• Мәдениет
  • 30 Қыркүйек, 2020

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Жаңабай ТОЙБАЗАРОВ,
журналист

Әлем картасында 200-ге жуық мемлекет болса, солардың қатарына «Қазақстан Респуб-ликасы» деп аталатын тәуелсіз мемлекетіміздің ресми түрде қосылғанына да 29 жыл болыпты! Әрине, Қазақ Елі төлқұжатын қолына тигізу үшін жүздеген жылдар бойы күресті емес пе?! Қазақтың соңғы ханы Кенесарының, Алаш арыстарының, Кеңес империясының қитұрқы саясатымен арпалысып өткен Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсынов, Тәшенов, Ермеков, Рысқұлов, т.б. арыстардың арқасында қазіргі Қазақстан Республикасы деп аталатын алтын ұямыз, қасиетті Отанымыз әлем картасынан өзінің орнын ойып тұрып алып, көк байрағын биіктен желбіретті! Бабалар арманын ресми құжат жүзінде бекітіп, шекарамыздың қазығын қағып, ел іргесін бекітуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін ерекше айта кеткен жөн.
Алайда, ширек ғасырдан сәл ғана асатын уақыттың ішінде ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын, Алтай мен Атыраудың арасында созылып жатқан бәленбай Англия мен түгенбай Франция сыйып кететін ұлан-ғайыр Ұлы Даланың бүгінгі мұрагері Қазақ Елінің қазба байлықтары неге жедел түрде жекешеленіп кетті деген сауал әрбір қазақты, әрбір қазақстандықты мазалайтыны рас! Жекешелендіргіш пысықтар соншама қайда асықты екен?
Өткенде «Forbes» журналының қазақстандық нұсқасында орыс, қазақ тілдерінде бір мақала жарияланды. Оқып отырып, таң қалғаным соншалық, айран-асыр боп қалдым. Қазақстандағы жер асты мен үстіндегі қазба байлықтырдың 55 пайызын бар-жоғы 162 адам иемденіп алған екен. Яғни, жеріміздің асты-үстіндегі қазба байлықтардың барлығы 162 адамның меншігіне өтіп кеткен! Онымен қоймай сол 162 адамның ішінде саусақпен санайтындай бес-алтауы «супер байлар» деп жазады аталмыш журнал. «Биліктегілер мұны біле ме, білсе не дер екен?» деген ойда болдым. Сонда қалай, ғасырлар бойы қан төгіп, қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған хандар мен батырлардың, кешегі Алаш арыстарының асыл арманы қайда қалды?! Менің ойымша олар осыншама байлықты аздаған адамдар үшін емес, барша қазаққа мұра қылып қалдыруды армандап, сол жолда шейіт болып кетті! Ендеше, аталар аманатын аяққа таптап, халықтың бар несібесін бауырларына басып, бір-бірлерімен ырылдасып жатқан қазіргі заманның қорқауларын жөнге салып, халықтың еңсесін көтеруге жол көрсететін көсемдер мен шешендер бар ма екен?! Қазіргі жас ұрпақ өкілдері бұған не дейді? Аға ұрпақ өкілдеріне «сіздер қайда қарадыңыздыр?» деп сауал тастауы да мүмкін ғой... Өткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» әл-ауқат ұлттық қорында жинақталатын қаражаттың барлығы халықтың құзырында, халықтың несібесі дегенді айтты...Қаншалықты шындыққа жанасады, оны уақыт көрсете жатар. Ал, солтүстіктегі, Скандинавия түбегінде орналасқан Норвегия мемлекетінде де дәл осындай Ұлттық Қор бар екен. Бір қызығы сол, мемлекет тек қана мұнайдан түскен пайданың белгілі бір бөлігін халқына белгілі бір уақытта жеке есепшоттары арқылы дивидент ретінде аударып отырады. Себебі біреу: ол мемлекетте Конституция бойынша жер асты, жер үсті қазба байлықтардың негізгі қожайыны қарапайым халық болып табылады...Менің пайымдауымша, айналып келгенде бәрі ел басқарған, басқарысып жүрген көсемдер мен «көкелердің» ниет-пиғылына байланысты ғой деп ойлаймын. Алланың бұйрығымен ата-бабадан мұра болып қалған аста-төк халық несібесін жоқтау, түгендеу, қайда кетті, кімдердің уысында қалды деп сұрау – әрбір қаны да, жаны да қазақ адамның азаматтық парызы екені рас! Ал, оны кім қалай түсінеді, қалай талқылайды, ол – басқа әңгіме... Біздің мақсат – ұлы дала перзентіне тән қайсарлықпен, тексіздерді тезге салар «тентек» ойлардың тізгінін ара-тұра жіберіп тұру ғана...

 

3072 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы