• Айтарым бар...
  • 31 Қаңтар, 2021

ТОКИО ТӨЗІМІ

Есей  Жеңісұлы

Әлем кенет өз осінен таймаса, біз бұл жылды аста-төк көңілмен шығарып салып жатар ма едік? Олимпиада жылдары әдетте солай болатын еді. Өкінішке қарай, бүкіләлемдік пандемия бізді Токио додасы және футболдан Еуропа чемпионаты өтетін жылы үйімізге қамап қойды. Әуелі Канада мен Австралия коронавирустың өршуіне байланысты Токио олимпиадасына қатысудан бас тартты да, артынша олимпиаданың өзі де бір жылға ысырылды.
Ендігі сұрақ: 2021 жылы Токио олимпиадасы өте ме?
Осы мәселеге өз әлімізше жауап тауып көрейік. 

Токио олимпиадасы  қалайда өтеді

Коронавирус індеті өршіген кезде, Токио билігі олимпиаданы мүлде өткізбеу мәселесін де қарастырды. Өйткені зор тәуекелге барып, олимпиаданы айтылған мерзімде бастап кетсе, ол үлкен сын болып жарытпас еді. Ең бас-тысы, қатысушылар мен ұйымдастырушылар үлкен қауіпке душар болатын еді. 2020 жылдың соңғы айларында вирус қайта бас көтере бастады. Сондықтан, олимпиаданы бір жылға шегеру дұрыс шешім болды.

Енді не істеу керек? Жапонияның былтыр тағайындалған премьер-министрі Йосихиде Суга үшін Токио додасын өткізу аса принципті мәселе болып тұр. «Оны қалайда жүзеге асырғым келеді» деп мәлімдеді Суга Жапония ақпарат құралдарына. Премьер-министр қауіпсіздіктің барлық шарттарын сақтай отырып, көрнекті олимпиада өткізуді қолдайтынын бірден аңғартты. Токио губернаторы Юрике Койке мен ойындарды ұйымдастыру комитетінің басшысы Йосиро Мори де олимпиаданың күн тәртібінен түспегенін қалайды. Олар адамзаттың қандай ауыр індетке де бірлікпен, ұйымшылдықпен қарсы тұра алатынын осы дода арқылы көрсеткісі келеді. Сондықтан, коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын болуын асыға күтіп жүргендері де рас.

Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) президенті Томас Бах та Токио олимпиадасының өткізілуіне мүдделі. Қазіргі болжам бойынша, вирус мутацияға ұшырап, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде қайта бас көтере бастаса да, 2021 жылдың көктеміне қарай вакцина арқылы дертке қарсы тұру мүмкіндігі молаяды. Адамзат сиыр жылында қалыпты өмірге толық орала қоймауы ықтимал, дегенмен бір жыл бұрынғыдай жаппай локдаун, үй жағдайындағы онлайн жұмыс созыла беруге тиіс емес. Сондықтан, Токио додасын өткізуге ықыласты топ трибунадағы жанкүйерлердің де, жарысқа қатысушы спортшылардың да вакцина ектіретінін, сол арқылы жарыс орындарында қауіпсіздік толық қамтамасыз етілетінін де алға тартып отыр.

Экономикалық тұрғыдан да Токио олимпиадасын өткізудің маңызы зор. Төртжылдық додасы өз мезгілінде, яғни 2020 жылдың шілдесінде басталып кетсе, оның құны 13,5 млрд доллар болар еді. Бір жылға шегерілгендіктен және коронавирусқа қарсы профилактика шараларына да шығын кететіндіктен, енді бұл сын құны 15,5 млрд доллардан асып жығылатын секілді.

Жақында ұйымдастыру комитеті жаңа болжам жариялады. 2021 жылдың тамыз-шілде айларына жоспарланып отырған олимпиада мен паралимпиаданы жылжыту шығыны 2,8 млрд долларға жуықтаған. Ал коронавирусқа қарсы профилактикалық шараларға тағы 929 млн доллар қарастырылып отыр. Негізгі шығынды «Токио-2020» ұйымдастыру комитеті мойнына алады. Токио билігі мен Жапония үкіметі шығынның тең жартысын көтереді.

Бәрін айт та, бірін айт, «адамзаттың вирусты жеңгенін паш еткіміз келеді» деген ұран мың жерден айтылса да, ең алдымен, ұйымдастырушылар табысты ойлап отырғанын ұмытпауымыз керек. Әлемнен жанкүйер аз барған күннің өзінде, жарнамадан, басқа да ұйымдастыру шараларынан орасан зор пайда түспек. Оның үстіне, Жапония – болып-толып отырған ел. Оның өз халқы-ақ барлық қауіпсіздік шараларын толық сақтап, тәртіпке бір кісідей бағынып, трибуналарды бос қалдырмайды. Олимпиадаға жұмсаған 16 млрд долларға жуық қаржы ертең елге бірнеше есе табыс болып оралатыны күмәнсіз. Пандемия кезінде ісі кері кетіп, жұрт көзінен жырақтап қалған талай ірі компания Токио додасында өзінің бар екенін, әлеуеті зор екенін танытуға жанын салады. Мұның бәрі, әрине, ұйымдастырушыларға зор пайда.

Ең бастысы, Жапония үкіметі биылғы Австралия мен Канада сияқты «жер астынан жік шығып кетпеуін» қатты қадағаламақ. Қауіпсіздік мәселесін алға тартып, «олимпиадаң бар болсын» деуге бейім елдің бәрінің көңілін тауып, тіпті күтпеген кеңшілік жасап, шығынын да көтеріп, «жайылып жастық, иіліп төсек» болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Қалай дегенде де, қанша жерден вирус тежесе де, есеп-қисапқа мықты Токио 2008 жылғы Бейжің, 2014 жылғы Сочи сияқты 60 млрд доллар жұмсап шашылмайды. «Сабақты инені сәтімен» шаншуға ұмтылатыны және дәл солай істей алатыны еш күмән тудырмайды.

Біздің тілеуіміз де сол: олимпиада өтуге тиіс. Мына мүдделер шарпысқан қатал әлемде спорт адамзаттың басты бәсекесі майдан даласында емес, ареналарда екенін дәлелдеуі керек.

Қазақстан қалай  өнер көрсетеді?

 

Токио олимпиадасында спорттың 33 түрінен 339 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. ХОК-қа мүше 206 елдің бәрінен өкіл келеді деп жоспарланып отыр. Қатысушылар саны 12 мыңға жуықтайды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жазғы олимпиадаларға 1996 жылдан бері қатысып келеді. 2016 жылғы Рио олимпиадасына еліміздің атынан 104 спортшы қатысып, 17 спорт түрі бойынша додаға араласты. 3 алтын, 5 күміс, 10 қола жүлдемен отандастарымыз жалпыкомандалық 22 орынға табан тіреді.

Ендігі меже – осы көрсеткіштен төмендемеу. Бүгінге дейін отандастарымыз 12 спорт түрінен 36 жолдама иеленіп отыр. Іріктеу жарыстары пандемияға байланысты кейінге қалдырылғандықтан, жолдама саны әлі де өсе түсетіні күмәнсіз. Қазір бокстан ерлер құрамасының ғана жолдама саны толық. Дегенмен, Рио олимпиадасымен салыстырғанда, ерлер арасында жолдама саны екіге қысқарды: 49 және 60 келі салмақ дәрежелері олимпиялық санаттан алынды. Оның есесіне, әйелдер лицензиясына тағы 3 салмақ дәрежесі қосылды. Токио додасы гендерлік тепе-теңдікті насихаттайтындықтан да, бұл бастамаға ештеңе алып-қоса алмаймыз. Оның үстіне, біздің боксшы қыздардың қарқыны жаман емес. Әзірше Надежда Рябецтің (75 келі) ғана жолдамасы бар. Бұл қатарға тағы бірнеше боксшы сұлуымыз қосылатыны күмән тудырмайды. Айта кетейік, Токио сынына қатысушылардың 49 пайызы әйелдер болмақ.

Боксшы жігіттер жолдаманы ертерек иеленсе де, олимпиадаға дайындық мәселесінде біраз қиындықпен бетпе-бет келді. Бүкіләлемдік карантин салдарынан жоспарланған оқу-жаттығу жиындары да, халықаралық жарыстар да бірінен кейін бірі шегерілді. Осының салдарынан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқойлар шаршы алаңына тәуекел етуге мәжбүр болды. Екеуінің да аяқ алысы жаман емес. Қамшыбек тіпті екі қарсыласын еркін жеңді.

Балуандар еншісінде әзірше 8 жолдама бар. Бірақ күрес түрлерінен берілетін лицензия-лар нақты балуанға тиесілі болмағандықтан да, сегіз үміткердің (Нұрислам Санаев, Әлішер Ерғали, Данияр Қайсанов, Дәулет Ниязбеков, Мейрамбек Айнағұлов, Асқат Ділмұхамедов, Валентина Исламова, Эльмира Сыздықова) қатарында өзгеріс болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Соңғы ел чемпионатында еркін күрестен 74 келі салмақ дәрежесінде Нұрқожа Қайпанов жеңімпаз атанды. Бұл салмақта олимпиада жолдамасына Д.Қайсанов ие. Демек, қос мықтының қайсысының бағы жанып, Токиоға бет түзейтінін алдағы уақытта білеміз. Сондай-ақ грек-рим күресінен 77 келіде де олимпиада жолдамасы кімге бұйыратыны соңғы сындарда шешілетін сияқты. Жолдаманы А.Ділмұхамедов иеленді, бірақ ол биылғы ел чемпионатының финалында Демеу Жадыраевқа жол берді. Әрине, бір салмақ дәрежесінде аса жоғары деңгейлі бірнеше балуанның болғаны жақсы-ақ. Дегенмен, кандидаттарды ерте бастан анықтап, олимпиадаға тікелей дайындаудың да маңызы зор екені сөзсіз.

Жақында Біріккен күрес әлемі (БКӘ) 2021 жылдың сәуір айында олимпиаданың қосымша іріктеу турнирі Алматыда өтетінін жария етті. Бұл біз үшін аса жағымды жаңалық. Балуандарымыз лицензия санын барынша молайтуға мүмкіндік алады.

Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзу бағдарламасы бойынша жолдама алып үлгерді. Дегенмен соңғы жылдары оның қарсыластарының нәтижесі күрт жақсарғанын жоққа шығармауымыз керек. Антон Чупков (Ресей), Иппеи Ватанабе (Жапония), Мэтью Уилсон (Австралия), Жош Прено (АҚШ), Ян Зибей (Қытай) сияқты қарсыластар қазір көшбасшылар қатарында. Баландин соңғы жылдары дайындығын жаңаша ұйымдастырып, АҚШ-та да жаттығып жүр.

Садақ атудан ерлер құрамасының, спорттық гимнаст Милад Кәримидің, каратэші Дарқан Асаділовтің, мерген Сәрсенкүл Рысбекованың, ашық суда жүзуші Виталия Худяковтың, спорттық құзға өрмелеуші Ришат Хайбуллиннің, жеңіл атлет Айман Ратованың жолдамалары жан жылытады. Бұл спортшылар олимпиада дуына тұңғыш рет түспек.

Ауыр атлеттер мәселесі әлі де қиындау. Тамаш Аян Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басшылығынан шеттетілсе де, бұл спорт түріндегі допинг дауы әлі басылмай тұр. Соңғы бірнеше жыл ішінде қазақстандық ауыр атлеттер допингтен толық бас тартты десек, тым артықтау болар еді. Әлемде де құрамы қиын қоспа ішіп, тұтылып жатқан басқа да ауыр атлеттер аз емес. Сондықтан, ХОК 2024 жылғы Париж олимпиадасының бағдарламасынан зілтеміршілер сынын алып тастау ықтималдығын арттырып келеді. Спортшылары соңғы бірнеше жыл бойы допинг дауына іліккен федерацияларға Токио олимпиадасына небары екі жолдамаға ғана беріледі. Соның ішінде Қазақстан да бар. Қазіргі іріктеу жүйесі бойынша ерлер арасында – Игорь Сонның, әйелдер арасында Зүлфия Чиншанлоның төртжылдық сынына жолдама алу мүмкіндігі көбірек. Олар Токио төрінде өнер көрсетсе де, жүлдеге міндетті түрде қол созады деуге және болмайды. Рио олимпиадасының қаһармандары Нижат Рахимов пен Жазира Жапарқұл енді бізді үлкен жеңіспен қуанта алмайтын сияқты. Жазира Риодан кейін бел жарақатын емдеумен болды, тіпті оны үлкен спорттан толық қол үзді деген де дұрыс. Ал Рахимовтың көрсеткіші содан бері тек төмендеумен болды. 2016 жылғы олимпиада оның спорттағы ғұмырының ең жарқын кезеңі болып қалатын сияқты.

Дзюдошылар іріктеуі әлі аяқталған жоқ. Су добынан ерлер құрамасы қосымша іріктеуге қатысып барып қана олимпиадаға жол аша алады. Қысқаша айтқанда, 2021 жылдың маусым айына дейін әлі лицензия санаумен болатын сияқтымыз.

Қартаймайтын ардагер Ольга Рыпакова толық фаворит саналмаса да, қатарынан төртінші олимпиадада жүлде алу мүмкіндігі зор. Ол Бейжіңде – күміс, Лондонда – алтын, Риода қола жүлде иеленген еді. Төртінші рет қоржынымызды толықтырса, ол өзіндік қазақстандық рекорд жасайды.

1996 жылғы Атланта олимпиадасынан бері біздің еліміз үшін қалыптасқан екі игі дәстүр бар. Біріншісі – боксшыларымыз ешбір олимпиададан алтын жүлдесіз қайтып көрген жоқ. Жиров, Саттарханов, Ыбырайымов, Артаев, Сәрсекбаев, Сәпиев және Елеусіновтің жеңіс жолын Токиода кім жалғастыра алады? Жігіттердің бәрі жұлқынып тұр. Алла сәтін салсын дейік.

Екінші дәстүр – әр олимпиадада күтпеген, бас жүлдеден үміткер саналмаған спортшымыздың бірі алтын жүлде иеленеді. 1996 жылы – Александр Парыгин, 2000 жылы – Бекзат Саттарханов, 2004 жылы – Бақтияр Артаев, 2008 жылы – Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы – Александр Винокуров, 2016 жылы Дмитрий Баландин айбынымызды асқақтатты, туымызды желбіретті. Ендігі жұмбақ жүйрік кім? Асыға күтеміз.

2252 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы