• Әдебиет әлемі
  • 31 Желтоқсан, 2020

Жазсам деп ем өзіңе арнап жүз өлең...

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов атындағы ауылда 1966 жылы туған. Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Қазір республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы

Естен кетпес мектептегі кездерім...

 

Ең бақытты күндеріме куә болған көктемдер,

Жаздар, күздер, аппақ қыстар, балалығым

өткен жер.

Әріп танып, білім алған қымбат маған мектебім,

Сол мектепті еске ала ма, Алматыға кеткендер?

 

Біздің мектеп талға оранған жасыл еді желегі,

Көз алдыма жұмақтайын елес болып келеді.

Аман ба екен, бізді оқытқан апайлар

мен ағайлар,

Естен кетпес еркелетіп, айналайын дегені.

 

Мектептегі кездерімді әнге қосып ең керім,

Сағыныштан тоқтала алмай ақ жауын

боп селдедім,

Жалағаштан алып келген шымқай қызыл

 дәптерге,

Естен кетпес өлең жазып қалқатайға бергенім.

Мақпалкөлден шабақ ілген шағаланың

аппағы-ай,

Шіркін көңіл шағаладай бір сәт тыным

таппады-ай!

Алма өсірген жақсы ағайдың

алмадайын қызына,

Есім кетіп ғашық болған ең ғажайып

шақтар-ай!

 

Шынарым

 

Шынарым,

Жайыңды ұғамын, ұғамын.

Сенбедім сөзіне өзгенің,

Жалғыз-ақ жұлдыздан сұрадым.

 

Шынарым,

Бәріне, бәріне шыдадым.

Жүректе сәбидей сыр жатыр,

Ішімнен тек қана тынамын.

Шынарым,

Ағытып сезімнің бұлағын,

Жүректі қытықтар тәп-тәтті,

Мен саған жыр арнап тұрамын.

 

Шынарым,

Бойымда шапқылап бір ағын.

Бақытты жүзіңді көріп қап,

Кеше мен шаттықтан жыладым.

 

Шынарым,

Сезімнің сөнбейтін шырағын,

Жүректің төріне қондырып,

Сені іздеп сапарға шығамын.

 

 

Сегізінші сынып...

 

Толқып, тасып өзіңнен хат алғанда,

Сыймай кеттім алдамшы бұл жалғанға.

Он төрттегі бүлдіршін қыз емес пе ең,

Махаббатым жаңа бүршік жарғанда.

 

Балалық па, қиялыма сенгенім,

Өлең жазып қызыл дәптер бергенім?

Қызыл дәптер – жүрегімнің лүпілі,

Жүрегімді ұға алдың ба сен менің?!

 

Тыңдамайтын кез ғой сезім ақылды,

Жаздым ба екен, сірә, бір сөз татымды.

Махаббатқа бір ескерткіш қоярмын,

Жырға қосып сенің ғазиз атыңды.

 

Жырлай-жырлай жүректегі жайымды,

Бар қазаққа шайыр атым жайылды.

Айтшы тағы, ынтық қылып өзіңе,

Ақын еттің арман қуған қай ұлды?

 

Тарау-тарау жолға түсіп кеткен ек,

Тағы да өлең жаздым саған төкпелеп.

Сан соқпаққа салып бізді жіберген,

Бұл тағдырға не қыламын өкпелеп.

 

Тілеймін мен шын жүректен саған бақ,

Ғашық күйі шашым бір күн ағармақ.

Әлі күнге әлдекімді іздеймін,

Сегізінші сынып десе алаңдап.

 

 

Ширек ғасырдан соң...

 

...Сол түнді ұмыта алмаймын,

Жырлаудан және де талмаймын.

Тамсанта береді бейуақта,

Таңдайда қап қойған балдай мұң.

 

Май тоңбас түні еді мамырдың,

Сол түнді сонша мен сағындым...

Куә боп Ай тұрды аспанда,

Сен тұрдың – жартысы жанымның!

 

Сүйкімді сенің сол көздерің...

Қарадым... сол көзден не іздедім?

Суыған жоқ әлі сол сезім,

Сағыныш сонау бір кездерім.

 

Жүрегім тулайды бағынбай,

Сол бір түн түн емес, сағымдай.

«Сені әлі сүйем, – деп тіл қаттым, –

баяғы бозбала шағымдай».

 

Сен үнсіз көзіме қарадың,

Шын ба деп жәудіреп жанарың.

Арада сан жылдар өтсе де,

Өзіңе ғашық сол баламын.

 

Аспаннан толған Ай қарады,

Мамырдың желпіді самалы.

Танып сен тұрдың ба, баяғы

Өзіңе ғашық сол баланы.

 

Сан жылдар өтсе де желдірген,

Баяғы сезімге сендім мен.

Тек үнсіз тұрдым да тіл қатпай,

Сүйдім кеп ып-ыстық ерніңнен.

 

От демің өрт болып шарпыды,

Жылытып жаураған жартыны.

Тіліңнен тәп-тәтті таттым бал,

Бір жұпар кеудеңнен аңқыды.

 

Сол сәтті санамнан өшірмен,

Сүйдім кеп жұп-жұмыр төсіңнен.

Анарың аймалап тұрдым да,

Есімнен таныппын сосын мен.

 

Тәп-тәтті бал қылдық сол түнді,

Жанарда ып-ыстық көл тұнды.

Сөндіре алмадым сезімді,

Өшіре алмадың өртіңді.

 

Сол түні сағынып табыстық,

Жүректе тулады қан ыстық.

Табыстық алысты жақын қып,

Тарастық жақынды алыс қып.

Өмір

 

Тозаққа тап болып тағы да,

ауыр бір азапқа батырған,

жатқанда,

жаз болып жаныма

дауысың естілді жақыннан.

 

Өзің кеп қалардай елеңдеп,

Жүрегім бұлқынып соқты енді.

Құдайды айтушы ед шебер деп,

Мұздаған кеудеме от келді.

 

Темірдей тозбайтын төзімді ем,

кетілдім қалайша?

Қайранмын.

Айналдым тәп-тәтті сөзіңнен,

Тәп-тәтті өзіңнен айналдым!

 

 

Бүгін сенің

туған күнің тағы да...

 

Бірінші өлең

 

Бөлек еді, бөлек еді болмысың,

Бөлек болған болмысыңа болды сын.

Сенің жаның сыршыл құстың сазы еді,

Ғарыш жаққа ұшып кетті сол құсың.

 

Ұшып кетті, ұшып кетті ғарышқа,

Ғарыш деген адамға тым алыс па?

Бұлдырық боп бір күндері қонарсың,

Мақпалкөлге өскен қалың қамысқа...

 

Мақпалкөлдің жағалауы жал қамыс,

Жал қамысқа желмен бірге самғап ұш.

Жүрегімнен жалғыз тамшы тамызып,

Жазған жырым жалғаныма алданыш.

 

Жазған жырым жалғаныма жұбаныш,

Жалған деген жойқын дария, ұлы ағыс.

Құс қайтқанда сен де аттандың сапарға,

Бұл сапарың тым ызғарлы, тым алыс.

 

Тәңір деген мейірімді, кең білем.

Басымды иіп, көңілімді сендірем.

Бұлдырық боп бір күн ұшып келер деп,

Мақпалкөлге бара берем енді мен.

 

...Өлең жаздым өтіріктен мән құрап,

Ондай мәнге иланбайды мәңгі жақ.

Өлең деген өлмегенге алданыш,

Өлең деген өлгендерге сандырақ.

 

Екінші өлең

 

Жыл дегенің жылжып кетіп барады,

Біртін-біртін алыстатып араны.

Бүгін сенің туған күнің тағы да,

Не дей алам, мұң басады сананы.

 

Нөміріңді өшіргем жоқ, бар әлі,

Сағыныш боп сезімді еске салады.

Өзіңді іздеп таба алмаймын енді мен,

Тапса жалғыз қиял ғана табады.

 

Жан сырым ғой сағыныштан сарғайған,

Қобыз болып күңіренсем шалғайдан,

Менің емес, Хақтың ісі қалайда,

Қиял қуып жазсам өлең әр қайдан.

 

Мына өмірге келген күн мен кеткен күн,

Екі арасын сұлу етіп өткердің.

Көктем сайын жыл құсы боп оралып,

Көктем сайын жалбыз болып көктерсің.

 

Деп өзімді жұбатамын, алдаймын,

Түсінбеймін, осы өзі мен қандаймын?

Бекер ме екен бұлдырық боп келмегің,

Мақпалкөлге енді қайтып бармаймын.

 

Кеткен күнің көкіректе болып мұң,

Орындалмас ойға тағы жолықтым.

Есіміңді жүрегіме қондырып,

Бақиға алып кетеді екем, соны ұқтым.

 

Үшінші өлең

 

Телефоның сөндірулі...

Терген ем...

Үн қатпадың, айналайын, сен неден?

Терезеңде бүгін тағы жарық жоқ,

Сияқтысың сапарыңнан келмеген...

 

Өйткені, сен... өйткені, сен...

айта алман,

Сол ғой мені үнсіз кері қайтарған.

Кеше ғана көктем едің көгерген...

Кеше ғана жаз едің ғой жайқалған...

 

Кеше ғана... кеше ғана...

Жалған-ай...

Жарық еді, жайдары еді бар маңай...

Жылуынан айырылған жалғанның,

Атан тарта алмайтұғын салмағы-ай!

 

«Мынау сенің сүйегіңді көмген жер»,

Солай дейді, солай дейді көргендер.

Сенің тәнің жусан болып желкілдеп,

Тіршілікке көзін тігіп телмеңдер.

 

Пәни менен жалғап бақи арасын,

Мәңгілікке үнсіз самғап барасың.

Біз көрмеген періштелер бар дейді,

Жолығатын оған да өзің ғанасың!

 

Қыр басында қала бердің оянбай,

Қыр басында ұли бердім қоя алмай.

Жазсам деп ем өзіңе арнап жүз өлең,

Жүз өлеңді жаздырмаған, ой, Алла-ай!

 

Бүгін сенің туған күнің... сен бүгін

қуанар ең, ызбандасам кемді күн.

Мақпалкөлді айтар едік сағынып,

Мақпалкөлді мекендейді енді мұң.

 

«Сенің жаның аппақ еді-ау қардайын...»

Тасқа қашап тағы бір жыр арнайын...

Елесіңді енді өлместей тірілтіп,

Өлеңіммен өміріңді жалғайын...

 

Гүл егіп кеттің…

 

Жоқсың сен қазір, жоқсың ғой,

жалғанда мына,

Терезе алдын толтырып гүл егіп кеттің.

Әрқашан ұшқын тастар ең армандарыма,

Өзіңсіз өскен гүл көріп түнеріп кеттім.

 

Жүруші ең жайнап қашан да қабағың

 күліп,

Гүлдерің жайнап бой жетті, мұң сыйлап

 маған.

Жәудірей қалған гүлдерге жанарын тігіп,

Бір ақын отыр түнімен жыр шимақтаған.

 

Ойлап па ем, кенет өмірің тамамдалады,

Кеттің-ау, кеттің енді бір тумайтын

шынар.

Гүліңді көріп ащы жас тарамдалады,

Ащы жас тамып, гүлдерің қурайтын

 шығар?

 

Мұң

Мойнын кенет бұрды кеп,

Гүл егуге Нұрлыбек.

Жазғандарын оқыса,

Басын алмай жүрді көп.

                          Шәмшия Жұбатова

 

Бұл өмірден кейде шаршап, шалдығып,

Қалған кезде орта жолда қаңғырып,

Гүл егемін тереземнің алдына,

Су құямын шөліркесе қандырып.

 

Мұңымды айтам сосын барып гүлдерге,

Не таптым деп мына өмірді сүргенде.

Аяғымды аттап бассам тұсау көп,

Армандарға жетемін деп жүргенде.

 

Гүлдеріме солай мұңым шағамын,

Құрсауында қалып қойып қаланың,

Апы кіріп, күпі шығып базар тұр,

Аш қасқырдай ашып тастап аранын.

 

Ақыл кірді, баяғыдай жоқ сезім,

Сағымдарға кетті кіріп от кезім,

Ойдағымды гүлден басқа кім ұғар,

Айта алмаймын, шаға алмаймын

көпке мұң.

 

Бұл пендеге әу бастан-ақ келте бақ,

Мынау жүріс жүріс емес, селтең-ақ,

Арманды да, ақшаны да тастай сап,

Көшіп кетем бақи жаққа ертең-ақ.

 

Деймін-дағы жауап күтем гүлдерден,

Гүл шіркіндер соқыр, мылқау түрге

енген.

Гүл дегенім жәй сылтау ғой, әйтпесе

сұрағыма жауап жоғын білгем мен.

 

Гүлге айтқаным өзіме айтқан сыңайым,

Әрине гүл бермес маған шырайын.

Өзіме айтам, өзіме айтам өлең қып,

Көңілімнің батпағы мен ылайын.

989 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы