• Әдебиет әлемі
  • 30 Желтоқсан, 2020

Көзімнің алды бұлыңғыр, Қолтықтап түнім барады

Ерлан Ібітанов

 

Бір күні бір сәт болғанда

 

Кеміріп жанның өзегін,

Өзімді-өзім жеп едім.

Аңсаған жанның арманын,

Аңдамай қалған кезі едің.

 

Жалынды жанның сөзі едім,

Өртенген сезім өзі едім.

Бұлаған жасқа қол созып,

Сүртумен көзін келемін.

 

Бұғынбай жүрсе өлеңім,

Шаттықтың нағыз өзі едім.

Теңселсе кемем мұңданып,

Жағалау соғып кемерін.

 

Нөсерлеп төксе отты өлең,

Сезімнің селін төгемін.

Білмейді-ау бірақ, сол көңіл,

Қай жерге барып өлерін.

 

Сүйгенге жетпей сәлемім,

Бұзылып жүр ғой әлемім.

Дүние жанып жатса да,

Сезіммен менің әлегім.

 

Бұдан өткен майдан жоқ,

Түсінсе мені, әдемім.

Ғашық боп алғаш жеңілгем,

Осы ма еді көрерім?

 

Сеземін, жаным, сеземін,

Сезгенсің сенде себебін.

Тиянақ таппай тоятсыз,

Салдары мені көмерін.

 

Тартылмай қалған адырна,

Қорамсақ толы жебе едім.

Байқамай жүрген байқаусыз,

Осылай менің көлемім.

 

Мұңайған сәтте мұңымды,

Жанымды жебе өлеңім...

Бір күні бір сәт болғанда,

Арманды құшып өлемін,

Сұрма жаным, өтінем,

Іздеме құпия дерегін!

 

Осындай

 

Көңілдің бұлтын айдамай,

Қайда жүр, сол бір қарғам-ай?

Сезіліп кейде тұрушы ең,

Көрінбей жүрсің толған Ай.

 

Үзілген әнді жалғамай,

Үзілген үміт, арман-ай.

Тотығып қалған көңілді,

Тазартпасаң болмады-ай.

 

Ескінің көзі қалмады-ай,

Біразын уақыт жалмады-ай.

Арманмен ұйықтап, Күдікпен,

оянып жүрмін жалған-ай.

 

Сәуірдің желі шертіп сыр,

Арнаға мені салмады-ай.

Көктемнің құсы бағымда,

Құйқылжытып сайрамай.

 

Оқпан-сезім оқталмай,

От алмай әуре салған-ай.

Сағыныш шырақ жағатын,

Өлеңім менің осындай.

 

Ақбөпемді  ұзатқанда

 

Атып келе жатқан соң жаңа таңың,

Жаңа күнің жайса екен алақанын.

Жау қолына амалсыз ұзатылып,

Бара жатқан жоқсың сен, балапаным.

 

Табылған соң өмірде сыңар құсың,

Қанат қақпай қайтейін, тұрармысың.

Ақ уызын анаңның ақтау үшін,

Ұшып шықтың ұяңнан ұлар құсым.

 

Барған жерің сұрамас бабаң жайлы,

Барған жерің сұрамас анаң жайлы.

Көз бір айна болғанда,

сөз бір айна,

Содан біліп қояр жұрт тәмам жайды.

 

Қазанында қайнарсың қандай үйдің?

Қабағына қарарсың қандай ұлдың?

Оның бәрін жауқазын тектес қызым,

Жазуынан көрерсің маңдайыңның!

 

Бұл әкеңде тілек көп Хақтан сұрар,

Дос пенен қас,

Қара мен ақтан сұрар.

«Ақбөпе» деп атыңды атаң қойған,

Ақ батасын ол да оңдап жатқан шығар.

 

Әжең отыр көзінде сұрақ тұнып,

Әрбір айтқан ақ сөзге құлақ түріп.

Күйеу жақтан көрінген көшке қарап,

Бата жасар сәлден соң жылап тұрып.

 

Өзіңе арнап мен де бір гүл әкелдім,

Сол гүлге орап, осындай жыр әкелдім.

Бұл өмірдің заңына бағынбастай,

Не бар дейсің қолында бұл Әкеңнің..!

 

Толқындап өмір келесің

 

Үміттің мініп кемесін,

Армандап сені келемін.

Бағытым менің белгісіз,

Жүрекке салып елесін.

 

Түсіме күнде енесің,

Баланың сөзі демесін.

Сескеніп үркек ойлардан,

Бүркеніп сезім келесің.

 

Баяулап бірде желесің,

Шаттықтың нұрын төгесің.

Жабырқау, селқос көңілге,

Үмітті сыйлап кетесің.

 

Адырнаң тартса жебесін,

Көңілге күдік себесің,

Торғауыт ойлар жәукемдеп,

Көбесін сезім сөгесің.

 

Білсем де қайтып келмесін,

Естілмей әлсіз көмескі үн.

Толқыннан өтіп толқынға,

Толқындап өмір келесің...

 

Тамылжып түн де тұр бүгін

 

Тамылжып түн де тұр бүгін,

Айтқысы келіп түн сырын.

Жетектеп мені барады,

Таусылмас мәңгі мұң-жырым.

 

Өткенді шолып қиялмен,

Бармаған жерім қалмады.

Өткеннен қалған сияммен,

Шимайлап жүрмін арманды.

 

Көсіле шаппай көңілім,

Іздеп жүр сезім қосағын.

Тесіле қарап үздігіп,

Қорып жүр ескі ошағын.

 

Түсінбей мені тау мен тас,

Мелшиген қалпы баяғы,

Күрсінбей жаным дем алмас,

Не болар екен аяғы.

 

Жастығым мені жетектеп,

Қолында арман таяғы.

Көзімнің алды бұлыңғыр,

Қолтықтап түнім барады.

 

Мұң жамылған самалым

 

Сезімнің бұзып қамалын,

Таусылып тұр ма амалың.

Сағынғаның сезілді-ау,

Адасқан бір кез жамалын.

 

Қайда жүр сол бір саналың,

Иісі бұрқырап даламның.

Тартады мені кей сәтте,

Мұң жамылған самалым.

 

 Шуынан қашып қаланың,

Өзеннің бойлап жағасын.

Жайықты қосып Ілеге,

Мекендеп таудың сағасын.

Тойласам ба екен тоқтамай,

Арттырып сезім бағасын!!!

 

993 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы