• Руханият
  • 30 Наурыз, 2021

ТІЛ – ТАМЫРДАҒЫ ҚАН, ДӘСТҮР – ЖАЗЫЛМАҒАН ЗАҢ

Нұрлан Сәрсенбаев, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

1

Қазақ ұлты ежелден Орта Азияны мекен етіп келген Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Дулат, Жалайыр, Арғын, Найман, Керей, Уақ, Қоңырат, Қыпшақ, Алшын, Қарлық, Түркеш (Сары Үйсін) қатарлы түркі тілдес ру-тайпа, ұлыстардан құралған халық. Сан ғасырды бас-тан кешірген өзінің құрылу барысы мен даму тарихына қарай ру тілі, тайпа тілі, халық тілі болып қалыптасып, ең соңында алтай тілдері жүйесіндегі қыпшақ тілі тобына жататын қазақ ұлтының ортақ тілін қалыптастырды.

Дүниеде қайсы ұлт болсын, оның сөйлеу тілі мен әдеби тілі болады. Ал сөйлеу тіл – әдеби тілдің қайнар көзі есептеледі. Бір ұлттың сөйлеу тілі дамымаса, әдеби тілінің дамуы мүмкін емес. Тарихи деректерге қарағанда ертедегі түркі тілдес ру-тайпалардың ең алғашқы қолданған жазуы ескі түркі жазуы болған. Одан кейін қазақ халқы соғды, араб, латын жазуы қатарлыларды қолданған.

Ертедегі қазақ ұлтын құраған ру-тайпалардың тіліне назар салсақ, ежелден қолданып келе жатқан рулық таңбалардың көне түркі жазуына ұқсап кетуі кездейсоқ іс емес, қайта сонау ерте замандағы ру-тайпалық тілімізбен сабақтасып жатқанын байқауға болады. 1970 жылы Қазақстанның Есік қаласынан табылған күміс тостағанның сыртына жазылған екі жол (26 таңбалы) жазудың көне сақ дәуіріне тән екенін ғалымдар дәлелдеді.

«Қазақ ұлтын қалыптастырған тайпа-лардың өз заманындағы әдебиеті «ерте заман қазақ әдебиеті» есептеледі. Профессор С.Аманжоловтың айтуына қарағанда, «Едіге», «Ерсайын» жырлары қазақ арасына алшындар арқылы тараған. «Еркөкше», «Қабанбай батыр», «Базар батыр», «Көкебай батыр» дас-тандары керей тілінде, «Махаббатнама», «Алпамыс» қоңырат тілінде, «Талас ескерткіші» дулат тілінде (Мұсабаевтың тұжырымы бойынша үйсін тілінде), «Наһижи әл-фарадис» керей тілінде, «Көдекс» қыпшақ тілінде жазылып қалдырылған. Бұлар ертедегі қазақ тіл-әдебиетінің ескерткіштері есептеледі» («Тіл-әдебиет негіздері», «Шинжияң оқу-ағарту» баспасы, 1986 жылы маусым, 362-бет).

Тарихи құжаттарға қарағанда, «Тоныкөк», «Білге қаған», «Күлтегін» ескерткіштерін оғыздар, «Қобыланды» эпосын қыпшақтар, «Арқалық» эпосын керейлер жазған. Әсіресе, Қыпшақ хандығы  күшейген   дәуірде  «92 баулы Қыпшақ» аталған ру-тайпалар қазақ халқының құрамын толықтап, қазақ ұлтының алғашқы ана тілінің іргетасын қалады. Сол үшін халқымыздың біртуар ғалымы Шоқан Уәлиханов «Қазақ тілінің арғы атасы – көне түркі тілі» деп өте дұрыс айтқан.

Ана тіл бір ұлттың баға жетпес қымбат байлығы. Бір ұлттың мәдениеті – сол халықтың тілінің дамыған, дамымағанымен өлшенеді. Ана тіл бір ұлт өркениетінің асыл жауһары. Ана тіл бір ұлттың ғасырдан-ғасырға жалғасқан мәңгілік ата мұрасы.

Аса жоғары беделге ие әдебиетшілердің бірі Ғабит Мүсірепов «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді. Өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген сөзін тектен-тек айтпаған.

Бір ұлттың ұлт болып қалыптасуында ана тіл ерекше маңызды орынға ие. Тілінен, дәстүрінен, тарихынан айырылған ұлтта үміт жоқ. Тілді халық жасайды, халық дамытады, халық сақтайды. Сол үшін дана халқымыз «Өнер алды қызыл тіл» деп тіл өнерін ерекше бағалаған.

Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов тіл туралы «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыр сияқты. Егер қан тамыры жабылып қалса, жүрек соғуын тоқтатпай ма?» дейді. Міне, бұл сөзде терең мән жатыр. Бір ұлт өз ана тілінен айрылса, тұтас мәдениетінен айрылады.

 Халқымыздың дәстүрлі этнографиялық мәдениетінің өркендеуі ұлтымыздың тілін құнарландырып байыта түскенін тарих өзі дәлелдейді. Қазақ халқы – сан ғасыр ата дәстүріміздің желісін үзбей жалғап келген дүниедегі өркениетті ұлттардың бірі.

Қазақ этнографиясы – бүкіл бір ұлтты тануды өз міндетіне алған саласы кең, мазмұны мол кемелді ғылым. Ол ауыз әдебиет, ата шежіре, ұран-таңба, той-томалақ өткізу, өлім ұзату, азық-түлік, мал шаруашылық, егіншілік, астрономия, шипагерлік, философия, дін, заң-жарғы, ырым-тыйымдар қатарлы толып жатқан мазмұнға ие үлкен сала.

Қазақ этнографиясының мазмұны кең салмақты салаларының бірі – халықтық ата дәстүр. Сол халқымыздың ардақталған ата дәстүрлері сан ғасырды бастан кешіріп, заманнан-заманға жалғасып, тарих көшінің терең қатпарында тамыр тартып, қазақ деген халықтың озық мәдениетін жаратты.

Қазақ дәстүрі – бүкіл бір халықты, әсіресе болашақ ұрпақты өнер-білімге, еңбекке, Отанның, ауыл-аймақтың намысын қорғауға, әдептілікке, сапалы адам болуға баулиды. Ұрпақ сапасына ерекше мән берген халқымыз бір ұлын бір ата-ана, бір қызын бір ауыл тәрбиелеуді дәстүрге айналдырған. Сол үшін халқымыз ұрпақ тәрбиелеуде «Ұлын ұятты, қызын ибалы» болуды мақсат еткен. Халық ішінде тараған «Қарты бардың қазығы мықты, ақсақалды ауыл азбайды» деп айтылатын тәрбиелік сөз осының айқын мысалы бола алады.

Қазақ дәстүрлерінің  көбі  ресми ұрпақты тәрбиелеуге арналған. Қазақ баласы тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір жолында өлеңсіз күн кешпеген. «Бесік жырынан» бас-тап «Жоқтау жырына» дейін өлең айту ата дәстүрін жалғастырып келген. Қазақ даласын саяхаттаған орыс ғалымы Григорий Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп  тамсанатыны содан.

Қазақ ұлтының тұтас өмірі өлеңмен өтетін ақын жанды халық. Өлеңмен жыр теңізін сапырған осы ерекшелігі талай-талай шетелдік ғұламалар мен ғалымдардың назарын өзіне аударған. Солардың бірі Николай Ядринцев «Қазақ халқы – ақынжанды халық. Өздерін ең әуенді халық санайды. Олар батырлар жыры бір заманда жер үстінде әуендеген деседі. Олар өздерін басқа халықтардан гөрі жыр-өлеңге жақынырақ халықтар санатына қосады» дейді.

Қазақ баласының қанына да, жанына да өлең сіңген. Атам заманнан жалғасып келе жатқан қара өлең, жұмбақ, аңыз-ертегі, ақындар айтысы, шешендік, шежірешілік, жыраулық дәстүрлеріміз қазақтың өлеңші ұлт екенін әлемге әйгілеп тұр. Қазақ халқына назар аударған оқымысты Е.С.Вулорсон «Қазақ сияқты ән мен жырды қастерлейтін халықты табу қиын. Кең жазирада жүйткіп жүретін бұл халық бір ауылға келгенін әнімен білдіреді. Қуаныш-қайғысының бәрі әнмен өріледі. Әншілерін өте жоғары бағалайды» деп тебірене жазған екен.

Қазақ халқы тіл үйренуге ерекше мән беріп болашақ ұрпақты шешендікке, ақындыққа, әншілікке баулып отырған. Жас балаға «Тілашар» ырымын жасау халқымызда бұрыннан жалғасып келген әдет. Ауылдың қадірменді қарияларының бірі тіл ашарға сойылған қойдың піскен ішегін баланың мойнына орап тұрып: «Сөйлейсің бе» деп үш рет  сұрайды. Ата-анасы баласының орнында «Сөйлеймін» деп үш рет жауап қайтарады. Онан соң үлкен кісілердің бірі қойдың  басын қолына алып балаға: «Тілің тез шықсын» деп тілінен, «Шешен бол» деп таңдайынан, «Көреген бол» деп көз етінен, «Сөз тыңдайтын бол» деп ырымдап құлағынан кесіп беріп дәм татқызған.

Қытайда бір сабақ қазақ орта-бастауыш мектептерде халқымыздың салт-дәстүрлеріне қатысты арнаулы дәріс ретінде өтілуде. Ал кейбір мектептер өз алдына салт-дәстүр туралы арнаулы жергілікті оқулықтар  құрастырып,  баспадан шығарды. Қазақ оқушыларына арналған оқулықтардың мазмұны бұрынғыға қарағанда алуан түрлі болып байи түсті. Әсіресе «Шинжияң оқу-ағарту» баспасы жағынан 2014 жылы маусым айында басылым көрген толық орта мектепке арналған «Тіл-әдебиет» таңдамалы оқулықтың 4-ші кітабы тұтастай қазақ салт-дәстүріне арналған. Бұл оқулық «Шаңырақ», «Торқалы той, топырақты өлім», «Дәстүрлі ұлттық ойындар», «Халықтық өнер», «Шешендік сөз», «Аңшылық және атбегілік», «Халық астрономиясы» қатарлы жеті мазмұндық бөлім және салт-дәстүрге қатысты қосымша сауаттық бөлімдерден тұрады. Міне, бұл еңбек қалың оқушылардың ана тілін, салт-дәстүрін үйренуіне тамаша бастамашы болды.

Қазақ халқы өз ұрпақтарына «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деген үш ауыз сөз арқылы ұлтымыздың педагогикалық ата-дәстүр тәрбиесін жүргізіп отырған. Мысалы, «түнде далаға күл шығармайды», «ауылға атпен шауып келмейді», «бос бесікті тербетпе», «отқа түкірме», «үлкен адамның алдын кесіп өтпе», «елге қарап керілме», «көкті жұлма», «қыз баланы қорлама», «нанды баспа», «жетімнің ақысын жеме», «құмырсқаның илеуін, қарлығаштың ұясын бұзба», «үлкен кісіден жоғары отырма», «жалғыз ағашты кеспе», «пышақтың жүзін жалама», «дастарқанды, тамақты баспа», «аманатқа қиянат жасама» қатарлы ырымдар мен тыйымдар қазақ халқының балаларды баулудың әдептілік әліппесі есептеледі.

Бір ұлттың басты белгісі оның ана тілі, салт-дәстүрі, ата тарихы арқылы дараланып тұрады. Тарих қойнауындағы сан алуан салт-дәстүр халқымыздың баға жетпес асыл жауһары болған ана тіл арқылы сақталып отыр. Халықтық салт-дәстүр ұлттық ана тілімізді байытты, көркейтті, сол арқылы бір ұлттың шұғылалы мәдениетін жаратты. Біз ұлтымыздың болашағы – ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп, туған ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді олардың жүрек түкпіріне ұялатуымыз керек.

Дана халқымыз  «Ұрпаққа басқұр қалғанша, қазыналы дәстүр қалсын» деп өсиет қалдырған. Ана тіл мен салт-дәстүр бір-бірінен айрылмайды. Бірін-бірі байытып құнарландырып отырады. Өйткені «Ұрпақ қамы – ұлт қамы», болашақ ұрпақтарды сапалы, өнегелі, етіп тәрбиелеу үшін тіл мен салт-дәстүріміз өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан халқымыздың «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деген ұлағатты сөзін есімізде берік сақтауымыз керек.

 

3506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы