• Мәдениет
  • 30 Қараша, 2020

БАБЫН ТАПСА, БАЛАПАН ҚЫРАН БОЛАР

Бағдат Мүптекеқызы,

журналист-этнограф, «Жалайыр Шора» Бүркітшілер мектебінің Бас директоры, «Қыран» Федерациясы қоғамдық қорының атқарушы директоры, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «ҚР Құрметті спорт қайраткері», «Ұлт қайраткері», Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы.

Арман, мақсат деген жүйрік ат секілді! Жалына бір жармасқан соң, көңілің орнына түсе бастаса әрі қарай кете бересің. Отыз жылдан аса ғұмырымды арнаған бабалар аманаты келе-келе елдің көзіне түсіп, назарын аударды, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы оянды. Қасымда қолында кішкене ғана қаршыға ұстап жүрген жеткіншектердің қатары көбейіп келе жатқанын көргенде, көңілім көкке жеткендей боламын. Бұл дегеніңіз, асыл мұрамыздың өміршеңдігін көрсетпей ме?!
Өткен ғасырдың елуінші жылдары жазылған бір еңбегінде, әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов өзі туып өскен өңірдегі ғажайып өнерімен аты шыққан бүркітшілер, құсбегіліктің қыр-сырын көркем сөз, өрнекті оймен суреттей келе, ұлттық спортымыздың ең биік шыңы деп бағалаған екен. Бүгінде жүздеген құсбегі кең даланы жайлап кетпесе де, Құсбегілік – Ұлттық спорттың бір түрі ретінде Ережесі қалыптасып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің жыл сайынғы өткізетін спорттық жарыстарының Күнтізбелік жоспарына енді, жоғарғы оқу орындарындағы Ұлттық спорт кафедраларында оқытыла бастады, облыстардағы Ұлттық спорт мектептерінде «Саят» бөлімдері ашылып, бастауыш сыныптардан бастап, жеткіншектерді қосымша құсбегілік өнерге дайындай бастағаны қуантады.
Халқымыздың қыран баптап, саятшылық құруына әріден көз салар болсақ, бүркіт салу – бабадан жалғасқан асыл мұра, салт-дәстүр, текті өнері, саятшылық құру – тым ертеден қалыптасқан дәстүрлі өнері, ұлттық мәдениет екеніне көз жеткіземіз. Бүркіт – қазақ халқының өжеттік, ерлік, алғырлық, асқақтығының белгісі. Ал, әрбір аңның тіршілік ету ортасын, оның қашу, бұлтару, тосқауылдау, із тастау секілді айла-тәсілін, күндізгі және түнгі өрісі, аулау маусымындағы мекендері, азықтану ерекшеліктерін қалт жібермей қаперінде ұстаумен қатар, алпыс екі айлалы түлкі, қарымы мен қайсарлығы қатар жүретін қасқыр, арқар мен аю секілді қоңыр аңдарды қанды шеңгеліне қысатын қыран бүркітті баулып, қатерлі іске бас тігіп барып, арпалысқан асауды бабына келтірген батыл да төзімді жанды ғана халық «Бүркітші» деп бағалаған.


Бүгінге дейін қол жеткен зерттеу нәтижелеріне, қолдағы бар деректерге қарағанда, қазақ аңшылық өнерінің шығу тегін тым арыдан сабақтауға болатынын байқаймыз.
Тіршіліктің арқауы – азық болғандықтан, оған қажеттілік киім-кешектен бұрын бастал-ғаны түсінікті. Ертедегі адамдардың жалаңаш-жалпы жүріп, топтасып аң аулайтындарын ерте заманғы қоныстардағы қазба белгілері дәлелдеп келеді. Кейбір жартас суреттеріндегі аң аулаған адам бейнелерінен киім нышаны көрінбеуі, аң терілерін іске жарату үрдісі адамзаттың тұрмыстық мәдениетке алғаш қадам жасаған тұсында басталғанын білдіреді.
Ұлтымыздың арғы тегі болған түріктердің мәдениетінен тасқа жазып қалдырған Орхон ескерткіштерінің бір жолында:
«Шұғай құзында,
Қарақұмда отырушы едік,
Киік жеп, қоян жеп отырушы едік.
Халық тамағы тоқ еді,
Жауымыз тегіс жыртқыш құстай еді» деп жазылған болатын. Ал, «Қорқыт ата кітабында» да байтақ даланы мекен еткен аңдарды халықтың қажетіне жаратқаны туралы баяндайды
Америкалық «үндістердің» түркілік шығу тегін зерттеген ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, филолог-ғалым Әділ Ахметов: «Америкалық үндістердің түпкі тегі-прототүріктер. Олардың Алтайдан шыққанын дәлелдейтін деректер ғылымда сайрап жатыр. Кезінде Америкалық «үндістер» де аңшылықпен күн көрген... Америкалық үндістердің аңшылық дәстүріндегі қазақтармен басты ұқсастығын айтсам, олар аңды тектілікпен аулаған. Өздеріне қажетін ғана алып, табиғатқа зиян келтірмеу деген ұстаным басты орында тұрған. Жануарлардың ересектері мен кәрілерін ғана атып немесе тұзақпен ұстап, буаз немесе енді үйірге қосылған жастауларына тимеуге тырысқан» деп жазады.
Қазақ тарихында саятшылық өнердің, құсбегіліктің бірнеше отаны бар. Ол – Арқа, Жетісу, Тарбағатай, Еренқабырға, Боғда және Алтай-Сауыр мектебі.


Бүркітті кәнігі құсбегілер де, зерттеушілер де түрліше топқа бөліп, атауларын да түрліше атайды. «Тау бүркіті», «ой бүркіті» деп екі топқа бөлсе, кейде «ой құсы», «қыр құсы», «құз құсы» немесе «ой бүркіті», «орта тау бүркіті», «ұлы тау бүркіті», сондай-ақ, құсбегілер аузында Алтайдың ақ иығы, Еренқабырғаның алып қарасы, Нарынның сарысы, Дересіннің сарысы, Оралдың қарашолағы, Алатау бүркіті, Арқа бүркіті, Боғда бүркіті, Борқара бүркіті, Қаратау бүркіті, Хан Тәңірі бүркіті, Құбықұм, Қызылқұм, Қарақұм далаларының бүркіті, Бетпақдала бүркіті деп, жер атын қосып атау да көп кездеседі. Алайда, бұл – бір жердің бүркіті екінші жаққа бармайды дегенді білдірмесе керек. Жаз бойы бір жерді жайлап, сол жерге ұялап, балапан ұшырған соң басқа жаққа қоныс аударатындар немесе бір ғана жерді мекен ететіндер де кездеседі.
Ел аузында «Тінейдегі қасиет – ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет – тілдес екен бар құспен» деген де сөз орамы бар.
Шетел қазақтарында құсбегі найман Тіней мен оның Сарықұсы, Тіней мен Жалайыр Шораның достығы туралы желілес аңыз-әпсаналар мол таралған .
Тұрмысы мал өсіру мен аң аулаудан ажырап көрмеген біздің халықта «Айына бір етке тоймағаннан ақыл сұрама» деген мәтелдің әлі күнге дейін айтылып келе жатуы «аспандағы құсқа аузының сілекейі шұбырып қарайтын» аушылық құмарлығы ежелден қанына сіңген шығар.
Әйгілі академик Әлкей Марғұлан да бүркітшілікті ежелі мәдени ескерткіштердің бірі, ғажап құбылыс, зор ғылым ретінде жоғары бағалай отырып: «...Саятшылықтың, әсіресе қазақ халқының тарихында, мәдени дамуында маңызы зор болғаны белгілі. Қазақ тілінде осы саятшылыққа байланысты туған мың жарымдай сөз бар, олар қазірде небір тарихи жазбаларда, көркем әдебиетте кеңінен қолданылады. Саятшылықты халық ежелден өнердің бір түрі деп бағалаған. Оны пайда табу немесе күнкөріс көзі санамаған. Біз бір кездерде қалың жұртты қайран қалдырып, талайлардың таңдайын қақтырған осынау өнердің біртіндеп сиреп, қайталанбастай болып жоғалып бара жатқанының куәсі болып отырмыз.
...Саятшылық өнер арқылы халық табиғатпен қоян-қолтық араласып, оған жақындығын сезінетін, енді осы сезім сейілсе, бір кезде дамып қанат жайған халық мәдениетінің де бір бөлшегі ұмытылғаны емес пе?», – деп алаңдаушылық білдіре отырып, байтақ отанымызда мекендейтін бүркіттерді бес топқа бөлетінін айта келе, ел саятшылары оларды мекен еткен жері мен жүнінің түсіне қарай: «Оралдың ақиығы», «Алтайдың мұзбалағы», «Қазықтының қаракері», «Құмның қызыл көзі», «Желектінің жирен тұяғы», «Ертістің саршолағы», «Қарағайдың қоңыр аласы», «Есбалақтың есерсоғы», «Дересіннің шұбары», «Жанбауырдың жарғыш тұяғы», «Өлтірмей бермес Өтеген», «Несібелі байқасқа» деп, 12 түрге бөлсе, моңғолиялық этнограф-ғалым Б.Кәмалашұлы бүркіттің тек-тұрпатына қарай ақиық, ақ балапан, ақбұршақ, бақабас, бұқатана, баршын, қандыбалақ, қырансары, мұзбалақ... дей келіп, қыран бүркіттің 94 ат-атауы бар екенін жазады.
1254-1324 жылдары өмір сүрген, Құбылай ханның қол астында 15 жыл қызмет еткен Марко Поло туралы пизалық жазушы Рустичелло жазған естелігінде, Құбылайдың қолға үйреткен 500 ақ сұңқары, өзге қырандары, оларды баптайтын 10 мың құсбегісі болғанын тамсана жазса, Италия саяхатшысы Марко Поло, орыс тарихшысы Николай Карамзин, поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич секілді көптеген шетелдіктердің естеліктері бар. Тарихта сондай-ақ, Шыңғыс ханның 3 мың бүркіт, 2 мың қаршыға, 12 мың сұңқар ұстағаны, Жошының 3 мың, Абылайдың 500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны, Ақсақ Темір мен Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың бүркіттің бір жұмыртқасына бола жауласқандары жайында қаншама құнды деректер жатыр!
Серменде көк тағысын ұстап алып, қолға үйретіп, қыры мен сырын жете біліп, өзіне қызмет еткізіп, қырдың қызыл түлкісін ілдіріп, қызығына батып, шер тарқатып, құмарын қандырып, олжа байлау – халқымыздың төл өнері. Құстың бабын тамыршыдай танып, саят құрып, алдырған аңымен қорасына қой салып, басына үй тігіп, бауырына қазан асқандар болған. Тіпті, Қытайдағы мәдениет төңкерісі кезінде ел ашаршылыққа ұшырағанда аңшы-құсбегілер өз ауылдастарын аң-құстың етімен асырап аман алып қалған кездері болған.
Қазақ халқы қастерлеп, жасы жылға толмай тұрып керекке жарап, адам қажетін өтейтін: балапан бүркіт, еккен егін, қозы қошқар, күшік итті төрт асылдың біріне санағаны да тегін емес.
Бүркіт баптау, ежелден ептілікті, төзімділікті қажет ететін өте қиын өнер. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Аңшылықтың үміт, қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. ...Бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай шешен сөздер бар. Аңшылық өмірінен ілгері-соңғыдан қалған талай қызықты, жанды, сұлу әңгімелер көп» деп жазғанындай, қазақтың болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі осы киелі Қыранның қасиетімен байланысты. Қарға-құзғыннан қалған жемтікке көз салмайтын, таза өз еңбегімен ұстаған аң-құсының етімен ғана қоректенетін талғамы жоғары, текті құстың иесі өзіне сай келмесе, қайран өмірі босқа өткені де! Сондықтан, қазақта «Ұяда не көрсең, соны ілесің» деген мақал бар.
Осыларды ой елегінен өткізе келе, халықпен бірге жасап келе жатқан қанында бар ғажайып құндылығының хан-төрелердің, би-шешендердің, сал-серілердің көңілін аулап, сейіл құрғызар, сән-салтанатын асырар ақсүйек өнері Шоқан мен Шәкәрім, Абайдай асылдарымыз, Жаяу Мұса, Біржан сал, Мәди, Ақан сері мен Сегіз серілердің, Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезовтей аяулыларымыздың айнымас серігі болған шоқтығы биік мұра екендігі анық.
Туған жерін, еркіндігін аңсаған Иманжүсіптей асқақ әншінің: «Бүркіт ұстап, басыңа бір шығар ем, Көзіме бір көрінші, Ерейментау!» – деп келетін толғаныс тұнған өлең жолдарынан бүркіттің еркіндіктің символы, сері көңілдің серігі екенін анық аңғарамыз.
1980 жылдардың ортасында республикада тұңғыш, Алматы облысында бірінші хатшы Заманбек Нұрқаділов бас болып, Жағда Бабалықұлы, Заманбек Батталханов, Сәрсебек Дәулетбақов, Айтбай Жетібаев, Шәкен және Ахмет Ұзақов, Молдажан, Әбен Тоқтасынов, Байжүніс, Сейітжан Көдеков секілді тәжірибелі ақсақалдар Жалайыр Шора атындағы Бүркітшілер мектебінің негізін қалаған шақта жас та болсам қастарынан қалмай, үкідей ұшып жүретін шынашақтай қызды алды-сексеннен асқан атақты бүркітші аталарым, арты-елудегі сол кісілер ризашылықпен қуанып, ақ баталарын берген болатын. Кезінде республиканың спорт министрі болған Анатөлі Құлназаров, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әкешай Жайлаубеков секілді ағалардың, Елсияр Қанағатов, Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының тұңғыш президенті Қайрат Сатыбалды, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Сабыржан Махмутов, Жамбыл облысындағы «Қауырсын» клубының жетекшісі Жапар Сатылғанов, Ақмола облысы спорт басқармасының басшысы Қанат Ахметов, Қарағанды облысы Шет ауданында алғаш мектеп ашып, Арқаға құсбегіліктің кең қанат жаюына ықпал еткен Тілеуқабыл Есенбек сынды ұлтжанды азаматтардың арқасында ұлттың ұлы мұрасы шет елдерге танымал болды. 2007 жылы Ұлыбританияда өткен «Қыран құс салушылардың дүниежүзілік І-ші Фестивалінде» 13 қазақстандық қатысушылардың арасынан айтулы жиында «Қазақ құсбегілері» атты тұңғыш қазақ тілінде жарық көрген фото альбомым мен фотостенд, сонымен қатар қазақ құсбегілерінің құрал-жабдықтары таныстырылып, саятшылық өнері жан-жақты насихатталды; 2015 жылдың 27-30 қаңтарында арнайы шақыртумен Қытайдың Алтай аймағында «І-ші Қытай-шіңгіл Халықаралық Саят мерекесінің» аясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Қазақстандағы құсбегіліктің дамуы» атты ғылыми баяндама жасап, «Қыран бүркіт» атты үш тілде жарық көрген фотоальбомым жоғары бағаланды; сол жылдың қыркүйек айында Бурабайда Бүркітшілердің ІІ Халықаралық Фестиваліне қатысып, «Құсбегілік өнердегі ұрпақтар сабақтастығы» тәжірибелік кеңесінде де ғылыми баяндама жасалды.
Шет жерде жүрген қандасымыз туралы жақсы хабар, жаңалық естісек, қуанып қалатынымыз рас. Айшолпанның жас та болса әлемге аты әйгілі болғаны біз үшін, әрине, мақтаныш. Алайда, Айшолпаннан бұрын сонау өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап, он бес жылдай бүркітшілікпен айналысқан Қарағанды облысының Шет ауданында тұратын Мақпал Әбдразақова деген кішкентай ғана шәкіртім, қазақтың нағыз қаса сұлу, мінезге бай керемет қызы болды. Әкесі Мұраттың қасынан бір елі қалмайтын, атқа да еркін отыра алатын, қыран құстың да бабын меңгеріп алған сол Мақпалды бағалай алмадық, аудан, облыс тарапынан қолдау болмады, тек айтулы жиын-тойда ұпай жинау үшін ғана Алматы мен Астанаға бір күндік шақыртулардың салдарынан сүйікті ісінен шеттеп қала берді. Одан кейін Алматы облысының Райымбек ауданынан Ақбота Бағашарқызы деген жас қыз да бір-екі жыл әкесінің қасында жүріп, отбасылық қиын жағдаймен әрі қарай ілесе алмай қалды.
Республикада тұңғыш құрылған бүркітшілер мектебінің арқасында, ұрпақ санасынан өше жаздаған құсбегілік өнердің өрісі біршама өсті. Осының негізінде, халқымыздың ұлттық рухы, бабалар аманатының аяқсыз қалмауына қолдау көрсету мақсатында белгілі өнер иесі, әнші, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты болған қоғам қайраткері Нұрлан Өнербай басшылық ететін 2005 жылы құрылған «Қыран Федерациясы Қоғамдық Қоры» ғана әлі күнге қолдан келгенше қазақтың құсбегілік тарихын түгендеуге жанашыр болып келеді. Соның бір көрінісі, биыл жазда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Төле би ауылының аумағында, «Түрген» демалыс орнына жақын маңда «Қыран» дәстүрлі Аңшылық орталығын ашып, мұражай, Қыран құстарды өсіретін питомникті қолға алдық. Бұл дегеніңіз, келешекте табиғаттағы қыран құстардың құрып кетпеуіне ықпал ете отырып, қолдағы барды тиімді пайдалану, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру деген сөз.
Мақсат – қазақтың ежелгі сал-серілер ізін өшірмей, жүйрік атпен, қыран бүркітті қолға қондырып, ұшқыр тазы ерткен өнерлі жандардың қатарын толықтырып, танымдық дүниелер көрсете отырып, жергілікті жердегі ұлттық құндылықтарымыздың шынайы иелері туралы құнды жәдігерлерді жинастыру. Сөйтіп, Жетісу жерінде дәстүрлі «Сонар» Құсбегілер жарысын тек спорттың бір түрі ғана деп қарамай, ұрпақ санасында қалдыру үшін аңшылық, саятшылықты жеріне жеткізе сұлу сөзбен өрнектеген, өзі де бұл өнерді өміріне серік еткен ұлы ойшыл, ақын Абай мен Шәкәрімдер жолымен республикада халықаралық деңгейде «Салбурынды» дәстүрлі түрде өткізіп тұруға қол жеткізу. Атап айтқанда, аң аулау маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегетін, сартабан, сарытұғыр, арқалы, құр, жақсы ат, қыран бүркіт – бәрі бірдей сайланып, аңкөс аңшылар, бапкер құсбегілер, білгір саңлақ саятшылар, аңқұмар қағушылар, ізшілер, тұзақшы, қақпаншы, садақшы, елгезек атшықосшылар бас қосады. Олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос, жадағай қос тігіп жатып, аңшылықтың қыр-сырына қанық болатын Салбурынға шығушылар «Сал-Серілер жолымен» бабадан жалғасқан тамаша дәстүр, айтулы өнерді сақтап қалу.
Көкірегі ояу, көзі қарақты ұлт жанашырлары туған халқының етенеден егізі, жігерін жанитын асыл тасы, қайтпас рухының белгісі –Қыранның қанатын қайырмас деген үкілі үміт алға жетелейді.
Бабалар аманаты қашанда салмақты, әрі жауапты. «Аттың жалында, түйенің қомында» жүрсе де, таза табиғатпен үндестікте өмір сүріп, қанында бар өнерін, қайталанбас қасиетін жоғалтпаған көшпенділердің, Ұлы даланың ұрпақтарына, тәуелсіз мемлекеттің халқы ретінде Аманатқа-қиянат жасамау баршамызға сын болмақ. «Бабын тапса, балапан Қыран болар» деген дана халқымыз.

183 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №12

30 Желтоқсан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы