға дейін араб графикасымен шыққаны белгілі. Ғылыми кітапханада қисса-дастандармен бірге Сүлеймен Бақырғани еңбектері, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі», Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамсасы» сақталған.  «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларының бірнеше нұсқасы да осында. Өткен ғасырларда өркениеттің, мәдениеттің бесігі болған шығыс елдерінің ғұламалары – Марғинани Бурһануддин, Ибн Араби Мухиддин, ХІV ғасыр тарихшысы Ибн Халдунның тарихи зерттеуі, парсы тіліндегі Фердоусидің «Шахнамесі», Хафиздің, Омар Хаямның диуандары қанша ғасыр өтсе де құнын жоймайтын ғажап туындылар. Бұл жәдігерлердің барлығын кітапханашылар көзінің қарашығындай сақтап, келесі дәуірлерге жеткізудің қамына кіріскен. Кітаптардың электронды нұсқалары әлі талай ғасыр оқырманның игілігіне жаратылары сөзсіз.

Ғылыми кітапхана ғимараты кеңістік пен уақыт сырын бүккен киелі мекен. Мұнда көне де жаңа кітаптардың тылсымы баурап тереңіне тартады,   ой маржандарын оқыған сайын көкжиегің кеңейіп, тынысың ашылады, ғұламалар ғибратының сәулесі өне бойыңа сіңе береді. Кітап – сана мен сезімнің қуат көзі. Даналық қазынасынан нәр алған жанның ой-санасы берік, кісілігі кемел. Неге екені белгісіз, мәңгілік құндылыққа, әлемдік мұраға айналған дүниелерді оқи бергің, ойлана бергің келеді... 

 

16168 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы