• Білім-ғылым
  • 30 Наурыз, 2021

Адам мен машина айқасы немесе робот неге кітап оқи алмайды?

Дина Имамбаева 
 

1997 жылы атақты шахматшы, әлем чемпионы Гарри Каспаров Deep Blue атты роботпен ойнаймын деп жеңіліп қалды. Бұл робот керемет инженерлік ойдың жемісі болатын және секундына 11 миллиард операция орындайтын. Алайда, ғылыми зерттеулерді жеделдетіп,  жасанды интеллект саласында жаңа дәуірді бастауға тиіс болған  Deep Blue сол күні-ақ ешбір роботтың адамды алмастыра алмайтынын   байқатты. Тарихи ойыннан кейін баспасөзге тек Гарри Каспаров сұхбат берді. Өйткені робот Deep Blue сөйлей алмайтын. Осы оқиғадан кейін ғалымдар есептеуіш техникалардың құдіреті адам ақыл-ойына бәрібір жете алмайтынын мойындады. Сөйтіп жасанды интеллект саласы біраз уақыт тоқырауға ұшырады.

Одан беріде компьютердің талай буыны дүниеге келді. Неше түрлі гаджеттерді былай қойғанда, жүргізушісіз көліктер, ұшқышсыз ұшақтар, толықтай автоматтандырылған зауыттар – таяу болашақтың трендтері болуы бек мүмкін. Робот техникасы саласындағы   тарландардың төңкеріске тең жаңалықтары әрі қызық, әрі қорқынышты. Адамдар өзі сияқты ақылды жан иесінің пайда болуынан қорқа бастады. Лаңкестердің төбесінен бомба жау-дыратын робот-ұшақ, сөйлейтін, билейтін, кофе ұсынатын роботтар, түрлі салада қызмет көрсетуші боттар – технократтар бірінен соң бір жаңалықты қолданысқа енгізіп жатыр. Ғарыш соғысы  туралы шетел  фильмдері адамды құмырсқа ғұрлы көрмейтін монстрларымен бұл әсерді одан ары күшейтуде. Жер әлемді шарпыған биологиялық соғыс ылаңы анау. Күн сайынғы жаңалықтарды қарасаң ақырзаман жақындап қалған сияқты. 

Дегенмен, «Әр нәрсенің бір қайыры бар» дегендей, бажайлап қарағанда барлығы бірдей түңілерлік емес екен. Мәселен, бомбалаушы ұшақты адам  басқарады. Компьютерді шебер меңгерген ол адам монитордың алдында жайғасып алып нысананы көздеп атады да отырады. Жүргізушісіз көліктер компьютердің жадына енгізілген карта арқылы айналаны бағдарлап, рульді бұрады немесе сызық бойымен түзу жүріп отырады. Әлгі Кас-паровты жеңген роботқа да шахмат бағдарламасы енгізілген, сондықтан ол кез келген гроссмейстерді жеңеді. Яғни, адамсыз робот ешнәрсе емес және ол адам сияқты ақыл-ойға ие емес. Роботтардың кітап оқи алмайтыны да содан.

Жалпы роботтардың екі түрі бар. Біріншісін қашықтан адам басқарады немесе алдын ала жазылған нұсқаулық бойынша әрекет етеді. Мұндай роботтар қазір әр салада бар, бірақ олар адамсыз жай ғана темір үйіндісі. Ал роботтардың екінші түрі дербес ойлай алады, адам көмегінсіз әрекет етеді.  Әзірге бұндай автономды робот жасау болашақтың еншісіне қалып отыр. Мысалы, жапондық Honda фирмасының ASIMO  деген роботы ең үздік өнертабыс болып есептеледі. Ұзындығы 130 см, салмағы 53 кг, қара көзілдірікті, арқасына сөмке асынған жасөспірім бейнесіндегі бұл робот жүреді, жүгіреді, билейді, бірнеше тілде сөйлейді. ASIMO – жапон ғалымдарының 20  жылдық үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Міне, осы роботтың әрбір әрекеті, қимыл-қозғалысы ұсақ-түйегіне дейін жоспарланып әзірленген. Мұның артында тұтас бір бағдарламашылар командасының орасан зор жұмысы тұр. Оның сөздік қоры да алдын ала жазылған. Робот тек бағдарламаға сәйкес бұйрықты орындайды. Өнертапқыштардың айтуынша, ASIMO-ның ақылы бар болғаны шыбын-шіркейдікіндей ғана. Яғни, кішкентай қара шыбын керемет роботтан анағұрлым ақылды. Өйткені ол айналасын сезеді, кедергіні айналып өтеді, тамақ тауып жейді, қауіп төнсе бірден қаша жөнеледі. Ал робот бұл қабілеттен ада. Ең қуатты деген компьютердің өзі тышқанның миындағы нейрондардың жұмысын бір-екі секундқа ғана орындай алады екен. Ал ит пен мысықтың деңгейінде миы бар  компьютер  жасау үшін әлі талай ондаған жыл қажет.  

Иә, кейбір жаңалықты алғаш естігенде ғаламат әсер ететіні рас. Пол Абрахам дейтін америкалық зерттеуші «Жасанды интеллект ғажабына қол жеткізу дәл қазір Айға шығатын баспалдақ салумен бірдей» деген екен. Демек, жаңа технологияларды асыра бағалау да, кемсіту де дұрыс емес. Мәселен, цифрлы компьютер жарық жылдамдығымен жұмыс істеуге қабілетті,  ал адам миының жылдамдығы оның шаңына ілесе алмайды. Біздің  миымызда ешқандай бағдарлама да, қосымшалар да жоқ. Есесіне онда жүздеген миллиард нейрон бар және олар бір мезетте бірдей жұмыс істейді. Тылсым сырға толы адам миының қызметін ешбір жасанды интеллект  қайталай алмайды.  Жалпы, Жер бетіндегі ең озық ақыл-ой иесі адамның өзі ғой. Сондықтан да, машина мен адам арасындағы сайыста жеңіс біздің пайдамызға шешіліп отыр. Болашақта да солай болатынынан үміт үзбейік.       

 

194 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №2

07 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы