• Әдебиет әлемі
  • 25 Ақпан, 2021

МӘҢГІ МАХАББАТ (Повесьтен үзінді)

Тұрсынбек ТОКИН

Жүрек тереңін жарып шыққан дүние өлмейді. Төкеңнің қай шығармасын да сүйсіне оқисың. Оқып отырып, тебіренесің, толғанасың. Оқушысын сүйсіндіре білетін жазушыға дән ризамын.

Мұхтар Шаханов,

Қазақстанның халық жазушысы

 

 

Әмина апаның естелігі

Тұрсекеңе бастауыш мектепте сабақ берген едім. Әттең, оның құлағы естуі нашарлап, төртінші сыныптан кейін оқи алмай қалды. Оның балалық шағы өте ауыр болды. Буыны қатпаған жас бала, әкесі айдалып кеткенде, ауру анасын бағамын деп ертелі-кеш совхоздың жұмысынан қолы босамайтын. Әкесі айдаудан келіп, құлағына операция жасатқанда 16 жаста еді, кейін ауданның автобазасында слесарь болып жұмыс істеп жүріп, кешкі мектепте оқып, шоферлық куәлік алады. Оны мен бес жыл өткеннен кейін Аманқарағай вокзалында кездестірдім. Сонау Торғайдан машинамен бір топ, өзі қатарлы балаларды әкеп Алматыға баратын пойызға шығарып салып жатыр екен. Өзі қатарлы бір топ ұл-қыздар вагон терезесінен бұған қол бұлғап, у-шу боп қоштасып бара жатқанда Тұрсекеңнің көзінде жас мөлтілдеп тұрған еді. Ол жас толған көзін сүртіп, құрдастарына: – Сендер қандай бақытты едіңдер, дегенде қасында тұрған менің де көңілім босап қоя берді. Осы сәтте көңіліме бала кезімдегі аянышты жағдай орала кетті.

Бір қанатынан жараланған қаздың балапанын әкем әкелгенде оны сіңілім екеуміз көп уақыт күтіп баққан едік. Күзге дейін қаз семіріп өсті. Бірақ сынған қанат қауырсыны жазылмады. Күзде бір топ қаз қиқулап оңтүстікке қарай ұшып бара жатқанда жаралы қаз олардың даусын естіп, сынған қанатын сүйрете шыр айланып, зарланып қаңқылдағанда екі қыз қоса жылаған едік. Қатардан қалудың өте ауыр, аянышты екенін сонда білдім. Шәкіртімнің қазіргі жағдайы сол жаралы жалғыз қазды елестеткендей менің де көзіме жас толды. Кейін қартайған шағымда оны адрес бойынша Алматыдан іздеп тапқанымда ол 70 жаста мен 81 жаста едім.

Басынан өткен көп қиындық, көп еңбек, кеш болса да ақыры жемісін беріп, 23 жасында аттестат алғаннан кейін Алматыда, Москвада оқып, екі дипломға ие болды. Жасы ұлғайғанда жазушылықпен айналысып, белгілі қаламгер және Грузия Жазушылар одағына мүше болды. Бұл күнде екі тілде жазатын жазушы әлі де шығармашылықтан қол үзбей келеді. Шәкіртімнің еңбекқорлығына сүйсініп, «енді арманың бар ма? Екі диплом бар, екі елдің Жазушылар одағының мүшесісің және екі тілде жазасың» дегенімде

– Қайтейін, Алланың бергені осы ғой. Сонда да балалық шақты өз қатарыңмен бірге көргенге не жетсін. Әлі де сол бақыт құшағында пойызда оқуға бірге кетіп бара жатқан құрдастарымның қуанышты сәттері көз алдымнан кетпейді, – деді.

Шіркін-ай балалық шақ бәрінен де қымбат екен ғой. Ұмытуға бола ма?

Ұстазы Әмина БАЙГЕЛДИНА

Ұзын бойлы, палуан денелі жігіт Мақсұтпен Қапшағай теңізінің жағасында таныстық. Қасында 5-6 жасар  баласы бар екен. Оның да аты Мақсұт. Әке мен баланың аттас болғанына  таңғалып:

– Балаңызбен аттас болғаныңыз ба? – деген әзіл сұрағыма:

– Иә, баламмен аттас болғаныма қуаныштымын, ағасы, – деп қысқа жауап қайыр-ған болды да, кішкене Мақсұтты суға қарай қолынан жетектей жөнелді. Суда ұзақ шомылдық. Ыстық құмға  жатып дем аламыз да, суға қайта түсеміз.  Уақыт кешкіріп қалған кез еді. Мақсұт ас іше отырып:

– Аға, бағана сіз баламмен аттас болғанымды сұрап едіңіз? Сіз жазушы болған соң  ешкімге айтпаған сырымды айтайын, – деді де әңгімесін бастап кетті.

– Ата-анам жастары келіп қалған үлкен кісілер болған соң, солардың жағдайын ойлап көп оқу іздемедім. 9-сыныпты бітірісімен Алматы Автожол техникумына келіп оқуға түстім. Бірінші курсты бітіріп, жазғы демалысқа шыққанда, анам:                     

– Нағашыңның  ауылына бар, шаруа-шылығына жәрдемдес, деп жіберді. Анамның інісінің балалары жас, әрі өзінің бір қолы кеміс адам еді. Айға жақын ауылында болып, қора-қопсысын жөндеп, отын-шөбіне көмектестім. Нағашымның ауылы Ресеймен шекара. Қостанай өңіріндегі орман-тоғайы мол, табиғаты әдемі жер болатын. Ауыл сыртында Айнакөз атты шағын көл бар. Ертеде Айнакөз арнасына сыймай жататын, шалқар көл еді дейді қариялар. Көлдің  Айнакөз атануы да тегін емес екен. Ерекше сұлулығымен аты шыққан Айнакөз атты ару қызды әкесі сүйген жігітіне бермей, мыңғырған малы бар байға тоқалдыққа бермекші болғанда, арманына жете алмаған ару қыз осы көлге батып өліпті. Сол сұлу қыздың өлімін аза тұтқан ел содан бері көлдің атын Айнакөз атап кетіпті. Кесеге құйған судай боп мөлдіреп  жататын шағын көлдің келбеті де әдемі. Жиекке дөңгелене біткен қою талдар ару қыздың кірпігіндей болып, ерекше сән беріп тұр. Биік жардан қарағанда, Айнакөз тура ару қыздың көзі дерсің. Қашанда тұп-тұнық болып мөлдіреп жатады. Су қанша таза болса да ауыл жұрты көлдің суын ішпей, жиектегі бұлақтың суын ішеді екен. Нағашымдікіне келгелі күнде кешкісін қол арбамен бұлақтан су тасимын. Келгеніме он шақты күн болып қалды. Күндегі әдетпен көлдің суына шомылып, бұлақтың суын алып жатыр едім жүздері жаңа туған айдай жарқыраған екі қыз келе қалды. Екеуі де әдемі. Жүздерінен нұр төгіліп тұр. Келген бойда толықша келген қараторы қыз әзілдей сөйлеп:

– Аға, бидондарыңыз тым үлкен екен, бұлақтың суын бізге де қалдырыңыз, – дегенде, қыздардың әзіліне қалай жауап берерімді білмей:

– Әуелі сіздер алыңыздар, – деп бидондарымды кері ысырдым. Қараторы қыз тағы да әзілмен:

– О, ағай мырза жігіт екен ғой, – деп бидондарын қолыма ұстата берді.

Қыздардың ыдыстарын толтырып бола бергенімде, екі құлағы салп-салп етіп арсалаңдап жеткен кішкене қоңыр ит келген бойда құйрығын бұлғаңдатып мені иіскей бастады. Мен иттен сақтанып:

– Қаппай ма? – деп едім, қараторы қыз тағы да әзілмен:

– Жоқ, қаппайды,  аңшы иттің тұқымы. Бұл  адамның жақсысын да, жаманын да иіскеп,  исінен айырады. Сіздің қандай екеніңізді білейін деген ғой,– деп құрбысын түртіп қойды. Екі қызбен де бұлақ басында таныстым. Қараторы қыздың аты Гүлжазира,  қасындағы талдырмаш аққұба қыздаң аты Айнакөз екен. Екінші қыздың атын естігенде мен де әзілмен:

– Бүкіл көлдің атын Айнакөз деп сізге бере салған ба? дегенімде, ашық мінезді Гүлжазира құрбысы үшін тағы да әзілмен жауап берді.

– Иә, сұлу көлдің жағасында туған, сұлу қызымызды осылай атаған көрінеді. Бірақ біздер сұлу қызымызды Айнакөз демейміз, Айна деп атап кеттік.

Гүлжазираның ашық мінезді қыз екенін  бір көргенде-ақ аңғарғандайсың. Ал Айнаның мінезі ұяң, көп сөйлемейді. Тек ботадай жәудіреген көздері күлімдеп, құрбысының әзіліне жымия қарап тұрғаны. Аттарымызды айтып, танысып жатқанымызда, Айнаның шарасы мол жанары маған жасқана қарап қалғанда, сол сәттегі белгісіз сезім жүрекке от тастағандай болды. Бір мезетте пайда болған ерекше сезім бар еркімнен айырып, басқа бір әлемге апара жатқандай. Сол күннен бері жан дүниемді билеп алған белгісіз сезімнің бодауында қалғандаймын. Жатсам да, тұрсам да ойымда тек қана Айна. Істеп жатқан ісімде де береке болмай, тек қана Айнаны ойлаумен боламын. Ерте оянған махаббат ең қауіпті, көзсіз махаббат деуші еді. Соның қаупінен сақтанып, өзімді-өзім сабырға шақырсам да, бойды билеп алған белгісіз сезім жеңіп кете береді. Соңғы кезде көңіл-күйімнің күрт өзгергенін сезді ме, нағашым:

– Ауырып жүрген жоқсың ба? – деп алақанын маңдайыма басып, басымнан сипады да:

– Суға жиі түсіп жүрсің, сірә, салқын тимесін, – деді. Менікі жай ауру емес ғашықтық ауру екенін ол кісі қайдан білсін. Бір күні түсімде Айна күркіреп ағып жатқан өзеннің биік жарында тұр екен. Мен қарсы бетте тұрып, айқайлаймын, ол естімейді. Қанша айқайласам да даусым жетпейтін сияқты. Сол сәтте, ұйықтап жатып бас-тырылып қалсам керек.

– Неге айқайлап жатсың? – деп нағашым оятып жіберді.

Айнаны қимай нағашымның ауылында айға жақын жатсам да, онымен небәрі үш-ақ рет кездесудің сәті келді. Онда да қасында Гүлжазира жүреді. Құдай сәтін салып, нақ кетуге бір күн қалғанда Айнамен оңаша кездестім. Соңғы кездесуде екеуміз орманды ұзақ араладық. Ол орманның көптеген ағаштары мен өсімдіктердің аттарын жатқа біледі екен. Мен оған қайран қалып:

– Мұның бәрін қайдан білесің? – дедім.

– Менің бар арманым биолог болу, сондықтан, өсімдіктерді зерттеп жүрмін және өсімдіктерді өте жақсы көремін. Көктем келісімен өсімдіктер бүкіл жер бетін жаңғыртып, жайнатып жібереді. Көл-көсір ырыс несібе, береке бәрі де көктеммен, өсімдікпен бірге келеді. Өсімдіксіз тіршілік жоқ. Сондықтан, өсімдіктерді жақсы көріп, бас иемін, деп жаңа түскен келінге ұқсап, жайқалып тұрған орман-тоғайға иіліп сәлем берді. Орман ішінде ұзақ қыдырсақ та қоштасқанға дейін қызға  көңіл-күйімді сездіре алмадым. Әңгімеміздің көбі, оқу мен болашақ мамандық төңірегінде ғана болды. Айна келесі жылы мектепті бітірісімен Челябі қаласындағы пединститутқа кетпекші. Анасының туысы сол институтта мұғалім екен.

Кетерде үнсіз қоштастық. Оның сүйріктей саусақтарын қысып тұрып, Хош! – деуге ғана шамам келді.

Алматыға келуін келгенмен, айықпас ауруға ұшырағандаймын. Үйде де, оқуда да ойымда да тек қана Айна. Алыста қалған Айнаны енді көре алмайтындай қорқыныш сезім пайда болғанда оқуды бәрін де тастап Айнаға тартып отырғым келеді. Бар төзімді тауысып қыс та, көктем де өтті. Жазғы демалыс басталысымен бірден нағашымның ауылына тарттым. Мен келгенде мектепті жаңа ғана тәмамдаған екі қыз да көңілді екен. Олар өздерінің таңдаған мамандықтары бойынша оқуға кетпекші. Ендігі бар ойым Айна оқуға кетіп қалмай тұрғанда оңаша кездесіп, көңілдегі ойымды айтсам ба деймін.

Күндегі әдетпен бұлақ басына келгенімде қастарында сары жалпақ жігіт бар, қыздар бидондарына су толтырып жатыр екен. Амандасып болғаннан кейін қастарындағы жігітпен таныстырды. Жігіттің аты – Руслан. Челябі пединститутының мұғалімі. Айнаның былтыр маған айтқан анасының рулас туысы екен. Айнаны өз институтына оқуға алып кетпекші болып келіпті.

Оның жас шамасы отыздардың маңайында ма деп қалдым. Танысып, әңгімелесіп  тұрғаны-мызда, Руслан жақсы ойды ортаға салды:

– Қыздарымыздың мектеп бітірген құрметіне, ертең кешке  сауық  ұйымдастырайық, – деді. Оның ұсынысын бәріміз де қоштап, ертеңіне орманның ең әдемі жерінде бас қостық. Талай компанияда, той-думандарда болып, әбден ысылған Руслан біздей ұяң емес, отырысымызды бірден өзі басқарып әкетті. Бірақ аз отырғанның өзінде жалпақ бет сарының қылығы маған ұнамады. Басқосуымыздың құрметі үшін ол әртүрлі анекдоттар айтып, отырысымызды көңілдендіргісі келгенімен, кейде  артық кетіп жөнсіз сөйлеп қала берді. Бір-екі рөмке шарап ішкенде-ақ жалпақ беті күреңітіп, түрі өзгеріп кетеді екен. Дегенмен, өзі әнші, әсіресе Италияның әндерін айтқанда сүйсіне тыңдайсың. Тағы да тост кезегі келгенде Руслан өз ойын жүзеге асыруға тырысып:

– Бүгінгі басқосуымыз қыздарымыздың құрметі үшін болғандықтан, тосттан кейін қыздарымызды сүйе отырайық, – деді де, өзі тос-тын айтып болысымен, қасында отырған Айнаны   құшып сүйе бастады. Осы сәтте құлағына дейін қызарып кеткен Айна мен жаққа жасқана қарады да, ұялғаннан басы төмен салбырап кетті. Енді мен тост айтып болған кезде жалпақ сары еркінси сөйлеп:

– Жаңа ғана айттым ғой, тосттан кейін қыздарды сүйіп отырамыз деп, неге қасыңдағы қызды сүймейсің? – дегенде ашық мінезді Гүлжазира:

–  Мен ешкімнің де қызы емеспін, неге сүйеді? – десімен-ақ мен де қабаттасып:

–  Таныспай жатып қыз сүйетін бізде әдет жоқ,– дедім.

– Ей, братишка, что ты понимаешь в женщине,– деді де тағы да бір әдемі әнді шырқап қоя берді. Ән аяқталысымен Айнаны қайта сүймекші болып ұмтыла бергенде, қыз оның қолын қағып жіберіп, орнынан атып тұрды да:

– Шампан басыма шауып барады, үйге кеттім, – деп орнынан асыға тұра беріп, маған қарап қалған. Тағы да бір дүлей күш тұла бойымды толқытып әкеткендей болды. Ол кезде тым жас кезіміз ғой, ұяң мінезді қыздың ішкі сезімін тек көзқараспен жеткізгенін қайдан білейін?!

Қалған үшеуміз де көп отырмай ауылға келдік.

Шай үстінде нағашым:

– Ертең шөпке баруға дайынсың ба? Құрал-саймандарды дайындап қойдым, – деді.

– Иә, барамын.

Шайдан кейін ұйқым келмей дөңбекшумен ұзақ жаттым. Гүлжазираның айтқан сөздері көңіліме оралған сайын мазасыздана түсемін. Ертең жалпақ сары түскі пойызбен Айнаны Челябіге алып кететін болыпты. Анасы қызын Челябіге оқуға жібермекші болып, туысы Русланды әдейі шақырған екен. Енді Айна ертең кетеді. Қап, осынша аңсаумен сағынып жеткенімде, Айнадан көзбе-көз айырылатын болдым. Енді ол маған жоқ. Ертең кетеді. Аяқ астынан бәрі де өзгерді. Не істесем екен?  Жо-жоқ, қалайда Айнаны алып қалуым керек. Не де болса, тәуекел. Ертең олардың жолын тосып, сөйлесіп көремін. Тіптен болмай бара  жатса, жолыңда өлемін, деп қалайда сары жалпаққа бермей алып қаламын. Осылай өзімді-өзім  қайраумен таң атқанға дейін ұйықтай алған жоқпын. Таң тезірек атса екен. Таңның атуын күтумен бір жатып, бір тұрып, терезеге жиі келіп, сыртқа көз саламын. Мен асыққаныммен таң ататын емес. Ұйқым келмей бөлме ішін кезіп жүрмін. Осынша күткен таң енді сызат бере бергенде сыртқы қақпа қағылып, ит үрді. Шалбарымды асығыс киіп сыртқа шыққанымда, өз көзіме өзім сенбедім. Қолында екі үлкен сөмкесі бар, сыртта Айна тұр.  Екі көзі қызарып, түрі өзгеріп кеткен. Сірә, жылаған болу керек. Ол мені көрісімен:

– Бол, тез қашамыз, – деді. Мен бірден үйге асыға кіріп, киімдерімді құшақтаған бойда сыртқа атып шықтым да, сасқанымнан:

– Қайда қашамыз?– деппін. Айна маған таңырқай қарады да :

– Әуелі орманға, сосын Алматыға, сенің үйіңе,– деді. Ұяң мінезді қыздың салмақты үні маған бұйрық бергендей естілді. Алдында тұрған қыз бұрынғы ұяң мінезді Айна емес, мінезі күрт өзгерген, өзі тым ашулы әрі абыржулы. Орманға кірісімен жалғыз аяқ жолмен де, жолсызбен де ұзақ жүрдік. Екі сөмке де ауыр екен. Айна шаршап келе жатқан мені аяп, кезек-кезек көтерейік десе де, намысқа тырысып сөмкені бермеймін. Қанша жүргеніміз белгісіз. Шаршап-шалдығып,  шағын өзеннің жиегіне кеп тоқтадық. Өзен жағасына жеткенде Айна:

– Осы «Көксу» өзенінің жағасында тамақтанайық, – деп сөмкеден тамақтарды сусындарды ала бастады.  Айнаның жүзіне көзім түсіп кетіп еді. Кешегідей емес қатты шаршағаны байқалып тұр. Ол минерал су құйылған крөшкені қолыма ұстатып жатып, ауыр күрсінді де:

– Бұл сапарымыз қалай болар екен? Он жыл бойы үш қызды әкесіз өсірген анамның  ризашылығын алмай кетіп барамын. Бәрі де Русланның кесірінен болды, – деп орнынан асықпай тұрып,  жуынбақшы болып өзенге бет алды. Мен қатты шаршағандықтан, отырған жерімде қисая кеттім. Қанша жатқанымды білмеймін, көзімді ашсам Айна жоқ.  Бас жағымда тамақ салған жалғыз сөмке ғана жатыр. Басқа ештеңе көрінбейді. Ол анасын ойлап, үйіне кетіп қалды ма екен, болмаса өзен жағасында шығар деп келсем, суда шомылып жатқан Айнаны көргенде қуанып кеттім. Өзімді алыпқашып келе жатқан қыздың сұлу мүсініне тал арасынан үнсіз қарап тұрмын. Оған қараған сайын сүйсіне сұқтанамын. Аққұба қыздың аппақ мүсінін көргенде жыл бойы жанымды қинаған махаббат отына, енді нәпсі оты қосылып, бар еркімнен айырылғандаймын. Бойды билеп алған дүлей күш, асау сезім жүрегімді  өртеп барады. Өзімді-өзім сабырға шақырып, асау сезімге бой алдыртпай, тәк-тәктеумен зорға тұрмын. Айна судан шыға беріп, шашын сілкіп-сілкіп қалғанда, бейне айдын көлдегі  аққудың қанат қаққанындай елес берді. Не деген  ұқсастық! Не деген ғажап! Қазақтың қашанда сұлу қызды  осындай ұқсастығы үшін  аққуға теңеуі де тегін емес-ау. Айна асықпай киініп, бері қарай  жүргенде, мен өрт ішінен шыққандай болып, оған қарсы жүрдім. Ол мені көріп қалып:

– Тез, тез жиналайық, кетейік, – дегенде, оның үрейлі жүзін көріп

– Не болды? –  деп сұрадым.

– Тез, тез жинал.

Біз ауылдан шыға бергенде сиыршы көріп қалған еді. Ол үйге хабар берсе, қоңыр итті ертіп іздеп шығуы мүмкін. Қоңыр ит бізді қайтсе де табады. Тезірек өзеннің арғы бетіне шығайық.  Арғы бетте автотрасса алыс емес. Сол жерден машинаға отырып, жақын стансаға жетіп, пойызға отырамыз, – деді де сөмкелерді жиыстыра бастады. Айна киім-кешек салған сөмкені ақтарып жатып, орамалға түйілген күміс жүзікті  алып шықты.

– Мына жүзікті 86 жастағы әжем өлерінде батасын беріп, маған сыйлағанда айтқан еді.

Бұл жүзікте қасиетті көз бар. Әрқашанда менің аруағымды еске алып жүр деген. Енді осы сапарда жол болып, бас амандығын берсін деп, әжемнің аруағын құрмет  тұтып саған сыйладым. Саусағыңнан алмай тағып жүр,– деді де әжесінің жүзігін шынашағыма зорға кигізді. Айнаға риза болып, жүзікті сүйіп, енді оның қолын ала бергенімде қоңыр ит арсалаңдап жетіп келді.  Айна итті көрісімен шошып кетті де:

– Құрыдық, қуғыншылар келе жатыр. Сен тез қаш! – деп атып тұрды да, тамақ салған сөмкені қолыма ұстата берді.

– Жоқ, сені тастап қашпаймын, – деп басымды шайқап тұрып алдым.

– Жалынамын, қаш-қаш, орманға тығыл.  Қуғыншыларды ертіп келе жатқан әкемнің інісі болу керек. Ол өте жаман адам. Мінезі қатал.  Көршісін әйелімен қоса сабап, 5 жыл түрмеде отырып келген. Көзі тірісінде  менің әкеммен де талай төбелескен. Оның қолына түссек, не өлтіреді, не жазым етеді. Тез қаш, орманға тығыла тұр, кейін бәрі де жақсы болады. – Мен тағы да бас шайқап тұрып алдым.

– Мен үшін орманға жасырына тұршы, – деп Айна жылап жібергенде, қалың тал жыныстың арасында қойып кеттім де қайта шығып, бір қолыма итті, бір қолыма сөмкені алып  Айнаға:

– Бол, итті алып қашсақ олар бізді таппайды, – дегенімде, Айна бірден түсініп, соңыма ерді. Бір қолымда  ит, бір қолымда сөмке, соңымда Айна – қалың жынысты қақ жарып, зытып келеміз. Бірақ онша ұзаққа бара алмадық. Қарсы алдымыздан шыққан тік жарға келіп тұрып қалдық.

– Әттеген-ай, жаңа оң жаққа қашпай, солға қарай кетуіміз керек еді, – деп Айна сұлық отыра кетті. – Енді олар жақын жерден бізді оңай табады. Ит үрсе, тіптен құрыдық, бірден жетіп келеді, – деді де жалма-жан  сөмкеден орамалды алып, иттің аузын буды.  Ит алғашында бұлқынғанымен, тұмсығын буып тастаған соң жуаси бастады. Осы кезде дабырласа  жеткен қуғыншылардың дауыс-тары анық естіліп жатты.  Гүрілдеген дауыс:

– Олар мына жерден тамақ ішіпті ғой, енді ұзаққа бармауы тиіс. Ит қайда екен?  – Гүрілдеген дауысты естісімен Айна зәресі ұшып:

– Әкемнің інісінің даусы, – деді.  Қуғыншылар:

– Кә, кә, Қоңыр! Қоңыр, кә, кә! – деп итті қайта-қайта шақырғанда, өз атын  естіген ит бұлқына тулап, қолымыздан шығып кете жаздады. Айна иттің тұмсығын бауырына басып, тыныш-тыныш деп жалына сыбырлайды. Қуғыншылардың ішінде Руслан да бар екен.  Ол да итті қайта-қайта шақырып, айқайлап қояды. Иттен хабар болмаған соң жаңағы гүрілдеген дауыс:

– Давай, төртеуміз төрт жаққа бөлініп, қалың жынысты аралап шығайық, олар ұзаған жоқ – деп, қасындағыларға бұйыра сөйледі. Қуғыншылар жан-жаққа бөлініп кеткенде, біршама тыныштық орнағандай болды. Енді олардың біз жаққа келмеуін тілеп, әр минутты санап отырмыз. Тек иттің дыбысы шықпаса екен. Зәремізді алған қуғыншылардың бірі бізге жақындап келе жатқаны анық сезілді. Аттың тұяқ дүрсілі жақындаған сайын, қорыққаннан жүрегіміз қоса дүрсілдеп бір-бірімізге тығыла түсеміз. Ит бұлқына бастағанда, Айна оны бауырына баса түсіп, «тыныш, тыныш» деп құлағына жалына сыбырлайды. Жақыннан естілген ат тұяғының дүрсілі көп күттірген жоқ. Қалың жынысты қақ жарып, алдымызға кеп тоқтады.  Күрең  аттың үстіндегі  қаба сақалды орыстың арқасында қос ауыз мылтық. Ол жан алатын әзірейілдей болып  бізге төне қарап тұр. Зәре-құты қалмаған Айна екі көзін тарс жұмып алып, итпен қоса маған тығыла түседі. Қаба сақалды  үнсіз қарап  біраз тұрды да,  мені ымдап қасына шақырды. Қасына келгенімде, құлағыма сыбырлай сөйлеп:

– Балам, менің соңыма еріңдер. Мен осы орманның қорықшысымын. Аналар келіп қалмай тұрғанда, сендерді өзеннің тайыз жерінен өткізіп жіберейін, – дегенде қуанышымызда шек болмады. Өзеннің жазық жиегіне келгесін қаба сақалды  арғы  бетке өзі бастап өткізді де, бізбен қоштасып жатып:

– Ей, джигит, береги ее. Будьте счастливым, – деп біз ұзағанша қол бұлғап қарап тұрды. Трассаға жақын қалғанда иттің аузын босатпақшы болып орамалды шешіп болғанымда, ашулы ит білегімді қауып үлгерді.  Тісі өткір екен  үш жерден қан шықты. Сендерге керегі осы дегендей ит босанысымен ауылға қарай зытып барады. Жарақат алған қолымды орамалмен таңа салып, трассаға жүгіріп келеміз. Өкпеміз өшіп енді трассаға көтеріле бергенімізде, екі атты қиқулатып өзен жақтан шыға келді. Екі аттыны көргенде Айна зәре-құты қалмай:

– Сен тез қаш, көпір маңындағы талға тығыл, – дегенше трасса үстінде зулап келе жатқан ақ машинаны көре салып екеуміз де:

Қуғыншылар, қуғыншылар, құтқарыңдар, құтқарыңдар – деп, машинаның жолын кес-кестеп шауып келе жатқан аттыларды көрсетіп шуласа айқайладық. Рөлде отырған қасқабас кісі келе жатқан аттыларға да, бізге де кезек-кезек қарады да есікті ашып жіберіп: – Тез отырыңдар! – дегенде машина ішіне отыра кеттік. Машина орнынан жұлқа қозғалып екпін алғанша, екі атты да трассаға шығып үлгерді. Айнаның әкесінің інісі түсі суық, қою мұртты кісі екен.  Машинамен жанаса шауып:

– Стойте, стойте!– деп айқайлап келеді. Соңында келе жатқан Руслан да:

– Остановитесь,  остановитесь!  Они преступники, оставьте их, – деп жанталаса айқайлайды. Ашық әйнектен олардың айқайлағаны да, бізді боқтағаны да анық естіліп жатты. Екпін алып үлгерген машина қуғыншыларды артқа тастап, ұзай берді.

Аман-сау стансаға келіп, пойызға отырғаннан кейін бірінші Алла, екінші әженің аруағын құрмет тұтып шынашағымдағы жүзікті сүйе бердім.

Ғашық жүректердің құдірет күшінің арқасында екеуміз де 18 ге толар-толмаста бас қосып, ерте үй болдық.

Біз үйленгеннен кейін үш жылдан соң әкем, артынша екі жылдан кейін анам қайтты.

Үйде әйелім Айна  екеуміз ғана қалдық. Отбасы болғанымызға алты жыл болса да, осы уақыт ішінде бір нәресте көрсек деген арманмен өмір сүріп келеміз. Әйелім Айна  қашандағы салмақты мінезіне салып: «Басымыз әлі жас қой, Құдай өзі ықыласы түскенде берер» деп көңілді жұбатқанмен, уақыт өткен сайын үйде баланың жоқтығы сезіліп-ақ тұрады. Кемпір-шал да көздері тірісінде жалғыз ұлдан бір немере сүйсек деп, о дүниеге армандаумен кетті. «Балалы үй базар» деген ғой. Бар арманымыз – бір бала.

Нарықтық заманның қиындығына қарамас-тан екеулеп жүріп, жаңадан үй де тұрғызып алдық. Өз үйіңнің болғаны қандай жақсы. Үй ауылда, жұмыс Алматыда. Үш күнде бір рет қырық шақырым жер жүріп, кезекті күзетіме Алматыға барып-кеп тұрамын. Автобазда кезекші механикпын, бос екі күнім үйдің ұсақ-түйек жұмысынан артылмайды. Табысымыз жаман емес. Айна ауылда – балабақшада тәрбиеші. Оның сыртында сиырымыз, қой-ешкілеріміз де бар. Тұрмысымыз жыл сайын түзеліп, жақсарып келеді. Әттең, әттең, көңілімізде жалғыз арман – сәбилі болу. Өзегімізді өртеген осы бір арман қашан орындалғанша, Алладан тілек тілеп, үмітімізді үзбей келеміз. Ауылда өткен бір тойда жас әнші жігіт «Сәби болғым келеді, сәби болғым. Сәбиі жоқ ананың құшағында» дегенде, Айнаның көзінен құйылған жасты көріп, менің де көңілім босап, көз алдым бұлдырап қоя берді. Қасымдағы отырғандар жаңағы ән айтқан жігітке: «Неге бұл әнді айттың?» деп ұрсып тас-тады. Жас жігіт кінәсін жуып-шайғанмен болар іс болды. Айна отыра алмай сыртқа шығып кетті. Сол күнгі түніміз сәбиін жаңа жоғалтқан ата-анадай қайғы құшағында өтті. Жас жанұяның үміт арқалаған арманды күндері бір-бірімен жалғасын тауып жатқанда, бар бәле, дүкенші қыз Ғалияның туған күнінен басталды. Сағат түнгі он кезі еді. Ғалияның дүкені үйге жақын болатын. Темекі  алмақшы болып келсем, қыздардың көңілді күлкісі, сыңғырлай шыққан дауыстары естіледі. Есік қақтым. Аржақтан: «Дүкен жабық» деген Ғалияның апасының қатқыл үні естілді. Мен «Сигарет керек еді»  дегенімде, ол даусымнан танып:

– Ә, Мақсұт екен ғой, кір-кір, – деп бірден бәйек болды да қалды. Ғалияның туған күнін атап жатыр екен. Менің келгенім Ғалия мен апасына үлкен қуаныш әкелгендей болды. Бұған дейін Ғалияның апасы әр кездескен сайын:

– Шырағым-ау, соқа бас қатынның соңында жүре бересің бе? Ана Ғалия сияқты уылжыған жас қыздарды көрмейсің бе? Ертең оны біреу-міреу алып кетпей тұрғанда, сөйлеспейсің бе? – деп өз сіңлісін мақтап ала жөнелетін. Сол түні ақыры қақпанға өзім келіп түскендей болдым.

– Мақсұтжанды Құдай айдап әкелген шығар. Төрлет, қонақ бол, – деп апасы құрақ ұшуда. Оған қоса Ғалия да, қасындағы үш қыз да мені қолқалаумен үстел басына әкелді. Ғалияның қасына отырдым. Оның ақсары өңі бал-бұл жайнап, онан сайын құлпырып кеткен. Сол сәтте ол маған ерекше сұлу болып көрінді. Ішкен сайын, сұлу қыздың сиқырлы қылығы мен арақтың қызуына елігіп тез мас боп қалыппын. Иә, сол қарғыс атқан түні мас болып, Ғалияның қасында қалғанша у ішіп өлгенім дұрыс еді. Түннің бір уағында шала мас болып жатқан мені Ғалия оятты. Ол көйлек-шалбарымды асығыс кигізіп жатып:

– Тез тұр, таң атпай тұрғанда үйіңе апарып салайын, – деді. Мен бұл түнді Айнаның қасында емес, Ғалияның қасында өткізгенімді бір-ақ білдім. Ол ештеңе болмағандай күле сөйлеп жүріп, мені үйге дейін әкеп салды. Үйге кіргенде, ұйықтамастан өзімді күтіп отырған әйелімді бірден балағаттап, қол жұмсап:

– Бар бәле сенен, кет үйден, – деп қуып шықтым. Менен мұндайды күтпеген Айна төбесінен жай түскендей үрейі ұшып, сол түні қораға тығылып жансақтапты. Мен сол құлағаннан түс кезінде бір-ақ ояндым. Мең-зең күйде аулаға шыққаным сол еді, көршінің әйелі есік алдынан өтіп бара жатып:

– Айна Алматыға кетті ме? Жаңа екі сөмкені зорға көтеріп, автобус аялдамасына қарай кетіп бара жатқанын көрдім, – дегенде, төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей селк ете қалдым. Кір жайғышта кеуіп үлгермеген су көйлекті үстіме асығыс іле салып, автобус аялдамасына қарай тұра жүгірдім. Ентіге жеткенімде, автобус енді жүргелі жатыр екен. Алдыңғы қатарда, терезе жақта отырған Айна көзіме бірден шалынды. Ентігімді баса алмай, екі қолымды кезек-кезек бұлғап:

– Үйге қайт, үйге қайт, – деймін. Ол үнсіз басын шайқап, теріс бұрылып кетті. Автобус орнынан қозғалғанша қас қылғандай жауын да сіркіреп қоя берген еді. Ол терезеден басын шығарып:

– Күн жауып барады, жаюлы киімдерді жинап ал, бау-бақшаны уақытында суғар, қош бол! – деп кете берді. Шіркін, Айнашым-ай! Өзі кетіп бара жатса да, артында қалып бара жатқан үйді де, мені де ойлап барады. Дүниеге әйел болып жаралған соң, ол жалғыз бала емес, сол үйдің де анасы ғой. Үйге жанашырлықпен қарап, ие болатын да аналар ғой. Құдай-ай, мен не істедім? Үйімнің, отбасымның анасын қалай дәтім барып қудым, не деген сұмдық, не деген айуандық?! Автобустың ішіне кіріп, өзінен кешірім сұрап, неге алып шықпадым? Оны үйден қуып шығуға батылым жеткенде, осы жолы неден жасқандым? Автобус аялдамасында жалғыз қалған жетім балаға ұқсап, не істерімді білмей әлі тұрмын. Түнгі ішкен арақтың уыты бойымдағы күш-қуатымды жалмап кеткендей дәрменсізбін. Жауын күшейіп барады. Дүниенің бар қызығы Айнамен  бірге кеткендей. Қаңырап бос қалған дүние құшағында жападан-жалғыз қалғандаймын. Жан-дүниемді жаулап алған өкініш пен күйініштен арыла алмай тұрғанымда, бір бүйірден ескі мотоциклін борылдатып гараж күзетшісі Рашид шыға келгенде, қуанып кеттім. Ол қасыма тоқтай бергенде, мотоциклге қарғып мініп:

– Бол, бол, тез автобусқа жету керек, – дедім.

– Ойбай-ау, мына батпақта автобусқа қалай жетеміз? – дегеніне қарамастан, бол-болдың астына алумен автобусты қуып келеміз. Құлап қалмауға тырысып, оның арқасынан қапсыра құшқан күйде болған жағдайды айтумен келемін. Мән-жайды түсінген ол ескі мотоциклді ышқынта бақыртып, газды баса түседі. Жол бойына жиналған шалшық суларды шашырата жарып, зулап келеміз. Автобусқа жете бергенімізде, Құдай атып, мотоцикл тырық-тырық етіп, сөнді де қалды. Тозығы жеткен ескі моторды қайта оталдырғанша көп уақыт кететінін сездім де, мотоциклден түсе салып, автобусты қуа жөнелдім. Мибатпақта баяу жүріп бара жатқан автобусқа жетем бе деген үмітпен ышқына жүгірумен:

– Айна, Айнажан, үйге қайт, үйге қайт! – деп сүріне-қабына айқайлап келемін. Қанша жанымды салып жүгірсем де автобус ұзай берді. Әбден қалжыраған денеге ие бола алмай аяғым тайып, ұзын жолдың бойына өкіре құладым. Сол сәттегі ағыл-тегіл жылағаным құйып тұрған жауыннан кем болған жоқ. Бала кезде де былай жылап көрмеген шығармын. Түнгі арақтың уытымен қоса екі көзден құйылған ыстық жас, қайта-қайта кеудемді солқылдата лықсытады. Қанша жатқанымды білмеймін. Рашид келіп орнымнан тұрғызып, үстіме плащын жауып мотоциклге отырғызғанда да, дірдек қаққан денеме ие бола алмадым. Ескі мотоциклмен бір жүріп, бір тоқтап ауылға әбден шаршап зорға жеттік. Үйге кіргенде үстел бетінде жатқан бір парақ қағазға көзім түсті. Айнаның  жазуын бірден таныдым.

«Мақсұт, мен саған ренжімеймін. Екеуміз үйленгенде туған анамның ризашылығын алмағандықтан, осылай болды ма деп те ойлаймын. Көзі тірісінде ризашылығын алып қалу керек еді. Сәті болмай, арты өкінішке айналды. Ата-ананың ризашылығын алмаған махаббат баянсыз бола ма деп қалдым. Кезінде ата-ананың батасын алмаған  Төлеген мен Жібек те, Баян мен Қозы да армандарына жете алмай бұл дүниеден мәңгіге өтті ғой.  Баланың жоқтығы екеумізге де батты. Бірақ осы уақыт ішінде бір-бірімізге ренжіген емеспіз. Сонда да бір күні үлкен өзгеріс болатынын, түбі айырылысып тынатынымызды сезетінмін. Себебі сен өте балажансың, баланың болғанын әйел менен бетер аңсайтынсың. Сенің балажандығың мағанда қатты әсер ететін. Енді қалған ғұмырда бақытты болуыңды ойлап, өзіңді сүйгендіктен қолбайлау болмайын деп үйден біржола кеткенім дұрыс деп шештім. Жастай сүйіп қосылған сенің бағың үшін, бәрін де өзіңе тастап кетіп барамын. Менен кейін кімге үйленсеңде бақытты, ұрпақты болуыңды тілеймін. Алла тілегімді қабыл етсін. Мені іздеп әуре болма. Айна».

Ақыры тағдыр өз дегенін істеді. Айна  сол кеткеннен оралмады. Оны айнала іздеумен, сарыла күтумен жүріп бір жылдан кейін Ғалияға үйленіп тындым. Үйленгеннен кейін Айнаны  ұмытамын ба деп едім. Жоқ, керісінше, оған деген сағынышым артқан үстіне арта берді. Оны жиі-жиі ойлауым Ғалияғада ұнамады. Ақыры екеуміз екі жылға жақын тұрып, айырылысып тындық. Ғалиядан да нәресте сүйе алмадым. Сірә, бар кінә өзімнен шығар. Жастықтың желеуімен, көршім Костя екеуміз шынығамыз деп, қыстың суық күндері өзеннің мұзын ойып суға түсіп, аппақ қарға жалаңаш аунайтын едік. Суықтан болды ма екен, бір Алла біледі. Енді Ғалиядан  айырылысу маған оңай болған жоқ. Жасынан саудамен көзін ашқан бәле, апасымен екеуі қосылып алып, дауласумен, соттасумен мал-мүлкімді тегіс сыпырып алды.

Бәрінен айырылсам да, Айна  екеуміздің қолымызбен тұрғызған үйімізді аман алып қалғаныма қуандым. Ғалиядан айырылысқаннан кейін Айнаны іздеуден жалықпадым. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Ауылына да екі рет бардым. Бірақ ол таптырмады. Оны іздеумен әбден шаршағанда басыма жаман ой да келді. Мүмкін, ол бұл өмірден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсаған шығар деп те ойлаймын. Күтумен өткен күндер әбден жанымды жегідей жеп бітті. Әбден жалғыздықтан шаршаған соң, екі жылдан кейін қайта үйлендім. Бұл жолы 6-7 жасар қызы бар жесір әйелге үйлендім. Онымен де жұлдызымыз жараспады. Жылға жетпей айырылыстық. Ол өзінің қайтқан күйеуінің жақсы қасиеттерін еске алғанда, мен өзімнің жоғалып кеткен Айнамды ойлаумен боламын. Екеуміздің көңіліміз екі басқа болған соң, көп тұра алмадық. Тағы да жалғыз қалдым. Кей күндері үйге кіруге зауқым болмай, далада көп жүріп қаламын. Айна кеткен жолдың бойымен жүріп отырып, ауылдан ұзап кеткенімді де білмей, үйге шаршап ораламын да, шаршап барып ұйқыға кетемін. Оны сағынып ұйықтап кеткенімде, Айна таңғы ұйқыдан өзі оятып алғандай болады.

– Тұр, шай дайын, – деген үні құлағыма анық естілгенде, селт етіп оянып кетемін. Осы сәтте ол ас бөлмеде жүргендей сезінемін. Басқа түскенде ғана біледі екенсің. Дүниенің ауыры да, азабы да айырылып қалған асылыңды күтумен өткен күндер екен. Сағынышқа толы күндер бір-біріне жалғасып, таусылар емес. Кейде жынды адамға ұқсап, Айнаның өз қолымен отырғызған жеміс ағаштарына келіп, әрқайсысымен сөйлесіп, көңіл-күйімді бөліскен боламын. Бос уақытымның көбі өзіме осынша ыстық, осынша жақын ағаштарды күтіп, баптаумен өтеді. Әр ағашқа жалынмын, – Айнаны шақырыңдар, ол сендердің аналарың ғой, – деймін. Айнаның туған күні болған сайын, өзі отырғызған ағаштардың жемісін жесін деп, әр жемісті мұқият жинап, үстел үстін жайнатып қоямын да, ол келе қалатындай әр минутты санап, терезеге қарап, ұзақ отырамын. Ол кіріп келгенде, үй-іші жарқырап қоя беретіндей... көңілімде ерекше қуаныш сезімі пайда болады. Сол бір сәтте көңілді жайлаған алданыш сезімге бой алдыра отырып, күйінемін, өкінемін. Айнадай асыл жан енді маған табылмасы белгілі. Шын ғашық ештеңемен санаспайды да, ештеңені керек етпейді екен.  Айна менің бағым үшін бәрін де тастап, тек қана киім-кешектерін ғана алып, кете бергені шынайы ғашықтың ісі ғой. Алланың нұрынан жаралғандай, жан-дүниесінің таза екендігін ол кеткенде ғана түсіндім-ау. Қайтейін, ағат жіберген бір қатем үшін содан бері қаншама жан азабын тартумен келемін. Айна да мені ойлап жүрген шығар. Маған ренжіп, ашумен шығып кеткенімен, қайта оралуға намыстанып жүр ме екен? Болмаса, бағына қарай жақсы адам кездесіп, балалы-шағалы болды ма деп те ойлаймын. Дегенмен, бұл дүниеде оның тірі жүргенін көрсем екен. Аман-сау жүргенін көрсем, соның өзі маған шексіз бақыт. Әттең-әттең, бар арманым тірі жүргенін  бір көру! Ғалия екеуміздің үйлену тойымыз өтіп жатқанда, есік алдындағы қос терек түбінде ақ  плащты бір әйелдің егіле жылап тұрғанын біреулер көріпті. Апырмай, ол менің үйленетінімді біліп келген-ау.  Қайтейін, бәрі де өкінішке айналды. Енді Айна маған жоқ. Үйленгенімді көргеннен кейін ол да басқа біреумен тұрмыс құрған шығар деген ой қанша мазаласа да, жанымды жеген сағыныш тарқар емес.

Айнаны сарыла іздеумен жүріп, мына бір өлең жолдары көңіліме орала кетті:

Қаз ұшты, Аққу ұшты айдын көлден,

Дариға-ай, айырылдым-ау Айнакөзден.

Қайғы батып жаныма жатқанымда,

Мөлдіреп жас келеді қара көзден.

Бұрын махаббат жайында талай естісек те, басқа түспеген соң, жәй әншейін көруші едім. Жоқ, олай емес екен. Адамның жан-дүниесін еркінен тыс жаулап алатын белгісіз сезімнің құдіретті күшін ештеңемен теңестіруге болмаса керек... Махаббат дегенің – ұлы күш, ұлы сезім екен.

Ләйлі мен Мәжнүнді, Жібек пен Төлегенді, Баян мен Қозыны дүниеге әкелген махаббаттың орасан, қасиетті күшін өз басымнан өткенде ғана түсіндім. Айнаға деген махаббатым оны сағынған сайын өрши берді. Әрі Ғалиядан айырылысудың басты себебі, Айнаның маған сыйлаған жүзігінің жоғалуынан  басталған еді. Сол күні Ғалияның алыс ауданда тұратын ағасы келгенде қойдың басын үйітпекші болып әбігерге түсіп жүріп, жүзікті саусағымнан алып, аула ішіндегі ұзын орындықтың шетіне қоя салған едім. Артынша жүзікті орнынан таппай қалдым. Ғалиядан сұрап едім, ол көрмедім дегеннен басқа ештеңе айтпай қойды. Кейін де талай сұрадым. Ақыры жүзіктің жоғалуы үлкен дауға айналып, айырылысып тындық. Біз айырылысқаннан кейін бір апта өтпей жатып, Ғалияның апасы: «Жүзігің табылды, ақысына екі қой берсең, қайтарамыз» дегенде бірден қуана келістім. Айнаның көзіндей көріп жүрген жүзігімнің қайта оралуы жаралы жанымды қайта тірілткендей болды. Сол сәттегі қуанышымда шек болсайшы. Айнаның өзі оралғандай сезіндім. Ертеде Естай ақын да құлай сүйген ғашығы Қорланның өзіне берген жүзігін өмір бойы  жанындай сақтап жүріп, өлерінде саусағынан алғызбай бірге жерлеуін өтінген дейді.  Махаббат деген құбылысты ештеңемен теңеуге болмайды екен ғой. Соның жолында құрбан болғандар аз ба?! Егер Айнаның бұл дүниеден өткенін білсем, оның обалына қалған өзімді де құрбан етуге дайын едім. Егер оның қабірінің қайда екенін білсем, қасынан өзіме орын алып, мәңгі бірге жатар едім. Амал не? Оның өлі-тірісін білмеймін. Хабарсызбын. Мені аяусыз сынаққа алған қатал уақыттың немен аяқталарын бір Алла біледі. Енді басқаға үйленуге зауқым жоқ. Айнаны іздеумен жүріп, балшыға да, құмалақшыға да талай бардым. Түбі табысасыңдар, кездесесіңдер дегенде сол қуанышты күн жақын қалғандай үмітімді үзбей күтумен келемін. Ауылдан кетіп, Алматыға келгеніме үшінші жыл. Досым Самат екеуміз кредит алып, автобөлшектер сататын дүкен ашып, бірыңғай коммерцияға бел шеше кірістік. Кейде Германиядан, Прибалтикадан машиналар әкеп сатамыз. Табысқа табыс қосылып, жұмысымыз жақсарған үстіне жақсара түсуде. Алғаш жиналған ақшаға бір жер үй және үш бөлмелі пәтер сатып алдым. Ол кезде үйдің де,пәтердің де арзан кезі еді. Ұзақ жолда Германия-дан машина алып, шаршап келе жатқандада оны жол бойынан шыға келетіндей көремін. Ол мені сыртта аңдып жүргендей сезіледі. Кейде елес беріп, оның жұмсақ салмақты үні құлағыма келгендей:

– Жұмысыңды істей бер, түбі кездесеміз, табысамыз, – дегендей болады.

Қасымда Самат бар. Ертелетіп Тараздан шығып, Алматыға келе жатқанмын. Түс ауа қалаға кіре берісте Алтын Орда базарына соқтым. Не себепті соққаным есімде жоқ. Базардың сөрелерінде жайылып жатқан неше түрлі мүліктерге көзімді жүгірте қарап келе жатыр едім. Ту сыртымнан:

– Мақсұт, Мақсұт, тоқта! Тез қайт! Қазір мамаң да кеп қалады. Ешқайда жүгірме, – деген дауысқа жалт бұрылдым. Егделеу әйел 3-4 жасар ер балаға қуып жетіп, жетектей жөнелді. Әйел өзінің сауда жасап отырған орнына жайғасты да, балаға кәмпит ұстатып жатып:

– Ешқайда жүгіруші болма. Қазір мамаң да келіп қалады, – деп оны басынан сипап, бауырына тартты. Апырмай, менімен аттас баланың келеді деген анасы кім екен? Баланың анасын көрмекші боп, шеткері шығып тұрдым. Көп кешікпей бір бума киім-кешек көтеріп баланың анасы да келді. Ол құшағындағы заттарын түсірген кезде жүзі анық көрінді. Бірден таныдым, сол баяғы Айна, аздап толысқан. Ол заттарды орналастырып жатып баласына:

– Қалай, мен жоқта бұзық болған жоқсың ба? Әженің мазасын алмадың ба? – дейді. Бала үнсіз басын шайқады. Құдай-ай, мен шынымен Айнаны көріп тұрмын ба? Қаншама жыл оны көруді аңсап жүріп, қалайша шыдап тұрмын. Оны тірі көрсем  енді айырылмаспын, аяғын құшып өлемін деп жүрген Айнашым ғой. Апырмау, неғып тұрмын? Тағы да біреу күш-қуатымды сыпырып әкеткендей дәрменсіз күйдемін. Аяғым қозғалар емес. Тұрған жерімнен қозғала беріп, қалт тоқтап, апырмау күйеуі бар, баласы бар  әйелге енді не деп барамын, – деп жүрексініп тұрғанымда, бір бүйірден:

– Азамат, не ғып тұрсыз? Документіңізді көрсетіңіз, – деген полиция қызметкерінің өктем үні естілді. Ұйқыдан оянғандай селк ете қалдым. Форма киген екі жігіт екі жағымда тұр.  Сасқаннан:

– Жай, әншейін тұрмын, – дедім де құжатымды бермекші боп, төс қалтама қолымды сала бергенде көйлекшең тұрғаным есіме енді түсіп:

– Құжаттар машинада. Костюмімнің қалтасында, –деп едім. Жасы үлкендеу офицер қасындағы жас сержантқа бұйыра сөйлеп:

– Документсіз жүр екен, опорный пунктке апар, – деп өзі асығыс кете берді. Екіншісі мені дедектетіп опорный пунктке алып келді. Ол келе сала:

– Документсіз неге жүрсің? Кімсің? Қайдан келген адамсың? – деп ес жиғызбай сұрақтың астына ала бастады. Мен машинаның сыртта такси тоқтайтын жерде тұрғанын, машинада серігімнің күтіп отырғанын айтсам да тыңдайтын түрі жоқ.

– Жаңағы жерде кімді аңдып тұрдың? Өзің мас сияқтысың ғой. Қане, шыныңды айт! Жаңа кімді аңдыдың деймін? – деп шүйліге түседі. Арақ ішпегенімді және сол жерде көптен іздеп жүрген әйелімді көргенімді айтсам да сенбейді. Бар мақсаты қалайда маған айыппұл салу. Біраз салғыласып, айтысып болғаннан кейін:

– Жә, түсіндім. Айыппұлға қанша төлейін? – дегенімде, ол бірден жұмсарып, төлейтін ақшаның мөлшерін айтты. Ақшаны төлеу үшін трассаның арғы бетіне шығып, такси тоқтайтын жерге келе жатырмыз. Машинаға тақай бергенімізде тура менің машинамның жанында такси тоқтатып тұрған Айна мені көріп қалды. Екеуміздің көзіміз түйісіп қалдық. Не істерімді білмей тұрып қалдым. Олда сасқалақтап қалдыда, ышқына дауыстап маған қарай тұра ұмтылды. Мен де: «Айна, Айнашым!» деп күңіреніп қоя бердім. Не болғанын түсінбеген кішкене Мақсұт мамасының етегіне оралып бақырып жүр. Осы кезде серігім Самат жүгіріп келіп, үшеумізді машинаға әкеп отырғызды. Мән-жайды енді түсінген сержант бала өзінен-өзі тайып тұрды. Иә, зарығумен сегіз жыл өткенде  бір-бірімізбен осылай көрісіп, осылай табыстық. Айна Алматыға келіп, Қытайдан келеген қартаң әйелмен бірге сол үйде тұрып, екеуі базарда сауда жасайды. Екі жылда Қытайдан тауар тасып, сауда ауқымын кеңейтіп, бір бөлмелі пәтер сатып алады. Өзіне-өзі енді ерге шықпаспын деп ант берген Айна дәрігерлермен ақылдасып, ЭКО-ға барып, жасанды  жолмен сәбилі болады. Осы алдымызда ойнап жүрген ақсары бала Алланың маған берген сыйы. Атын да Мақсұт қойыпты.

Ол сағатына қарап алды да: – Айнаның келетін уақыты жақындап қалды. Тезірек автобус аялдамасына жетейік, – деп асыға жиналды. Біз аялдамаға жете бергенде соңымыздан памп-памп деген сигналға жалт бұрылдық. Ақ джиптің рөлінде отырған аққұба келіншек:

– Ей, квадраттар, қалай демалдыңдар? – дегенде кішкентай Мақсұт мамалап тұра жүгірді. Ана мен бала екеуі шұрқырасып болғаннан кейін Айна  біз жаққа бұрылып:

– О, аға тауып алғансыңдар ма? – деп сұрады.

Ол жарқылдай күліп келді де, менімен қол алысып амандасты. Алматыны бетке алып жүріп келеміз. Рөлде Мақсұт, жанында мен. Жол бойы кішкене Мақсұт анасына теңіз жағасында көрген қызықтарын айтып мәз болып келеді. Баланың сөзіне күле отырып, Алматығада жетіп қалдық.

Апырмай десейші, қаншама жыл басқа түскен осынша қиындыққа мойымай махаббатын сақтай білген екі асыл жанның нұрлы жүздерін  көргенде ғажап бір әлем құшағына  еніп бара жатқандай сезіндім.   Оларға дән риза болғандықтан ағалық сезіммен толғана тұрып батамды беріп, қимастықпен қоштастым.

 

427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №2

07 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы