• Айтарым бар...
  • 30 Наурыз, 2021

ҚАЗАҚ ПЕН ҚАЗАҚ ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕДІ?

Жыл сайын елімізде тұрып жатқан ұлыстардың санын көбейтіп айту сәнге айналып бара жатқан сияқты. Алғашында 100-ден астам еді, кейіннен 130-ға жетті, соңғы кезде 150-ге жақындатып жүрміз. Қазақ проблемасын айту үшін осыншама ұлттарды бірінші кезекте аузымызға алмасақ, сөзіміздің дәмі келмейтін сияқты. Жерімізде тұрып жатқан өзге ұлттардың өсіп, өркендеуіне, дамуына ешкім де шек қойып отырған жоқ. Олардың құқы мемлекетті құраушы қазақ ұлтымен бірдей екені Ата Заңымызда айқын көрсетілген. Оны  олардың өздері де жақсы біледі. Соған қарамастан тым жалпылдай беретінімізге таң қаламын. Соның салқыны салдарынан  ширек ғасырдан астам уақыт ішінде талай рет келеңсіз көріністердің  болғаны рас... Соңғы кезде қазақ тіліне шекесінен қарайтындар көбейді. Біз бұл жерде «жаман үйді қонағы билейді» деген мақал арқылы ойымызды жеткізгіміз келеді. Немесе «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген халық даналығын айтқымыз келеді.

Біздің қоғамда жоғарыдан қабылданатын кез-келген бастамалар жергілікті билік тарапынан жалаң ұраншылдыққа айналып жүргені өтірік емес. Соның салдарының бірі – 30 жыл бойы өз үйінің есігінен сығалап, өз төріне өте алмай тұрған қазақ тілі. «Мемлекеттік тіл» деген дардай мәртебесі бола тұра «ұлтаралық тіл» деп аталып жүрген орыс тіліне есесі кетіп-ақ тұр!

Бұған кім кінәлі десек, әрине таяқтың бір ұшы ресми билікке тиіп кетейін деп тұр. Билік  көбіне солқылдақ саясат ұстанады. Заң жүзінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қос қолдап қолдайды, тіпті тамаша заңдар шығарады. Ал, іс жүзіне келгенде орыс тілінің үстемдігіне қарсы тұра алмайтын сияқты.

Соңғы кезде байқасаңыз, көптеген жекеменшік компанияларда, емханаларда, түрлі мекемелерде хабарламалары, атаулары тек қана орыс тілінде жазылып жүр. Қызметті де бір ғана орыс тілінде жүргізеді. Қазақша сөйлесең басқа ғаламшардың адамын көргендей шекесінен қарайтындардың дені өзіміздің қаракөздеріміз екені өкінішті-ақ! Бұл арада билікті біржақты кінәлаудан аулақпын. Туған тілімізде сөйлеуді мансұқ етіп, орыс тілінің ықпалында жүрген қазақтардың өздері де кінәлі десем артық емес. Айналайындар-ау, қазақ тілінде сөйлесу әрбіріміз үшін мақтаныш емес пе?! Туған тілімізде сіз бен біз сөйлеспесек, оның өзге ұлттарға не керегі бар? Біле білсек, намыссыздар мен құлдар ғана өзге тілде сөйлейді екен.Әлі де кеш емес, ойланайық қымбатты қазақ бауырларым!

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір топ қазақ басылымдарының басшыларымен кездесуінде қазақ ұлты өзге барлық ұлттарды ұйыстырушы ұлт болуы қажет екенін баса айтқан болатын. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді. Бұдан артық не керек енді?.. Өкінішке орай біз сол кездегі  мемлекет басшысы айтқан аталы сөзден нәтиже шығара алдық па? Менің ойымша, жерімізде мекендеп жатқан жүздеген ұлттарды ұйыстыратын ұлтқа айналуы үшін, қазаққа біріншіден «ұлттық иммунитетті» күшейтуі қажет. Оның негізгі емі – қазақтар қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінің қолдану деңгейін үкіметтік, мемлекеттік қолданыс деңгейіне көтеруге мұдделі болуымыз керек. Үш тілділік саясатты қолдай отырып, мемлекетті құраушы ұлттың тіліне басымдық беретін кез жетті! Бұл – тікелей билікке де айтылған ұсыныс. Бүкіл қазақ ұлтының ұсынысы десем қателеспеймін.

Келімсек ұлттардың шашбауын көтеріп, орысша шүлдірлеуді доғармасақ, оларды ұйыстырамыз деп жүріп, әлсіз ұлттық иммунитетімізбен өзіміз өзгелердің ұршығында ұйысып қалып жүрмейік! Ұлттық рухымыз биік болсын десек, туған тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеруге әрбір қазақ өз үлесін қосуы керек!

«Оян қазақ!» деп, жүз жыл бұрын жар салған Алаш көсемі Міржақып Дулаттың аталық сөзін бүгінгі  заманға сай: «Ойлан, қазақ!» деп жалғастырып айтуды азаматтық парызым деп санадым. Күллі түркі әлемінің ортақ байланыс құралы болуға әбден лайықты шұрайлы, бай тіліміздің дәрежесін көтеретін кез келді.

Жаңабек  Шүкірханұлы,

Алматы.

 

 

3459 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы