• Айтарым бар...
  • 30 Наурыз, 2021

«Адам – адамға дос»

Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Бауырмалдық – асыл қасиет. Абай айтпақшы «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Қазақ тарихында о заманнан бостандық, еркіндік үшін күресуші, намысқой, қайсар батырлар образында және  «сөз қадірі – өз қадірім» деп, талай дауды бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатқан данагөй билер, саясатты тереңнен түсініп, халқының бостандығы үшін ақыл майданында барын салған зиялы қауым өкілдері ретінде суреттеледі. Ал, қарапайым халықтың басым бөлігі ол кезде толыққанды оқымаған болса да, рухани тәрбие, адамгершілік сипатын  оқымай-ақ білген. Ол қасиет қазаққа туа біткен, асыл да адал аналарымыздың ақ сүтінен дарыған.

«Кең болсаң, кем болмайсың», «Қонақ келсе, құт келеді», «Сыйлағанның құлы бол», тіпті, «Тас атқанға ас ат» дейтін мақалды қайтерсіз?! Қонақ десе, алдына жан салмай күтетін, танымайтын қонақтың өзіне «құдайы қонақ» деген ең құтты шен берген де – біздің қазақ.  Абайға оралмасқа болмайды: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?» - десе, Сәбит Мұқанов: «Адам – адамға дос, бауыр және жолдас», – деді. Міне, осы нақылдың бәрі әр қазақтың миына құйылған, бойына сіңірілген. Үйінде өзін төменге ысырып, өзгені төрге шығаратын қонақжай, бауырмал, мейірімді халықпыз. Тек көбі «сыйға – сый» дегенді түсінбей, оны шартты түрде қабылдап жатады.

Негізінде, бақытқа жетудің бірден бір сара жолы-мейірімділік, көмек қолын созу, адамгершілік пен бауырмалдық. Ақыл-ойы кемелденген, көзі ашық, көкірегі ояу адам нәсіліне, дініне, тегіне қарамастан оны анық біледі. Жақсылық кез келген қатып қалған жүректі жұмсарта алады. Ал жақсылықты ылғи жасай берсеңіз, ол бағасын, құнын өз биігінде ұстап тұра алады ма?

Тарих пен әдебиетті алып қарасақ, Шоқан Уәлиханов – Потанинмен, Абай – Михаэлиспен дос, сыйлас, сырлас болған. Семейдің белгілі өлкетанушы зерттеушісі Б.Герасимов жазбаларында: «Құнанбаевпен танысқан және оның керемет қабілеттілігін байқаған Михаэлис оның тәжірибесіне баса назар аударды. Бірнеше жыл қатарында Абай Евгений Петровичпен тығыз байланыс жасап тұрды. Жыл сайын Абай Семей қаласында қонақ болып, кешкі уақытын Михаэлиспен әңгімелесіп өткізетін», – деп жазады. Ал Потаниннің естеліктеріне қарағанда, оның тарихқа, саяхат пен зерттеушілікке деген құштарлығын Шоқан оятқан. Бұдан шығатын қорытынды, егер де әр адамның бостандығы мен еркіндігіне қол сұғылмаса, жеке шекарасы бұзылмаса, әрқайсысы бір-біріне сыйластық танытып, мейірімділік көрсетсе – арада шынайы достық қарым-қатынас орнайды. Бұл тұста адамның білімді болуы маңызды. Ұлылар ұлыны, мықтылар мықтыны бірден таниды.

Жалпы, қазақтың тарихын бүге-шүгесіне дейін жүйелеп, «Көшпенділер» трилогиясын жазған Ілияс Есенберлин: «Иә, сар даласында сонау шөккен тастай қозғалмайтын қазақ халқы ұзақ тарихында не көрмеді. Суға да батты, отқа да жанды, бірақ тірі қалды, құрып кетпеді. Ғасырлар бойы жан-жағынан қаптаған жауына қолындағы найзасымен, аузындағы өткір жырымен жауап беріп қорғана білді. Осының бәріне айғақ – халықтың ерлігі, тағдыры үшін күресуі еді», – деп жазады. Тіпті, қолдан жасалған аштыққа да төтеп берді. Өзін ғана емес, қазақ жеріне репрессияланған бірталай ұлт өкілдерін қоса аман алып шықты. Асқан қонақжайлығының, бір үзім нанды «өле жегенше, бөле же» деген құдайы ұстанымының арқасында. Оған аштық жылдары қазақ даласында күн кешкен өзге этнос өкілдерінің өлеңдері, алғыстары, әндері куә.

Қазір қоғамда Сталиндік режимді үлгі тұтып, сондай басқару жүйесі қайта орнаса дейтіндер де бар.  Ол азаматтар Сталиннің қазақ жеріне Голощекинді жіберіп, қолдан аштық ұйымдастырылғанынан хабардар ма екен?

Тарихта қазақтың өзді-өздінен біреуге барып киліккені туралы дерек жоқ. Тек қазақты құртпаққа, өзіне тәуелді етіп алуға ұмтылған соқыр ақыл, жайдақ мінез, жалаң ойлы тұлғалар көп. Қазақ тек өзіне тиесіліден айырылып қалмау үшін, барын сақтап қалуы үшін, болашақта еркін өмір сүру үшін қашан да қолдағы барын салып күресіп келген.

   Біз көпұлтты, әлемге достастықтың моделін паш еткен елміз. Әлемде дәл біздегідей толеранттық еш елде жоқ шығар, сірә. Себебі бізде гуманизм басым. Біз тек жаман пиғылды көре беруден аулақпыз. «Ит мені қапты екен деп, мен де итті қауып алсам, иттен қай жерімнің артық болғаны?» (Абай). «Жігерлі болса, ер озар, Бірлігі болса, ел озар» (Жамбыл). Қарап тұрсаңыз, барлық қазақтың қанында ұлағаттылық, ізгілік, ұлылық бар. Басқа бір жұртқа соқыр саясат жүргізіп, қырып, алдау ойына кіріп шықпаған. Кейде мықтыны мықты таниды дегеніміз теріс мақсатта да қолданылып кететіні ақиқат. Мысалы, қазақтың кіл зиялылары 1936-1938 жылдары «ұлт жауы» деген өтірік жала жабылған күйі атылып кетті.Мықты болғаны үшін.

Қазақ ұлты үшін өткен күндер оңай болмағанымен, халықтың жүрегі мен ниеті әлі де кең. Бір мемлекеттің шаңырағында 130-дан астам ұлт өкілі достастықта, бірлік-берекеде еркін күн кешіп жатыр. Жаһандық әлемдегі мықты мемлекеттер – біртұтас ұлттар. Еліміз де осы жолға түсті. Қазақстанның этно-әлеуметтік саясаты Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да беделді халықаралық ұйымдар мен таяу және алыс шетелдердің тарапынан жоғары баға алуда. Себебі, Елбасы барлық азаматтардың теңдігін алға тартып, жалпыадамзаттық қоғам құруды басты мақсат етті. 70 жыл КСРО құрамында болғаннан кейін осы уақытқа дейін тіл мәселесіне де жұмсақ  саясат қолданылып келді. Бірақ қазір мемлекеттік тілге баса назар аударылып келеді. Бұл туралы Н.Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің қатарында қалып қоймайды. Ол бірінші, негізгі, басты әрі ең маңызды орында. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», – деді. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің де қазақ тілін білуі басты шарт.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында: «Тарих сынақтарының бәрін бірге еңсердік. Қазір жаһандық  әлем  күшті  трансформацияны  бастан өткеріп отыр. Біз бәріміз мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технология түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім», – деді. Қай-қайсының пікірін, сөзін алып қарасақ та, қазақтың өне бойы, түпкі ойында адамгершілік, ізгілік жатыр. Қазақстанның халықаралық аренадағы даму бағыты бойынша да ұстанатын саясаты осы.

Біз көрші мемлекеттермен әсте бітіскен елміз. Тарихымыз, мәдениетіміз селбесіп жатыр. Тіпті, қазақ даласына айдалған этнос өкілдері қазақ даласын, тарихын, тілін, жерін зерттеуге көп үлес қосқан, мәдениетінің дамуына септігін тигізген. Оған жоғарыда айтқан  мықтылардың достығы дәлел.

Осы тұста Қазақстан Халқы Ассамблея-сының алатын орны ерекше. Даму жолында бірлік пен достықты ту етіп алған мемлекеттік саясатты қолдау аясында ҚХА «Біз біргеміз» жобасын әзірледі. Онда белгілі кезеңдерде қазақ даласын мекен етіп, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан этнос өкілдері туралы деректер базасы жинақталған. Олардың қатарында этнограф, шығыстанушы, саяхатшы, гуманист, фольклортанушы, түркі тілдерін, соның ішінде қазақ тілін жетік білген маман–Григорий Потанин. Патшалық дәуірдегі қазақ халқының мүддесін қорғаушы, Қазақстанның астанасы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының болашағын болжаған. Оның еңбектерінде: «Егер біз Қазақстан автономиясына қол жеткізсек, біз Қараөткелді (қазіргі Нұр-Сұлтан) Алаштың астанасына айналдырамыз, егер біз мұнда жоғары оқу орнын ашып, қазақ ұлдары мен қыздарын оқытатын болсақ, онда Еуропа «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасын кім жазғанын, қазақтың дүниеге келген ең жақсы ұлдары – Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақып тағы басқаларын білетін болар еді... Болашақта қазақтар әлемнің басқа халықтары арасында ең лайықты орын алады», – деген жазбалар кездеседі. Бұдан біз Г.Потаниннің қазаққа жаны ашыған, болашағына алаңдаған, қазақтан шыққан мықтылардың білімін мойындап, халықтың кешікпей білім алып, ғылым игеруін қалағанын көреміз.

Сондай-ақ, ғалым, саяси тұтқын, өлкетанушы, «Семей  облыстық  хабаршысы-ның» бас редакторы, Абай Құнанбаевтың жақын досы – Евгений Михаэлис болатын.

Ұлы композитор, ұстаз, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан-«Қазақ вальсі» мен «Бұл-Бұл» шығармалары және «Абай», «Төлеген Тоқтаров» (Ахмет Жұбановпен бірге), «Жамбыл» операларын, Мұқан Төлебаев және Евгений Брусиловскиймен бірлесе отырып, Қазақ КСР-ның әнұранын жазды.

Аңызға айналған фольклорист, этнограф, композитор, Қазақ КСР-нің халық әртісі - Александр Затаевич қазақ фольклорын жинақтап, зерттеді. Тарихта қазақтардың ауызша музыкалық және әншілік әдеби мұрасының алғашқы жинақтаушысы  және зерттеуші болып қалды.

Көрнекті жазушы, аудармашы, публицист, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері – Герольд Бельгер : «Мен қазақ сөзінің, қазақ ділінің, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының, қазақ күйлерінің тұтқынында, ақкөңіл әрі жайдары далалықтардың құшағында қалдым. Мен қазақ ахуалында, қазақ тұтқынында болғанда өзімді жайлы сезінемін ...Мен қазақ ауылының тәрбиеленушісімін», – деп, соңғы деміне дейін қазақ халқына алғысын айтып, оның болашағын ойлап, тілі үшін алаңдап кетті. Халық арасында әр жылдары ұлы тұлғаға: «Қазақтың жаны бар немісі», «Соңғы қазақ», «Белгіленген изотоп», «Күрескер, емші, тәлімгер», «Біздің ар-ожданымыз», «Ұлы Даланың Ұлы немісі» деген теңеулер айтылды.

Міне, еліміздің тарихында қазақты қолдаған, жеріміз, тіліміз туралы зерттеп, әдебиет пен мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан өзге ұлт өкілдерінің өнерлі, зиялы азаматтары көп болған. Бұл санаулысы ғана. Сол сияқты қазақ та әрдайым өзгеге сыйластықпен, достық көңілмен қараған. Қолында бар көмегін аямаған. Барлығын бірдей бауыр, дос көрген.

Өнер ұлтқа да, дінге де бөлінбейді. Дарын мен таланттың, шынайы білімнің алдында барлығы бірдей бас иеді. Сондықтан, әр адамның бойынан кемшілікті ғана көре бермей, оның жақсы жағын да көре, байқай, тани білу маңызды. Әр елдің жаһандық тұрғыда заманауи дамуының түп негізі – гуманизмнен бастау алады.

199 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №2

07 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы