• Әдебиет әлемі
  • 30 Желтоқсан, 2020

YЗІЛГЕН ТАМЫР (Әңгіме)

Асхат Өмірбаев

Ертең қалыңдығым үйленетін болыпты. Бәлкім, тойы бүгін өтіп жатқан болар. Мен Қазақстан мен АҚШ арасындағы уақыт айырмашылығы қанша екенін білмейді екем. Америкада «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан Алмадан тілдей жеделхат келіп жетті. «Жанна үйленгелі жатыр. Тойы екі күннен кейін. Тез жет!» делініпті. Шетел тұрмақ, Қазақстанды аралап көрмеген, Астанадан екі жүз шақырымдай жердегі шағын ауылда тұрып жатқан мен Каспийдің толқындары аялап жатқан Ақтауды, Бурабай көліндегі Жұмбақтасты көргім келетін. Оны айтасыз, балалық өткен, бұрнағы ауылымыздың жанындағы Айғайқұмды, Америка каньондарынан кем түспейтін Шарын шатқалына жолым түспей-ақ қойды. Әйтеуір, бітпейтін күйбең тірлік. Күлімдеген күннен бұрын оянып, жарығы әлсіз түнді қарсы алып, қара жұмысқа жегілсек те, табысымыз мандымай-ақ қойды. Мектепте тәп-тәуір оқып, өз күшіммен университеттің технология мамандығын бітірдім.  Табақтай  дипломым болса да, ешбір мектеп мені жұмысқа алмай-ақ қойды. Директорлар мені емтиханға кірген оқушыдай көріп, «дайындалып келдің бе?» деп, үсті-басымды көзімен тінтіп, мөлиіп тұрады. Осы шіркіндерге не жетпейді дейсіз? Қолды бір сілтедім де, әкемнің ескі тракторына мініп алдым. Бір жақсысы ешкімге тәуелді емеспін. Қайта «Мырзатай, жерімізді жыртып берші, шөбімді тасып берші» деп өтініп жатқан жұртта есеп жоқ. Ауылдас ағайынның өтінішін орындап, ертелі-кеш темір тұлпарымнан түспеймін.

Болашақ жарымның құрбысы жіберген тілдей жеделхатты өз көзіме өзім сенбей, қайта-қайта оқыдым. Басыма қан құйылып кеткендей болды. Қолым дірілдеп, көз алдым қарауытып кетті. Теріме сыймай ашуланып, кімге тиісерімді білмей, қораға кіріп алып, өзім жасап алған бокс тұлыбын айызым қанғанша соққыладым-ай келіп.

Кешке тракторды дөңнің үстіне қаңтарып қойдым да, үйге көңілсіз кірдім. Ас үйде шәй сораптап отырған әке-шешем өрт сөндіргендей түнеріп, түтігіп кеткен бетіме бажырая қарады.

– Америкаға кетем, – дедім дүңк еткізіп. Астана емес, Алматы емес, Америкаға барам дегенде шешем селк етіп, қолынан ыстық шәй төгіліп кете жаздады.

– Көтек,  – деді шешем шоқ басқандай ыршып түсіп. – Онда не бар?!

Шешем менің алған бетімнен қайтпайтын мінезімді біледі.

– Сізге келін алып келем.

– Әкәу, келін керек болса жақын маңнан да табылады ғой. Сонда негрдің қызын алып келейін деп пе едің?

– Негр емес... қазақ. Таңертең ұшақпен Америкаға ұшуым керек.

  Әкем айтқандарыма құлақ салып тыңдап отырды. Әйтеуір, бейразылығы сезілмеді.

– Ей, кемпір! – деді әкем малдас құрған күйі. – Баланың жолына ақша тауып бер!

  Қарындасым Ая ғаламторды ақтарып жүріп, ертең АҚШ-қа ұшатын билеттің бағасын білген. Бағасы бір адамға барып қайтқанына жүз алпыс мың екен. Шешем, «Ойбай, әмрикаға бір рет барып келгеніңе менің жарты жыл алатын зейнетақым да жетпейді» – деп қыңқыл-сыңқылы көбейіп бара жатыр еді, әкем «Жетпесе, елден қарыз ал. Келін алып келе жатыр, тірі болсақ құтыламыз» деп тыйып тастады.

– Ойбай, неғып отырмыз, құдалардан ұят болар, үйдің іші-сыртын ақтайық. Сандықта біраз киіт бар еді, – деп шешем қуанғаннан ертең келін түсетіндей белсеніп кетті.

Ұшаққа үлгеру үшін сағат таңғы төртте тұруға тура келді. Сағат жетілер шамасында Астана әуежайына таксилетіп жеттім. Ауа райының кіділігі көңілімді құлазыта алған жоқ, алаңдағаным басқа дүние болатын. Әйтеуір, сүйіктімді жат біреудің жары болудан аман алып қалсам болды деп, іштей «Үйлену тойына дейін жетсем екен» деп тіледім. Сағат жеті жарымда әуе көлігіне отыру үшін тексерістен өттім. Шыны керек, әуежайдан ұзындығы есік пен төрдей алып ұшақтарды да бірінші рет көруім. Ұшақтың трапына ең соңғы болып көтеріле бергенде, артыма бұрылып қарадым. Туған жерім маған қол бұлғап, көктегі күн де сәттілік тілеп тұрғандай. Шыны керек, әуе көлігімен алғашқы рет ұшуым. Тракторды тізгіндеп отырғанда осы алып ұшақтар қалай ұшады, шіркін, көрсем ғой деп армандайтынмын. Міне, сол арманым әп-сәтте орындала салғанына қайранмын. Ұшақ көкке өрлеп, көтеріліп бара жатқан сайын денемді бір толқыныс сезімі билеп әкетті. Әуе көлігі әрі-бері теңселіп, ауада қалықтай тепе-теңдік сақтаған соң өзімді автобустың ішінде отырғандай сезіндім. Гуілдеген дауыс құлақ тұндырады. Бұлттың арасында жүзіп келеміз. Стюардесса қыз үлестіріп жүрген қызанақ шырынын сіміріп алдым да, газетке үңілдім. Мандытып оқи алғаным жоқ, әбден сілем қатқан болуы керек, есіней бердім. Жер мен көк аспан жанарымды қарықтырып, ақыры балбыратып ұйқыға жықты. Қатты ұйықтаппын. Көзімді ашсам, жанымда отырған қызға қарай жантайып, басым иығына жайғасып алыпты. Бойжеткен маған күлімсірей қарады.  Басымды көтердім.

– Өзіңіз қатты ұйықтайды екенсіз, – деді бойжеткен жымиып.

– Кешіріңіз, – дедім, – кеше күнұзын жұмысбасты болып ем, түнде жолға жиналып, ұйықтауға уақыт болмады. Әке-шешем де алаңдап, көз ілген жоқ.

– Қандай бақытты жансыз, – деді қыз. «Мынау қыз мені бақыттысыз деп тұрғаны несі?» деп таңғалдым.  

– Түсінбедім...

– Әке-шешеңіз бар...

– А-а, иә...

– Бірінші рет ұшып бара жатырсыз ба?

– Иә.

 Қыз жолды қысқартпақ болып, әңгіменің тиегін ағытты дерсің.

– Америкада туысқандарыңыз бар ма?

– Жоқ, –  дедім ойыма шетелдікке тұрмысқа шыққалы жатқан қалындығым есіме түсіп. Ішімдегі ашу-ызамды кімге ақтарарымды білмей, зығырданым қайнап кетті. – Қалындығым үйленгелі жатыр, соған бара жатырмын!

Қыз бетіме бақырайып, кірбіңсіз қарап қалды.

– Сонда сіз...

– Иә, солай... – дедім сүюдің қалай болатынын тәппіштеп жатуды артық санап. Кеудемдегі алай-дүлей алапат сезім ісіп-кеуіп, беті тырналған жарадай бұрқ етіп жарылардай. Махаббатқа сенбей, енжар қарайтын қыз екені жүзінен анық байқалды.  Ақша жүзін мұңға толы тыныштық басты. 

– Қиын болған екен, – деді әлден соң. – Мен сізді жақсы түсінем.

– Әзірге бүліне қойған ештеңе жоқ. Бұйырса, бәрі болар. Өзіңіз Америкада оқисыз ба?

– Иә, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жүрмін. Биыл бітірем. Дипломымды алған соң, елге келіп бес жыл жұмыс істеймін.

– Менің де қалыңдығым «Болашақпен» оқыған. Шетелде өзіне бір байшыкешті тапқан секілді. Сол жақта жайлы, жұмақ өмірді аңсаған болуы керек, қанша ұмытайын десем де, ойымнан маған жасаған опасыздығы кетер емес.

Жан-дүниемді жеңіліс меңіреулігі жаулап алғандай тыпыршып бір орнымда отырғым келмеді. АҚШ-қа аттай он жеті сағат ұштық. Ұшақтан түсерде жанымда отырған қыз өзінің визиткасын берді.

– Егер бір көмегім керек болып жатса, хабарласарсыз. Америкада қиындық туындап қалуы мүмкін, қанша дегенмен келуіңіз бірінші рет. Бөтен ел дегендей...

– Жақсы, рахмет, – дедім де, тілдей сырты жылтыр қатырма қағазды кәстүмімнің қалтасына сүңгітіп жібердім. Тұңғыш рет Америка топырағына аяғымды тигіздім. Елдің көбі  армандайтын алып елге жеткеніме сене алмай, әуежайдағы жүзі бөтен адамдарға қарайлап, ұзақ тұрып қалдым.      

 ***

Ұшақтан түскен бойда арзандау қонақ үйлердің  біріне орналастым. Бөлмелері  жинақы, құстың ұясындай екен. Біздің үйдегідей басы бүршік темір кереует жоқ. Қас-қағым сәтте бұлт ішінен шыққан күн секілді, менің климат өзгертуім ауыр соқты. Нью-Йорк мен ойлағандай мінсіз болмай шықты. Біз барған аудандағы мүжілген, су шайған асфальтті көріп, көңілім құлазыды. Бәрі керемет деп жүргенде сүреңсіз оқиғалар бұл қалаға сыйымсыз көрінді. Аспанмен теңесуге асығып, бір-бірімен жарысқан биік үйлердің самаладай жарқыраған шамдары жанарды арбап, қызылды-жасылды дүние жарқ-жұрқ етеді.

Түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Таң атқанын бөлмеме түскен сәуле ескертті. Пердені түріп жіберіп едім, жағалау жартастары шалғайдан шығанаққа сұғынған тас тармақтарын көрдім. Асханаға кіріп, бірер кесе шәй ішіп алған соң сыртқа шықтым. Қонақүйдің алдына шығып, шылым тарттым. Егер сіз биік үйлердің арасында тұрсаңыз, ауа райын аспанға қарап болжар едіңіз. Біздің ауылдағы алтын уақытын мылжың әңгімелер айтып өлтіретін жатыпішер еркектер секілді емес, бір-біріне сабырлы жымиып амандасқан жұрт жұмысына асығып бара жатыр. Мұның өзі қалыпқа түскен қала өмірінің айнымас бір бөлігіне айналып кеткен секілді. Көгілжім аспаннан жаздың жылуы есті. Тынық мұхитының самалы майда қоңыр желі бетімді қытықтады. Көшеде ерсілі-қарсылы жүйіткіген мыңдаған көліктердің нөпірін көресіз. Әрі-бері сабылған адамдар арасында ескерткіштей қоқиып қалдым.         

Бүгін қалындығымның үйленетін күні. Алмаға қоңырау шалдым.

– Алло, Алма! Сәлеметсіз бе? Бұл мен ғой, Мырзатай.

– А-а, иә, Мырзатай, сәлеметсіз бе? Сіз қайдасыз?

– Америкаға келдім. Жанна қайда?

– Ол сән салонына кіріп кетті. Сіздің келетініңізді оған айтқан жоқпын.

– Той қайда? 

– Бродвей көшесі...

– Жақсы, түсіндім. Қазір жетем, – дедім тұтқаны қоя салып.

«Той басталмай тұрып Жаннаны қалайда көндіруім керек» – деген ой басыма сап ете қалды. Әне, жолдың арғы бетінде кезінде Қаратаудан ұзатылған, Голландияда өсірілген қызғалдақтар жайқалып тұр. Сатушылар жылтыр қағаздарға орап, нәзік гүлдерді ыждаһаттылықпен ұсынуда. «Жаннаға гүл алсам ба екен?» деді жүрегім. «Қайдағы гүл? Несіне қуанып тұрсың?!» деді салқын санам. Шалғайда жатқан қала шетінен сонау Қазақстаннан таралған гүлдердің жұпар иісі батысқа дала рухын әкелгендей. Құдды қалаға қыпшақ даласының лебі ескендей қызғалдақтар себеттерде дірілдеп тұрды. Бәлкім, Жаннаның да осынау бейтаныс қалаға келгендегі үрей мен сенімсіздігі нақ осындай болған шығар. Кең жолды көшелердегі таңғы шу әдеттегідей ме, әлде бұл мен үшін таңсық па, дауыстар айқын әрі көңілдірек шықты. Аспан көгілдір болғанымен, күзгі мұнарды қақ жарған көмескі сәуле себезгілейді, құтты таң атып емес, күн кешкіріп келе жатқандай.      

Такси ұстадым да, ағылшын тілінде мекенжайды білгенімше түсіндірдім. Зәңгі күлімсірей  басын изеді де, жүріп кетті. Таксист  түнімен жұ-мыс істеген бе, кілгейленген көзін уқалаумен болды. Менің күйзелісімнің жанында күллі әлемнің күрсінісі түк те емес секілді көрінді. Мен бір сәт өзімді жалғыз сезіндім. Жанна екеуіміздің оқуда жүргендегі тәтті естелік-тердің ілгешегіне ілінер ілік таппай, жылт еткен сәуле іздедім.

Межелі жерге жеткен соң, таксистен тоқтай тұруын өтініп, сән салонына кіріп шыққан едім, қыздар кетіп қалыпты. Содан бірден той өтетін мейрамханаға тарттым. Сағатыма қарасам, оннан асып кетіпті. Қырсыққанда, көлік кептелісі жолды бөгеп, біраз әуреге түстік. Ішімнен «Жаннам, жаным үйленіп кетпесе екен?» деп ойлап қоям. Таксиден түскен бетте қонақтармен бірге кең залдың ішіне өттім. Биік колонналы ғимараттың жарқ-жұрқ еткен аспалы абажадай шамдары көзімді қарықтырып, жүрегімді айнытты. Бұл кезде той рәсімі енді өткелі жатыр екен.  Атшаптырым залдың дәл ортадасынан қалындық пен күйеужігіт көрінді. Басым айналып, дүние көз алдымда төңкеріліп бара жатқандай сезілді. Бұл менің түсімде емес, өңімде болып жатқанына қапалы едім. Жанарымның қолынан ұстаған жат жерлікті көрген сайын жыным ұстады. Ашудан аяқ-қолым қалшылдап, кім қарсы тұрса, соның жағынан салып жіберуге дайынмын.

– Жанна! – деп, бөгеп тұрған адамдардың арасына кимелей кіріп, айғайлап жібердім. Қалындықтың құлағына таныс дауыс естілді ме, жан-жағына жалтақтай қарап, таңырқап қалғандай болды.

– Жанна, бұл мен ғой, Мырзатайың! – деп жақындауға тырыстым. Бұл кезде поп жоғарғы баспалдақтан төмен түсіп келе жатыр еді, ұзын дәліздің бойымен жанұшыра жүгіріп келе жатқан мені көріп, кілт тоқтады.

– Жанна! Жаным менің, мен сені сүйемін! – Мені көрген Жанардың жүзі аппақ қудай болып, бозарып кетті. Кінәсін мойындап, көзін төмен салды.  

– Мистер, сіз кімсіз? – деді бір джентельмен мені ортаға жібермеуге тырысып.

– Мен... Мен бе? Мен қалындықтың нақсүйерімін!

 «Аһ!» деп таңданып қалған жұрт демін ішіне тартып қалды. Әйелдер жағы өсек-аяңға ерік берді. Жаннаға жете бергенде алдымды ұзын бойлы күйеужігіт бөгеді.

– Мистер, сіз кімсіз?! Өзіңізді неге дөрекі ұстайсыз? – деді жақтырмастан көзін алартты.

– Мен  – Жаннаның нақсүйерімін! – дедім алға ұмтылып. 

– Мистер, бүгін менің үйлену тойым. Сізге тойдың шырқын бұзуға жол бермеймін, – деді ол.

– Жанна, айтсаңшы, неге үндемейсің?! Мені өмір бойы сүйіп өтем деген уәдең қайда? – деп айғай салдым. – Екеуіміз талай жыл бірге қол ұстасып, арман қуған күндерді қалайша оп-оңай ұмытасың?!

Жанна үндемеді, төмен салбыраған басын көтеруге әрекет қылған да жоқ. Бұл кезде поп баспалдақтан төмен түсіп, ділгіріп қалды. Шетелдік күйеужігіт Жаннаға сұраулы жүзбен қарады.

– Мистер, сіздің кеткеніңіз жөн, – деді күйеужігіт зілді дауыспен. Жұрттың бәрі тойға емес, спектакльге келгендей әсерге бөленді білем, ауызын ашып қалды. 

– Жоқ, жауабын білмейінше мен бұл жерден бір қадам да аттап баспаймын, – дедім сұқ саусағымды шошайтып. Қалындықтың еріндері дірілдеп тұрды. 

– Қайтесің, бәрі кеш, – деп қыз мұрнының астынан міңгірледі.

– Жоқ, кеш емес, Жанна, мен сені іздеп сонау Қазақстаннан келдім. Сен соны түсінесің бе? Сені сүйгендіктен... Маған сенсіз өмірдің еш мәні жоқ. Жүр, елге кеттік. Екеуіміз Қазақстанда бақытты өмір сүреміз.

– Кешір, мен бара алмаймын, – деді қалындық. Жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті.  

– Неге бара алмайсың?! Мені сүймейсің бе?! Сүйесің ғой, айтшы?

– Ол жайлы айтқым келмейді. Мен Робертке күйеуге шығам.  Бұл – менің таңдауым.

– Сонда мына шетелдік менен артық болғаны ма? – дедім есім шыға айғайлап. – Айтшы, мұның несі артық? Рас, бұл бай шығар. Бірақ бай адамның бәрі бақытты болады деп кім айтты саған?! Егер саған байлық керек болса, сені мен де үлде мен бүлдеге бөлей алам.

– Сенімен енді сөйлескім келмейді, – деді Жанна Робертке бұрылып: – Рәсімді жалғастыра берейік.

Роберт бастықтың бұйрығын күткен орындаушыдай попқа басын изеді.

– Тоқтай тұр! Сенімен әлі  әңгімем біткен жоқ. 

– Жанна сізге өз шешімін айтты. Енді сізге бұл жерде қалудың еш себебі жоқ. Сіз шақырылмаған қонақсыз, – деді Роберт «мен жеңдім?» дегендей кекесінмен күліп.

– Жолдан  былай тұр!  Мен қалыңдығым-сыз ешқайда кетпеймін, – деп күйеужігітті кеудеден итеріп, қыздың қолынан шап беріп ұстай алдым.

– Мистер, полиция шақыруға мәжбүр болам.

– Кетші-ей, жолдан былай!

Роберт   білегімнен  ұстап,  тоқтат-пақшы  болды. Роберттің ата-анасы мен тойға шақырылған қонақтар менің айғай шығарғаныма таңырқап, үрпійісіп қалды. Кейбірі мені жақтырмай тұрғанын бет-әлпеттерінен байқадым. Тіпті, поптың өзі тіксініп қалды. Сыпсың өсек гуледі. Жаннаның құрбысы ғана менің ерсі қылығыма қымсынған жоқ. Роберттің қолын жұлқып қалып, Жаннаның қолынан ұстап, сүйрей жөнелдім. Қос төплиінің биік өкшесі істен шығып, жалаң аяқ ұзын қызыл алашаның үстінде ілесіп келеді. Мені тоқтатпақшы болып, тырмысып қояды, бірақ қызды дүлей күшпен сүйрей бердім.

Күйеу жігіттің жұдырығы жағымды осып өтті, мен де қарап қалмадым. Неше күнгі бойы-ма жиналған ашу мен ыза бір-ақ сәтте кеудемнен ытқып шығып, дүлей күш жұдырығыма жиналғандай күрзі соққымен иегінің астынан салып қалдым. Үлбіреген байқұс ауыр соққыға шыдамай, еденге сұлап түсті. Тойға жиналған елу-алпыс адам шу ете қалды. Біреу мейрамхана күзетшілерін шақырған болса керек, екі еңгезердей қара жігіт жетіп келіп, мені тәртіпке салмақшы болды. Екеуін бір-бір соққымен жер иіскеттім. Жанна шыңғырып, жылап жіберді.

Бұл кезде Роберт есін жинап, бірнеше қадам аттап жүрді де, қайта құлады. Жанна Робертке қарай жүгірді.

– Мырзатай, енді келме маған, түсіндің бе?! – деп айғайлады қалыңдығым. Сүйіктімді мыңдаған шақырым жерден іздеп келгенде айтқан сөзі сүйегімнен өтіп кетті. Тұла бойымды ашу билеп, қалшылдап қалдым.

– Шіріген жұмыртқа! Сен мен үшін енді ешкім емессің! Жат елдіктен бала таппай, өле-өлгенше бедеу болып өткір! Қазақ қызы деген ғажап аттан садақа кеткір! Ата-бабаңның, әке-шешеңнің, күллі үрім-бұтағыңның қарғысы атсын сені! Қарғыс атқыр!

Кері бұрылып есікке беттедім. Ернімнен жылымшы аққан қанды жеңіммен сүртіп тастадым. Нью-Йорк полициясы сондай жылдам болар ма, есіктің аузына жақындап қалғанда резіңке шоқпармен тоқпақтай жөнелді. Қолыммен бетімді жасқап, қорғануға көштім. Бір сәтте өн-бойымнан тиген қуаты күшті тоқ есеңгіретіп, талықсып кеттім. Резіңке шоқпар тиген сүйегім сықырлап сынып бара жатқандай.

 ***

Есімді темір тордың ар жағында жинадым. Күңгірттеу камера ішінде жарық жарқ ете қалғанда өткір сәуле жанарымды осып, қолыммен бетімді жасқадым. Ішке тергеуші кіріп, сұрақтың астына алды.

– Мырзатай Құлыншақов, Сіз Америка Құрама Штаттарына қандай мақсатпен келдіңіз?

– Қалындығымды алып кету үшін келдім.

– Мм... Жанна  Қанжарова сіз алып кететін зат емес. Бұл өркениетті, демократиялық мемелекет. Мұнда әр адамның өз құқығы бар екенін білесіз бе? Ол кісі кәмелеттік жасқа толған, өз еркі бар адам.

– Мен мыңдаған шақырым жерден бекер ұшып келмеген болармын.

– Той өтетін күні өзіңізді ерсі қылық жасап, тәртіп бұзғаныңызды қалай түсіндіресіз?

– Түсіндіретін несі бар? Мен Жаннаны шексіз сүйдім, ал ол болса, махаббатыма адал болмады. Екеуіміз бала кезден бері таныспыз. Жаннаны махаббатымызға адал болып, менімен Қазақстанға қайта ма деп ойладым.

– Сіз мистер Роберт Клинтонды соққыға жыққаныңызды мойындайсыз ба?

– Мен оған қолымның ұшын да тигізгім келген жоқ, Жаннаны қолынан ұстап, әкетіп бара жатқанда өзі килікті.

Тергеуші мырс етіп күлді де, дереу түсін суытты.

– Мырзатай Құлыншақов, сіз адам ұрламақшы болдыңыз ғой, солай ма?

– Көпшіліктің көзінше ме?

– Иә, той үстінде біреудің қалыңдығын күштеп әкетпек болдыңыз.

– Қыз мені қатты жақсы көретін. Сондықтан ол келеңсіз жағдайға тап болып, менімен еріп кетуге сенімсіздік танытты деп ойладым.

– Жақсы, сізге адам ұрламақ болды, күш көрсетіп, Роберт Клинтонды соққыға жықты деген айып тағылады.

– Роберт өзі бірінші болып қолымнан жұлқып қалды, жұдырығын жұмсады.

– Дегенмен, сіз оны куәгерлердің көзінше итеріп, қалыңдығын тартып алмақ болдыңыз.

– Ол мені соқты, мен жауап қайтардым.  Бар болғаны сол ғана.

– Сол ғана деп қалай жайбарақат айтып отырсыз? Қазір Роберттің жақсүйегі  сынып,  реанимацияда жатыр. Ол сіздің үстіңізден шағым түсірді.

–  Сүмелек, – дедім тас еденге шырт түкіріп. – Жігіт құсап есеп айрысуды да білмейді.

– Сіздің жағдайыңызда олай дөрекі сөйлемеген болар едім, – деді ол. – Жағдайыңыз қиын: АҚШ соты сізді осы басбұзарлығыңыз үшін бірнеше жылға түрмеге қамап қоюы мүмкін.

– Маған адвокат керек, – дедім үйдегі теледидардан көрген қылмыстық кинодағы жағдай есіме түсіп. 

– Адвокат беріледі.  Мұнда бір танысыңыз, туысыңыз бар ма?

– Жаннаның құрбысы бар, аты Алма.

– Ол кісі сізге көмектесе қоюы екіталай, – деді тергеуші.  – Сізге телеграмма жіберіп, Қазақстаннан шақыртқаны үшін жауапқа тартылуда.

– Бұл не масқара! – деп айғай салдым. Сол кезде есіктің кілтін сылдыратып екі күзетші кіріп келді. Тергеуші бәрі дұрыс дегендей белгі берді. Бірақ олар есіктің жанында  қазықтай қалшиып, тұрып қалды.

– Иә, айтпақшы, – дедім ұшақта танысқан бойжеткен есіме түсіп. – Нью-Йоркте тұратын бір қыз визиткасын берген.  Соған хабарласып көрсеңіздер.

Тергеуші жақсы дегендей басын изеп, сыртқа шығып кетті.  Суық әрі қараңғылық басқан камера ішінде ең әуелі жырақта қалған ата-анамды ойладым. «Келін әкелемін деп Америкаға кеткен баласының темір торға тоғытылғанын естісе, естерінен танып қалар. Әсіресе, шешемнің жүрегі нашар еді» деп уайымдай бастадым. Бойы тапал Арис есімді адвокат келіп, мән-жайға қаныққан соң бәрі жақсы, бостандыққа шығуға үміт бар екеніне сендіріп кетті.  

Кешке қарай камерама ұшақта танысқан қыз келді.

– Келгеніңізге көп рахмет! Қанша дегенмен бір рет қана көрістік қой, – дедім жат жерде туысымды көргендей қуанып. 

– Бекер ақымақтық жасапсыз, – деді қыз. – Уайымдамаңыз, бір мәнісі болар.  Егер Роберт мырза сіздің үстіңізден жазған шағымын қайтып алса, абырой болар еді.

Роберттің атын естігенде жыным қайта қозып, зығырданым қайнады.

– Ақылға келіңіз, ашудан ештеңе өндіре алмайсыз, – деді қыз. – Мен Робертпен сөйлесіп көрейін. Сізді қызбалықпен жасады, істеген ісіне өкінеді дермін.

Мен қыздың айтқанын құптай қоймасам да, үндемедім. Ішімнен «қатын табылар, ата-анамнан ажырап қалсам, өмірдің еш мәні болмас. Олар мені ойлап, қайғыдан қан жұтады ғой» дедім.

– Ата-анама хабарласып, бәрі жақсы деп айтасыз ба? Олар алаңдап отырған болар, – дедім. – Айтпақшы, сіздің атыңызды білмейді екем.

– Ботакөз, – деді ол мұңая жымиып. – Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады.

Ол камерадан шығып бара жатқанда оған үміттене қарадым. Қыз соны сезген болуы керек, әдемі тістерін ақсита жымиды. Екі күннен кейін босап шықтым. Ботакөз кепілдікке бәленбай мың долларды құйып, бостандыққа шығарып алды.

– Елшіліктегі бір танысымды іске қостым, – деді ол. – Бұл жер – жат ел. Заңы да басқа. Сізге тезірек бұл елден кету керек.

– Сізге көп рахмет! Ботакөз, сіз қам жемеңіз, елге барған соң қарызымды түгел қайтарамын.

– Керегі жоқ. Мен үшін ақша маңызды емес. Адамдарға жақсылық жасағаным жаныма рахат сыйлайды. Сыртта жүрсем де бір қазаққа көмегім тигені үшін өзімді бақытты сезінемін.

– Айтпақшы, Алмаға не істеді?

– Не істеуші еді? Сұрақтың астына алып, шығарып жіберді. Алма оқуын аяқтаған соң Қазақстанға қайтамын деді.

– Дұрыс болған екен. Сіз Астанаға жиі келесіз бе?

– Елді сағынғанда барып тұрам.

– Сіз келгенде қоңырау шалыңыз, дүркіретіп тойлатамыз. Сізге Қазақстанның көрікті жерлерін аралатар едім.

– Рахмет! Әке-шешеңізге сәлем айтыңыз.

«Елге келін әкелем деп едім, енді не істеймін?» деп  ойладым.

Ұшу алаңында әке-шешеме қоңырау шалдым.

– Әлеу, балам, қалың жақсы ма? Хабарсыз кеттің ғой, – деп шешем бәйек болып жатыр.

– Бәрі жақсы, елді сағындым, – дедім көзімнен ыстық жас парлап.

Ботакөзге қарадым.

– Сіз Астанаға келмесеңіз, сізді іздеп Америкаға қайта келем, – дедім күлімсіреп.

– Сізден бәрін күтуге болады, – деді ол қулана жымиып. 

Терең күрсініп, ұшаққа міндім. Қуанышымда шек жоқ. Қайдасың, қазақ елі?

 

1272 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы