• Білім-ғылым
  • 25 Ақпан, 2021

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ – КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕ ЕМЕС

Ақмарал Өтешова,
М. Тынышбаев атындағы 
Қазақ көлік және коммуникация 
академиясының оқытушысы  

 

Соңғы жылдарда Қазақстандағы білім беру жүйелерінің кұрылымдарында елеулі өзгерістер болып жатыр. Оқу мен білім технологиясы қаржы қорының байыбына жетіп түсінудің, нарықты өркендету жолында күресудің тиімді құралына айналып отыр. Осы ретте қазіргі замандағы технологиялық жетістіктерге негізделген қашықтықтан білім беру жетекші рөл атқарады. Осы орайда, қазіргі білім саласында оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасының бірі – қашықтықтан оқыту технологиялары арқылы оқыту. Сонымен қашықтықтан оқыту дегеніміз не?

• Қашықтықтан оқыту дегеніміз — мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту.         

Қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудың 3 түрлі формасы бар.

Қашықтықтан оқытудың жергілікті жүйесі белгілі бір білім және жекелеген қала (университет) шеңберінде жұмыс атқарады, оның құрамына тек жоғары оқу орындары ғана емес, мектептер, гимназиялар мен колледждер де кіреді. Осындай жүйенің аясында жұмыс жасаудың алғашқы сатысында зиялылық потенциялын, компьютерлік техниканы ұтымды пайдалана отырып, үздіксіз білім беру принциптерін ойдағыдай іске асыру қажет. Осыған орай, мектептер мен жоғары оқу орындары жергілікті және аймактық желіні пайдаланып, шығармашылық жұмыстарын таратып, оқыту үрдісінде әдістеме бойынша тәжірибе алмасуы қажет.

Қашықтықтан оқыту жүйесін әрқайсысы өз кезегінде бірнеше компоненттерден тұратын үш компоненттің жиыны ретінде карастыруға болады. Олар:

– Дидактикалық жүйе;

– Технологиялық жүйе;

– Қамтамасыз ету жүйелері. 

Қазақстан Республикасның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 16 наурызынан бастап Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде төтенше жағдай енгізген болатын. Осыған байланысты еліміздегі барлық мектеп оқушылары  мен студенттері біршама уақыттан қашықтықтан білім алуда.

Ғаламды шарпыған індеттің елімізге дендеп енуіне байланысты қашықтан оқыту қанатын кеңге жайғаны баршамызға аян. Уақыт бізді таңдады, біз тарихи мүмкіндігімізді жүзеге асырудамыз.  Қашықтан оқуға еш дайындықсыз кірсе де, ұстаздарымыз халық, ұрпақ алдындағы міндеттерін лайықты атқаруда. Сонымен қатар, қашықтықтан білім алу тәсілінде сынақтан өткізуге мүмкіндік туды.

«Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша коронавирус инфекциясының алдын-алу мақсатында бірқатар бірегей іс-шаралар қолға алынғаны белгілі. Сол маңызды шаралар қатарында – Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтықтан оқыту түріне көшірілетіні де айтылған болатын», – деп жазады almaty-akshamy.kz сайты.

Жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыс-тыру – әлемді жайлап келе жатқан коронавирус індетінің таралуын тежеу үшін қабылданған нақты қадамдардың бірі екені шындық. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік  комиссияның  жиынына қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтықтан оқытуға дайын екенін хабарлағаны мәлім. Министр айтқандай, қашықтықтан оқытуға Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қауқары жетеді. Студенттерді қашықтықтан оқытуға техникалық мүмкіндік бар және интернеттің жылдамдығы да жеткілікті.

Бүгінгідей әлемде, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қаупі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде студенттерге қашықтықтан оқыту жүйесі  шын мәнінде қажетті де маңызды шара. Осы ретте сандық оқытудың әдістері, проб-лемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім саласындағы әрбір маманды бей-жай қалдыра алмайды. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған сандық шешімдер мен сервистер саны күн сайын өсіп келеді. Мәселен, серверлік бағдарламалық қамтамасыз ету, open-source, ақылы порталдық шешімдер, интеллектуалды корпоративтік жүйелер айрықша мазмұнға ие.

Қашықтықтан оқытуды енгізудің бастапқы кезеңінде оқытушылардың жүктемесі айтарлықтай өседі. Сандық оқу контентін дайындау, білім алушылардың жетістіктерін қадағалау, студенттермен тұрақты коллаборация жасау, сандық және кәсіби дағдыларды жетілдіру – дәрістік жұмыстағы негізгі бағдарлар болмақ. Бұл бағытта оқытушының рөлі мен қызметіне, кәсіби шеберлігіне талаптар күшейеді. Олар оқытудың жаңа әдістемесін дайындап қана қоймай, «қашықтықтағы» аудиторияны біліктілігімен, іскерлігімен, шешендік өнерімен баурай білуі тиіс. Аудиторияны қашықтықтан онлайн-режимде басқару, ұйымдастыру шеберлігі, қызықты, сандық мазмұнды жобаларды дайындап, білім алушылардың білімін объективті бағалау, студенттердің үлгерімін талдау және есептілікті уақытында қалыптастыру – бұлардың бәрі оқытушыларға үлкен жауапкершілік жүктейтін міндеттемелер.

Елімізде оқу контентін әзірлеу үшін университеттерде заманауи жабдықталған зертхана құрылды, онда оқытушылар өздерінің бейне-дәрістерін жаза алады. Олар бұл зертханада өз дәрістері мен оларға сілтемелерді алдын-ала жүктеп қояды. Ал, бейне контенттер студенттер үшін әрдайым қолжетімді. Teams, Zoom және т. б. бағдарламалары арқылы тақырып зерделенеді, сол арқылы аудиториямен «жанды» қарым-қатынас, байланыс орнатуға болады.

Жалпы, онлайн-форматтағы сабақтар бейне-лекциядан, интерактивті дербес тапсырмалардан тұрады. Тапсырма нәтижесі – сабақ тақырыбының ашылуымен және студенттердің оған чаттар, форумдар, аудио және бейне жиналыстар арқылы тікелей белсене қатысуымен өлшенбек. Жалпы, бүгінгі күні қолда бар қашықтықтан онлайн-оқыту жүйелері оқытушы мен студенттер арасында тығыз байланыс орнықтыруға мүмкіндік береді, әрі нақты дәріс беру үрдісін қамтамасыз етеді. Ал, сандық трансформация моделі Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары үшін эталондық модель бола алады.

Қашықтықтан оқытуды күрделі процесс деп санамауымыз қажет, қазіргі білім беру ресурстарының болуы материалды зерттеуді ұйымдастыруда және оның дамуын бақылауда мұғалімнің міндеттерін жеңілдетуге арналған. Тек дұрыс материалды таңдап, студенттермен байланысын жоғалтпау өте маңызды, үнемі сізбен бірге екендігіңізді және сабақ беру сіздің ортақ міндетіңіз екенін айқындап отырыңыз.

Қорыта келе айтарым, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі қазіргі таңда білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен студенттеріміз әлемдік ақпараттармен байланысуға, білімдерін онлайн жалғастыруға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шындауға зор мүмкіндік алады.

 

22447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы