• Айтарым бар...
  • 30 Қазан, 2020

БАЛАБАҚША БАЛА ТӘРБИЕСІН СЕЗІНЕ МЕ?

Күз басталып, лебі мен желін сездіргелі көп күн өтпесе де, мектепке асыққан ақ жағалы шәкірттер аппақ таңнан алып-ұшып, алтын ұяға асығатын кез есте. Олармен бірге ата-анасының асығыс жүрісіне ілесе алмай, көздеріндегі ұйқысын ұмыта алмаған бүлдіршіндер де өмірдің өз сабақтарына үйреніп келе жатқандай. Мектепке асыққан бала, бақшасына асыққан бүлдіршін еліміздің бейбіт күнінің белгісіндей, тамаша таңғы ауаға аяулы армандар сеуіп барады... Таңнан кешке дейін тәрбиешілердің тәлімінде болып, ата-анасын аракідік көре қалатын, көрсе де көзі тоя қоймайтын бақша баласын аяймын кейде. Бұлардың қатарында мемлекеттік балабақшаға баратын балалардың көбінен «бағы» басым, әрине. Өйткені, ол жерде білімі мен біліктілігіне сай ғана мамандар жұмыс істейді. Заңдары мен талаптары да қатал. Дегенмен, жылдан-жылға қанатын жайып келе жатқан балабақша ғимараттары шаңырақтағы көптеген сәбилердің түйткілін шешеді деп ойламаймын. Әсіресе, отбасылар балабақша кезегін күтіп, ақырында мектепке баратын жастарында кезегі жетіп жатады. Қаланың таңымен оянып, сары бала, қара қазан қамы үшін, амалсыздан жекенің меншігіндегі бақшаға барып немесе бөбекжайға барып баласын аманаттайды. Осы ақылы балабақшадағы ұру-соғу, санитарлық талаптың жоқтығы көк жәшіктен айтылып, көрініп жатса да қалыпты жаңалықтардың біріндей ғана қабылдаймыз. Өткен жолы жұмысымнан босап қалдым деп, қамығып отырған құрбым жекенің балабақшасына жұмыс істеп, сондағы кейбір түйткілдерді тілге тиек еткенде тіксініп қалдым. «Менің қызмет еткен балабақшамның қожайын ханымы жоғары білімді, білікті психолог, дипломдар мен марапаттарынан көз сүрінеді. Балаларға деген ықыласын ата-анасының көзінше ғана «айналып, толғанып» байқатып, олар шығысымен мейірімі сап тыйылады. Шығарып саларда да осылай. Ақшаның тапшылығы ма, әлде, қожайынның сараңдығы ма, асханасы асқа жарымайды. Бір тілім нанның өзін қылдай бөліп беретін олар қарны тоймай қалған жағдай болса да, баланың ыдысына екінші мәрте ас құймайды. Жерге түсіп кеткен бір тілім нанды жанталасып, кішкентай алақандарымен қомағайланып жеп отырғанда жүзің шыдамайды... Ал, ата-аналары болса, жұмысқа асыққан күйі балаларын шешіндірместен бізге қарай итере салады. Олардың жайын, көңіл-күйін сұрайтын аналар да, әкелер де аз. Өйткені, ақшасын төлеп отырған орыннан ондай жәйттерді күтпейді... Амалсыз, бір ата-анаға баласының үлкен дәретке отыра алмай қиналатынын айтқаным үшін, жұмыстан шығуымды талап етті... Өзім де ондай жантүршігерлік жерден шығып кеткенім үшін қуанамын», – дейді Айжан.
Қазіргі таңда әр отбасынан бір-екі бала балабақшаға барады. Балабақшаға бармайтын бүлдіршіні жоқ үй ілеуде біреу ғана... Сонда ақылы балабақшаға аманатымызды қалдырып, алаңсыз жұмысқа кірісіп жүрген кезімізде ертеңгі күні олардың жүрегіне өшпес өкпе қалдырып, өзімізге деген мейірімдерін өшіріп алсақ ше? Баланың әлі де ештеңе жазылып үлгермеген сана-сезіміне әлдебіреулердің қатігездігі ғана қалмай ма?!. Үрей мен үміттің арасында күн кешіп келе жатқан балалардың болашағы сондағы бақша басшысын алаңдатар ма екен? Қайран, қазақтың әжелері-ай... дейсің, амалсыз. Немерелерін құшағында өсіріп, өсиеті мен ертегісіне еркелетіп, арқасына таңып, аяғын жерге тигізбейтін, бетін желге өпкізбейтін қасиетті қариялардың да азайып бара жатқаны ғой... Қазіргі заманның әжелері өздерін баладай күтіп отырады... Күннен-күнге құбылып, мың түрленіп келе жатқан қаланың қат-қабат тіршілігінен өз үлестерін іздейді олар да...
Дегенмен, балабақша әже мен анадай аялай алмаса да, бала жүрегінде ең ыстық, мейірімді жердің бірі болса екен. Мейірімге бөленген бүлдіршін мектепте де мерейлі болады. Адам болу жолында жақсы бағыттарға қарай бейімделеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби де тәрбие тал бесіктен басталатынын дәл аңғарған. Кез келген ата-ана баласының болашағы үшін алаңдайтын болса, бақыт балабақша баспалдағынан бастаса екен...

Динара Мәлікова

1136 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы