• Айтарым бар...
  • 30 Қазан, 2020

ЖҰМЫС және СЕНІМ

Ербол Бейілхан

Осыдан 12-13 жыл бұрын үй салдым. Өмірі құрылыстың қасына барып көрмеген адам болғандықтан кісі жалдадық. Қазақтар. «Нағыз маманбыз, 3-4 айда дайын үйге кіресің, алаңсыз бол!» – деді. Алдын ала айтқан ақшаларын төледім. Материалды түгел дерлік алып бердім. Арасында «анау жоқ», «мынау жоқ» дейді. Айтқан заттарын уақытылы жеткізіп жүрдім. Мен барғанда жұмысшылар жыбырлап жұмыс жасап жүргендей болады. Әкелген заттарым үнемі жетпейді. Тағы жеткізем. Келген сайын жұмысшыларым ет жеп, сыра ішіп отыратын болды. Сонда да күдіктенбедім. Ақшадан тарықтырған жоқпын. Келіскен уақыт жетті, үйдің 60-70 пайызы әрең біткен. Ақыры қоштастық. Іштерінен балағаттап, қарғап кеткен болар.
Жұмысқа жас жігіт алдым. Ылпылдап, жылтылдап, «ағалап» тұр. Сендім. Екі жыл қолымда істеді. Қоймаға өзін жіберетінмін. Оған бәрін тапсырып қойдым. «Адал бол!» деп, ескертіп те, ағалық ақылымды да айтып жүрдім. Елмен бірдей сауда жасаймыз. Қарыз көбейіп, көтерілмей қойдық. Жұмысшым күнде кеш келеді. Кердең-кердең басып, тиіп-қашуды шығарды. «Машина алсам деймін, айлығымнан ұстарсыз, 500 мың теңге қарыз беріңіз», – деді. Өз айлығы ғой, төлер деп тауып бердім. Бір күні тауарымды ұрлап, машинаға тиеп жатқан жерінен ұстап алдым. Қанша уақыттан бері сенген адамым тонап жүріпті. Ата-анасы жылап еңіреді. Ақшасы жоқ. Өзім берген ақшаға сатып алған ескі машинасын алдым да, жұмыстан босаттым. Сенім бірге жоғалды...
«Артем» мен «Тұлпардың» алды толған жалдамалы жұмысшылар. Тіпті, көбі қазақтар. Іздеп барсаң қасыңа топырлап, үймелеп кетеді. «Бәрін істейміз» – дейді. Аз ақшаны місе тұта қоймайды. Жеңіл, ақшасы көбірек жұмысқа ұмтылады. Жұмыс іздеп барып тұрып, жұмыс таңдайды, қашады. Осы жылдар арасында бірнеше рет жұмысшы жалдадым. Бірде, екі жас жігіт қашаның ішінің арам шөбін жұлуға келді. Жұмыс бітпей қалды. «Ертең тағы келіңдер», – деп едім, келісті. «Ертеңгі жұмыстың жарты ақшасын берсеңіз, керек болып тұр». Бердім. Ертеңінде сол кеткеннен жоқ. Телефондары өшірулі. Дәл қазіргі таңда алаяқтар көбейіп кетті. Осы біз алаяқ күйге қалай жеттік? Сенім деген басты құндылықтан қалай айырылдық?
Өткенде ғана «Артемдағы» орнымды жаптым. Карантин. Кризис. Темір бұзуға екі жігіт жалдадым. Түстік қана жұмыс. «Газельге» салып, үйге алып келді. Бір адамға 10 мың теңге беруім керек. Келіскен ақшасын бердім. «Жолға 500 берсеңіз», – деді. Олай келіспесек те 1000 теңге бердім де, 500 теңгемді қайтарарсыңдар дегенмін. Жүргізушімен әңгімелесіп, аздан соң жан-жағыма қарасам екеуі жоқ. Күттім, келмеді. Қоңырау да шалмады. Білгендері осы болды. Болмашы дүниеге сенімдерін сатып кетті. Ақшаны қойшы, жасы үлкен азаматтардың қылығына жүрегім ауырды.
Дәл қазіргі уақытта жұмыс жоқ деп сенделіп, жұмыссызбын деп үйінде жатқан азаматтарды түсінбеймін. Көзін тапқан адамға екі қолға бір күрек қашанда табылады. Жұмыс болғанда қара жұмыс. Үй салып жатқан, құрылыста істейтін, мебель жасайтын, жеке шаруашылығы бар қаншама таныстарым жұмысшы таппай отыр. Жалақысы да қомақты. Жұрттың бәрі костюм киіп, галстук тағып жүргенге құмар. Қара жұмыстан арланады. Ал негізі табыс та, байлық та қара жұмыста жатыр. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» – деген емес пе? Жұмыс көп, сенімді, адал адам аз. Неге бұндай күйге түстік? деген ой мазалайды...

27 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ЖЕРІК – ЖЕЛІК ЕМЕС
Келесі мақала БАЛАБАҚША БАЛА ТӘРБИЕСІН СЕЗІНЕ МЕ?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы