• Руханият
  • 31 Қаңтар, 2021

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – РУХАНИ ТІРІЛУ

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі айналысатын әрі олардың тарихи қаһармандық жолын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында нәтижелі еңбек етіп жатқан Қазақстан аумағындағы бірден-бір ұйым. Алғаш рет 2019 жылдың күзінде Қорғаныс министрлігінің атсалысуы-мен ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің елшілерінің қатысуымен «ATAMNYN AMANATY» қоғамдық бірлестігінің тұсаукесері өткен болатын.

Аталмыш ұйымның көздегені – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалғандарды табу ғана емес, үзіліп қалған ұрпақ аралық сабақтастықты жалғау, қазақылықты, тарихымызды  түгендеу. Қазіргі таңда біздің ұйым зейнеткерлер мен ардагерлерден бөлек, қатарымызға жастарды да белсенді түрде тарту ісіне ден қойды. Жастардың қызығушылығын тудыру мақсатында «ӨЛІ РАЗЫ БОЛМАЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ» тұрақты роликтер топтамасын, «ГЕН - ТЕК» білімдік-танымдық жобасын жарыққа шығару мәселелері алда жоспарда тұр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы – өте орынды. Әрине, 20 жыл бұрын қолға алынса, тіпті ғажап еді. Рухани жаңғыру  – рухани тірілу. Қазақ Екінші дүниежүзілік соғысына Ұлы Отан соғысы деп қарады, өйткені, атамекенін, қазақ топырағын қорғауды көздеді. Рухы мықты бабаларымыз, әлбетте, киеге ие өз топырағыңда жерленгісі келеді. Қазақ дүниетанымы, дәстүрі үшін «ӨЛІ РАЗЫ БОЛМАЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ» деген халық даналығы – терең тақырып. Неліктен?! Үлкен философиялық сұрақ!

Тарих турасында республика деңгейінде үгіт-насихат күшті болуы керек. Әлі де тиісті деңгейде насихатталмаған қазақстандық қаһармандар легі қаншама... PR-менеджердің міндеті – танымал еместі таныту. Біз тарихымызды ұлттық тұрғыдан жүйелі түрде жан-жақты оригиналды, креативті түрде сапалы насихаттай алмай отырмыз. Әлбетте, «Атамның Аманаты» қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан қызметтері турасында халық білуі тиісті. Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі, адами, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, рухымызды көтереді.

Мұнда ешкім мансап, атақ қуып келген жоқ. «Атамның Аманатында» қызмет етіп жүрген мамандар табиғаттарынан руханиятқа жақын адамдар. Соғыста іс-түссіз жоғалып кеткен ата-бабаларын іздеп жатқан ұрпақтары  біздің ұжымға «Сіздер үлкен сауабы мол іс атқарып жатырсыздар» деп шын көңілмен ұдайы ақ баталарын үздіксіз беріп жатады. Жүрегің елжірейді... Алда әлі елдің талай алғысын алу үшін тек сапалы, мазмұнды, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс  жасауды тілек етеміз.

Майданда соғысқан 1,5 миллион қазақстандықтың 270 мыңы хабар-ошарсыз кеткен. Арада 75 жыл өтті. Сол кездегі куәгерлердің көбі бүгінде өмірде жоқ. Яғни, деректердің жойылғанына байланысты із-түзсіз жоғалғандарды табу тым қиын. Соған қарамастан «Atamnyn Amanaty» ұйымы зор табандылық танытып, талай сарбазды табуға еңбек сіңіріп жатыр.

Іздеу шараларын жүзеге асыру үшін веб-сайт, Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалар ашылған еді:

-https://www.facebook.com/groups/atamnyn.amanaty/

-https://www.facebook.com/groups /550248285564769/

-https//www.instagram.com/ata.amanaty/?hl = ru

Осы арқылы іздеу жұмыстарына бей-жай қарамайтын барлық адамдар, Қазақстан және өзге елдерден де іздеушілер мен еріктілер шақырылып, Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге өтініштерді қабылдау жүзеге асырылады. Қазіргі есеп бойынша 3094 өтініш келіп түсті және біздің ұйымның арқасында 692 қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындары анықталды, үш отбасы Венгрия астанасы Будапештке, сондай-ақ Ресейдің Волгоград және Санкт-Петербург қалаларына жерлеу орындарына жол тартты.

«Атамның Аманаты» қоғамдық бірлестігі 2020 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында «Atamnyn Amanaty» бүкілресейлік «Ыстық жүрек» сыйлығының лауреаты атанғаны белгілі. Ол – «Ыстық жүрек-2020» қоғамдық және мемлекеттік бастамасының марапатын алған һәм «Ыстық жүрек» белгісімен марапатталған Қазақстандағы алғашқы ұйым болды.

«ATAMNYN AMANATY» қоғамдық бірлестігімен өзара серіктестік жөніндегі меморандумдарға қол қойған ұйымдар тізімі қатарында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи мұражайы; «Рухани жаңғыру» Қазақстандық әлеуметтік даму институты коммерциялық емес акционерлік қоғамы; «Қазақстан Республикасы Генералдар Кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі; «ҰОС ардагерлерінің, жұмысшыларының және соғыс балаларының кеңесі» қоғамдық қоры; «Әскери барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігі; «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты; «Бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы «Жас Ұлан» республикалық қоғамдық бірлестігі; Еуразия гуманитарлық институты; Отан қорғауда қаза тапқандарды еске алу бойынша Бүкілресейлік қоғамдық қозғалыс «Ресейдің іздеу қозғалысы»; «Жеңіс еріктілері» бүкілресейлік қоғамдық қозғалысы, Мәскеу, Ресей; Воронеж облыстық «Патриот» соғыс ардагерлерінің қоғамдық ұйымы, Воронеж, Ресей; Қазақстан-Ресей достығының қауымдастығы, (Иваново, Ресей); «Украинаның іздеу бөлімшелерінің одағы» бүкіл украиналық қоғамдық ұйым; А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті КЕАҚ бар.

Бүгінде біздер үшін ең маңызды іс – төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміздің, жалпы адамгершілік рухани дүниетанымымыздың өзін тек ескінің жәдігерлері есебінде ғана емес, керісінше, ұдайы тірі құбылыс ретінде сақтап тұратын жас буын тәрбиелеп шығу. Бұл – заман талабы! Оның үстіне қазіргі қарқынды цифрландыру, компьютерлендіру, сан жетпес интернет технологиялар жағдайында өз болмысын жоғалтып алмайтындай орта қалыптастырып үлгеруіміз қажет. Әйтпесе, технологиясы Оңтүстік Корея сықылды дамыған, ал руханияты құлдыраған және азғындаған күйге қоғамның еніп кету қаупі тұр. Содан сақтанбасақ болмайды. Сондықтан да, адамгершілік пен салт-дәстүрді біздің елдің тірегі ретінде түсінетін ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтуымыз қажет. Ол үшін біз ұлттық жүйелердің барлығына баса назар аударуға тиіспіз.  Тәрбие компонентін де білім жүйесіне қосуымыз қажет болып тұр.

Егер сауда орталығынан гөрі ұлттық кітапхананың маңызы артық болса, егер әлемдік тәжірибеден тек жағымды һәм пайдалы үлгілерді ғана қабылдайтын болсақ, егер тарихымызда орын алған айрықша жарқын жетістіктер жайлы көбірек толғанса (қиын күндерді ұмытпай отырып), егер өзімшілдік пен сұрамшақтық психологиядан гөрі ұжымшылдық пен жомарттық философиясына көбірек мән берілсе, сонда ғана біз айтулы отыз елдің қатарына қосылып қана қоймай, расында да ең дамыған, ең сауатты-салауатты елдердің біріне айналмақпыз.

 

Риза ЫСҚАҚ,

«Атамның Аманаты» қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

публицист.

 

1585 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы