• Қоғам
  • 31 Қаңтар, 2021

Ұғымға жақын сөзден үрікпейік немесе Қазақ тіліндегі үш лексикалық инновация

Батырбек  Үрістембеков

Иә, бір қарағанда, қазақ тілі – көпшілік үшін сонау бала кезден бері үйреншікті және (әсіресе, өз ана тілін жетік білетін адамдар үшін) лексикалық және орфографиялық тұрғыдан «кәдуілгі» тіл іспеттес болып көрінеді. Рас, қазақ тіліндегі күрделі және терең фразеологиялық сөз тіркестеріне, өте көп идиомалық сөз тіркестеріне «көзіміз үйренген». Және қазақ тілін үйреніп жүрген кішкентай баладан (немесе бұл тілді енді зерттеуге көшкен  шетелдік адамнан) басқа ешкім де келесідей сұрақтарды қоймайды: «Неге «бүйректен сирақ шығарды» деп айтамыз?», «Неліктен аспанды да «көк», жаңадан шыққан ЖАСЫЛ шөпті де «көк» деп айтамыз?» және т.б. жүздеген, тіпті мыңдаған сауалдарды біз әдетте қоя бермейміз, бірақ тілді тереңірек зерттеу мақсатында – қойсақ та болар еді! Бұндай семантикалық-лексикалық «детальдерге» онша мән бере бермейді екенбіз. Осындай күрделі тілдің образдылығы, байлығы, тереңдігі, көркемдігі бізді көп таңқалдыра бермейді – көзіміз үйренген...

Тіл білімінде лексика ілімі сөздің мағынасын және сол мағынасы бойынша қолданылуын филологиялық тұрғыдан зерттейді. Бірақ көп адам келесі кейбір лексикалық парадокстарға онша мән бере бермейді екен...

Бірінші инновация. Қарапайым мысал, «кінәлі адам өз-өзін растап, ақталумен әлек» деген сөз тіркесі ҚҰЛАҚҚА ҚОНЫМДЫ естіледі. Ал енді келесі сөйлемге назар аударайық – «кінәсіз (!) адам өз-өзін растап, ақталумен әлек». Келісесіңдер ме – құлаққа қонымсыз сөйлем?! Иә, орфографиялық және синтаксистік тұрғыдан қатесіз жазылса да, МАҒЫНАЛЫҚ тұрғыдан құлаққа аса жағымсыз болып естіледі. Неліктен!? Себебі, біз екі түрлі статустағы адамға қатысты тура сол бір етістікті заң аясында демей-ақ қояйын, тіл аясында (!) қолданып отырмыз! Ағылшын тілі немесе неміс тілі және басқа да тілдерде бұндай ебедейсіз сөз тіркестерінің болуы мүмкін емес! Себебі, олар кінәсіз адамның «өз-өзін ақтап сөйлеуін» - justify деген сөзбен білдірсе, ал кінәлі – тек кінәлі адамның «өз-өзін ақтап сөйлеуін» – vindicate деген мүлде басқа сөзбен айтады екен. Демек, оларда СӨЗ жүзінде ешқандай заңдық-мағыналық шатасу орын алмайды екен. Енді неге біздің да қазақ тіліне де сондай лингвистикалық арнайы ереже ойлап таппасқа!? Орыс тілінде де біздің тілдік мәселеге ұқсас парадокс бар – «он же оправдывается» деген сөзді олар кінәліге де, кінәсізге де қатысты қолдана береді екен. Менің жеке түсінігім бойынша, адам немесе КІНӘЛІ, немесе КІНӘСІЗ – немесе ШЫНДЫҚ айтып немесе ӨТІРІК айтып отыр!!! Үшінші нұсқа мүмкін емес!!! Және екі түрлі адамдарға қатысты дәл ағылшындар сияқты ЕКІ ТҮРЛІ етістік-сөздерді қолдануымыз керек!!! Мысалы, «кінәсіз адам ақталып отыр», ал «кінәлі адам «жалтарып», «әулиемсіп» (немесе басқа бір нақтырақ әрі сауаттырақ етістік-сөзді алсақ та болады) отыр» деп нақтылап, бөліп-бөліп айтпасқа!? Сонда ТІЛ деңгейінде тұрмыста да, заң аясында қазақша сөйлем мағынасы кез келген жағдайда әрі нақты, әрі әділетті болар еді...

Екінші инновация. Заманауи цифрлік-техникалық терминдерді ӘДЕБИ-ТАЗА қазақ тіліне тікелей тәржімалау қиындығы. Айтпақшы, «цифрлік» дегеніміз дұрыс па, «сандық» дегеніміз жөн бе, әлде «есептеуіш» дегеніміз орынды ма?! Бұл да сауал. Әрине, әрқалай тәржімалауға болады – бірақ қысқа да нұсқа аударманың орнына біз ұзын АНЫҚТАМАНЫ аламыз. Мәселен, «виртуальная реальность» деген сөзді қазақ тіліне, әсіресе ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ қалай тікелей аударсақ болады? Мүмкін емес! Жарайды, аударып көрелік, бірақ біз екі сөзден тұратын дайын аударманы емес, сол ұғымның анықтамасын аламыз – «виртуальная реальность – «БҰЛ жалған дүниенің одан да бетер ЖАЛҒАН дүниесі». Көрдіңіз бе, сондай күрделі ғылыми-техникалық терминдерді тікелей қазақ тіліне, әсіресе КӨРКЕМ-ӘДЕБИ классикалық қазақ тіліне аудару өте-мөте қиын, тіпті мүмкін емес. Бірақ бұл мәселені біздің тіл мамандары шешеді деп сенемін. Және де сан-алуан «гаджет, виджет, аккаунт, сайт» және т.б. жүздеген жаңа кірме сөздердің тура баламаларын табу тіпті орыс тілінде де, испан тілінде де, тіпті түрік тілінде де қиындық тудырады. Әлбетте, ауыр замана тақырыбын алсақ, пандемияны –жаһан індеті деп, локдаунды – сақтанар-уақыт деп, вакцинаны – екпе дәрі деп, ал санитайзерді – сеппе-сабын деп биыл айтпасақ та, біз мына күрең-вирусты сәтті жеңіп келе жатырмыз. Иә, иә, күрең-вирусты(!), біріншіден, соңғы биологиялық зерттеулер бойынша ол вирустың белогының түсі шынымен де күрең-қоңыр реңкті келеді, ал екіншіден, күллі адамзатқа ауыр тиген сол жаман ауруды коронавирус (ТӘЖ-вирусы) деп айтпайық! Ол нәубет «тәж» деген «ақсүйек» анықтауышқа лайық емес, бірақ күллі әлемге аса қауіпті екені рас. Немесе ковид немесе күрең-вирус дейік. Және де бұл көпшілігіміз үшін өте ауыр тақырып туралы айтпай, жеңілірек тақырыптарға көшейін. Сонымен, нарық туралы айтсақ, «маркетолог» деген сөзді «базартанушы» деп, «фрилансер» деген сөзді «кезбе-маман» деп, «челлендж» деген сөзді «тәуекел» деп, «флеш-моб» деген сөзді «сауық-науқан» деп, ал «онлайнды» - «іштемін» деп, «офф-лайнды» - «сырттамын» деп жайлап-жайлап ауызекі деңгейде болсын, жастар деңгейінде де болсын аудара берсек те, артық етпес еді. Лингвисттер мен аудармашылардың қиялдарының дамуына – әрине ерік бар, тек жаңа сөздердің мағыналық қисыны және сауаттылығы СТАНДАРТТЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ ФИЛОЛОГИЯСЫ тұрғысынан дұрыс болса болғаны... Жаңа сөздіктер керек, 21-ші ғасырдың 20-шы жылдары басталып кетті емес пе! Ал біздің ӨЗ ғылыми терминдеріміз әзірше аздау боп тұр.

Үшінші инновация. Қысқаша айтайын. Тарихи термин бар бізде – «тәуелсіздік дәуірі, кезеңі» деген (1991-ші жылдан басталған жаңа заман). Мағынасы өте дұрыс. Бірақ «тәуелсіз республика» – ол тафтология, cебебі «RESPUBLICA» онсыз да «ТӘУЕЛСІЗ ҚҰРЫЛЫМ» деген лексикалық мағынаны береді емес пе!? Сондықтан, мен соңғы отыз жылдық тарихты – Елбасы 1991 жылы бастап берген – Республикалық Дәуір немесе Отаншыл демократия кезеңі деп айтар едім. Иә, оның алдында, «кеңестік республика» деп аталсақ та, де-факто біз «Ресейдің облысы» іспеттес еріксіз күйді бірнеше ғасыр бойы кешуге мәжбүр болдық. Бірақ тіпті 250 жыл бұрын біз сол кездің өзінде көп ғасырлық тарихы бар азат ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ болған едік! Ол да сол заманға тән өзге патшалдықтардан егемен мемлекеттің өмір сүру формасы болған тұғын. Қазақ мемлекеттігі көне, қазақ тілі көне. Сондықтан, жеріміз кең әрі сан-алуан, тіліміз де бай және ерекше боп дамып келе жатыр. Тіліміз бен жерімізді қастерлейік!

 

 

1947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы