• Әдебиет әлемі
  • 31 Қаңтар, 2021

ЖАРАТЫЛЫС

Емхана іші. Өз мұңымен өзі таласып түні бойы көз ілмеді. Құс ұйқылы. Қарауытқан көлеңкелі өмір. Жарық сәуле қайда? Ой тұңғиығына сүңгіген сайын жаны ауырады. «Жедел жәрдемнің» қиқулаған үні селт еткізді. «Тағы да біреуді әкеле жатыр-ау!», деді өзіне-өзі. Орнынан еріне тұрып, терезеге қарап еді, жапалақтап қар жауып тұр екен. Аспан жақтан қалықтай ұшқан ақ ұлпа еріксіз алақанын тосқызды. Қалам мен қағаздан басқа басы артық нәрсе ұстап көрмеген ақынның жұмсақ алақанына нәзік қарлар қонып жатты. Алатау жақтан әлдекім алақанын сипап өткендей жұмсақ көктем лебі сезіліп, жаны егіліп бара жатыр. «Өлмеген адамға көктем де келді-ау» – деп, ауыр күрсініп алды ақын. Ойы-на сонау бала кездегі Қарасазы түсті. Осылай әппақ қарда бірін-бірі қуалап, анасы қазанға ыстық бауырсақ қуырып, оған шыбық шаншып жүретін кездерін еске алды.  

Шіркін, Қарасазым! Өзіңе бір жете алмадым-ау! Көлсайдың мұздай суына бір шомылсам ғой рахаттана!  Биік тауына шығып, ұзағынан ауаны сімірер ме еді, тәйірі!

«Таудың ерке тағысымын, тағысымын, Мен деген!» деп, әуезді дауысын естілер-естілмес сыбырлай сөйлеп, қолын сермеп-сермеп өлең оқыды. Біртүрлі көктем иісін табиғатқа шығып сезінгісі келді. Терезе алдындағы кішкене орындыққа отырып, төс қалтасынан қаламын алып, ақ қағаз бетіне әлденені жазып шиырлай салды. Сөйтті де, тумба үстінде тұрған насыбайын алып, балконға беттеді.

Қауқылдап, әңгіме-дүкен қыздырған ауладағы науқастар бірер күнде үйіне қайтпақшы. Әне, бір палуан денелі ақсары жігіт жуырда емханадан шығатын секілді. Қауқылы да соны айтып тұр. «Ем қонды», деген сол. «Азамат қой, бақытты болсын. Жастардан ауру алыс жүрсе екен», деп ойлап қойды іштей. 

Олардың жанына барғанымен, көңілді әңгімесіне ілесіп кете алмасын сезді. «Өлең оқып берсем бе екен» деген райынан қайтты. Себебі, «Менің жырым кімге керек, жанымды түсінер кім бар мынау жалғанда?»  деген ой келген басына. Далаға шыққысы келмей, ақырын аяңдап, өзі күнде баратын буфет жаққа беттеді.

Азаннан бері нәр татқан жоқ. Ас батпайды.  Буфет оның ас ішетін орны емес, жұмыс орны болып алған. Әрлі-берлі өткен ақ халатты медбикелер оған «Неге палатасына тыныш барып жатпайды, күні-түні осы ағайдікі не жүріс?» деп, үрпиісе қарайтындай. Мұқағали оған мән беретін емес. Бір шыны аяқ шәй  алды да, ұзақ ойланып отырды.

«Жырым да, сырым менің кімге керек?

Болмады күткенімнен бір де дерек.

Жан таппай жарық іздеп түнге қарай,

Мен дағы отқа түскен бір көбелек...», деп жазып, отырғаны сол еді, «осы  маған не жетпей жүр?» деген ой келе қалды басына. «Сенде бәрі керемет, сенің өмірің ғажап деп құры мақтайтын ағайын ба, туыс па? Керек қылса, отырмай ма жанымда мұңдасып-сырласып? Осыдан аман шықсам, әй қайдам», деп күрсінді де қойды. Шимайлап отырып,

 

Не жетпейді?

Құлпырған маңайың гүл,-

Деп маған,

Ырза болмай, ағайын жүр.

Жаным барда, бойымда қаным барда,

Жырымнан жан ашуын алайын бір.

 

Бәрі де бар...

Басымда бәрі де бар.

Жан емеспін жарымжан дәріге зар.

Жетпейтіні – жүректің әні болар,

Бақыт, бақтың тарыдай дәні болар...

 

Қалғанының бәрі бар бір басымда,

Әлі талай жараймын қырды асуға.

Жетпейтіні – досым аз сырласуға,

Өмірім аз, жетпейді бір ғасырға.

Күрсінгенім болмаса анда-санда,

Көз жасымды қақым жоқ көл жасауға.

Аздығы да ғұмырдың алаңдатпас,

Міндетті емес ақындар көп жасауға.

 

Кім айыптап, сыртынан кім күледі,

Содан болар жырдың да жүнжігені.

Адам жырлап тұрғанда, заман жырлап,

Керегім де жоқ шығар кім біледі?! – деп жазып, қолын қойды.

«Мен енді ешкімге керек емеспін»  деп ойлады ол. Жүрек тұсы сыздады. Не үшін жаздым бұл өлеңді? Жә, ең болмаса, ел ұнатқан жырым қалсын. Сонадайдан шәй құйған сұлуға сұқтана қарап, бас изеді.

Бұлар да мені «Осы буфеттің бұрышын мына ағай жұмыс орны қылып алды», деп жүрген шығар?... «Кейде мені неге келмей қалды» деп іздейтін шығар, кім білсін, деп ойлады іштей. Кейде барып, палатадағылармен әңгімелесіп, жыр оқып емдегісі келеді. Дәрігер қыздан басқа палатадағылардың жағдайын сұрайтыны және бар.

Бұдан бөлек қай жерден ем таба алам,

Тіптен менің кеткім жоқ емханадан.

Көре-көре жалыққам мен қаладан,

Жүре-жүре шаршағам кең даладан.

 

Туыс, жолдас, дос, құрдас – бәрі бөтен,

Жанашырым Анам мен жарым екен.

Ауыратын жүрек те, бауыр да емес,

Қызыл ала қан болған жаным екен.

 

Емханадан кеткім жоқ, қайда барам?!

Бәрі де жат, бірі жоқ аймалаған.

Отанымның сап берген ордасын мен,

Жұмыс орным деймін де, пайдаланам.

 

Тегін төсек жатқаным, тегін тағам,

Дәрігер де, дәрі де тегін маған.

Тегін жарық, буфетім – тегін орным,

Мен осында қаламын, ебін табам...

 

Ұмытамын кім қандай Жүз екенін,

Мен осында өзімді күзетемін.

Қайырымды қарындасқа көмекші боп,

Сырқаттарды түн бойы күзетемін.

 

Қайда барам, мен мынау сұрымменен,

Мен ақынмын!

Жырыммен, құнымменен!

Күні бойы аралап бөлмелерді,

Сырқаттарды емдеймін жырымменен.

Солай!!, – деп парақты қаламының сиясын батыра шимайлап отырып, тағы бір ойға кетті. Қолындағы қаламының қақпағын жапты да төс қалтасына салып, өлең жазылған қағазды төрт бүктеп, палатасына қарай тартты.

Біраз күн болды, палатасында жалғыз. Ауыр ойлардан құтқара алатын өлеңнен басқа ешкім жоқ.

Сырлы сағым қуалаған асыл сезімдер азған. Ой тұңғиығы түнек. Гулеткен күндер қайда? Аққу күткен түндер қайда? Шіркін дәурен, жыр құшағына оралтасың қашан? Ақ төсекке шалқалай кеп құлады. Бір сәт жаны жадырап, шабыт отына жанғандай орнынан атып тұрды. Музаларын елестетіп көріп еді, ойына ешкім түсе қоймады. Бәріне өлең жазылған, бәрі де әдемі еді. Бірақ, дәл осы сағатта, дәл осылай әлдекімді сағынып отырғанда жанына медеу боларлық маңайынан ешкім табылмағаны қалай?

«Қайда анау, Шәміл? Қайда әлгі, достарым?». Жалғыз өзі терезеге телміріп отырғысы да келмеді. «Еh, бұйырмаған бақыттар, қайырылмайтын шаттықтар, тоғыспайтын тағдырлар... Кетті ғой бәрі өз жолымен...Тағдыр түрлі болғанмен, өмір біреу, Ұнатамын өмірді мен сол үшін! Менің жырым-менің өмірім! Шым-шытырық ойдың күрмеуін өлең ғана шешеді». Тағы бір өлең жазып отырып әлдекіммен сырласқысы келгендей есікке қарай берді. Мұңмен таласқан күйі, шабыттан тасынып, өз-өзіне сыймай барады.

Сол түні «жұмыс орнына» барып, түнімен отырып жыр жазу ойына келген болатын. Ол бірте-бірте әдетке айналған. Дәл бүгін төсегіне құлай кеткен күйі қайтып орнынан тұрғысы келмеді.

Түнімен аунақшып жатып, таңға жуық көзі ілінген екен. Бір түс көріпті. Түсінде екі ақ періште келіп, қаламы мен қағазын жоғары қарай әкетіп бара жатыр екен. «Сенің жырың көкке де керек, Мұқағали! Жер беті сені түсінбейді. Махаббатыңды да тәрк етіп мәңгілікке жараладың. Жатсаң да, тұрсаң да дәптеріңе мұң шағып, жабырқаған жаңына ем іздегенің не? Өз дәрежең болмаса, бұл жалғанда несіне өмір сүресің? Сен келсең, емен-теректің жапырақтары сен үшін қол соғады. Біздің бақта құстар ән салып, өлеңіңнің сәнін кіргізеді. Ақ қағаздағы жырың мен сырың бізге керек, Мұқағали! Түсінемісің сен соны?!», деген дауысқа ілесіп, қолын бұлғап, артынан жүгіріп барады екен. Түсіндегі жаңғырықтан селк етіп оянып кетті.

Бұл не түс болғаны? Аспан періштелерінің артынан неге кетіп барам? Мен іздеген Муза осы ма еді? Аспанда не бар, Құдай-ау! Артық кетсем кеш мені! «Өлеңде не айтсаң, сол ақын тағдырында қайталанады», деген сөздің рас болғаны ма? Қай сәтте келе қалып еді, сол бір өлең, жарықтық! Мен өмірді ұнатамын деп едім ғой! Ақындар ұзақ жасамайды, деп айтып салғаным періште құлағына ілінгені ме? О, сұмдық құдірет! Таңға жуық көрген түс шындыққа айналатын аян деуші еді. Мына ғажайыпты қараңыз! Бұл нені меңзегені? Өзімен өзі сырласып, өзімен өзі мұңдасып отырғанда таң да сібірлеп ата бастады.

Дәрігер қыз келіп, жағдайын сұрап кеткен. Бүгін біртүрлі көңіл хошы болмаса да жағдайым қалыпты дей салған. Сыртынан қалыпты болғанымен, іштей өзін-өзі қоярға жер таппай барады.

Әдетінше, тағы да сол баяғы ізбен дәлізге қарай аяңдап бара жатыр еді, жанынан біреудің сылти басып өтіп бара жатқанын байқады. «Медбикелердің бірі шығар»,  деп оған мән беріп қараған да жоқ. Қасынан өтіп кеткені жаңадан келген жас жігіт екен, анадай жерден байқады. Қою қара бұйра шашын артқа қарай қайырған, ұзын бойлы, сымбатты жігіт сылтый басып кетіп барады екен. «Аяғынан жараланған болды ғой, не де болса танысып, хәлін сұрайын», деп артынан жеделдете жетіп барды. Барды да:

– Жаңадан келдіңіз бе? Сауығып кетіңіз!, деді ілтипат білдіре. Әлгі науқас жігіт те жаны ауырғанын білдірместен, мейірлене рахметін жаудыра жөнелді. Қай палатада екенін біліп алды да, кедергі болмастан, кері қайтты.

Түс кезінде әлгі жас жігітті үйреншікті «жұмыс орнына» шақырып, өлең оқып бергісі келді. Палатасына барып, буфетке шақырып еді, жігіт те қарсы болған жоқ. Үйреніскен соң, екеуі күнде бірге буфетке, бірге дәрі ектіруге баратын. Жұрт оларды «туыстар» деп ойлап қалатын. Кейде сыртқа шығып алып, емхана маңындағы орындыққа отырып алып екеуі өлең оқиды. Екеуі сырласып, мұңдасып жүргенде бір күні әлгі жігітті туыстары емханадан шығарып әкетті.

Бірақ, ол өзінің «Не жетпейді?» деген өлеңі туралы айтқан жоқ болатын. Бейтаныс жігіттің жүрегін ауыртып алғысы келмеді. Өзі туралы болжам жасатқанды ұнатпайтын ақын. Көрген түсін де болжатып, өзі туралы ауыр нәрсені біреуден естіп, өз жүрегін өзі ауыртқысы да келмейтін. 

Тек, бірде әлгі жігіттің: «менің тірі ақынды бірінші рет көруім. Сіздей ақынмен танысқаныма қуаныштымын! Бірақ, біздің тағдырымыз басқа, Сіздікі басқа ғой. Сіз ақынсыз. Осы бір сәтте тоғысқанымызбен, басқа жолдарда тоғыспаймыз, ағай», дегені есінде қалып қойыпты. Сырбаз, керім жігіттің сөзі кәдімгідей алданыш болыпты ақын жүрекке... Емханадан кеткені ол жігітке де оңай болмағанын ұғынды, Мұқағали. Бірақ амал не? Палатасына барып, бүк түскен күйі жатып қалды. Жанына жақын тартып, бауыр басып қалған еді. «Бұл да бір жолдағы сапарласым ғой», – деді де, іштей күрсініп, өз-өзін жұбатқан болды.

Қиялын биікке жетелеген ақынды көктем де күтетін секілді. Көктем шықса, емханадан шығатын секілді. Еліне барып, жұртымен қауышып, марқайғысы келген. Сарғайған сағыныштың ығына еріп, жатқан күйі ақпан соңы көктемді күткен. Екі аптадан соң Наурыз айы басталады. Сырқатынан айығар емес. Көңілі талай жерді шарлағанымен, сырқатынан сауығар емес. Сол жатқаннан мол жатты. 

Тағы да түс көріпті. Түсінде әлгі жігіт «Мұқағали» деген жыр кітапты құшақтап алып, «кітабыңыз шықты ағай, сауығып кетсеңіз, әлі талай жерде кездесерміз, ағатай!», деп күліп айтқаны сол екен, оянып кетті.

«Ол да мені сағынып жүр екен ғой... Сырласқанда оған ненің жетпейтінін айта алмай қалған ем, есіне мен түскенде не ойлар екен. Бәлкім, айтуым керек пе еді? Айтқан сәтте, ол маған да бір жыр арнар ма еді? Бәлкім өмірімді басқа арнаға бұрар ма еді? Өзгеше бір ой айтып, көңілімді сергітер ме еді? Мүмкін басқа бір түстер көрер ме едім, кім  білсін? Бірақ, бірақ ол жігіт өлең жазбайды ғой... Ақынның әлемінде не болып жатқанын білсін бе? Ақын жанын тереңдеп ұғына алсын ба? Өз жанымды өзім шайнап, жұртыма жұтуға ғана беретінімді қайдан білсін сол сері. Міне, мәселе қайда жатыр?!

Ақын деген осындай ерекше ЖАРАТЫЛЫС иесі! ... Иә, жаратылыс!».

Мұқағали өз ойына өзі разы болғаны сонша, орнынан қалай атып тұрғанын білмей де қалды. Кітап құшақтаған жігіт келіп қалардай, әдетінше,  терезеге қарай жақындады. Мұнартқан Алатаудың биік қарлы шыңы рауандап атқан таңның шапағына шағылысып, Мұқағалиды өзіне шақырғандай күлімдеп тұр. Ақын оң қолын жағына таянған күйі, алыс-тан мұнартқан Алатау жаққа қарап, ойланып қалды...

Сол жігіт, егер ол ақын болса, бәлкім ерекше жаратылыс иесі жайында мынандай өлең жолдарын жазар ма еді кім білсін?..

Отқа түскен көбелектей айналып,

Көрдім де оны қалды тілім байланып.

Өлең оқып тұрушы еді жарқылдап,

Шарғы ұстаған ақ алмастай қайралып.

 

Жыр жазбаса қалам алып қолына,

Өлген күн деп есептейтін оны да.

Жүретіндей көрінетін гүл төсеп,

Періштелер оның басқан жолына.

 

Күйкіліктен биік тұрар шоқтығы,

Қайда кеткен лапылдаған от күні.

Қажытты ма, екі жүзді дүние,

Жүрегінен басқа достың жоқтығы.

 

Қалам емес жүрегінен жыр ақты,

Өлең етіп өзі ұқпайтын сұрақты.

Тұңғыш рет түбін танып тірліктің,

Өзін-өзі жылатты һәм жұбатты.

 

Бағындырам деген оймен заңғарды,

Армандаумен атыратын таңдарды.

Өзін-өзі алғаш рет түсініп,

Өзін-өзі алғаш рет аңғарды.

 

Өмір деген түс екен ғой қас-қағым,

Жоруына зәру емес басқаның.

¬ Өзін көрді жас боп тұрған тамғалы,

Жанарынан жасаураған аспанның.

 

Қара жердей күнді жүрген айналып,

Ай сияқты жерге қалған байланып,

Қайта туып келе жатты жұлдыздай,

Қайшылықтан бір жас ақын қайралып.

 

Әсел Назаралы

 

1318 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы