• Айтарым бар...
  • 30 Қыркүйек, 2020

Бақыт деген денсаулық

Жақында  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан дерегін көзіміз шалды. Әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны
12 млн адамнан асқан. Қаза болғандар саны
500 мың төңірегінде.

Менің тоқсанның төріне шыққан үлкен әжем былай деп отырушы еді. «Қазір адам жанынан өзгенің бәрі бар. Дегенмен адамның шыбын жаны біреу ғана», – деп жиі қайталайтын. Кейде, немерелері боп, әже ақыл-кеңесіңізді айтыңызшы дегенде: – Мың күнгі жұмақтан, бір күнгі жарық дүние артық, балам, – деп, бір күрсініп алатын. Ауылда, бал кезде айтылған есті дүниелер осы күнге дәп келгендей. Құлағымнан кетер емес. Жарықтық әжем. Бірнәрсені білгендей. Әрбір сөзі – рас!
Бүгінде аузын айға білеген алпауыт Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия сынды медицинасы, технологиясы қарыштап дамыған державалар бар. Бірақ дамығандық – короновируске дәрменсіздеу боп тұр. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басын шыр айналдырды. Қайдан, қайтіп келген індет екендігін ешкім дөп басып айта алмай отыр. Бұған қарсы вакцинаны тапқан жоқ. Өмірін медицинаға арнаған ғалым күндіз-түні осы дерттің емін табуды ойласа да, әлі нәтиже ауылы көрінер емес. XXI ғасыр ғылым мен медицинаның дамыған кезі деп келдік. Бірақ осы пікір әлі де шикілеу екендігін уақыт көрсетіп берді.
Ата-бабамыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп текке айтпаған екен. Оған біздің көзіміз жетіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратқан сақтық шаралары мынадай. Біріншіден, қолды күніге бес реттен кем жумау. Әр жуылған қолды сабынмен тазарту. Спиртпен тазартсаңыз құба-құп болмақ. Екіншіден, бетперде тағып жүру. Әсіресе, адам қарасы көп шоғырланған жерлерде маскасыз жүрмеу. Үшіншіден, «Үйде қалыңыз» ұстанымы. Бейресми төртінші тізімге «Жақыныңа жанашыр бол» дейтінді қосар едік.
Президентіміз «Әр қазақ менің жалғызым» деген жалынды сөз айтты... Бұл түсінгенге астары терең дүние. 13 шілде ұлттық аза тұту күні болып белгіленді. Марқұм болған жандарды, бір минут үнсіздікпен еске алды. Үлкендер «Ауырсаң ешбір нәрсе керек болмай қалады» дейтін. Текке айтпаса керек-ті. Дана қазақ «Тәні саудың – жаны сау» деген. Бұған біздер күн өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Ойды тұздықтай түселік. Әбу Әли Ибн Сина «Өз бақытын бағалай алмаған адам, бақытсыздыққа ұшырайды» депті. Бұл орайда данышпан жұртымыз «Бірінші байлық денсаулық» дейді. Бағалау керек бақытты, ол бақыт – денсаулық!

Олжас Жолдыбаев

474 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы