• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2020

Мен де маңғаз Мағжанға ұқсап отырмын...

Санжар Келекеев

Жазу

 Көп ұрттасам місе тұтпай аз уды,

Алты қарыс ақының ем азулы.

Тəңір мынау маңдайыма жазғанда-ақ,

Мен өмірден үйренгенмін жазуды.

 

Мынау əуен – көңілімнің əуені,

Мынау өлең – өмірімнің өлеңі.

Əуенім де, өлеңім де əдемі,

Бәлкім өлең жазған болар о, мені!

 

Жылағанға арнап жаздым – қуанды,

Құлағанға арнап жаздым – тұра алды.

Жылаған да, құлаған да жұбанды,

Өзім кешіп кете бардым тұманды.

 

Жылап тұрып күлгеніңше жаздым мен,

Құлап тұрып жүргеніңше жаздым мен.

Азын-аулақ өмір кешкен аз күннен,

Білгенімді білгенімше жаздым мен.

 

Сағыныш пен жабығысқа жазылды,

Жазымыш пен озымышқа жазылды.

Көп ұрттасам місе тұтпай аз уды,

Алты қарыс ақының ем азулы.

 

Бəріне де, барлығына жазғанмын,

Мынау баста аз ба қайғы, аз ба мұң?

Мен жазбасам,

Мен жазбасам бір ғана,

Құдай жазған пешенеге жазбадым!!!

 

Көлеңкенің  өлеңі...

 

Аңғалдығы жанымды осатындай,

Апырым-ай,

ақ көңіл осы ақынды-ай.

Ұялының бетіне қарап отыр,

Əлде кімнен қоңырау тосатындай...

 

Айналасын елемес жаны қайғы ə,

Көлеңкесі мен ем ғой,

танымай ма?

Тұнжырайды апыр-ай,

несін сонша?

Несін сонша, батты екен қалың ойға?!

 

Тесірейіп төменге төне көзі,

О, неліктен қашты екен берекесі?

Жазымышын жазғырып іштей ғана,

Жақсылыққа əйтеуір сенеді өзі.

 

Ала ғой деп ұғатын ақ-қараны,

Осы бір жан өзімдей боп барады.

Ұялыға тесілген ұяң ұлға,

Ұяң қыздың жетпес-ау хат-хабары!

 

Əлде біреу смс жазатындай,

Əлде біреу телефон шалатындай.

Əрі қарай білмедім не болғанын,

Батып кетті көгімде жана тұрмай!..

 

Құбылыс

 

Құбылады дүние, құбылады,

Құбылысқа түседі ғұмыр әлі.

Ақандарды зарлатып сөресінде,

Әлі талай Құлагер жығылады.

 

Аспаның да әп-сәтте жылай қалып,

Жатар сол кез жер беті лайланып.

Алатауды кеткенде мұң айналып,

Қаратауды жүреді түн айналып.

(Мұның бәрі әрине Құдайға анық)!

 

Ерейменде мықтаса ер егесер,

Ел намысы сыналса төбелесер.

Батыраштар миықтан күліп тұрып,

Көктұйғындар кердеңдеп сөре кесер.

 

Моладағы асылып айға таға,

Мақау бала боздайды айдалада.

Кеше,

Бүгін,

Ертең де осы бір жай,

Қайталана береді қайталана.

 

Өмір мәңгі басыңда тұрмас күліп,

Не айтайын ендігі сырлас жігіт?

Ақ сақалын жас жуып Ақан отыр,

Анау қырдың үстінде қу бас құшып.

 

Құбылады дүние, құбылады,

Құлагер де, Ақан да туылады.

Батыраштай әйтеуір бассыз кетіп,

Жоғалтпасаң болғаны құбылаңды !!!

 

Жан-жүрек

( двух-тих )

 

      І жыр

 

Қарғам-ау,

Қолаң шашты, қола мүсін,

Бұл шақта бәрінен де бағалысың.

Жарқ етіп жан біткенді жасыттырған,

Сен менің жанарымның жанарысың.

 

Шолпандай толықсыған таңда әдемі,

Шашбаулым шеше көрген арлы әдебі.

Жалпы емес, жалғандағы жалқың едім,

Жаным-ау, жанарыңдай қорға мені.

 

Өзгем-ау,

Ұқсамайтын өзге гүлге,

Бар ғалам өзгерсе де өзгерілме.

Мөлдіреп Көлсайдай тұнып тұрған,

Сен мені жасырып қой көздеріңе.

Бұйығы бір жан едім мұңы басым,

О, соны жалғыз өзің ұғынасың.

Қарғам-ау,

Саусақтарын шошайтып кеп,

Көзімнен көссіз жандар шұқымасын.

 

Осынау бөлек, ғажап, шақта әдемі,

Жанарың іздеп мені тапқан еді.

Ендеше жанарыңдай қорға мені,

Ендеше көздеріңдей сақта мені!!!

 

        ІІ жыр

 

Қарғам-ау,

Түн қарада түнек ішін,

Тіміскіген бір жанды білемісің?

О, сондай жан бар десем күлемісің?

Күлсең күл, күңіреніп күрсінбеші,

Сен менің жүрегімнің жүрегісің!

 

Кеудең күйкі күндерге күрсінбесін,

Жастығыңа түндерде мұң сіңбесін.

Сені сүйген жүрегім соғуда әлі,

Мені сүйген жүрегің дүрсілдесін.

 

Асылым-ау,

Арайлы, ай, күндейін,

Қасіретті болсаң да қайғым мейлің.

Кеудемнің бесігіне бөлеп қойып,

Мен сені мәңгілікке әлдилейін.

 

Кей сәтте у татыған шөлмектейсің,

Кей сәтте сор татыған кермектейсің.

Мен саған у да болдым,

Сор да болдым,

Сонда да жаным мені тербеткейсің.

 

Тербеткейсің, кеудеңнің бесігінде,

О, сол тұсқа жазылсын есімім де.

Жан біткеннен безінген мына маған,

Сеннен асқан жақын жоқ осы күнде.

 

Қарғам-ау,

Ақ жүрегің асыл еді,

Қолдар бәлкім о, бізді ғашық елі.

Жаратқанға қалғанын тапсырайық,

Жүрегіңнің түбіне жасыр мені!!!

 

Ауылға хат

 

Сәлем сәулем, сәл мұңайып, сәл күлген,

Артық болмас жөн сұрасып хал білген.

Ауыл қалай,

Бауыр қалай,

Қал қалай,

Соларды айтшы, соларды айтшы

алдымен?!

 

Білсем болды тіршілігін, тынысын,

Басқасында шаруам да жоқ, жұмысым.

Малын баққан момын жұртым аман ба,

Солар ғана менің жақын туысым.

 

Туыс барда таусылыпты сөз қашан,

Солар жайлы қозға әңгіме қозғасаң.

Ет-жүрегім езілердей қарағым,

Еліме хат, өзіңе хат жазбасам.

 

Несін айтам саған мәлім өз жайым,

Өз жайымды көпіріктеп созбайын.

Одан да сен Алатаудың баурайын,

Мекен еткен қозғасаңшы ел жайын.

 

Көп адасқан ақымақтау ақынға,

Қонатындай сөз айтсаңшы ақылға.

Теріскей мен күнгейдегі ел-жұрттың,

Түтіндері түзу шығып жатыр ма?

 

Кемпірде ақыл,

Көп болғасын шалда ми,

Әр ауылға, әр қонысқа ол да би.

Тауға қарай түре көшіп жазғы ауыл,

Жайлауына қонған болар малдағы үй.

 

Төбе дөңді төл шуласа шу қылған,

Момын малын өріске айдап мыңғырған.

Шопан ерлер ат шылбырын ұзартып,

Дүрбі салып жатқан болар қыр-қырдан.

 

Торы, жирен, ақбозы мен құладан,

Бозбалалар атқа қонса құп алам.

Сыңғыр күлкі бойжеткендер бар ма әлі,

Ай жарықта ақсүйекке шуаған?

 

Бар қызығы бала емес пе фәнидің,

Шамы сөнбей шат-шадыман әр үйдің.

Жас келіндер түн ұйқысын төрт бөліп,

Бесік тербеп жұбата ма сәбиін?

 

Мынау көңіл ел ішіне алаң да,

Уайымдаймын анам, әкем, саған да.

Былдыр тілі балдан көрі тәттілеу,

Балапандар, ботақандар аман ба?

 

Кереге кең, берік тұста босаға,

Қарағым-ау сен мөлтілдеп босама.

Аман ба сол қара көзді қарындас,

Құрбы-құрдас, іні-бауыр, дос-аға,

Аман ба сол арқа сүйер ата-ана?

Соларды ойлап мұңға толып жанарым,

Алыс жаққа көзім сүзіп қарадым.

Білмеймін ғой баста бағым тұрса егер,

Алып ұшып ауылға да барармын.

 

Сау бол енді, сөзім тәмам, о, құрбым,

Сорым болса сорлатқаны соқыр мұң.

Ананы ойлап,

Мынаны ойлап,

Мұңданып,

Мен де маңғаз Мағжанға ұқсап отырмын!

 

Батаңды бер!

 

Тасып жатқан өзенге айтар бәлкім,

Құм қылма деп қынжылып таста сырын.

Асқар шыңды көзге іліп байқамақ кім?

Көрсетпесе аспанмен астасуын.

 

Сонау көкке бір күні жақындармын,

Түрім емес бұл менің астамсыған.

Мен кешегі адуынды ақындардың,

Лентасымын үзілген таспасынан.

 

Солар өткен сан қилы асулардан,

Өту үшін жол тарттым, төтелеттім.

Бізге жеткен байырғы ғасырлардан,

Ақындарша мен де енді от өрмекпін,

Парызымды өлеңмен өтемекпін...

 

Өлең үшін өмірге жаратылғам,

Шыным осы, көктегі  Алла білер.

Қанатынан жыр бүрксе, бала қыран,

Дархан көңіл, қазағым, батаңды бер!

 ***

Көмейімде көптен бері көмескі үн,

Белгісізбін, білмей мені әлі ешкім.

Қанат қағып қиырға ұшқан қыран да,

Мұзбалақ та, ақиық та емеспін.

 

Қанатым жоқ!

Қанаттылар не теңім?!

Көргем бірақ қырандардың мекенін.

Қауырсыны болар ма едім солардың?!

Жетер жерге желмен ұшып жететін.

 

Армандайсың, батасың да әр ойға,

Арман керек, әр пендеге, адамға.

Арман менің – асқақтаған шабытым,

Армансыздар қанаттана алған ба?

 

Қара далам – қасиетті қазығым,

Қайтпек керек?

Қажыдым ғой, қажыдым.

Қыран болып бір қалықтай алмасам.

Қарғам деші, мен соған да разымын!...

 

Ана...

 

Мен секілді қайыр таппай мына елден,

Мың күрсініп, мың қайтара түнерген.

Жаным Ана, мына жарық жалғанда,

Сенен асқан жан жоқтығын білем мен.

 

Сенде ғана жылылық пен ұлылық,

Жастайымнан өскем оны ұғынып.

Анашым-ау, арсыздардың есігін,

Қаға берме қайта-қайта жүгініп.

 

Құлақ салшы құлыныңа, есті үнге,

Босқа өкпелеп қайтеміз бұл бес күнге.

Ақ сүтіңді ақтамаған мен үшін,

Жалбарынып, жалынбашы ешкімге.

 

Айым Анам, Күнім Анам, Жан Анам,

Қашсам-дағы құтылмадым жаладан.

Тек шындықты сүйіп едім амал не,

Дәл сонымды көп көріпті бар адам,

Дәл сонымды көп көріпті Тағалам.

 

Амал қанша көнгіш кеудем көнеді,

Көпіргіштер заманы ғой себебі.

Қисыны бір келмей қойды қайтейін,

Болмай-ақ жүр шындығымның дегені.

 

Ару Анам, Дәру Анам, Әз Анам,

Қорыққан емен, қорықпаймын жазадан.

Жалалы боп нақақ күйді демесең,

Ақын дейтін-күнәлардан таза адам.

 

Саған да Ана,

сол қайғы ғой, сол қайғы,

Маған да Ана, осы қайғы зор қайғы.

Жаным Ана, оны қойшы жалғанда,

Сендей ешкім бола алмайды, болмайды.

 

Тұнық тұма...

 

Тұнық өлең...

Жазған ару мен сізге құнығып ем.

Біздің дастан басталмай аяқталады,

Неліктен ғұмыры кем?

 

Біле алмадым...

Білер болсаң айтшы өзің шынар бағым?

Айыбымды алдыма тізе салшы,

Кінәм жоғын білмеймін, кінәм барын.

 

Жыр аруым...

Жыр жазғаным бекер-ау сірә, бүгін.

Ғашық болып абайсыз ғашық етсем,

Бәлкім, мен кінәлімін...

 

Ия, мүмкін айыптымын,

Керек сәтте қасыңнан тайып тұрдым.

Ақталғаным алдыңда бекер, бекер,

Құшағыңды ашпассың жайып құрбым...

 

Сендік адам...

Өзге болса оған да көндіге алам.

Күндіз күнің, ал түнде айың болып,

Оралуға хақым жоқ енді саған...

 

Тұнық тұма...

Лайланатын кезі бар тұнықтың да.

Санаңа жүк түсіріп кетіп ем ғой,

Сен мені ұмытсаңшы, ұмыттың ба?

 

Күйінгенім...

Тоқсан ауыз сөзімді түйіндедім.

Басы тәтті басталған,

Ей, махаббат,

Ей, махаббат,

Соншалық қиын ба едің?!

 

Ақындар үні...

 

Жанары мұңлы шайыр біткеннің,

Жүректерінде арыз бар еді.

Мұзбалақ ақын қайыр күткесін,

Мұң шағып тұрып Фариза деді...

 

Фариза деді,

бар сырын айтып,

Жан сырын айтып егіліп тұрып.

Сондықтан оған тақпаңдар айып,

Жүрді деп босқа серілік құрып.

 

Ақындар үні,

Ақындар мұңы,

Деген де жаным сұраққа бөгер.

Роксана деген Хафиздың жыры,

Байырдан бағзы құлаққа келер.

 

Өткеннің бəрі сананы қажап,

Маздатты-ау отты қоздатты-ау.

Сұлудың Хафиз меңіне ғажап,

Жанында қия жаздапты-ау.

 

Мəжнүндер мұнда жетіп артады,

Махаббат болған аурасы.

Атақты ақын Петрарканы,

Ақын да қылған Лаурасы.

 

Жаралған таза арай да нұрдан,

Ақынның адал, ақ жаны.

Абайды бізге Абай да қылған,

Қаракөз ару Тоғжаны.

 

Пушкин де сонау Наташа десе,

Аруы шығар ойдағы.

Шатаса берсін, шатаса берсе,

Жұматай сүйген Лəйлəні.

 

Менің де музам, əсілі қайғым,

Жанымды кеткен тілімдеп.

Естімес пе екен есімін айттым,

Ішімнен ғана күбірлеп...

1105 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы