• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2020

Өмір мектебі

Шаш тарап, айна алдынан әдеміліктің сырын іздей бастағанымда әжем үнемі бір сөзді жиі қайталай беретін. «Қыз баласы жиырма жасқа толғанша бір ер азаматтың етегінен ұстауы керек. Қызмет, билік оның отбасына айналады. Жиырма бестен асқан соң әйел жіберген, әйелі өлгендер кездесетін болады. Сұлулықтың да өңі тозады... » – деп. Іштей өкпелеп қалатын едім. Бұл сөздің құпиясын ес білгенде түсіндім. Бұл туралы кейінірек...
Өткен жолы көгілдір жәшіктен «Қосылайық» бағдарламасын көріп қалдым. Еліміздің әр өңірінен хабарласып, бағдарламадан көп мағлұмат алып, тәрбие жөнінде көретіндерін айтып, алғыстарын білдіріп жатыр. Мақұл делік. Сондағы өрімдей он тоғыз, жиырма жасар қыз балалар ажырасып, баласы барын, екінші жартысын іздеп келіп жатқандарын айтады. Сосын ол жер танысу алаңы емес, ұрыс ортасы дерсің. Беттен алып отырған бүлдіршін қыздардың қылығы шынымен қарын аштырады. Тағдырдың лебі, заманның желі кімді болсын қайда әкеп соқтырары белгісіз. Отбасының қалыптасу кезеңдерінің өзі түрлі бөлімдерден тұрады. Екі әулеттің екі баласының бір шаңырақ астында шат-шадыман ғұмыр кешуі үшін «тәйт» дейтін үлкендер, «сабыр» дейтін жеңгелер керек. Қазақтың тектілігінің төресі де осы. Әкенің қабағынан, ананың сабырынан қорқатын біздің ұрпақты әлеуметтік желі жеңді. Бұл жерден адам өз өмір сүруіне қажетті көп нәрсе алуына болады. Бірақ бейнетке жегілмей, жеңілдің үстінен үміттенетін жастардың ой-өрісі де бір күндік қам-қарекеттен аспай жатыр. Бұл – барлығы осылай деген базынамыз емес. Таланттарымыз бен талаптыларымыз жетерлік. Бір-бірін білу үшін, «болмаса да ұқсап бағу үшін» еліктемейтіндері көңілге көлеңке түсіреді. Менің бала кезімнен кешігіп жүру әдетім болатын. Үйіміз мектептің жанында болса да кешігіп келемін. Сегізде басталатын сабағыма алтыда оянып алсам да, өзгеріссіз сол уақытта барамын. Әжем мен атам жыл сайын ораза ұстайды. Кейде рамазан айы болмаса да ауыз бекітетін кездері болатын. Діннің қадірін сезінбесем де бала пейілмен сәресі сәтіндегі дәмді астарды елестетіп бірге оянатынбыз. Бір жағынан ұйықтап қалмай мектепке де ерте барамын деймін. Күн шықпай оянсам да, күн шыққанда сабаққа барамын. Мүмкін, сол кезде бұл салғырттықтың орнын оңалта білсем, қателікке бей-жай қарамауға бейімделер ме едім деп ойлаймын. Бір маңызды шешімнің соңына дейін жеткізгенім жетістігім болды. Он тоғыз жасымда ер азаматымды жолықтырып, тұрмыс құруға келісім бердім. Алып-ұшып жүрген көңіл мен қызуқандылыққа бей-жай қарап, еркіндігімнен қол үзе салуым оңай болған жоқ. Бір ғана сөз адамды тоқтата алады екен. Бір ғана көзқарас тәубеңе тереңдетеді. Қарама-қарсы отырған жиырма бес жастағы жігіттің «Сіз менің анама ұқсайсыз...» деген сағынышы елжіретіп жіберді. Ер жігіттің сол сәтте тауы шағылып, шөгіп кеткендей көрінді. Еркелеп жүргенім, қыздарға тән жасандылығы мен шынайылығы аралас қылық шығаратыным бәрі шәйіліп кетті. Мен оның көзінен мұң жасап алып, іштей өз мейіріміме дөңгелетіп әкеттім. Әжемнің аялы алақаны, ақылы, аппақ жаулығы көз алдыма көлбеңдей кетті. Сенесіз бе, Алладан осы жігітке жар етуін тіледім. Махаббат па, сүйіспеншілік пе, ажырата да алмаған болармын. Бірақ оның анаға деген сағынышын, ол жанның әр әрекетін әдемілеп айтатын сәттерін құрметтедім. Қазір ана болғанымдағы сезінгенім, балама әжемнің кейбір сөздерін айтып отырады екенмін. Үй тіршілігінде де сол бір асыл жанның қимылы менімен ілесіп жүреді. Тұрмыс құрғаннан кейін ауылды сағынып, жалғыз өзім барған едім. Әжем айналып-толғанса да ішкі түйткілін жасырмады. «Жалғыз өзің босаға аттаған жеріңнен ұзап, төркініңе келме. Қазаныңнан алыстасаң ырысың кетеді, періште қашады...» – деді күншуақта отырғанымызда. Мен ол өңірдің орысшалау салтпен жүретінін, орамал тақпайтынымды, кейде шәй құймайтынымды айтып құйқылжыта бастадым. Сонда: «Қой, шырағым, менің сүйегіме таңба салма. Сәлеміңді сал, орамал сені жын-періден сақтайды. Ертең жинал да еліңе тарт!» – деген еді. Сәлем салуым жиілеп, біртүрлі өзімді де жақсы көре бастадым. Иілу деген имену емес екен. Сыйластығыңның сыйын арттыра түскендей ғажап. Отбасы деген нәзік әлем, көзге көрінбейтін жіп секілді. Оның қай жерден, қалай шытынайтынын білмейсің. Өз ұрпағыңа салауатты өмір сүргізуің үшін өз мектебің дұрыс болуы керек. Бұл барлығы әже мен атаның айналасынан шығу деген ұғым емес. Оның үстіне біздің замандастарымыз тұңғышын кемпір-шалға беру түсінігінен аулақ. Бұрын жеңгелеріміз біріншіні атасы мен енесінің атына жазып беруші еді... Бір оқиға ойыма оралып отыр. Менің әкем тұңғыш болғандықтан атасы мен әжесі шарана кезінен бауырына басқан екен. Құжат бойынша да сол кісілердің атында. Анасы баланы көру үшін түн ауа терезе жақтауынан сығалап кететінге ұқсайды. Жылап жатқан даусын естіп, ақ сүті иісе де есіктен аттап кіруге батылы бармағанын айтқан. Өмірден өткенше «балам» деп айта алмай кетті. Қасиет пе, қасірет пе? Оның әрекетінде сол әулетке деген құрмет, үлкен кісілерге деген ілтипат жатыр екен ғой... Әрбір адамның өз танымы жан-дүниесінің мектебі. Ол көру, сезіну арқылы дамиды десек, заманауи әдебиет пен басылымдар арқылы да жетілдіруге болады. «Отбасы шағын мемлекет». Олардың өз құпиялары мен арман-мақсаттары болады. Мемлекеттің тетігін осы отбасы деген ұлағатты ұядан өсіп келе жатқан ұрпақтар толтыра алады. Татулықты, достықты, жанұяның рахатын бүлдіршіндердің күлкісі ғана біріктіре алады. Күлкілер мен қиялдарға қылау түспесе екен.

Динара Мәлік

1321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы