• Қоғам
  • 30 Қазан, 2020

Жемқорлықты қалай жоямыз?

Кез келген мемлекеттің ілгері жылжуына кедергі келтіретін бір-ақ нәрсе бар. Ол – жемқорлық. Бүгінде мемлекеттік жүйені жайлап кеткен қоғамдық дертпен күресу оңайға соқпай тұр. Себебі, біздің елімізде жемқорлық – қоғамдық санада руханилықтан гөрі, материалдық игіліктердің басымдық алғанын көрсететін қауымдық дағдарысқа айналды.

Азаматтардың кейбірінің ұғымында сыбайлас жемқорлық үйреншікті іске, ал біреулер үшін зәру мәселелерді заңды айналып өтіп шешудің тәсіліне айналды. Мәселен, Transparency International жемқорлыққа қарсы күрес қозғалысының мәліметінде, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі жөнінен Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 114-орында тұр. Ретімен айтсақ, алғашқы ондыққа Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия, Сингапур, Швеция, Швейцария, Норвегия, Нидерландтар, Германия, Люксембург елдері кірген. Бұрынғы посткеңестік елдер арасында ең жоғары нәтиже Эстонияда – 18-орында тұр. Одан кейін Литва (37-орын). Сондай-ақ, бұрынғы одақтастардан біздің алдымызда Грузия (46-орын), Латвия (48-орын), Беларусь (67-орын) елдері тұрса, бізден кейін кестеде Молдова (120-орын), Әзербайжан (126-орын), Қырғыз Республикасы (128-орын), Украина (129-орын), Ресей (144-орын), Тәжікстан (156-орын), Өзбекстан (157-орын), Түркіменстан (167-орын) елдері орналасқан. Бұл рейтингідегі орнымыз қазірше көңіл көншітпейді. Себебі, еліміздегі жем-қорлық деңгейі алға жылжуға мүмкіндік бермей, аяққа тұсау болып тұрғаны анық. Әрине, аз болсын, көп болсын, жемқорлық әлемнің барлық елінде кездесетін нәрсе. Тек сонымен күресу пәрменділігі әр елде әртүрлі деңгейде. Бір елдер оны болдырмау үшін қатал салық жүйесін қолданса (мәселен, АҚШ-та), кейбір елдерде жемқорларды қатал жазалайды (Иран, Сауд Арабиясы, т.б.), кейбір елдер тіпті өлім жазасына кеседі (Қытай).
Тіпті, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты қолға алынып, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұзақ мерзімді стратегия қабылданған болатын. Ол ол ма, мемлекетіміз жемқорлыққа қарсы заңды бірінші болып қабылдап, халықаралық конвенцияға кірген кезден бастап алдын-алуға кіріскен еді. Соған қарамастан әр жемқорлық іс-әрекеттің ізі суымай жатып екіншісі, үшіншісі тіркеліп үлгерді. Қайтпек керек?
Бүгінде жемқорлықпен күрес күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Әсіресе, мемлекеттік басқару құрылымдарындағы лауазымды қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастың пайдасы мен мүддесі үшін пайдалануы – қауіпті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Кеңесте Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтқан. «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр», − деген еді Президент.
Жоғарыда аталған кеңестен кейін Президент Twitter әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында «Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырдым» деп жазды. Президенттің жоғарыдағы мәлімдемесі елімізде жемқорлықтың асқынып кеткенін және кінәлілердің тиісті жазасын алып, рухани індетті түп-тамырымен жоюға арналған шаралардың өз дәрежесінде орындалмай жатқанын айқын көрсетіп тұрған жоқ па? Шын мәнінде, қызмет бабын асыра пайдаланып, жемқорлықпен ұсталғандарға, әсіресе, шенеуніктерге неге рақымшылық жасалуы керек? Ондай жағдайды көріп отырған басқалар да пара алып, сотталғаннан кейінде рақымшылыққа ілініп, құтылуға мүмкіндік бар екен демей ме? Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баяндамасында жемқорлық салдарынан Қазақстан экономикасына жыл сайын 3,8 млрд доллар шығын келетіні нақты деректермен көрсетілген еді. Ал ол еліміздің жалпы ішкі өнімінің 2 пайызына тең екен! Рақымшылық − жемқорлықпен сотталғандарға арналған ба? Кейбір лауазымды тұлғаларға қатысты шулы сот процестері өтіп, кінәсі мойнына қойылып, біраз жылды арқаласа да, кейбірі аз уақыттан соң рақымшылыққа ілініп, мерзімінен бұрын босап шығады. Неге? Рақымшылыққа ілінетіндей кінәсі аз болса, неге ұзақ жылға сотталған?.. Елімізге белгілі кейбір тұлғалардың істі болуы процесіне көз жүгіртсек, небір таңғаларлық жайттарға куә боламыз. Кейбірінің жымқырған немесе талан-тараж қылған қаражаттарының мөлшері адамды таңғалдырады және көбісінің түрлі себептермен мерзімінен бұрын қамаудан босауы тіптен қызық.

Ұзақ жылға сотталып һәм мерзімінен бұрын босағандар

2011 жылғы тамызда Қазақcтан Денсаулық сақтау экс-министрі Жақсылық Досқалиевке пара алды деген айып тағылып, сот оның мүлкін тәркілеп, 7 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуге кескен еді. Бірақ оған 2012 жылы рақымшылық жасалып, мерзімінен бұрын босап шықты. Ол 65,1 млн теңге пара алғаны үшін сотталған болатын. 2013 жылы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің лауазымды қызметкері, генерал Алмаз Асенов 200 мың доллар пара алды деген айыппен 11 жылға сотталып, 3 жылдан соң бостандыққа шықса, бұрынғы Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов 80 мың доллар пара алғаны үшін 10 жылға сотталып, 2 жылда түрмеден босап шықты. 2014 жылы жемқор деген айыппен Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев 5 жылға сотталып, бір жарым жылдан соң босап шықса, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та 3 жылға сотталып, бір жарым жылдан соң түрмеден шықты. Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева да сол жылдың басында 700 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген айыппен істі болып, 7 жылға сотталса, 4 жылдан кейін босатылған. 2014 жылы 6,9 млн теңге, 100 доллар пара алғаны үшін сотталған Ауыл шаруашылығы экс-вице-министрі Мүсілім Өмірияевқа 10 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Бірақ 2017 жылғы қаңтарда рақымшылық бойынша босатылды... Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Бағдат Майкеев пара алды, сонымен бірге заңсыз қару сақтады деп айыпталып, 2014 жылдың маусым айында алты жылға сотталған еді. Бірақ жеті айдан кейін − 2015 жылдың ақпанында денсаулығына байланысты жазадан босатылған. Сотта Майкеевтің алған парасы 2 млн доллар деп көрсетілген болатын. 2015 жылы тағы бір шенеунік − Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспановтың үстінен «жемқорлық» бабымен іс қозғалып, ол 1 миллиард 101 миллион теңге айыппұл төлеп, қамалмай қалды. 2016 жыл. Бұл жыл лауазымды шенеуніктердің үстінен көп іс қозғалғанымен тарихта қалатын шығар. 2016 жылғы 9 маусымда «ЭКСПО-2017» АҚ-тың бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев ұлттық компанияның қаражатын жымқырғаны үшін сотталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен бірге осы іс бойынша тағы 22 адам тергеліп, 12 адам жазасын алды. Тергеу нәтижесінде сотталғандардың мемлекетке келтірген шығын көлемі 8,06 миллиард теңге деп бағаланды (бұл ақшаға 711 бір бөлмелі пәтер тұрғызуға болады дейді экономистер). Т.Ермегияевке 780 млн теңге пара алды және өзгенің мүлкін иеленіп кетті деген айып тағылған еді. Сотта жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда жетекшілік қызмет ету құқығынан өмір бойына айыруға үкім шығарылған ол өзінің кінәлі екенін мойындамады. Кейін істі қайта қарауға жасаған өтініші қанағаттандырылса да, оған шығарылған үкім өз күшінде қалды. «ЭКСПО ісі» бойынша айыпты болғанның тағы бірі «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов ЭКСПО құрылысына тиесілі 214 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған. Алайда ол тергеумен келісімге келіп, 2 жылға сотталды. Дегенмен, 10 айдан соң бостандыққа шықты. Одан кейін елді таңғалдырған сот процесі сол тұста Ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаевқа қатысты болған еді. 2017 жылғы қаңтарда Қ.Бишімбаев қамауға алынып, 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге қаржы жымқырған деген айып арқалап, 10 жылға сотталған еді. Алайда 2 жыл 8 айдан соң шартты жазамен босатылды. Бұл жылдың «қылмыстық сенсациясы» «Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті Василий Ниге қатысты іс болды. «1 миллион доллар пара алды» деген айыппен қамауға алынған ол кінәсін мойындап, «істеген ісіне қатты өкінгені ескеріліп», сотталудан аман қалды! Сонымен бірге «84 миллион теңге пара алды» деп 13 жылға сотталып, 3 жылда бостандыққа шыққан Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжановтың, «параға делдалдық жасағаны үшін» 4 жылға сотталып, ұзамай босап шыққан Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиевтің және «900 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды» деп күдікке ілініп, 4 жыл арқаласа да, бір жылдан соң бостандықтың таза ауасын жұтқан Ақтөбе облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Мейіржан Өндіргеновтің істері де «ақыры қайырлы» болғанымен қызық. 2017 жылы «Қазақстан инжиниринг» басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков «Аса ірі көлемде пара алғаны үшін» қылмыскер атанып, 10 жылға сотталды. Дегенмен, 2 миллиард 139 миллион теңге төлеп, екі айдан соң аман-есен отбасымен қауышты. Сол жылы «100 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды» деген айып арқалаған Ақтөбе облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Ескендірбек Маханов 7 жылға сотталып, бір жылдан кейін түрме есігінен «жайраңдап» шықты. 2019 жылы Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Эльмира Суханбердиева «қызметін асыра пайдаланып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін» кінәлі деп, қылмыскер орындығына отыруға мәжбүр болды. Сөйтіп, бір ай қамауда отырған ол жіберген қателігі үшін мемлекетке 6 миллион 312 мың теңге төлеп, азат болды. Ал Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусинов «25 мың доллар пара алды» деп айыпталып, сол «күнәсі» үшін 240 млн теңге айыппұл төлеп, сот залынан бостандыққа шықса, «ҚазМұнайГаз» өнімдері компаниясының директоры Қуандық Қалмұрзин «4,3 миллион теңге пара алды» деп айыпталса да, оны 129 миллион теңге айыппұл төлегені қамалудан аман сақтап қалды...
Қарап отырсақ, осылардың бәрі мемлекеттік қызметкерлер. Сонда біздің шенеуніктер қызметке келгенде елдің қамын емес, қара басын күйттеп келе ме?

Коронавирус кезінде де «жеп» қалғысы келгендер

Тіпті, ел басына күн туған індет кезінде де «жеп-ішіп» қойғандар көбейді. Биыл нау-рыз айының аяғында ақпарат көздерінде Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тұтқындалғаны туралы ақпарат тарап жатты. Басында жұрт сенбесе де, облысты басқаруға Гүлшара Әбдіхалықова келіп, ізінше облыстық сот бұрынғы әкімнің үйқамаққа алынғанын мәлімдеді. Ел арасында әңгіме жата ма, «Қызылорданың экс-әкімі өткен жазда Арыстағы оқ-дәрі қоймасынан шыққан жарылыс салдарынан келген зиянды қалпына келтіруге арналған ақшаға қол салған» деген сыбыс шықты сол кезде. Жұрттың көбі оған сене қоймаған. «Қанша ұятсыз болса да, қирап жатқан жердің халқына тиесілі қаржыға қол сала қоймаған шығар, жала болар» десті. Расында, Қуанышбек Ысқақов Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған қаражаттан 80 миллион теңге жымқырғаны жайлы айтылды. Білетіндердің айтуынша, мол қаражат құрылыс компанияларына аударылып, ол жақтан қолма-қол ақшаға айналдырылып, сұғанақтардың қалтасына кеткен. Жұртты ұзақ күттірген экс-әкімнің ісінің қалай жүріп жатқаны күз келгенде мағлұм болды. Ол жайында Қызылорда облыстық сотының баспасөз хатшысы Ардақ Ысмағанбетова: «5 тамыз күні Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовқа қатысты қылмыстық іс түскен. Аталған іспен сотталушыларға ҚК 190-бабы, 4-тармағы, 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр» дейді. Қазір сот ісі қаралу барысында. Әзірше, істің ауаны қалай бұрылып жатқаны жайында анық бірдеңе деу қиын. Егер арыстықтарға арналған қаржының 80 миллион теңгесін бас пайдасына жаратып кеткені анықталса, Ысқақовтың сонша жыл қасықтап жинаған абыройы шөміштеп төгіліп, ысырап болғалы тұр...
Ал індет өршіген кезде дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығы қатты сезіліп, халықтың әжептәуір қиналып қалғаны белгілі. Ал сол кезде қоймада бар дәрілер керекті жеріне жеткізілмей, қаңтарылып тұрған. Сондай-ақ, көптеген елден гуманитарлық көмек ретінде келген қорғаныш құралдары таратылмай, жатып қалған. Міне, осыған байланысты бұл мекеме Президент Тоқаевтың сынына ұшырап, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен «СҚ-Фармация» ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынған болатын. Көп ұзамай «СҚ Фармация» ЖШС-ның бұрынғы Басқарма төрағасы Берік Шәріп ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің уақытша тергеу изоляторына қамалды. Іле-шала Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшылығына қарсы сатып алынатын қызметтердің құнын көтеру арқылы қор қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді бастаған көрінеді. Жайшылықта емес, алқымнан алып тұрған індет асқынып тұрған шақта елге жаны ашымаған лауазымды тұлғалардың әрекетіне не деуге болады? Бұл елге, халқына жасаған жаныашымастық емес пе?

Көне тарих не дейді?

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Ирак жерінде іргесі қаланған ежелгі Лагаш деп аталатын мемлекетте Урукагина есімді патша болған. Ол шенділердің жемқорлыққа бой алдыруын айыптаған ең алғашқы патша ретінде белгілі. Урукагина қызметін теріс пайдаланған лауазымды қызметкерлерді үнемі бақылап, сынап отырған. Тіпті, халықты түрлі жолмен қорқытып, пара дәметіп келгендерді жазаға да тартқан. Яғни, мемлекетте парақорлықты азайту үшін мемлекеттік басқару процесіне түбегейлі өзгерістер енгізген.
Жалпы, қарт тарихта жемқорлыққа бой алдырғандарды түрлі жазаға тарту, парақорлықты тоқтатудың түрлі тәсілдері қолданылғандығы туралы деректер көп.Мәселен, Иван Грозный ХVI ғасырдың ортасында парақорлыққа тыйым салған. Осы «дертке» шалдыққандарды өлім жазасына кесуді бұйырған. Көрші мемлекет Қытайда да парақорлар өлім жазасына кесіліп отырған. Жазаның бұл қатаң түрін олар осы уақытқа дейін іс жүзінде жүзеге асырып келеді.
1787 жылы қабылданған АҚШ Конституциясына сәйкес, сыбайлас жемқорлық президентке сенімсіздік жариялануға себеп болатын екі қылмыстың бірі болып табылады. Ал Сингапурде сыбайлас жемқорлық атымен жоқ. XX ғасырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа моделін енгізген мемлекеттердің бірі – Сингапур. Мәселен, 1965 жылы тәуелсіздігін алған Сингапурде парақорлық өршіп тұрған. Кез келген мәселе пара беру арқылы ғана шешіліп отырған. Міне, осының барлығына аталған елді бірнеше жыл басқарған Ли Куан Ю нүкте қойды. Ол елде сыбайлас жемқорлықпен күресудің жоспарын әзірлеп, оны іс жүзінде ұтымды пайдалана білді. Бірінші кезекте заңды қатаңдатты. Соттық жүйенің тәуелсіздігін жоғарылатты. Шенеуніктердің жалақысын өсірді және олардың іс-әрекеттері регламенттелді. Сыбайлас жемқорлықты тергеу бойынша дербес Бюро құрылды. Бастысы, шағын және орта бизнеске есік ашып, олардың дамуына кедергі болатын түрлі әкімшілік кедергілерді жойды. Аталған тынымсыз жұмыстар көп ұзамай өзінің нәтижесін берді. Қазір Сингапур әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің үздік ондығына кіреді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Дания, Швеция, Канада, Финляндия, Норвегия, Исландия, Жапония, Германия, Израиль сынды мемлекеттер табысты жүргізіп келеді. Олар сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп есептейді.
Мәселен, 1995 жылы Ұлыбританияда Нолан комиссиясы жемқорлықтың алдын-алатын 7 қағиданы қабылдаған. Олар: Риясыздық. Сатылмастық. Әділдік. Есептілік. Ашықтық. Арды, абыройды сақтаушылық. Басшылық. Міне, осы қағидалар арқылы бүгінгі таңда Ұлыбританияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттері өзінің жемісін бере бастаған.
Жалпы, жемқорлық қайдан туады? Ол адамдар арасындағы қарым-қатынастан бас-талады. Қоғамда өмір сүрудің заңды жолдары сақталса, яғни, заңдар басшылыққа алынса, жемқорлық болмайды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайында нықтап айтты. «Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Парламент қарауындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек», – деді Президент.
Демек, жемқорлыққа қарсы күресте әрбір тұлға заң мен сот алдындағы теңдігін біліп, сөз бостандығының бар екендігін ескере отырып, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай білсе, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жоюға күш салса, жемқорлықпен күрес жалпыға ортақ міндет екендігін түсіне білсе, түп-тамырымызға дейін жайлап кеткен жегі құртты жоюға болады.

Динара Мыңжасарқызы

1168 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы