• Қоғам
  • 30 Наурыз, 2021

«Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арасындағы тартыс

«Айқап» журналы – қазақ халқының мұң-мұқтажын ашық жариялаған алғаш басылым. Оның мазмұны түрлі тақырыптарды қозғады: жер мәселесі, тілдің бостандығы, оқып-тоқудың маңыздылығы  – негізгі тақырыптар болатұғын. Ол  сол кезде қуанып, іздеп оқитын журналға айналды. Осындай халыққа үндеу саясатын ұстанды. Мемлекеттік думаға қазақтардың қатысуы сияқты ауқымды тақырып та халыққа ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айғақтап отырған. Айқаптың негізгі жазушысы және саясаткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтардың көтерген мәселелері жалындық сипатта болып, журналдың беделін біршама арттырып жіберген болатын.

Мәселең, Міржақып Дулатов «Государственная дума һәм қазақ» атты мақаласында жаңа низам бойынша мектеп табалдырығын жаңа аттаған  балалар алғашқы 3-4 жылда орыс тілінде оқитындығына қынжылыс білдіреді: «Халықта оқымаған адам қалмаған жақсы, бірақ қазіргі сөзімізше сол оқудың тәртібі хақында жаңа низам бойынша әлгі жас балалар орыс кітаптарымен орысша оқып кетсе, тез уақытта тілін ұмытып, діннен де айырылып қалу қаупі бар».

Ал, Мағжан Жұмабаев өз жұртының намысын қайрап, селт еткізу үшін: «Міне, жаз жетсе дала әдемі, көңілді. Жалғыз-ақ сол сүйкімді даланың орасан бір кемшілігі бар. Оның баласы білімсіз, ойсыз. Ішіп-жеу, ойнап-күлу, ұйықтаудан басқаны білмейді. Төрт аяқты малдан аз-ақ ілгері, ол жарты адам»  деген улы сарказм қолданады.

Міне, осы секілді мақалалар «Айқаптың» халық арасында беделін көтерді. Бақытжан Қаратаев пен Әндижан Жұбанғалиұлы «Тұла бойы тұңғышым» атты мақаласында: «Айқап» есімді журнал шықты. «Қай жолменен жүр екен деп біз байқап тұр едік, жолы бізге ұнамды жол болып шықты. Бұл күнге дейін он бір нөмірі шықты, бәрін де оқыдық, қарындағы сары май секілді қазақ иісі шығып тұр. Тілі қазақ тілі һәм әңгімесі қазақ пайдасы! Қуанышымыз көп болып қойынға толды, көзімізге жас келді, шылбырды түзу тартып қазақты дұрыс жолға айдайтұғын қазақ журналын көретұғын күн бар екен-ау», деп жазады. Журналдың негізгі мақсаты – халықтың мұқтажын ойлауы, шара қолданбаса  ертеңінің бұлыңғыр екендігін айтып жеткізу болды.

Алайда, бір топ зиялылар журналдың ақпарат таратудағы жүргізген саясатының біршама тұстарымен келіспей жатты. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтар «Айқаптың» құрамынан шығып», «Қазақ» газетінің тегеуріндері бола бастады.

Уақыт өте келе, «Қазақ» газетінің мәртебесі де толықты. Оны да сүйіп оқитын оқырмандар көбейді. Міне, сол  кезден  «Айқап»-ты сынау басталды десек болады. Мысалы, журналда әйел теңдігі мәселесі өткір қойылды. Қалыңмалдың орынсыз қымбаттығы, әмеңгерлік заңның кей реттерде жөнсіздігі сыналды. Оның жүйелі көтерілгенін мысқылдаған  «Қазақ» газеті: «Айқап» әлі қыз ұзатып бола алмай жүр» деп мысқылдады. Бұл қазақ басындағы мәселенің зоры бұл емес деген пікірден туса керек.

Осылай, бірте-бірте тек бірен-саран мақалалар үшін ғана емес, екі басылым жүргізген саясаттың әр түрлі болуынан да көзқарастар ағымы екі арнаға нақ бөлінді.

«Айқап» пен «Қазақ» негізінде үш мәселе төңірегінде пікірталасқа барған. Біріншісі – жерге қатысты. Қазақ халқына отырықшылық әлде көшпелі тұрмыс қолайлы ма? Айқаптың негізгі айтары – отырықшылық. Мұнда қазақ халқы отырықшыланып, өз жеріне өзі еге болса, Ресей оны тартып ала аламайды делінеді. Ал, А. Байтұрсынов бастаған зиялылар  қазаққа 15 десятинадан жер беріп, отырықшы қылудың артында патшалық Ресейдің құйтырқы саясаты жатқандығын айтады.

Екінші пікірталастың себебі – басқосуға, яғни сьезге  байланысты: отаршылық езгісінде отырған халық үшін ол қаншалықты мүмкін, я мүмкін емес. Мұнда, бүкіл халық жиналысын «Қазақ» газеті қолдамады. Білімі жеткілікті жетілмеген халық қалай ғана саяси мәселелерді талқыға салмақ?  «Қазақ» тарабынан  «Айқап» журналына қойылған сауал осындай.

 Үшіншісі –  қазақ жазуы жөнінде: қандай әліпби қолайлы деген мәселе төңірегінде. Екі басылым арасында бұдан да бөлек ірілі-ұсақты сөз қақтығыстары, пікір қайшылығы орын алып тұрған.

Бір анығы, қос басылым арасында келіспеушілік болған. Оны Бейімбет Майлиннің мына сөздері қуаттай түседі: «Енді келейік, «Айқап» пен «Қазақ» арасына. Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі».

Алайда, ол келіспеушіліктер, тек кәсіби жазушылардың арасындағы пікірталастар екеніне сенімдіміз. Зиялы қауым арасында өзара қақтығыстар болмады деген үміттеміз.

Алаш баласы әлеуметтік келеңсіздіктерге ұрынып отырғандығы туралы Шәкәрім Құдайбергенов: «Айқапқа» жазғандар да, «Қазаққа» жазған Ғалихан да талас-сынды көптің сынына салып отыр, ол жақсы-ақ. Бірақ кекеп, кекетіп сөзін жазған жарай ма? Менің ойымша, кекеу, сөгіс – тіл қаруы. Оның жарасы тез жазыла қоймас. Жауап қайырып, қарсыласарлық үлкен кісі түгіл, жас баланы да ұрып, кекеп-зекіріп тыю зиян шығармай ма?», – деп қандай да болмасын адамның дәрежесі мен лауазымына қарамастан әділдік жолында болу керек екенін ескертеді.

«Айқап» пен «Қазақ» арасы деген мәселеге келгенде, Шәкәрім Құдайбердінің «Қазақ» газетінің 1913 жылғы № 18  санында жарияланған лебізі көп нәрседен хабар берсе керек: «Білімсіз ел жас бала сияқты. Бір жаңа нәрсе көрінсе бұрынғыны тастап, соған ұмтылмақшы. Біздің қазақ «Қазақ» газетасы шыққан соң «Айқап» журналын тастап кете ме деп күдік көремін. Тәмам қырғыз һәм қазаққа бір журнал, бір газета көптік қылмас. Екеуін де алу керек!».

Содан екі жыл өткенде Бейімбет Майлиннің «Айқап» ойларыңда бар ма?» атты мақаласы жарық көрген. Онда Бейімбет өзіне тән «күлдіре отырып күрсіндіретін»  стилімен былай дейді: «Газет-журналда аты көрініп жүретін мырзалар шамасына қарай қаламының өсегі бар мырзалармыз ғой. «Айқаптың» алғашқы шыққан кезінде түйменің тана моншағы оның үстінде болды. Әрине, ол енді «Айқаптың» жаңалығынан болса да, жалғыздығынан болса да болған бір құрмет шығар деуге жақындап қалдық. Болмаса жазушылардың бұрынғыдан кемитін реті бар ма?! Рас, «Қазақ» газетасы шығып, екі-үш жазушының орны жоғалғаны. Оның есебіне ескі жазушылар ысылмақшы, жаңадан бірен-саран жас жазушылар да қосылмақшы. Сөйтіп, «Айқаптың» асығы түгел болмақшы емес пе еді? Бірақ олай болмады. Жазушылардың жазғаны “Қазаққа” ғана жазатын болып, жазбағаны мүлде қойды. «Жазсаң маған жаз», «Айқапқа» сөз жазсаң, біз ырза емеспіз» деп бір жазушыға «Қазақ» айтқан жоқ шығар. «Қазаққа жазушының көп болғанын «Айқап» та күндемес деп ойлаймыз. Бірақ өзінде азықтың кемдігін тілі айтпаса да, халі айтып тұр. Сол жеріне қарағанда, «Қазаққа» сөз жазушы мырзалар-ау, «Айқап» қаламдарыңызды тістей ме?! «Қазақ» көзіміздің қарасы болғанда, «Айқап» ағы емес пе еді. Газетаға лайықты пікірлеріңізді біреуіне жазсаңыздар, қайсысына жетпеуші едіңіздер? «Қазаққа» бір мақала жазып, енді «Айқапқа» келгенде жасыратын жазушыны біз де «жазушы» демейміз».

Иә,шынымен де, «Қазақ» газеті өзінің өрлік рухымен, қай мәселе туралы жазса да терең зерттеп, таразылап барып халық пайдасына дұрыс жол көрсетіп, құнды пікір айтуымен ерекшеленді. Сол газеттің көшбасшы жазушылары Бейімбет айтып отырған «Қазаққа» кетіп қалған жазушылар – Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, т.б.  Бұлар автор айтып отырғандай «жаңадан бірен-саран жас жазушылармен  «Айқаптағы» орны тола қоятындай тұлғалар емес еді. Оқыған, тоқыған зиялылар саяси тақырыптарды таразылап, қорытындылап, білгенін айтып, білмегенін ысыруды білетін.Ал «Айқаптың» негізгі шығармашылық сүйегі, діңгегі  сол уақыттарға қарай әлсіреп қалған сияқты.

Бұдан, мынаны қорытындылай аламыз. Біріншіден, Айқап журналының шығармашылық мүмкіндіктері  «Қазақ»  газетіне   қарағанда  әлсіз-деу болған. Екіншіден, басылым  жазушыларының пікірлері әрдайым ортақ болмайтын. Үшіншіден, «Айқап» өзінен кейін дүниеге келген «Қазақты» бәсекелес ретінде қабылдап, орайы келгенде сөзбен қағытып, түйреп өтуден қашпаған.

Сонымен қоса, А.Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің алғашқы санындағы бас мақалада «... Біз де құр алақан болғанымыз жоқ. «Айқап» журналы шықты. Бұл бұрынғыдан гөрі бір адым болса да ілгері басқандығымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басуымыз керек. Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек». Мұнда «Айқаптың» құндылығы – оның алғашқы болып жарық көруінде екенін айтып отырғандай.

Бірақ, бұл екі басылымның арасында ажырата алмайтындай дұшпандық болмаған. Оған дәлел – «Айқап» жабылған кезде «Қазақ» газеті қабырғасы қайыса отырып өкініш білдірген. Бұл ойды Бейімбет Майлиннің мына пікірі қуаттай түседі: «Енді келейік «Айқап» пен «Қазақ» арасына. Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де түп-мақсаттары бір еді. Сондықтан  бір жағына кіріптарлық етуге орын жоқ. Газета-журнал үш нәрсемен жасамақшы: 1) пұл, 2) жазушы, 3) оқушы. Бұл жағынан «Айқап» әзір кінәсіз. Жазушы жағында міні «Айқапта» емес». 

Шынымен де, газеттің саясаты ғана бұл екі басылымда айырмашылық туғызып отырды.Бастысы, мүдде бір болды, екі  басылымның да халқы үшін жүрегі бірдей соқты. Тура осылай айтсақ еш қателеспейміз.

Дана Амирова.

 

209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №2

07 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы