• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2020

«Жаңа толқын – жас толқын» немесе «Жанартаулықтар» жайлы айтсақ...

«Ақындардың түрі көп. Әрқайсысының табиғаты басқа-басқа. Біріне-бірі мүлде ұқсамайды. Олардың бірі – бауырын жазып көсіліп шабатын ұлан-ғайыр кеңістіктің ақыны болса, екіншісі – қыран қанаты тасатын шырқау биіктің, үшіншісі – тылсым тұңғиық тереңдіктің ақыны боп келеді. Олардың бер жағында адам жанының құпия қыл ішектерін қозғайтын немесе махаббат тақырыбына бейім, сондай-ақ табиғатты тамылжыта жырлауға құмбыл ақындар қаншама. Әрқайсысы бөлек-бөлек дүние, әрқайсысы бөлек-бөлек әлем».

Темірхан Медетбек

Олар – алдыңғы толқын ағалары мен апаларынан бата алған, өлеңдерінен қайраттанып, жігерленген, намысты, адуынды толқын.

Олар – өздерінің өте нәзік те өр, көп күлбілтелемей айтарын тура айтса да, жаныңды жарылқар мұңды да ұяң нұр дарыған жырларымен келген жаңа толқын.

Олар – өздерінің арман-аңсарын, көңіл түкпіріндегі назды сырларын, сенімі мен үмітін, балалығы мен балаңдығын, жастығы мен жұмбақтығын, қуанышы мен мұңын, махаббаты мен үркек сезімін құдіретті поэзияға сыйдырған, өлең арқылы жеткізген жас толқын.

Олар – ойлы жанарына бүкіл әлемді сыйдырған «Жанартау» толқыны.

Бүгінгі «Жанартаулықтар» – олар: Мұхамбетберді Сүйітов, Еділ Бекмұратов, Гүлсім Дүйсенбаева, Асылбек Сүлеймен, Сандуғаш Шортанова, Асылбек Жаңбырбай, Фархад Мұсаев, Айзада Серікбаева, Бақтыбай Жайлауов, Райхан Қуанышева, Марина Амандықова, Клара Жайлыханова, Әлібек Өтенбаев.

Ақындардың көркемдік шеберлігі мен поэзиялық мәдениетінің деңгейін танытатын көрсеткіштердің ішіндегі көрнектісі – бейнелеу құралдары болып табылады. Асылбек Жаңбырбайдың тіліндегі психологиялық иірім, Гүлсімдегі тереңнен ойлау, Мұхамбетбердідегі өрелі талғам, Асылбек Сүлейменовтегі өршіл пафос, Бақтыбайдың тіліндегі  магиялық үйлесім, Фархадтағы кербез, сырлы сурет, Райхандағы нәзік сезім, Еділ жырларындағы ұлттық сипат, Әлібектегі зеректік, Кларадағы балғын сағыныш – ақындардың қазақ өлеңінің жаратылыс болмысын қалыптастыруда өзіне тән өрнек, өзіндік тәсіл табуға деген ізденісін танытады.

Барлық ақынға тән ортақ ерекшелік, үндестік – көмекей жырдан дәмелену, ата-бабасынан, туған жерінен күш-қайрат алу. Өзгешелігі – ақынның біріндегі ой екіншісінде қайталанбайды. Сөз, ой, дыбыс қайталаушылықтары кездеспейді.

Ақындарда басты тақырып – туған жер, мекенге деген сағыныш сезімі. Еділдің «Қазыналы өлкем Маңғыстау», «Мен боламын Отпандағы дегелек», «Желтоқсан» өлеңдерінде туған жер тақырыбы қозғалады. Туған жерге деген осыншалық  арман аңсар оны үнемі алға жетелейтін күш. Еділдің өлеңдерінен дәстүрлі Батыс өлкесі ақындары Қалнияз мен Нұрым, Абыл жырларынан рухтанған ерлік үні сезіледі. Нақыл сөздерді, афоризмдерді қолдану – Еділ өлеңдерінің ұтымды жағы.

Жеті бұлбұл, жеті қайқы ән салып,

Ел жадында жеті нандай сақталған.

Еділдің жырларында жергілікті колорит үйлесімді сақталған. «Туған ел деп боздап жүрген бота», «Шыныменен болмағанда желтоқсан// Жойылар ма ек қайнап ұшқан будай боп», «Желтоқсанда шықпаса егер жастарым // Біз ендігі жоқ болар ма ек жоңғардай» тәрізді сөз айшықтауларынан – Желтоқсан жастарының ерлігінен қуаттанған, бүгінгі елдігіне сын көзбен қараған ұрпақ үні естіледі. «Қазыналы өлкем Маңғыстау» өлеңі таныстыру мақсатында жазылған. Маңғыстауды сұлу қыз, мәуелі баққа теңеу бар.

Қазына деп айтқаным ол шалдарым,

Шалдарым деп айтқаным ол ар жағым, – деген жолдарда градациялық (дамыту) тәсілі қолданылған.

Фархад өлеңдерінің  негізгі лейтмотиві – ауылды сағыну, туған жерге деген ыстық сағыныш. Фархадтың жырлары Маңғыстаудың өткені мен бүгініне шолу жасаған Сәттіғұл мен Түмен жырларына сабақтасады. Бір ерекшелігі, Фархадтың өлең шумақтары интонациялық сарынға, яғни музыкалық екпінге құрылған.

Жігіттер бар, жігіттер бар ол жақта

Қара нары абырой мен намыстың.

...Ауылға бар, ауылға бар, достым-ау,

Адалдықтың патшалығын іздесең.

...Ауылға бар, ауылға бар, бауырым,

Көргің келсе сұлу сөздің дидарын.

Фархад – айтыс ақыны. Сондықтан мұндай қайталамалардың кездесуі заңды. Бұл қайталамалар өлеңнің мазмұнын тереңдету, оқырманға ой тастау үшін әдейі алынған деп ой түюге болады. Фархадтың 8 шумақ өлеңінен тұп-тұтас шағын елді мекеннің күнделікті тірлігі көз алдыңнан өте шығады.

Алып қашу дәстүрі де сақталған,

Ол ауылда ағам менен жеңгем бар,

Үйленген соң махаббаты басталған, – деген ойнақы жолдар өлең әсерлілігін арттыра түседі. Бас-аяғы бүтін өлең. Ақын қорытындысы біреу:

Бір білгенім-қала жақтың мың күні,

Бір күніне жетпейді екен ауылдың.

Нағыз қазақы психология. Жүрегі «ауылым» деп соғатын әрбір қазақтың жүрек түкпіріндегі сезімін дәл тауып айтқан.

Ұйқас – өлеңнің басты компоненті. Фархадтың ұйқастары жалаң емес, өлеңнің ішкі мазмұнымен туыстық тапқан ұйқастар. Туған жер тақырыбынан сәл ойысып, сезімді жырлаған Фархадтың «Кей сәттері шын сүюге қорқамын» атты өлеңінің астарында үлкен базына сыр бар. Арманда өткен ғашықтардың мұңды халін бере отырып, ақын махаббат атты ұлы сезімнің алдында қорқыныш танытады. Астарлы ой негізінде Қозы мен Баянның, Төлеген мен Қыз Жібектің шынайы сезімі мен бүгінгі жастардың арасындағы  махаббат мәселесін салыстыру бар. Осылайша ақын «кей сәттері шын сүюге қорқамын» дегенде өзінің ғана емес, тұтас ұлтының қамы үшін, болашақ ұрпақтың  гумандық, моральдық тәртібі үшін жауапкершілік болса ғой деген ниетін де сезіндіріп қояды. Бір ғажабы, Фархадтың  өлеңдері астарлы сөзбен басталып, салмақты ой тастайды.

Бірақ-тағы қалт етпеді бір нәрсе,

Ол – махаббат ұстап тұрған ғаламды.

Ақындардың тақырыптық арнасы сан алуан. Клара мен Әлібектің өмірдің өтпелілігі турасында жырлаған өлеңдерінде жабырқау мұң бар.

Кларада:

Жақсын, жақпасын дүниенің құны

бір тиын,

Жүрген соң мынау бес күнде

бәрін сағынып.

Жақсын, жақпасын, айттың, айтпадың тәрізді контрасты ашық антонимер арқылы берілген. Дыбыс қайталаушылықтары – аллитерация қолданылған. Көшкі күн, ертегі өмір, ертегі елес тәрізді сирек ұшырасатын метафоралы тіркестер кездеседі.  

Адам баласының өміріндегі аяулы жандар – ана мен әке тақырыбына арналған жыр топтамалары да кездеседі. Сандуғаштың «Кешір, апа» өлеңінде анаға сыр ашу үлкен ойға құрылмаса да, сезіммен өрілген. Гүлсімнің «Әке» атты өлеңінде ұйқастарды талғампаздықпен алу, өлеңге образдылық дарыту ерекше байқалады. Таңдаған өмір жолының сүрлеуін оқырманға жеткізеді.

Отырмын. Жо-жоқ, ұшып жүр жаным...

Көктемін.

Өмірде әлі алар-берерім көп менің.

Шаттансам шалқып, шаршы әлем кетер

 шарықтап,

Шөлейтке жауған асыр да тасыр

 төкпемін.

Жырға құмартқан, ынтығы – жыр болған ақын қыздың кептер жырларының, жалт еткен нұрлы ойының әлі де талмай қанат қағуын тілейміз.  

Мазасыз мақсатты өрімдей жырына өзек етіп келе жатқан жастарымыздың бірі – Бақтыбай Жайлауов. Ойлы жанарына тұнған сыр өлеңдерінің бойына да үйіріле қалыпты. Жастық шақ, көңіл, табиғатпен, ақын рухымен тілдесу сезімдерін құбылта шертеді. Байқағыш, сезімтал Бақтыбай жырларында кейіптеу тәсілі оңтайлы қолданылады. Аспан, жер, найзағай, түн, күн, күз, ағаш, теңіз, жаңбыр, құстар – оның өлеңдегі серігі. «Күн астындағы Күнікейіне» қол жетпей табиғатқа сыр айтып, өзінің сезім тылсымын бейнелеп жеткізеді. Табиғатпен жан толқынысын қатарластыра беру – өлеңнің идеялық көркемдігін арттыра түседі.  Машықкерлік емес, образды ой табу, кәсіпқойлық емес, жырдан ләззат алу, рахат табу – міне, жас ақынның басты кредосы.

Ғаріп күйде орнатар басқа бақ тегін,

Алтын балық аңсаумен өтіп сәттерім,

Қалам-қармақпен отырам кейде ой аулап,

Теңіз-өлең дәптерім.

Осы бір шумақтың өзінен-ақ жанды сурет түзіле қалады. Бір қарасаң образды ой, бір қарасаң алтын балық аулаушы. Бүкіл өлеңнің болмысын ашып, жан бітіріп тұрған қорытынды шумақ.

Самұрық құс құныкер досым бар менде,

Тұтатсам қылын ұшып жетер бір демде.

Аспан асып кетсем деп едім, ол дағы

Келмей қойды жәрдемге.

Поэзияда қыран, сұңқар құсты алғыр, қайратты қырағы адамдардың көркем бейнесі етіп алады. Бұл дүниежүзі әдебиетінде алғырлыққа ортақ символ сияқты болып қалыптасып кеткен. Поэзияда тақырып таңдау, оның тереңіне бойлау, құбылыстардың ішкі қабаттарына барлау жасау, олардың әлеуметтік-эстетикалық мәнін ұғыну, образдық-бейнелілік құралдар жүйесін әсерлі құру қиялға негізделеді. Бақтыбайдың да ақындық фантазиясы жаңа тың ойларға жетелейді.

Табиғатпен үйлестік іздеп, сезім гармониясын құрау Райханда да кездеседі.

Шілдедегі шарпыса молынан леп,

Найзағайсыз кей-кейде торығар көк.

Мен де жүрдім селдеткен сезімдермен,

Ақ махаббат бір күні жолығар деп.

Дыбыс үйлесімі, яғни инструментовка жақсы сақталған. Фонетикалық және стилистикалық мән-мағынасына сай, әр сөз өлеңге жағымды тембр, эмоциялық бояу, нәр қосып отыр. Адам психологиясының түрлі иірімдерінен хабар беретін шумақтарда –  іздеу, күту, жабығу, кездесу, кешігу – бәрі бар. Реалистік психологизмге құрылған өлең деуге болады. Бақтыбай мен Райхан өлеңдеріндегі жан дүниесінің ішкі әлемін табиғат, жаратылыс көріністерімен астастырып, сабақтастырып, тұтас бірлікте алудан сапалы психологиялық егіздеу жасалынған. Енді бірде ақын:

Теріс қабақ тағдырым танытқанда,

Жан жүрегім жабырқап жабыққанда.

Шіліңгірі шілденің өзекті өртеп,

Жырақтадым шау тартқан

шабыттан да.

Махаббатына әлі жолықпаған жабырқау ақынның мұңы. Бірақ басқа мұң. Шабыттан қашқан ақынның көңілі «жаймашуақ күзде кіріп келген» бейнемен бірге өзгере салады. Ал табиғатпен етене сырласқан Мұхамбетбердінің «Күзгі қоштасуында» күз – маусымдық  ерекшеліктен гөрі адамның сезімін аңғартады. Күз, қоштасу, жанып біткен шылымдай күл сезім-күзден бақытын күткен ақынның сезімі астан-кестен. Күзге тіл бітіріп, оған бұйыра тіл қатады: Бақытымды қайтар күз! Өлеңнің мәнін ашып тұрған, ерекше экспрессия қосып тұрған  – осы соңғы тармақ. Мөлтек сыр, тұнған лиризм, оқырманның жүрегін дір еткізетін мөлдір жыр.

Балалыққа әсем саяхат Асылбек  Жаңбырбайдың өлеңдерінде жасалады. «Тандыр нан». Өлеңде көркемдік айшықты сөздердің көп болуы, суреттемелердің қалың, бояуының қанықтығымен қатар қарапайымдылық, ықшамдылық та жарасымды. Бір ғана деталь –  тандыр нан арқылы ақын оқырманының алдына балалық дәуреннің, ауыл баласының «тәтті» балғын тірлігінен суретті картина түзе қояды.

Тағдырдан көрсем де қаттылық,

Сәттер көп санамда жаңғырған.

Балдарым жесін деп, тәтті ғып

Пісіріп беруші ең тандыр нан.

Керемет астарлы сөз болмаса да, тілі қарапайым, оқуға қызық, есің кетіп, балалығыңа елтисің. Өлеңде балғын балалықпен қоса мұң да бар – жүректегі сағыныш, көңілдегі жетімдік, жеке мұң.

... Нұр төгіп толған Ай тұр көкте,

Тандыр нан сияқты сап-сары.

Сап-сары тандыр нан, Нұр төккен Ай – ақынның өз бояуы.  

Қуанасың, ананың ыстық жылуына ерисің, қызығасың, бір сәтке көңіліңе кірбің аласың да қайтадан жадырап шыға келесің. Міне, қаншама көңіл толқыныстарын кешесіз!

Ақынның ұйқы көрмей жыр күзетуі қандай табиғи болса, Мұхамбетберді мен Маринаның жырында да өлеңге табынушылық, түннен шабыт тілеу сондай жарасымды өрілген. Мұхамбетберді:

Соқыр шамның сәулесі әлі өшкен жоқ.

Мен отырмын әсер алып кештен көп.

Мынау ауыл ұйқтап қалған,

тып-тыныш...

Ал көңілім тырналардай көшкен кеп, – деп түнді жырына серік етсе, Марина өлеңімен бірге өмір кешеді. Сырласады, күйінеді, сағынады, қуанады, жылайды – түрлі эмоциялық әсерге беріледі.

Қасқайып тұрам қайғыны жеңіп,

Қамықпай қарсы ап қиындық мұңын,

Өйткені өрт боп өлеңім келіп,

Қайтарып тұрад тағдырдың сынын.

Асылбек Сүлейменовтің «Жырлап қал» өлеңі моноритм – өлең ұйқасын көптеген тармақтарда өзгертпей сақтап қалу, ұйқасатын сөздерде жасандылық болмай, әдейілеп тізіп қойғандай көрінбей, ұйқас сөздер мейлінше еркін алынып, өзінің табиғи келісімімен үндесіп жатады. Өмір сыры, өткінші дүние, жастық ғұмыр, ертеңгі болашақ – өлең шумақтарына үндесе жымдасқан. Өлең шумақтарын оқып қарасаңыз – тілі қарапайым, бірақ шағын тармақтарда үлкен ой айта білу – оңайлық емес.

Асылбектің «Екінші өмір басталды» атты арнау өлеңі өмірден озған ақын Амангелді Бұғабаевқа арналыпты. Өлеңде жоқтау элементтері кездеседі.

Өлең ғана өлмейді, ел кезіп жүр

Аға, сенің арғымақ жырларыңда.

Астарлы, символмен ой айта білу – Асылбек қаламына тән.

Бүгінгі жыр керуенінің бастау-бұлағының бірі – жергілікті ақындар сапы. Сабыр, Светқали, Рахат, Есенғали, Анар, Мэлс, Нұрланның ізін жалғаған көш керуен «Жанартаулықтарға» дария білім, үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбек сияқты ұлы қасиеттер тілеймін.

Анар Бүркітбаева,

Ш.Есенов атындағы  Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, қазақ филологиясы кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

 

977 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы