• Cұхбаттар
  • 30 Желтоқсан, 2020

Қанағат Мұстафин: Қажымұқан өзінен де мықты қазақ шықса екен деп армандаған

«16 қыз», «Рывок», «Той любой ценой» фильмдерінің, «Қара шаңырақ», «Айналайын» сериалдарының режиссері Қанағат Мұстафин аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасов туралы өмірбаяндық көркем фильм түсіруге кірісіп кеткен. Ол атақты тұлғаны зерттеуге он жылын сарп етіпті. Балуанның образын жан-жақты ашу үшін Қажымұқан туралы еңбектерді оқып, үлкен дайындықпен келген режиссер Қанағат Мұстафинмен әңгімеміз кино саласының төңірегінде өрбіді.

– Кинода ең басты басымдық сценарийге түседі. Фильмнің көрілімді болуы да сценарийге байланысты. Сіздің фильмдеріңіздің сценарийін көбінесе кім жазады?

– Кинода ең бастысы – сценарий. Егер ол дұрыс болмаса, ешқандай режиссер де, актерлер де көмектесе алмайды. Сценарийіміздің дұрыс екеніне өзіміз толыққанды сенімді болған кезде түсірілімді бастаймыз. Былайша айтқанда, киносценарий әр режиссердің ойында түсіріліп біткен кино сияқты болып тұрады. Себебі оның не туралы екенін, кімдер ойнайтынын білесің және қандай кино болып шығатынын алдын -ала көресің. Демек, сценарий әлсіз, идея нашар болса, арнайы компьютерлік фантастикалық эффектілер жасасаң да дым пайдасы болмайды.

Мысалы, «Қажымұқан» атты картинамды дайындап жүргеніме 10 жыл болды. Биыл түсірілімін бастадық. 5-6 жыл бұрын фантаст-жазушы Жанат Қасабековтің шығармашылығымен таныстым. Оның Мәскеуде «Аркадий Степной» деген бүркеншік атпен үш томдық кітабы жарық көрген. Соларды оқыған соң хабарласып, сценарий жазуға ұсыныс жасадым. Сөйтіп, әу баста «16 қыз» фильміне қолұшын берді. Одан кейінгі екі жылда «Қажымұқан» фильмінің сценарийін дайындауға бір кісідей атсалысты.

– Білуімше, фильмдеріңіздің көбі комедия жанрында екен. «16 қыз», «Той любой ценой», т.б. Біздің режиссерлер неге комедия түсіруге әуес? Сосын ауылды әжуа ету, қазақ тілін мақұрым ету неге көбейіп кетті? Сіз бұл жағына қаншалықты мән бересіз?

– Негізі өзім әр түрлі жанрда түсіремін. Алғашқы тырнақалды туындым «Рывок» деп аталды. Бұл – спорттық драма. Ал «16 қыздың» жанры – романтикалық комедия. Бұдан басқа көптеген сериал түсірдік. Сондықтан, менің түсіретін жанрым – комедия ғана емес. Қазіргі кіріскен үлкен жоба Қажымұқан атамызға арналады. Бұл аңыз адамның өмірі туралы биографиялық драма.

Өз басым ешқашан қазақ ауылын, қазақ тілін мазақ еткен емеспін.  Етпеймін де. Керісінше, «16 қыз» фильміндегі бас кейіпкер Бауыржан ауылдан шыққан ағылшын тілінің мұғалімі. Сол мұғалімнің образы арқылы ауылды әдемі етіп көрсетуге тырыстық. Әр фильмімде солай. Ауылды әжуаға келтіріп, арзан дүние жасап, аудитория жинау деген ой әу баста болған емес. Қазір ауыл тұрғындары арасынан білімді, зиялы жастар шығып жатыр. Иә, рас арзанқол дүние көп. Себебі, комедия түсіруге қаражат аз бөлінеді. Бір тақырыппен 5-6 локацияны айналдырып түсіре береді.

Әр кинода салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеуді мақсат етемін. «16 қыз» фильмінде бел-құда салтына көңіл бөліп, соны жаңғыртуды көздедім. Негізінен көрермендер 14-25 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар болған соң, солардың санасына сіңіре беру керек деп ойлаймын. Өйткені, қазір көбі дәстүрлермізді біле бермейді. Олар фильмді көріп шыққан соң, қызығушылық танытып «Бел-құда деген кім?» деп өзінше ізденсе, менің миссиям орындалғаны деп санаймын. Бұл – бір ғана тармағы. Егер мүмкіндік болса, үнемі сценарийге енгізіп отыруға тырысамын. Мүмкіндік болса, салт-дәстүрлерімізді осылайша әдемі қылып, кәсіби түрде көрсете беру керек.

– Соңғы кезде елімізде түсірілген фильмдердің тілі неге шұбарланып кетті? Онсыз көрерменге өтпейді деп ойлай ма? Голливуд кино түсірсе, тек ағылшын тілінде түсіреді. Біз неге быламық қылып жібереміз? Яғни, таза қазақша түсіріп, артынан орысшаға аударуға болмай ма?

 – Тіл туралы айтсақ, «16 қыз» фильмі таза қазақ тілінде түсірілді. Біз «Қазақфильм» прокаты бойынша рекорд жасап, орта бюджеттік картиналарды басып оздық. 100 млн-нан астам теңге прокатта  жинадық. «16 қыз» фильмінің шыққанына бес жыл өтсе де, телеарналар әлі сатып алып жатыр. Одан бөлек «Ең сұлу» картинасы да таза қазақ тілінде. «Той любой ценой», «Рывок» фильмі коммерциялық болғандықтан орыс тілінде түсірілді. Өз басым қазақ тілі мен орыс тілін араластырып, шала дүние жасауға қарсымын. Бұл тенденцияны жою үшін орыс тілін 100 пайыз жою керек! Басқа ешқандай амал жоқ. Себебі, Астана, Алматы, Қостанай, Павлодар өңіріндегі тұрғындар көбінде екі тілде сөйлейді. Таза қазақ тілді отбасының өзі орыс тілін араластырады. Неге?

Мысалы, «Қажымұқан» фильмінің түпнұсқасы таза қазақша түсіріліп жатыр. Орысша нұсқасы да болады. Бірақ премьераның бірінші күні қазақша нұсқасын көрсетеміз. Содан кейін ғана орысша. Өйткені, бұйырса бұл халықаралық жоба болады. Оның прокатын Түркия, Якутия, Қазан, Ташкент, Минскі, Қырғызстан, Түркіменстан сынды бірқатар түркітілдес және бауырлас мемлекеттер алуға ұсыныс жасады.

– «Қажымұқан» фильміне кеңірек тоқталсаңыз. Атақты балуан туралы фильм түсіру идеясы қайдан келді?

– Бірде көлікте келе жатқанда радиодан Қажымұқанның 140 жылдық мерейтойы екенін естідім. Әкем – Құрманғазы Қараманұлы жазушы. Келе салып, атақты балуан туралы жазылған еңбектерді тауып беруін өтіндім. Әкем екі кітап тауып берді. Соны оқып шықтым. Шын мәнінде, бұған дейін тек мектептік білім ғана бар екен. Осы шығармалар арқылы оның өмір жолы ауыр болғанын білдім. Сонау заманда Түркия, Франция, Ташкенттен ұсыныс түсіп, сол елде қалуын өтінгенде Қажымұқан байлыққа қызықпай, өз елінің нағыз патриоты болған. Содан оқыған-түйгенімді, идеямды қағазға түсіре бастадым. Бір нұсқасын жазамын, бір жылдан кейін оқысам, ұнамай қалады. Осылайша, 5-6 нұсқасын жасап көрдім. Сөйтіп, алтыншы нұсқасына келгенде Жанат Қасабековті қостым. Соңғы нұсқаны былтыр желтоқсан айында тәмамдадық.

– Ал демеушіні өзіңіз таптыңыз ба, әлде... 

– «Қажымұқан» картинасын түсіру үшін он жылдай қаражат іздедім. Қайда барып, қай есікті қақпадым десеңізші?! Бұл үлкен туынды. Оған көлемді қаражат керек. Өйткені, 1930 жылғы киімдер қажет, Шапито циркін, ескі Еуропаны, Парижді графикамен жасауымыз керек. Ол Парижге барып түсіргеннен арзанырақ болады. Сол үшін жасыл фонға түсіреміз. Оған үлкен павильон қажет.

Бірде елордада бір шенеунік шақырып, идеямды сұрады. Содан «Қажымұқан туралы фильм түсіргім келеді. Бүкіл өмірбаянын көрсетсем деген ойым бар» дедім. «Қанша қаражат керек?!» деп сұрады. Шамамен кететін соманы айттым. «Жақсы, достарыммен бір-екі рет Еуропаға бармай-ақ ақшаны саған жинап береміз. Өзара келісіміңді жасай бер» деді. Екі-үш күннен кейін көмекшісі хабарласып, шақырды, қуанғанымнан асығып ұшып бардым. Есіктен кіріп, амандасайын деп қолымды соза берсем, «Қажымұқанның руы кім?» деп сұрады әлгі шенеунік. «Оның руы – қыпшақ. Бұл жерде рудың не қатысы бар?» деп едім, «Жо-жоқ, Қыпшақ болса керек емес» деді іле-шала.

Жағдайдың қалай өрбіп бара жатқанын түсіне қойдым. «Шын мәнінде, трайбализмнің не қатысы бар? Ол – менің ата-бабам не туысым емес. Маған ешқандай жақындығы жоқ. Қажымұқан – қазаққа ортақ тұлға, аңыз адам» дедім. Міне, сол шенеунік руы өзінікімен сәйкес болмағанға бола шығарып салды. Бірақ бір амалы табылар деп жүргенде, «Кино» қоры ашылды. Комиссия алдына аса ыждақаттылықпен дайындалып келдім. Комиссияда отырған бір қазы «Қажекең туралы «Знай наших» деген фильм болды ғой, тағы түсіріп не керек» деді. «Бұл фильм Кеңестер Одағы кезінде түсірілген. Ол кезде идеология басқа болды. Қазақтарды алдыңғы қатарға шығармайтын. Қажымұқан үнемі тасада қалған. Ең бастысы, онда Қажымұқанның екі жылдық өмірі ғана сипатталады. Ал біз туғаннан өмірінің соңына дейінгі маңызды оқиғаларды құрастырып, көркем фильм түсіреміз» дедім сценарийімді қорғап. Көрерменге тартымды болсын деп арасында өзіміздің ойдан қосқан сахналарымызды қостық. Онсыз болмайды ғой. Кинотеатрға келетіндердің 80 пайызы жасөспірімдер болғандықтан, соларға түсінікті тілде түсірдік. Арнайы эффектілер бар. 360 градуста «буллет тайм» түсірілетін жерлері көп. Біз бұл эффектіні дайындауға үш аптадай дайындалдық.

– «Қажымұқан» көркем фильмі қай жерлерде түсіріліп жатыр? Басты рөлді кім ойнайды?

– Осыдан 7-8 жыл бұрын Маркс Кизикенов ағамен кездестім. Ол бүкіл ғұмырын Қажымұқанды тануға, зерттеуге арнаған. Сосын Қажымұқанның немересі Бақытжан Мұңайтпасовпен сценарий жөнінде ақылдастым. Балуан туралы кітаптарда әртүрлі айтады. Аңыз адам ғой. Бір оқиғаның үш түрлі нұсқасы бар. Оны жақсылап зерттедім. Туған жері Темірландағы музейге барып, таққан медальдарын, өзі майыстырған темірлерін көрдім. Азды-көпті тарихты, балуанды білетін жергілікті қариялармен сөйлестім. Түпнұсқа медальдарының дубликатын Алматыда жасаттық. Осылайша, алдын-ала дайындық жұмыстарын толық жүргізіп қойдым. Киноны түсіру барысында жеңілдеу болды. Қазір Қазақстанда түсірілетін эпизодтар бітті. 56 күннің ішінде Қапалда түсірдік, Қаройда жиырма-отыз киіз үй тігіп, туып өскен жерін түсірдік. Алматыдағы Атакентте павильон жасап, цирк Шапитодағы өнерін, Еуропадағы күресін түсірдік. Енді Минскіде түсірілім бар. Қажымұқанның Еуропадағы сайыстар алдында қыдыратын сахнасы қалды. Соны дайындап жатырмыз. Мына коронавирус індеті бүкіл жоспарымызды бұзды. Себебі, бұл болмағанда баяғыда түсіріп тастап, монтаждауымыз керек еді. Маусым айында тап-тұйнақтай дайын болуы тиіс-тін. Ел шекарасына індеттен кейін карантин басталып кетіп, үш айға онлайнға кеттік. Онлайн деген кинотүсірушілерге келмейтін нәрсе. Костюмер, киім таңдауда сапасына қарау керек. Бәрі ойдағыдай болмады. Ал карантин алынғаннан бастап жұмысқа белсенді  түрде кірістік. Былтырғы тамыз айынан бастап 8 ай дайындық болды. Түсірілім әлі жалғасып жатыр.

Көркем фильмнің басты идеясы неден туды? Есік алдындағы аулада ойнап жүрген балалардан «Мен – Терминатормын», «Мен – Спайдерменмін» дегенді көп естимін. Сол балалар «Қажымұқан атамыздай болсам!» деп, аңыз тұлғаға еліктеп өссе деген арманым болды. Себебі, Қажымұқан әлемді өзінің күшімен бағындырған қазақ батыры.

– Жалпы, өмірде де, аңызда да Қажымұқан Мұңайтпасовты жеңген адам болмаған ба?

– Кезінде біреу Қажекеңнен «Сізді жеңген мықты қазақ бар ма?» деп сұрапты. Ол «Иә, бар. Тау жақта тұратын ұры жігіт бар. Ол тамақ, керек-жарағын төменге түсіп тауып, қайта тауға көтеріледі. Сол жігіт мені қонаққа шақырды. Барсам, аласа бойлы, шымыр екен. Ол «Қажеке, сізбен күреспеймін, бәрібір жеңесіз ғой, бірақ арқан тартып көрейікші» депті. Әлгі жігіт арқан тарта бастағанда-ақ Қажекең құс сияқты ұшып кеткенін айтыпты. Содан кейін жұрт «Ол қандай жігіт?» деп таңқалып, әлгі жігітті көруге бармақшы болады.  Сол кезде оларды бір қария  тоқтатып: «Ол жігіт Қажекеңді жеңген жоқ. Бірақ оны Қажекең өзінен де  мықты қазақ туылса деген оймен айтты» депті. Сондықтан, мұндай аңыз адам, ұлы тұлға жайында фильм түсіру үлкен жауапкершілік. Біз киноны бастағанда жұмыс тобымызбен Қажымұқан атамыздың зиратына барып, құран оқытып, басына топырақ салып, тағзым еттік. Құдай қаласа, бәрімізді әруағы қолдай берсін деймін.

– Іске сәт!

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы

9193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы