• Руханият
  • 30 Қазан, 2020

МӘДЕНИЕТ МАЙДАНЫНДА

Сәкен Сейфуллин

Қазақстанның мәдениет ретінде өзге рес-публикалардан көп артта қалғандығыны бұдан бұрын да айтылған еді. Бұл әнеугі жалпы совет одағы жазушыларының съезінде айқын көрінді.Съезде әрбір елдің өкілдері өздерінің әдебиет майданындағы жетіскендіктерін айтып өтті.Және кітап жаймасында да әр елдің әдебиетпен бірге мәдениет ретінде қаншалық өскендіктері көрінеді. Міне, сол съезде де, съезге арналып істелген кітап жаймасында да өз қатарынан Қазақстанның артта қалғандығы көрінді. Жазушылар съезі бізге көп нәрсе жөнінен көрнекті сабақ болатындай болды. Мысал үшін мәдениеттің әрбір салаларын алып қарайық, ол басқа республикаларда қандай, бізде қандай екен.

1. Әдебиет жайында алайық.

Қазақстанда тек биыл ғана әдебиет газеті шыға бастады.Бірнеше жылдан бері шыға бастаған әдебиет журналы 3-4 айда, 2-3 айда бір шығады. Оның өзі жөнделіп, уақытында шығып тұрмайтын болған соң, оған жазушылар да салақ, оқушылар да салақ. Шыққан кітаптарымыздың саны аз. Ал, ол аз кітаптардың өзі сапа жағынан нашар. Шығармаларымыз жалаң «жасасын!» болып келді. Шығармаларда жалаң «жасасыннан» басқа нәрселерге жол беруді білмейді, әлі бірінші сатыдағы саяси әліпбимен келеміз. Ал басқа республикада қалай? Басқа республикалар бұдан әлдеқайда ілгері кеткендігін көрсетті.

2. Театрды алайық.

Қазақстанда бір театр бар. Былтырдан бері ғана музыка театры ашылып отыр. Ал бұл театрдағы әрекеттеріміз қандай? Әрекеттеріміздің көбі шала сауатты. Тіпті, нағыз сауатсыздары да бар. Артистеріміздің көбі артистіктің шын мағынасын жақсылап білмейді. Театр, кітаптарымыз саусақпен санарлықтай. Олардың өзінің сапа жағы тым төмен. Театр әлі де сауатты халықтың көңілін аударып ала алмай келеді. Музыкалы театрымыздың артистерінің дауыстары елдің ескі ағаш домбырасынан да аса алмай отыр. Ол қазақ елінің дауысы әлсіздігінен емес, театрға келген адамдар «өнер айдап» келмеген адамдар екендігінен. Әйтпесе күшті дауысты қазақ әншілерінің қырда көп болғандығын жұрттың бәрі де біледі. Үні алты қырдың астынан естілетін, 10 шақырымдай жерге сақылдап жететін Ыбырай ақын, Біржан сал, Ақан сері сияқты әншілерді жұрт біледі. Мен өзім, ел ішінде бұлардай болмағанмен ірі әншілердің талайын көрдім. Аманбай, Құлмағамбет, Сәтмағамбет ақындар өз елдерінде ірі, әсем дауысты, керней үнді, дарқан әншілер еді. Ондай әншілерді театр басшылықтары жинап алмай қойды. Ал татар, өзбек театрлары нағыз үлгі аларлық халге жетіп отыр. Әншілері де сондай.

3. Музыканы алалық.

Бізде қазір жақсы музыка мамандары бар ма? Бізде музыка мамандары жоқ. Ал, қазақ музыкаға икемсіз ел ме? Музыканы сүймейтін ел ме? Қазақ музыканы өте жақсы көретін ел, қобызбен күй сызғанда жылаған адамның жасын тиып, жыламайтын адамдардың көңілін босатып, жылатқан Ықласты жұрт білмей ме? Домбыра шертпейтін үй кемде-кем болмай ма? Солардың ішінен музыка мамандарын шығаруға болатын еді. Оны істей алмады. Ал басқа республикаларда бірсыпыра ірі музыка мамандары бар. Мысалы, Татарстандағы Сайдашев, Уәлиев, Музафаров қазір кеңестер Одағындағы белгілі музыка мамандарының қатарына кіріп отыр.

4. Киноны алайық.

Бүгінге шейін бізде қазақ тұрмысынан жасалған бір де сурет жоқ. Ал өзге республика-лардың бәрінің бұл ретте істегендері бізден анағұрлым артық. Өзбек, татарларды былай қоя тұрғанда, қазір Ойрат, Моңғол, Қалмақ, Чуваш тұрмыстарынан жасалған жақсы-жақсы суреттер бар.
Міне, мәдениеттің осы 3-4 саласынан көрсетілген мысалдың өзі де, біздің қаншалық артта келе жатқанымызды суреттейді.
Ал біздің бүйтіп кейін қалуымызға кім айыпты? Әрине, біздің өзіміз айыптымыз. Біздің салақтығымыз, уақшылдығымыз, жарамсыздығымыз, жасқаншақтығымыз айыпты. Бұл жөнде «Социалды Қазақстанның» жақындағы редакция атынан жазған мақаласында дұрыс айтылған.
Жарамсыздығымызға бір мысал. Биылғы болған қазақстандық жазушылар съезін жақсылап ұйымдастыра алмадық. Неше ай бұрын болады деп жүріп съезге даярлық істемеппіз. Съезде ешнәрсе көрсете алмадық.Керек десе, съезге арнап журнал да шығара алмадық. Одақтық съезге арнап жасалған Мәскеудегі кітап жаймасына бізден 4-5-ақ кітапша барыпты. Ілияс, Бейімбет, Әбділда және бір-екі бала жігіттің суреттері барыпты (ылғи сол Мәскеуге барып жүргендердің суретері).
Ал өзге республикалар Мәскеуде болған кітап көрмесінде барларын қалдырмай көрсетіпті.
Жарамсыздығымызға және бір мысал: жазды күнгі болған өнершілер жиынын да жақсылап ұйымдастыра алмадық. Әнші, жыршы, қобызшы, домбырашы және басқа өнершілердің жақсыларын жинай алмадық. Жиналғанының өздерін жақсылап, дұрыстап өткізе алмадық. Бәрін толық пайдалана алмадық.Театрымыздың жақсы ұйымдастырылмай келуі де жарамсыздығымыздың белгісі. Жарамсыздықтың бір белгісі «қанағатшылдық» болады. Сол қу «қанағатшылдық» бізге өте мықты ұялаған кеселдің бірі. «Е-е, бізге осы да болады ғой! Енді қайтеміз, осы да жарар!» дейміз.
Көкшетауда бір тәп-тәуір шаруалы қазаққа:
– Дастарқаныңыз өзі кір, өзі жыртық қой!..Неге таза дастарқан ұстамайсыз? – дегенімде:
– Е-е, шырағым,қазаққа бола береді де, –деп еді.
Міне, осы «Е-е, бізге осы болады ғой» деген ынжық сөз біздегі зор кеселдің бірі.
Ал, салақтықтың, жасқаншақтықтың бір белгісі мынау: әр республиканың Мәскеуге барып жүрген мәдениет қызметшілері Мәскеудегі әр мекемемен сөйлесіп жүріп, елінің керегін алып жүреді екен. Осы съезге барғанда оны айқын көрдік. Әр елдің өз тілінде шыққан әдебиет шығармаларынан орыс тіліне немесе басқа елдердің тілдеріне аударылған кітаптары бар екен. Ал қазақтан жоқ. Үйткені Қазақстаннан ешкім ондай іс істеуге, Мәскеудегі басқармалардың алдында ешбір сөзді нығыздап қомаған екен. Осы халдерді көріп біз, Мәскеу-дегі көркем әдебиет басшысының алдына қазақ кітаптарын орыс тіліне аударып шығару мәсеелесін қойдық. Сүйтіп дауласып жүріп, 4 кітапты орыс тіліне аудартып шығаратын еттік.Және қазақ тұрмысынан алдағы жылда екі сурет жасайтын еттік.
Міне, осы сияқты жағдайлар Қазақстан ішінде өте көп. Мұқтаж нәрсені айтуға жасқана-ды, керек нәрсені сұрап алуға бара алмайды. Алдыңғы қатарға шығуға именеді. Бір мәселе туралы сөз, пікір айтудан жасқанады.Оным біреуге жақпай қалса, өз пайдама зиян тиер деп ұсақ қулыққа беріледі. Және кейбіреулер мәдениет істерін бағалауды білмейді. Сенің әдебиетіңде, жазушыңда оның жұмысы жоқ. Әдебиет істерін бағалай білмеушіліктен өз басының қандай екен-дігі көрінетіндігін білмейді.
Енді бұдан былай не істеу керек? Енді бұдан былай, біздің әлеумет істеріндегі алдыңғы қатардағы адамдарымыз, жалпы әлеумет мәдениет істеріне жұмыла кіріспесе, біздің мәдениет істеріміз ілгері қарай адымын жиі баса алмайды. Жалпы мәдениет істеріміздің әрбір бунағын тез түрде жоғарылату үшін ең алдымен салақтықтан, ынжықтықтан құтылуымыз керек. Мәдениет орындарының бастарындағы адамдар жарамды, іскер, әлеуметшіл адамдар болуы керек. Қазақстанның кеңестер әлеуметшілігі мәдениет орындарымыздың істерін тексеріп қарап отыруы керек. Сол орындардың бәрінің де істерін енді жоғарғы сатыға қоюға тырысуымыз керек, іс көпшіліктің қайрат-қуатымен ғана ілгері басады, істі жоғарылату үшін әрқайсымыз да алдымен әлеуметшілік сезімнің жоғарғы сатысына шығуымыз керек.

1934

1189 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы