• Әдебиет әлемі
  • 30 Наурыз, 2021

Кеудемнің ішінен дүбірлеп, Жүз тұлпар өткендей

Мұратхан Орынтай

Күз келсе ойға батыратыны несі екен,

Сары уайымға жанды шақыратыны несі

 екен?!

Сабағында қалтырап-тоңып жапырақ,

Өлім биіне бас ұратыны несі екен?!

 

Бір қимас жанды сағындыратыны несі

 екен,

Үнсіздікке оңай бағындыратыны несі

 екен?!

Алыс бір жаққа күні ертең ертіп кетердей,

Сағымға көзді талдыратыны несі екен?!

Күз келсе адам, қиял құратыны несі екен,

Сұлулар мұңмен жиі ауыратыны несі

 екен?!

Барқыт тау жақта бата алмай тұрған күн

 көзі,

Бақиды еске тірі алдыратыны несі екен?!

 

Көңілсіз күз

 

Төбеден қара нөпір бұлттар қысқан,

Сескеніп күз демінен құстар ұшқан.

Гүлдердің еріндері сораң-сораң,

Жүздерін кермек-кермек шықтар құшқан.

 

Күз. Жаңбыр ұзақ-ұзақ себелеген,

Себелекте тұмандай төмендеген.

Төмен тарта береді кеуде тұсың,

Жебедей қабырғадан көбелеген.

 

Сыңсытып орман үстін түн кезеді,

Тыншытып бұлақ ішін мұң езеді.

Байғыздай байыз таппай желі гулеп,

Қара күз Қабылдайын түнереді.

 

***

 

Батар күннің жалқынына шомылып,

Теріскейдің теңбіл төсін қорынып.

Сүле-соқты ой кешемін қажыған,

Қоңырайып, қоңыр күзге торылып.

 

Сызығындай алақанның бұтарлап,

Теріскейден жол қашады қырқалап.

Қиялыңды бөлшектейді сол жолдар,

Көрсетпейді көзің алдын мұң торлап.

 

Келте күннің қылтияды құлағы,

Қалқан етіп қара жонды, тұр әні...

Сәлден кейін бір суықтық жайылып,

Жайлап келіп өзегіңнен ұрады.

 

Содан кейін қара кешке байланып,

Қам кешесің қайдағыны ойланып.

Тілін байлап көсемсіген тірліктің,

Түн басады, қарақшыдай сайланып.

 

***

Жанарың түпсіз тұңғиық па еді,

Күлімдеп ішті жылатар.

Жүзіңе нұрлы күн ұйып па еді,

Гүл құйып жанға құмартар?!

 

Секемшіл дала елігі ме едің,

Елітіп алып, қас керер.

Қылығыңа үнсіз көміліп едім,

Өрімдеп көзге жас келер.

 

Деміңнің жұпар шарабы шалқып,

Мастанып көңіл құлайды.

Қолаң шашыңнан қалампыр аңқып,

Аңсарын жанның улайды.

 

«Айдай бір бейнең басылған көзге»,

Қанатын қаздай жайған ақ.

Құмарым лағыл шашылған жерге,

Құлын мүшеңнен тайғанап.

 

Қаршығадай бір қайырыламын,

Алыстап барып, кете алмай.

Төзімнен тағат айырыламын,

Жақындап тұрып, жете алмай.

 

***

 

Жадыраған жайлаудың келбетіндей,

Өңі ашылған кілемнің оң бетіндей.

Жүзі жылы жаныңа сіңіп барам,

Әшекейге басылған өрнек гүлдей.

 

Жымыңдаған жұлдыздың бедеріндей,

Жазылмаған белгісіз өлеңімдей.

Мойыл көзің күлімдеп тарта  берер,

Қаймықшыған қара су тереңіндей.

 

Тал шыбықтай майысқақ нәзігім-ай,

Жанға жайлы жарасқан әзіліңді-ай.

Өн бойыңнан аңқыған балғын лебің,

Бұрқырайды аққудың мамығындай.

 

Айдай бейнең еркіне көндіреді,

Қыпша белің қиялға ендіреді.

Су төгілмес жорғадай жүрісіңнен,

Шаң жұқпас тұлпар-шабыт еліреді.

 

***

 

Сен – жұлдыз едің,

Нұрланып жымыңдаған.

Мен – күзгі желмін,

Мұңданып ызыңдаған.

 

Сен-ай сияқты,

Арбайсың, күнді ұрлаған.

Мен-күз сияқты,

Жауа алмай тұнжырған.

Сен-гүлсің шырын,

Биікте жайқалатын.

Мен-үнсіз тілмін,

Өлең боп байқалатын.

 

Сен-атқан таңдай,

Ағарып, күліп келген.

Мен-тоқсан ойдай,

Паршалап, жіліктенген.

 

Сен-үркек марал,

Жалт беріп, кідіретін.

Мен-бүлкек қағар,

Жорғадай құдіретім.

***

Көңілсіз көктемнің бұлтындай,

Кірбеңдік билесе ырқыңды-ай.

Бұл көңіл құлазып қалатын,

Жайлаудың жұртындай.

Көңілшек көктемнің күніндей,

Қарасаң күлімдей.

Бұл көңіл құлпырып салатын,

Раушан гүліндей.

 

Көгілдір көктемнің деміндей,

Шашыңның иісі емімдей.

Бұл көңіл мастанып тұратын,

Қанбаған шөлімдей.

 

Нұрымен ерітер көктемдей,

Қолыңның ыстығы от нендей.

Кеудемнің ішінен дүбірлеп,

Жүз тұлпар өткендей.

 

Тазару

 

Қара тастай басқанмен түн еңсені,

Қара бұлтты ысырып, күн еңсерді.

Шомылып,

                     бұлтты жарған саумал нұрға,

Келемін, шылқ-шылқ басып күрең сені.

 

Иісі құрақ шөптің қытықтаған,

Су бүркіп ағаштар тұр ұшықтаған.

Көміліп,

               көк шалғынның жұпарына,

Тазартып жан сарайын, жұтып барам.

 

Тауларға иек артып, бұлт көшеді,

Балауса бойын билеп тіктеседі.

Өріліп,

             өлең сөз боп жүріп келем,

Құстардың үні емдеп түп кеселді.

 

Су шылаған тастардың қырыс кейпі,

Жарқырайды қақтаған күмістейін.

Емініп,

             сұлулыққа кіріп барам,

Көбелекпен жарысып гүл иіскеймін.

 

350 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №2

07 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы