• Шежіре
  • 30 Қыркүйек, 2020

ЕРЛІК ДАСТАНЫ

1

 

2009 жылы тамыз айының бас кезінде арғы беттегі Моңғұлкүре ауданының Ақдала ауы-лында тұратын әкем Тоқтасын Сәрсенбайұлы Байсалов берген дерек бойынша мен Текес ауданының Шиліөзек ауылының тұрғыны Бегдайыр Сыдықұлы деген жыршы кісіге барып жолықтым. Ол кісі «Райымбек батыр» атты көне тарихи қиссаны жатқа айта алады екен. Батыр бабамыз Райымбек туралы жазылған осы қиссаны ақсақалдан көшіріп жазып алған едім.

Бегдайыр ақсақал бізді көріп қатты қуанды. Оның айтуына қарағанда, сол кезде 83 жасқа келіпті. Десе де әлі тың екен. Қарт жыршы іштей біраз күбірлеп алып, қырандай түйіліп, жыр шумақтарын жатқа сапыра жөнелді.

 

Көп заман бұрынырақ өткен-кеткен,

Адамзат жер үстінде өсіп-өнген.

Ұрпақтан-ұрпақ қалып кейінгіге,

Жалғасып бірден-бірге бізге жеткен.

 

Ғасырдың астаң-кестең жылдары өтіп,

Шапқан аттай білінбей желге жеткен.

Артына өшпейтұғын тарих қалып,

Әңгіме ұрпағына елестеткен.

 

Ғасырлар тастап алға алып қадам,

Бір күнде дүниені таныпты адам.

Басқандай тайға таңба өшпейтұғын,

Жазылып сол заманнан тарих қалған.

Шертілсе шежіресі замананың,

Қиял құс қияндарға шарықтаған.

 

Бұл шындық анық сырын ел біледі,

Сол үшін ел тілегі, ер тілегі.

Ұл мен қыз – ұрпағына өсиет қып,

Бабадан қалған бізге шежіре еді.

 

Қауым боп өз кезінде талай тайпа,

Аумалы-төкпелі боп қайта-қайта,

Заманның сеңі соғып, гүлін ұрған,

Орнығып отыра алмай қоныс жайда.

 

Заманның жаугершілік кезінде еді,

Ақтабан шұбырынды елді жеді.

Арқалап елдің ауыр қайғы-мұңын,

Ер туып, елі үшін еңіреді.

 

Ардагер өткен талай ардақты адам,

Елі сүйіп, ердің ісін ардақтаған.

Албаннан батыр шыққан Райымбек,

Шетелден қырғыз шауып, қалмақты

 алған.

 

Ерлігі Райымбектің асқан елден,

Ақылы айдын көлдей кемелденген.

Ақырған айбатынан тау шағылып,

Ешбір жан қаһарына тең келмеген.

 

Торлаған жердің бетін сұры тұман,

Нөсерлеп кейде көктен пәле жауған.

Қара жер қойнына ап есіл ерді,

Ел жерсінбей қанатсыз қалды-ау, қайран!..

 

Дала мүлгіп, қара аспан түнереді,

Қия алмай елі-жұрты еңіреді.

Не пайда жылап-сықтап қайғырғанмен,

Кеткен соң кек қайтарар есіл ері.

 

Артында қалды елі, байтақ жері,

Иілді арқа сүйер жайсаң белі.

Шайқалып шаңырағы ырысты елдің,

Оралды ел басына қайғы-шері.

 

Күйінді асқар тау мен айбарлы шың,

Тулады шалқар теңіз жайған күшін.

Түйілді байтақ дала, арналы өзен,

Тұғырдан сұңқар ұшып тайғаны үшін.

 

Естіді Албаны да, Алашы да,

Кең өзен, ойлы-қырлы даласы да.

Сүркейлі суық хабар тез тарады,

Көсілген бүкіл қазақ баласына.

 

Барлық ел естіп болды бұл қазаны,

Ел-жұрты күңіренді тым азалы.

Хабарды ендей өткен сахараны,

Естіді шет жердегі қырғыз-дағы.

 

Заманда жаугершілік өткендегі,

Бар екен қырғыздардың кеткен кегі.

Бір батыр ел ішінен қыранша  өрлеп,

Қол бастап сол бір жерге жетсем деді.

 

«Бір кезде шауып алған біздің елді,

Малымды өлмей-жітпей сіңірмеді.

Албанның Райымбегі өлген болса,

Кегімді қайтаратын кезім келді.

 

Атқарам, бұл сөзімді кім тыңдайды,

Баруға басты құрап кім шыдайды.

Жорықта осы шыққан жолым болса,

Өлтіріп қайтамын мен ер  Олжайды.

 

Таптайын табаныма Албан елін,

Бояйын теп-тегіс қып қанға жерін.

Бұл күнде басы кетіп, елі жүдеу,

Әперем өз елімнің кеткен кегін...»

 

Қолға алып жалаңдатты, қанды қанжар,

Тоқтарбай қол бастаған батыр көкжал.

Көп қолмен аттанамыз Албанға деп,

Жиылды оңды-солды өңшең ұлдар.

 

Оқиға толып жатыр айта берсең,

Басқан із, кеткен өмір бәрін көрсең.

Әңгіме түсінікті болар еді,

Оралып Олжай жаққа қайта келсем.

 

Ер екен Олжай-дағы шыққан елден,

Жасынан Райымбектің қасына ерген.

Қол бастап қан майданда сайысқанда,

Талай жау тең келе алмай басын жеген...

 

Бегдайыр ақсақал осылай түйдек-түйдек төгіп жіберді. Осы қиссаның бірінші бөлімінде атақты батыр Райымбектің қайтыс болғанын естіген қырғыз батыры Тоқтарбайдың Албан еліне шабуыл жасауға дайындалу барысы баяндалады.

 

2

 

Бәріміз Бекең айтқан жырды ұйып тыңдап отырмыз. Қарт жыршы қиссаның екінші бөліміне қарай ауысты. Мұнда Райымбек батыр мен оған ерген Олжай батырдың ерліктері жырланумен бірге, Райымбек батыр қайтыс болғаннан кейін Албан елінің Ақтабан шұбырынды болып, Іле өңіріне қоныс аударуы сөз болады.

 

Қос батыр алғызбады елін жауға,

Айбармен бастырмады жерін жанға.

Туылып елі үшін, қанын төкті,

Айтуға мұнан артық ерлік бар ма?!

 

Қос батыр жүрген еркін, елін қорғап,

Отырды екеуін де елі қолдап.

Көршілес елдеріне зәбір салып,

Көрмеген өмірінде жерін жалмап.

 

Тағдырға не шара бар зар жылатқан,

Түнеріп ел ортасын тұмандатқан.

Ер өліп Райымбектей, ел бұзылды,

Төнді де көктен пәле, жерден апат.

 

Ой туар арт-артынан ауық-ауық,

Осымен сөз желісі қисын тауып.

Мың жеті жүз

жетпіс екінші жыл жаз айында,

Бұл жаққа өткен дейді Албан ауып.

 

Сол мезгіл Райымбектің өлген кезі,

Тарихтың күйі ауған бір кездері.

Батырдың қабыры қап Алматыда,

Көшкен елге келеді сөз кезегі.

 

Құлазып асқар тау мен дала қалды,

Қаңырсып үй ішінде саба қалды.

Көл толқып, өзен өксіп ыңырана,

Долданып жарқабағын сабалады.

 

Қиыспай зар жылаған елі қалды,

Жетісу, атамекен жері қалды.

Адасып құлын-тайы үйірінен,

Шашылып бие бауда желі қалды.

 

Қаймағы бұзылмаған елдің берік,

Шайқалтып шаңырағын дауыл келіп,

Зар жылап жесір қатын, жетім бала,

Жөнелді көш соңынан шыр-шыр етіп.

 

Бұл іске ел қамықты, жер қамықты,

Артында жылай-жылай ел қалыпты.

Жапанда жалғыз қалған зиратымен,

«Жұрт бағып Райымбектей ер қалыпты».

 

Секілді он бестегі толған айы,

Албанды бастап кепті ер Олжайы.

Ел көшті, жау жетті деген дейін,

«Ақтабан шұбырынды» елдің жайы.

 

Аударған қоныстарын, бастап елін,

Тау асып, өзен кешіп, асқан белін.

Жазықсыз жандар шегіп көп машақат,

Қалдырған белгі етіп басқан жерін.

 

Еншісіне адамзаттың жер береді,

Тірлік қамын іздеген ел біледі.

Іленің оңтүстігі – Үйсін тауы,

Албанның осы бопты келген жері.

 

Мал өсіп, лықсып өрген сай-саладан,

Жеріне еркін қонды қай таңдаған.

Көлді аймақ бұлдырап көрінеді,

Табиғат құшақ ашып айқарадан.

 

Шоқысы әр саланың айбыны еді,

Саялы, жанға жайлы мекен-жері.

Табиғат тіршілікке тыныс берген,

Жері байдың елі бай ырысты елі.

 

Олжай да қарап тұрып ойға батты,

Қос батыр елдің еді қос қанаты.

Еске алып Райымбектей батыр досын,

Көзінің жасын төгіп сорғалатты.

 3

 «Райымбек батыр» атты қиссаның үшінші бөлімінде Олжай батырдың Райымбек батырды еске алып жоқтауы мен қырғыздардың кек алмақ болғаны баяндалады.

 

«Бейіштің гауһар терегі-ай,

Елімнен шыққан ер еді-ай.

Сағынғанда досымды,

Көзіме жасым келеді-ай!

 

Тұмандай торлап қайғы-мұң,

Көкірегімді кернеді-ай.

Шер байланған жүрекке,

Қасірет отын себеді-ай!

 

Анадан туған асыл зат,

Қиын ғой мұнда келмегі-ай.

Елімнің болған панасы,

Қазынам еді теңдегі-ай!

 

Ат жалын тартып мінген соң,

Елін жауға бермеді-ай.

Қолына қылыш ойнатып,

Оңды-солды сермеді-ай!

 

Жау қамалын сан бұзған,

Қасына алып ерлерді-ай.

Ел үшін төкті ер бәрін,

Өшпейді мәңгі еңбегі-ай!

 

Қолымнан ұшып тұйғыным,

Қайғының дерті меңдеді-ай.

Жүректен жалын ақтарған,

Қызыл тілдің шебері-ай!

 

Сағынышпен еске алып,

Досы жылап еңіреді-ай.

Ердің мұңын ел білер,

Еске алды ерді төңірегі-ай!

 

Ер болып туған атадан,

Оза шапқан қатардан.

Ерлігің мен қасиетің,

Райымбек деп аталған!

 

Ұядан ұштық бір түлеп,

Жазылмай жұбы маталған.

Жауларың келген қамданып,

Қашан саған бата алған!

 

Мінгенде атың қаһарға,

Бар едің сізде қатардан.

Жаудан алдың ел кегін,

Қабанбай тартқан сапардан!

 

Ерлігің бұдан артар ма?!

Ұмытпас ұрпақ қашан да.

Өмірге айтып мәңгі қош,

Аттандың келмес сапарға.

 

Түнеріп қалған қара аспан,

Бұлттан көзін ашар ма?!

Бәйшешек өніп өрістен,

Қонар ма елім жасаңға?

 

Сырылып көктен қара түн,

Бақыттың таңы атар ма?

Шолпандай туған самдағай,

Адамның едің саңлағы.

 

Ерлігіңе сүйінген,

Бүкіл қазақ таңданды.

Соңына еріп қалың ел,

Жау алдында қалмады.

 

Опасыз жалған бұл өмір,

Мойнына құрық салғаны.

Қойнына алып қара жер,

Батырды ақыр жалмады.

 

Енді келіп күш қылар,

Шет жерде қырғыз, қалмағы.

Тұрамыз ба ел-жұртым,

Қиын ғой мұның салмағы!..»

 

Олжай ер осылай деп ағытты арман,

Көз жасы көлдей болды ағытылған.

Күн еңкейіп, ілезде көз байланып,

Аспанда тозаң ұшып, тұман басып,

Тартқандай есіл ердің зарлы күйін, – деп қисса трагедиямен аяқталады.

 4

 Жыршы Бегдайыр Сыдықұлы айтқан «Райымбек батыр» атты бұл қиссада Райымбек батырдың тірлігіндегі атақ-даңқы, жорық жолындағы ерліктері, ол қайтыс болғаннан кейінгі ел тағдыры жырланған. Қиссадағы және бір кейіпкер Олжай батыр. Қиссада бұл батырдың атын кейде Олжабай деп алған. Албан елінде Олжабай деген елге танымал батыр болған жоқ. Бұл батырдың атын Олжай деп кесіп айтуға болады. Олжайдың даңқы алашқа жайылған қолбасы Райымбектің жорық жолындағы сенімді серігі болғанын тарихи деректер дәлелдейді.

Олжайдың ата-тегі Албан тайпасының Бозым руы. Ататек шежіре бойынша Албаннан – Сары, Сарыдан – Сүйменді, Сүймендіден – Бозым, Бозымнан – Жаншық, Жаншықтан – Әлмерек, Олжай. Анығырақ айтқанда, Олжай батыр алты алашқа танымал Әлмерек абыздың туған інісі. Сондықтан «Олжабайды» қалдырып, Райымбектің сенімді серігі болған батырдың атын Олжай деп алдық.

Атақты Райымбек батыр қайтыс болғаннан кейін қырғыздан шыққан Тоқтарбай деген батырдың қол бастауымен Албан елін ойсырата шауып кеткендігін тарихи шындық деп қарауға болады. Қиссада айтылған оқиға туралы ел ішінде алуан түрлі аңыз-әңгіме көп айтылып келеді.

«Райымбек батыр» атты қиссаны түсіну үшін тарихи деректер мен аңыздарға үңілуге тура келеді. Тарихи деректерде жазылуына қарағанда, 1754 жылы қазан айында Абылай ханның бұйрығы бойынша 10 мың адамдық қазақ қосыны Сайрамнан Ілеге қарай жорыққа аттанған екен. Бұл туралы «Жоңғарды тыныштандырудың жалпы жобасы» атты кітапта «Абылай хан 1754 жылы қазан айында Дауачының орталығы Іле өңіріне дейін жорық жасады. 10 мыңнан астам әскермен Бұратала өңіріне келіп тиісті. Бұл арадағы Ойрат тайпаларын айдап әкетті. Дауачы әскерлерінің Іле өзенінің солтүстігінде сақтаған астық, торғын-торқа қоймаларын талап алды. Талаудан қалған ат-көлікті Дауачы Текеске алып қашуға мәжбүр болды» (Қытайша, 9-том, 29-бет, 13-том, 7-, 8-бет.), – деп жазылған. Осы соғыста қазақ қосынының бас сардары Қабанбай болған, сонымен бірге Бөгенбай, Жәнібек, Райымбек, Қазыбек қатарлы әскери қолбасылар мен уәзірлер де жоңғарға қарсы күрес жүргізіп отырған.

1981 жылы «Мұра» журналының 2-санында жарияланған «Қабанбай» атты қиссада Қабанбайдың бір ауылын қырғыз шауып кетеді. Қырғызға кегі кеткен бас батыр Қабанбай жер-жердегі қазақ батырларына хабар береді.

Қабанбай батыр қырғызбен соғысады екен деген хабарды естіген Бөгенбай, Жәнібек, Жантай, Барақ, Боранбай, Бердіқожа, Шөрек, Қасабай, Дәулетбай, Райымбек, Матай қатарлы қазақ батырларының бәрі жиналады.

«Қабанбай» атты қиссада:

Келіпті қаз дауысты ер Қазыбек,

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Үйсіннен іздеп кепті Райымбек,

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Балалар заңың қандай, заман қандай,

Басында батыр тұрып бұлатқандай.

Сақ еді қарауылға шалдырмас деп

Үйсіннен алдырыпты ақ шабдарды-ай!

 

Бас қосып барлық батыр түгенделді,

Батыр жоқ Қабанбайдай бұларда енді.

Астына ауыр қоржын азық салып,

Батырлар Ат тауына жөнелді енді.

 

Аттанды тамам батыр үйде жатпай,

Шабады жау көрінсе тізгін тартпай.

Барлық пен Қызылтұзды басып өтіп,

Ілеге суыт жүріп төте тартты-ай! – деген өлең шумақтарынан Райымбек батырдың Қабанбай батырға ілесіп, Іледегі қырғыздарға жорыққа аттанғаны және Үйсіннен Қабанбай сұратқан ақ шабдар атты алып келгендігі айтылады.

Қабанбай осы жорықта қалың қазақ батырларын бастап Ілеге келеді. Өр Текес пен Текестің аралығындағы тауда батырлар бір ай ат шалдырып, қырғыздың Әтеке (ел Әтеке жырық деп атап кеткен) батырын күтеді. Батырлар ат шалдырған осы таудың аты осыдан кейін «Аттың тауы» аталып кетеді. Қабанбай батыр Аттың тауында Әтеке жырықпен жекпе-жекке түсіп, оны өлтіреді. Бұл соғыста негізгі әскерлерді Райымбек батыр шығарып, қырғыздың қалың қолын ойсырата жеңген екен. Аттың тауындағы батырлар қарауыл еткен тесік тасты қазірде ел «Қабанбайдың тесік тасы» деп атап келеді.

«Райымбек батыр» атты тарихи қиссада атақты батыр Райымбек қайтыс болғаннан кейін қырғыздың Тоқтарбай батыры қол бастап, Ілеге ауып келген Албан елін шауып, Олжай батырды өлтіріп кетеді.

Осыдан кейін көп өтпей Тоқтарбай Албан елінің Құртқа-Мамай руларын шабады. Бұл оқиға «Райымбек батыр» атты қиссаға кіргізілмеген. Бұл оқиға ақын Көдек Маралбаевтың «Ерлердің ерекшелігі» атты өлеңінде былай айтылады.

 

Кәртейген Мұсылманбай мезгілі екен,

Неліктен желпілдейді туым депті.

Шабылып, ел күйзелген ахуал бар,

Хабары келіп қалар бүгін депті.

«Құртқа-Мамай шабылды, – деді жаушы,

Олжаға келінім мен қызым кетті».

 

Батырың боз биені айтып сойып,

Тездікпен сарбаздарға жиыл депті.

Жүрерде бата жасап мұндай деген,

Ашулы айбарымен зілді-кекті:

 

«Уа, құдай, Тоқтарбайды бергін?!

Ең соңғы тілегім ғой мұным» депті.

Тал түсте бейғам жатқан Көміршіде,

Тоқаңа сүркейлі ұран-дүбір жетті.

 

Атына үш ұмтылып: «Міне, ағайын,

Күн бітті, тағдыр жетті, буын кетті».

Атшысы қарт күреңді мініп қашқан,

«Қумаңдар, еліне айтсын тілін» депті.

«Тоқтарбай қырылған сай» деп аталып,

Жалғасып жер аты боп бүгін кетті, –  деген өлең шумақтарынан Албан елі мен қырғыздар арасындағы кейбір тарихи қақтығыстар баяндалады. Бұл жерде айтылып отырған Мұсылманбай Қонысбайұлы Албан тайпасының Бозым руынан тараған әйгілі Тазабек батырдың туған әкесі.

«Райымбек батыр» атты қиссаны тыңдап болғасын біз оның кімдікі екендігіне сұрадық. Бегдайыр ақсақал мен сол ауылдағы жасы сексеннен асқан Шайқан ақсақал оны Халық Оңғарбайұлы мен Бәтнияз деген азаматтардың өз алдарына «мен жаздым» деп жүргенін айтты. Біз салыстыру, анықтау барысында бұл сөзді терістедік.

Мен Бегдайыр жыршыдан жазып алған «Райымбек батыр» атты қиссаны дыбыс таспасынан тұп-тура үш жыл жалғасты тыңдадым. «Бұл кім жазған қисса болды?» – деп қайта-қайта ой жүгірттім. Ақыры халық ішінде ауызша таралып жүрген қисса деген қорытындыға келдім. Осылай айтудағы басты себептер:

  1. Халық ішінде тараған бұл қиссаны алғаш Халық Оңғарбайұлы ел ауызынан жинақтап, Бәтіниязға берген, соңынан Бәтінияз бір бөлімін толықтап жинақтап, Бегдайыр жыршы арқылы елге кеңінен таратқан. Өйткені мен Бегдайыр ақсақалдың жаттап елге таратқан қолжазба нұсқаның соңынан қиссаны ел аузынан көшіріп жазушы Бәтінияз деген жазуды өз көзіммен көрдім.
  2. Бұл қиссаны көшіру барысында өлең шумақтары өзгеріске ұшыраған немесе орынсыз өлең шумақтары тықпаланып, қиссаның көркемдігін біраз әлсіреткен.
  3. Шайқан ақсақал мен Бәтінияздың Олжай мен Олжабайды парықтай алмауы бұл қиссаның авторының әлдеқашан ұмытылып, халықтық қиссаға айналғандығын тағы бір қырынан дәлелдейді. Қиссаны көшірушілер Олжай батырды Олжабай деп қате көшірген. Тіпті, қиссаның толық болуы да неғайбыл.
  4. Бәтінияз да, Халық Оңғарбайұлы да төселген ақын емес, халық қазынасына құмар адамдар. Сондықтан мұндай көркемдік құны жоғары бұл қиссаны әрі екеуінің жазу мүмкіншілігі жоқ. Олар тек осы қиссаны халық ішінен жинақтаушылар деп кесіп айтуға болады.
  5. Текес ауданында халық мұрасын көп жиятын шежіреші Жұмабек Диқанбайұлына кезіккенде ол: «Бұл қисса Бәтінияздікі де, Халық Оңғарбайұлынікі де емес, ел ішінде таралған қисса, мұны өте мықты бір ақын жазған болуы мүмкін», – деді.
  6. Ел ағасы, көрнекті қоғам қайраткері Қызайжан Сейілқожаұлы: «Райымбек батырға қатысты бұл қиссаны халық ішіне тараған фольклорлық көркем шығарма деуге болады, егер баспаға жариялауға тура келсе, халық мұрасы деп жариялау керек», – деген болатын.
  7. «Райымбек батыр» атты қиссаны оқығаннан кейін көрнекті композитор, күйші Құрманжан Зікірияұлы: «Райымбек батыр» атты қиссаны 1980 жылдардың бас шенінде мен Қарадала ауылында оқып жүрген кезімде Албан елінің Құрман руынан шыққан ақсақалдардың аузынан естіген едім. Қазір ол кісілердің барлығы о дүниелік болып кетті», – деген еді.
  8. Татар халқынан шыққан аудармашы, зерттеуші Ғиззатолла Әнуәрұлы Хасан: «Біз Моңғұлкүре ауданының Ақсу ауылында Бетек деген ақсақалмен 1968 жылдан бастап көрші отырдық. Әкем Әнуәр гармонын тартып, жырын жырлап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандыратын сауықшыл адам еді. Әкем 1974 жылдары қайтыс болды. Одан үш-төрт жыл өткеннен кейін біз бірнеше адам әкемнің үзеңгілес жолдасы Бетек ақсақалдың үйіне наурыз көже ішуге бардық. Наурызда алуан түрлі әңгіменің тиегі ағытылатын еді. Бір кезде сөз кезегін алған Бетек ақсақал «Райымбек атамыз асқан жау жүрек батыр, қарасу жол берген қасиетті жан екен» деп әңгімесін бастап, ұмытқан жерлерін қолындағы қолжазбасына қарап Райымбек батыр туралы жазылған ұзақ бәйітін оқып берген еді, жарықтық. Бетек ақсақалдың сол бәйіт оқыған бейнесі қазірге дейін көз алдымнан кетпейді. Ал сенің Текестегі атақты қиссагер Бегдайыр Сыдықұлы ақсақалдан жазып алған «Райымбек батыр» атты қиссаның бір бөлімі осы болуы мүмкін», – деген еді.
  9. Танымал ақын, майталман редактор Нұрлан Әбділдаұлы: «Бортала Моңғұл автономиялы облысқа қарасты Арасан аудандық халық сот мекемесінің бастығы болған атақты қиссагер Әбілқайыр Бекежанов деген ағамыз «Қыз Жібек», «Алпамыс», «Райымбек батыр», «Нүсіпқан» қатарлы он неше қиссаны жатқа айта алатын еді. 1970 жылдардың ішінде ол кісінің аузынан «Райымбек батыр» атты қиссаны көп естігемін. Бұл қиссаны ол кісі Күнестегі қарт қиссагерлерден үйренген екен», – дейді.

Іле облыстық байырғы шығармалар кеңсесінде қызмет істейтін татар халқынан шыққан Қапез Сатарұлы Күнестік бір адамның қолынан «Райымбек батыр» атты қиссаның қолжазба нұсқасын өз көзімен көргенін айтады. Міне, бұдан «Райымбек батыр» атты қисса тек Текесте ғана таралып қоймай, Іленің басқа аудандарында таралғанын аңғаруға болады.

  1. Қазақ мұраларын жинаушы көш-басшылардың бірі, ғұлама ақын Жүсіпбекқожа Шайхысыламұлы соңғы өмірін Текес өңірінде өткізген. Ол кісі Айт руының Сады ауылынан қыз алған. «Райымбек батыр» атты бұл қисса Жүсіпбекқожаның ел ішінен жинақтаған қолжазбаларының бір бөлімі болуы мүмкін. Сондықтан бұл қисса Айт руының Сады ауылында сақталған деп айтуға болады.

Бұл қисса авторының кім екендігі туралы сөзді халықтың өзі айта жатар...

 Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі, этнограф

 

3208 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала АДАМЗАТ ТАРИХЫНДАҒЫ АЛАПАТ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР

30 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы