• Айтарым бар...
  • 30 Сәуір, 2021

Аузым қайда?

Асқар НАЙМАНТАЙ,
сатирик

Таңертең тұрып, төсегімде керіліп жатқанда ұйқыдан ояна салып істейтін тағы бірдеме қалып қойғандай болды. Тұрып алып тағы да керілдім... Не қалды енді? Нені ұмыттым? Е-е, есінеу керек еді ғой! Ауызды айқара ашып тастап, жағым айрылғанша есінейтінім бар еді. Сол бүгін істелмей қалған сияқты. Неге екенін, істелмей тұр. Ақырын айнаға қарасам, о, тоуба, аузым жоқ! Ыржалаңдамай қоя тұрыңдар, рас айтам, аузым түп орнымен жоқ! Ұшты-күйлі жоқ! Әлду! «Аузымды қайда қойдың?» - деп дүрсе қоя беретін үйде де жан баласы қалмапты. Болғанда да не пайда? Айтары белгілі. «Ішкен-жеген жеріңе тастап жүре беретін әдетің емес пе? Қалған шығар бір сылқымның ерніне жабысқан күйі!» - дейді ол. Сорлы ауыздың соңғы көрген еріннің есінде жоқ екенін қайдан білсін...

Құрыдым-ау, ә! Ауыз қайда енді? Тілипонға жабысып «аузымды көрдіңдер ме?» - деп те сұрай алмайды екенсің. Сұрай алған күннің өзінде масқара ғой! «Көзәйнегімді көрдің бе?» – дей салатындай емес, ауыз ғой бұл! Ауыз болғанда да ерні ерніне жұқпайтын, зырылдап жүрген, алысты жақындатып, жақынды алыстатып, кейде мініп алып көше кезіп кететін өзімнің жүйрік аузым жоқ! Сорлап қалдым!

Тоқта, тоқта... кеше қайда болдым өзі?... Таңертең мекеме басшыларын жинап алып жиналыс аштым, ақырып, бақырып, жұмыстан қуам деп, стол тоқпақтап қорқыттым, ауыз орнында болатын. Сосын жұмысшылармен кездесу болды. «Сәл шыдаңдар, қағанағың қарқ, сағанағың сарқ болады!» – дедім, ауыз орнында... Сонда бұл ауыз қайда қалды?! Түстен кейін қабылдау жасадым. Еңіреп келгенді елжіреп, екпіндеп келгенді елпілдеп қарсы алып, шығарып салдым, ауыз орнында... сосын бильярд... іштік, жедік, демек ауыз ол кезде болған... Түн жарымда үйге келдім. «Қайда жүрсің?» – деген кипитөк сұраққа «Қайда болушы еді?! Сендердің қамың, үкіметтің жұмысы ғой, әкеңнің!» – деп, мен де қайнап тұрған жауап бердім. Ауыз орнында. Орнында болмаса үкіметті боқтайсың ба?...

Кенет ішімде бірдеме жыбыр ете қалды! Атып тұрып қарасам, аузым кіндіктің тұсында жылжып барады! «Оу, көксоққан, мұның не?!» – дедім. Миыммен айттым ғой деймін, өйткені ауыз бұртиып тұр. «Бүйтіп көрген күнім құрсын! Айтқаным өтірік,бергенім құрғақ уәде. «Білегің көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлап» сенде қайдағы жоқты айтатын болдың. Туғанда қандай ауыз едім мен?! Жаман сөз түгіл жақсы сөзі айтуға бата алмаған, кішіпейіл, ақкөңіл ауыз едім. Өтірік айтсам, ернімді тістеп алушы едім. Міне енді тістей-тістей, кере-кере керауыз болдым. Езуім қуарып, ернім жылпылдап, сүйкімнен жұрдай болдым. Тықпайтынды тығасың, шықпайтынды шығарасың! Кейде «тісім» – деп, өтірік ауырып, жабылып қалайын десем де сыңар езулеп сөйлеп зықымды шығардың. Айтқанында бәтуа жоқ бейпіл ауыз болғаннан тойдым! Сенің аузың болғанша – артың болайын деп арт жақпен келісіп, орын ауыструға кетіп барамын!» – деп сырғып барады. Көзімнен жас ыршып кетті. Жата қалып жалындым. Миыммен әрине. Сөйлейтін ауыздың түрі анау, көтеріліс жасап жатыр. «Жаздым, жаңылыдым. Айтайын деп айтпаймын ғой. Мәжбүр етеді ғой. Бұл күнде өтірік айтпайтын пенде бар ма? Олар маған айтады, мен елге айтам.» Ауыз тоқтар емес, сырғып барады. «Ойбай, тоқта! Ойлашы өзің, әжетханада шындық бар деп отырсың ба? Шындық болса жұрт неге жасырын барады? Кілттеніп, қамалмай-ақ, тасаға тығылмай-ақ бара бермей ме шындық болса? Жасырып несі бар?»Ауыз тағы да төмен жылжыды. «Біле білсең, білдірмей жегенді көрсетпей шығарып үйренген нағыз суайт жерге кетіп барасың, ойлан!» – дедім, жан даусым шыққан болуы керек, шеке тамырым солқылдап кетті. Ауыз тоқтап қалды. «Орныңа қайта ғой, бірден тоқтау мүмкін емес, ақырындап өтірікті тоқтатайын, «көппен көрген ұлы той», елмен бірге адам болып кетерміз. Сенімен орын ауыстыратын бәле сенің орныңа келгенде не өзгерер дейсің? Туғалы жақсы нәрсе шығарып көрмеген ол оңбаған ауыз болғанда қатырар деймісің? Кел, орныңа. Ашуыңды ақылға жеңдір. Енді өтірігім өршіп бара жатса езуіңді қыршып ал, тіліңді тісте, әйтеуір бір амалын жасап тоқтат. Сөйтіп тәрбиеле мені, келе ғой» - дедім. Көзімнен аққан жас толастар емес. Аузым мықынымда мелшиіп біраз тұрды. Ақыры  бір күрсінді де орнына қарай жоғарылай берді...

Ауызға абай болайық ағайын! Абайсызда орны ауысып кетсе ...

3910 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы