• Руханият
  • 27 Тамыз, 2020

Абай және тарих

Амантай Исин,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің профессоры

«Сөздің ең ұлысы, сыпаттысы – тарих» болғанда (Ахмет Байтұрсынұлы), қандай ұлы ақын, ойшыл болса да, тарихтан танымдық та, шығармашылық та нәр алған. Тарихсыз бойындағы қабілетін де, айтар ойын да жеткізе алмаған. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп екі жаққа үңілген» ұлы Абай қызығушылығы мен ізденіс саласының бірі тарих болатын. Жас кезінде ел ішіндегі білгірлер мен алыс-жақын жерден келген билер, оқымыстылар мен шежірешілер әңгімелеріндегі өткен замандарға қатысты құнарлы сөз болса, жадына тоқыды. Танымы жаңаша жетіле туған халқы мен Шығыс, Батыс елдердегі рухани дүниені, қатпарлы тарих сырларын меңгеріп, кемел Абай әлем өркениетінің биігіне көтерілген.

Абайдың түркі-моңғол өркениеті туралы тарихи көзқарастары

Қазіргі қазақ даласындағы түркі-моңғол өркениеті Түркі дәуірін толықтай (V-XIII ғ. басы) және «Моңғолдан кейінгі» кезеңнің ислам діні орныға қоймаған, дала халқы ескі дін-салтын көбірек ұстанған заманға (XIII-XIV ғасырдың алғашқы ширегі) тиесілі.
Ресей империясында ғұнтанудың негізін салған түркі халықтарынан шыққан, ұлты чуваш әйгілі ғалым Н. Бичуриннің Санкт-Петербургте 1851 жылы шыққан «Көне замандарда Орта Азияны мекендеген халықтар туралы мәліметтер жинағын» («Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена») Абайдың алдындағы жас Шоқан әлемде алғаш зерделеген ғалымның бірі еді. Абай көне және орта ғасырлардағы Қытай деректерін мол көлемде игеруге бармаса да, «қырғызды қытайлар «бурут» деп атайды, өз тауарихларында оның себебін, неліктен «бурут» дегенін еш білдім дегенді көрмедім» деп Қытай тарихнамасымен және оның негізінде зерттеулер жазған Н. Бичуриннің еңбектерімен [1] таныстығын аңғартады.
Бала Абай сыйынған ұлы есімнің бірі Әбілқасым Фердауси исламға дейінгі дәуірлерді эпикалық ғажап шығармасымен дәріптеп, парсылар мен түркілердің отансүйгіштік рухын көтеріп, қаһармандықтарын кейінгі буындарға үлгі қылып қалдырған. Әлемге тарихты эпикалық аңызбен кестелеген «Шаһнама» поэ-масы Шығыс елдерінің бәріне, қазақ арасына да тараған. Иран мен Тұранның исламға дейінгі қаһармандық аңызды тарихы баян етілген бұл ұлы шығарма иірімдері жас Абайды толғандырған. Мұнда ежелгі Парфия, Кушан патшалығы, Сасанидтік Иран, Бұхара мен Самарқанд Соғды, Іл Афрасияб (ғылымдағы Қарахан мемлекеті), Қытай мемлекеті сияқты Еуразия кеңістігіндегі елдердің, байырғы түркі тарихына қатысты мол мағлұмат пен тарихи таным жатыр.
Қарахан заманында Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда ислам діні қуаттанған заманнан соң шығыстан «дінсіз түркілер» «исламның тірегі» сұлтан Санжарды жеңіліске ұшыратқан Қатауан шайқасы (1141 ж.) белгілеп берген, «қарақытай қаптаса ақыр заман болады» деген мұсылмандарды үрей билеген Қарақытай заманы келеді.
Абай түркі-моңғол өркениетінен қазаққа үзілмей жеткен өшпес тіл, қара сөз, поэзия, музыка мұрасын жоғары бағалайды. Қазақтың түркі заманынан келе жатқан тұрмыстық салты (шілдехана, қынаменде, беташар) өнермен, әнмен қатар өрілгенін, қаза салты да жоқтаумен, зармен қазаққа көнеден келе жатқанын ескертеді.
«Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,
Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара», - дейді.
Абай ескі заманның берекелі тұрмыс-тіршілігін, ата-бабалардан қалған турашыл, адал, кісілік мінезді адамдардың қулығы көп өз заманынан артық көрген. Бұл туралы қара сөздерінде бірнеше сюжет бар.
«Ескілік киімі» өлеңінде және басқа да шығармаларында қазақта ескі замандардан жеткен ондаған этнографиялық дәйек келтіреді. Түркі-моңғол, хандық замандардан қалған мұраның көбі этнографиялық, танымдық екенін айтып, замандастарына үлгі көрсетеді. Қазақтардың бірі мұны ұғып, көпшілігі ұқпаған, заман өте жойылып кететінін аңғармаған. Абай болса ел ішінде кездесетін, халық шеберлері жасаған, ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрлі туындыларды Семейде құрылған облыстық өлкетану музейіне тапсыру ісімен де шұғылданды. Ұлт мұрасын түсінбейтін көпке Абай жақсы ескі затқа қызыққыш, оны алғыш.
Тарихта түркі заманының бейбіт-берекесінен айрылуды жаугершіліктің күшейуімен байланыстырады. Майқы би бастаған он екі би Шыңғыс ханға барып, билігін мойындап, Шыңғыстауда «ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген» деп, ел аңызын келтіреді. Қазақта да, башқұртта да бар бұл аңыздың тарихи негізі – Шыңғыс хан әскері келгенде Арқадағы дала халқының көбі соғыспай мойынсұнғанын ұрпақтары есте сақтаған. Әкесі Құнанбай 1846 жылы А. Янушкевичке ел аңыздары негізінде Шыңғыс ханның батысқа ұлы жорыққа аттанған жері Шыңғыстау және тарихтағы бұл ұлы тұлғаның шыққан тегі «қалмақ», яғни, моңғолтілді жұрт ортасынан деп айтқаны белгілі.
Шыңғыс ханның жауынгерлері алдында зат салыстырар сынында моңғолдардың жасап шығарған заттарынан моңғолдарға бағынышты болған ислам жұртының жасап шығарған қолөнер туындыларының жақсы екенін бәрі мойындайды. Қаған оларға, мұсылман жұртын жеңдік деп астамсымай, олардан үйреніңдер деп ескерткен.
Абай да шығыстан, Моңғолиядан келген жұртшылықтың білімі мен материалдық құндылықтарынан оңтүстіктен келген жұрттың білімін жоғары қояды. Абай «Кітаб тасдиқ» шығармасын жазып жатқан 90-жылдардың басында да, оның алдында, жазылған мезгілі 70-80-жылдар болуы мүмкін, «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» ғылыми ескертпесінде де әлемге көне түркі жазуы әлі ашылмаған уақыт болатын. Соған байланысты да сыншыл Абай «Маңғұл жағынан», яғни, Моңғолия, шығыстан ығысып келген халық «заманның көбін ғылымсыздықпен өткізіп, тауарихларын терең білмей, түбі ескерусіз қалып, ата-бабаларын ақсақалдардың айтуымен, ауыз хабарынан білгеніне қанағат қылып жүріскен» [2: 226] деп, қазақ ішінде тараған ру-тайпа шежірелерінің халық қалыптасқанға дейінгі арғы тарихты баяндауындағы кемшілігін дөп көрсетеді.
Абай қазақ халқының арғы тегі мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдіреді. Қазақ ішінде дін иелерінің қатысуымен жазылған кей шежіре әңгімелерге сүйеніп, ел ішіндегі қазақ арабтан шықты деген түсініктің қате екенін ескертіп, оның себебі «бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен» деп ғылыми тұжырым жасайды. Сонымен бірге, Абай «қазақ» атауына келгенде этнонимді арабтың өздеріндегі көшпелі «хұзағи» деген халыққа «ұқсатып айтқан екен» [2: 226, 230] деп, қазіргі ғылым растамайтын жорамалын да айтады.
Абай ұғымында қазақ халқы түркі заманында да бар. Алатау бөктерінде «біраз момындықпен тұрған кезінде» қазақтар «егін салмақ секілді, сауда қылмақ секілді шаруаларға да көршілерінен көріп айналған екен» [2: 230] деп, сол заманда жүзеге асқан мәдени синтезді қара халыққа ұғынықты тілмен жеткізеді.
Абай түркі заманындағы әдет-ғұрып, исламға дейінгі наным-сенімдердің қазақ ішінде ұзаққа сақталып жеткендігінің мысалдарын келтіреді. Ескілік наным-сенімнің жойылып келе жатқанын оң құбылыс деп санайды. Бірақ халықтың өздігін көрсететін мәдениеттің діннің ықпалымен өзгеріске ұшырап кеткенін де атайды. Ескі замандарда көктемгі Наурыз мерекесін халық «ұлыстың ұлы күні» деп қызықтаса, «бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады» деп, қынжылыс білдіргендей болады. «... Шәһарлардың да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттарын бұзыпты» деген сөздер [2: 230] ислам діні енгеннен кейінгі заманға да, аңғара қалсақ, империялық саясаттың да жағымсыз істерін көріп отырған өз заманына да қатысты Абайдың ойлары дейміз. Сынағандай болып отырып, түркі заманының еркіндігін еске салғанынан «Біраз сөз...» шығармасын мақала ретінде даярлады ма екен деген ой да туады.
Түркі заманындағы қоғамның, «жай жатқан момын қазақтың» ұйысуының «бұзылған кезі Шыңғыстан соң болса керек» [2: 231] деп, шапқыншылық заманында бейбіт өмірдің келмеске кетіп, адамның жыртқыштық сезімі бой көрсеткенін айтады.
Абай, сонымен, түркі заманының, исламға дейінгі және моңғолға дейінгі заманның бірқатар берекелі істерін атап өткен.
Абай реформатор, сыншыл. Ескі замандардан қандай мұра қалса да, оны толықтыруды, жаңғыртуды талап етеді. Түркі дәуірінің соңғы кезеңдерінде және Моңғолдан кейінгі кезеңнің басында дала халқы араб-парсы мәдениетіне біртіндеп кіріге бастайды да, ортақ өркениет құруға беттейді. Оның үлкен табысы – Абай жоғары бағалаған жазу, кітап мәдениеті, білім мен ғылымның орнығуы.

Абайдың араб-парсы мәдениетінің басы және түркі-парсы-түркі өркениетінің өрлеу кезеңі туралы ой-пікірлері

Абайдың зерделеген келесі тарих замандары – түркі халықтарының түркі заманында біртіндеп ислам дінін қабылдау арқылы араб-парсы мәдениетіне жуықтаған (VIII-XIII ғғ.) және, әсіресе, араб-парсы-түркі өркениетінің өрлеу (XIV-XVI ғғ.) кезеңдері. Бұл өркениеттің тоқырау және құлдырау кезеңі XVII-XIX ғғ. болғанда, сол өркениеттің соңғы ұлы тұлғасының бірі болған Абай түркілер мен олардың жалғасы қазақтардың тарихына үңілуге көңіл бөлген, өз көзқарастарын білдірген.
Семей медреселеріндегі дін иелерінен ислам тарихын санасына сіңірді, шығыстың әлемге әйгілі ғалымдары мен ұлы ақындары оның тарихи танымына ерекше әсер етті.
Бала кезінде Шығыстың ұлы шайырларына сыйыну өлең жолдарынан сөз өнеріне де, араб-парсы әдебиетіне де, түркі халықтарының тарихына да қызығушылығы байқалды.
«Мешіттің құтпа оқыған ғұламалары» [3: 89] ішінде тарих ғылымына кемел, Құрбанғали Халидке ұстаз болған тарих білгірі имам Ахмед-Уәли әс-Семей-Пулати бар. Медреседегі қолжазбалар мен кітаптардан орта ғасырлар тарихын, ислам діні, халифтер мен хандардың тарихын білді. Абай ислам ойшылдарының тарихты танудағы ілімдерімен танысып, адамның таным қабілетін мойындайтын, дәлелді сынға негізделген ислами танымның рационалдық және ақиқатты ақылмен де, сезіммен (жүрекпен), интуициямен де сезу мүмкіндіктерін белгілейтін бағытын ұстанды. Бұл ретте Абайдың дүниені тану көзқарасы ислам әлемінің орта ғасырлардағы ұлы ойшылдары Йақуб әл-Кинди, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Хамид әл-Ғазали, Қожа Ахмет Йасауи, Шихабуддин Сухраварди, Мухиддин ибн Араби, Мәулана Желаледдин Руми, Әбдірахман ибн Халдун, Жалаладдин Дауани (Дуани) көзқарастарымен және тарихи танымдарымен сабақтас.
Адам шаруашылығы мен мәдениетінің, ой-өрісінің сатылап даму кезеңдерін көріп, оған ғылым мен оқу ісінің жетілуі шешуші қызмет атқарды деп есептеді. Ислами мәдениеттегі сынды, адамгершілік сезімді, әділетті, ақылмен жеткен білімді құптап, ойсыз мүлгуді ұнатпады. Тарихтағы мейірімді, әділетті істерді үлгі етті. Діни фанатизмді надандыққа балап, жек көрді.
Абай «Үндістан тарапынан», яғни, оңтүстіктен келген жұрт білімді, «ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер» [2: 226] деп аз сөзбен ислам мәдениетінің тарихты білудегі жетістіктерін мегзейді.
Ислам әлеміндегі ұлы тарихшылар ат-Табари, ибн әл-Әсир арабша жазған шығармаларынан деректер тауып, Семейге келіп, айлап, апталап жатып жүргенде парсы, шағатай тілдеріндегі бай рухани мұраны меңгерумен болды.
Мұхаммед ибн Жарир ат-Табаридің X ғ. басында жазылған «Та’рих ар-расул уа-л-мулук» ұлы шығармасы XIX ғасырда Голландияның Лейден қаласында 1879-1890 жылдары үш топтама, он үш том көлемінде шығып, Ресейде үзінділерімен ғана белгілі бола бастаған заманда, Абай, кейін Абай ізімен Шәкәрім де бұл шығарманың қолжазбалық үлгілерімен танысып шыққан. Шәкәрім шежіреге қатысты оқыған кітаптарының тізімін осы Табариден бастайды. Қазақ оқымыстыларының қолына 1874 жылы Парижде шыққан парсы тіліндегі басылым түсті-түспегені белгісіз.
Ұлы тарихшы Ибн ал-Асирдің XIII ғасырдың 30-жж. аяқтаған «Та’рих ал-Камил» шығармасы да толық көлемде он төрт томдық басылым болып Швеция мен Голландияда 1851-1876 жж. жарияланған болатын. Семейге бұл жеткізілмегенмен, Һ. 1301 /1883-1884 жж. Мысырда (Қаһира бөлігі Бұлақта) арабша шыққан әл-Асир басылымы Абайға жетуі мүмкін. Осман империясында – Ислампұл мен Мысырда - шығып тұрған кітаптар Абайдың да, Шәкәрімнің де назарында тұрған.
Шыңғыс хан заманынан бергі тарих әдебиеті патшалық Ресейде жақсы жариялануда және зерттелуде болды. Олардың көбі Семейге де жетіп, Абай зерделеуге мүмкіндік алады.
Абай заманы Атамелік Жувейнидің Та’рих-и Жаһан гуша-и» тарихының (XIII ғ. 70-80-жж. басы) әлі баспадан жарық көрмеген, әлемге тарамаған, шағын үзінділері арқылы ғана зерттеушілерге белгілі бола бастаған заман-тын. Ал, заманынан озған ұлы тарихшы Рашид ад-Диннің XIV ғ. басында жазған «Жами’ ат-тауарих» шығармасы XIX ғасырда парсы тілінде де, аудармада да жарияланып, таралған болатын. Шоқан да, Абай, осы «Жылнамалар жинағымен» 1861 жылы Қазанда шығыстанушы И. Березин шығарған парсы мәтінімен танысу мүмкіндігінде болды.
Абайдың оқыған, зерделеген кітаптары туралы өз қолымен жазғандарынан көшіп-қонып жүрген қазақ өмірінің тұрмыс-тіршілігіне және XX ғасыр басындағы Абай ауылына төнген қиыншылықтарға, соңы кең даладағы халықтың қоғам дүрбелеңі мен ашаршылыққа ұшырауына байланысты жұрнағы ғана сақталды. Рашид ад-Дин «Жылнамалар жинағының» парсы мәтінімен Абай 1868, 1888 жылы Ресей Археологиялық қоғамы шығыс бөлімінің еңбектері басылымы [4] арқылы таныс болса керек.
Абай тарихи танымдығы мол шығыстық ғылыми мұраның ішінен поэзияны, әсіресе, таңғажайып мемуарлық шығармасымен шағатай тіліндегі прозаны дамытып, тарихты әсерлі баян еткен Захиретдин Бабыр кітаптарын зерделейді. Бабырдың «Бабырнамасын» ғана атап, басқа мұсылман авторларын тізбектемесе де, шығыстық қатпарлы тарих жазбалары арқылы өткен замандарды зерделегені Абай шығармаларынан көрініп тұрады. «Бабырнаманы» шағатай тілінде оқығанын сілтеме жасап, Абай өзі көрсеткен. Абай да, кейін Абай ізімен Шәкәрім де 1856 жылы Н. Ильминский Қазанда басып шығарған шағатай тіліндегі «Бабырнаманы» [5] зерделегендері айқын. Шағатай тілінде шыққан бұл кітап қана емес, Cемейдегі медреселер мен дін иелерінде жинақталған қолжазбаларды есептемегенде, түпнұсқа тілінде жарияланған шығыс халықтарының мәтіндері жеткілікті болды.
Ресей патшалығында шыққан сондай кітаптың бірі татар ғалымы Хұсайын Файызхановтың (Хөсәен Фәезханов) «зор текстологиялық және археографикалық қызметінің» [6] арқасында В.В. Вельяминов-Зернов шығарған «Қырым хандығы тарихынан материалдар» құжаттар жинағы [7] күні бүгінге дейін Семейдің тарихи-өлкетану музейі қорында сақталуда. XIX ғасырдан сақталып келген бұл кітаппен де Абайдың таныстығы күмән туғызбайды. Абай Қазанда арабша, парсыша, ескі татар тілдерінде шыққан көптеген діни-философиялық, тарихи-танымдық кітаптарды кең көлемде меңгерген. Абай қараған кітаптардың ішінде Ресейдің ірі шығыстанушы ғалымы, тегі әзербайжандық Қазымбек аударып, 1832 ж. шығарған Сейід-Мұхаммед Риза Қырымидің «Ассеб ус-сейяр» тарих кітабын атаймыз [8]. Әрине, татар халқының шығармашылығы жалпытүркілік мағынаға ие ұлы тұлғасы Шиһабетдин Маржанидің 1885 ж. басылып шыққан «Мөстәфад әл-ахбар фи әхуали Казан уә Булғар» зерттеуі де [9] , түркі халықтарының, әсіресе, османлы түрік әдебиетшілері мен тарихшыларының, оның ішінде Мұстафа Нури-паша, Ахмет Вефик-паша, Ахмет Жевдет-паша кітаптары да [10] назарынан тыс қалмайды.
Ресей империясындағы шығыс-танушыларға кең тараған және олардың орта ғасырлар тарихын танудағы көзқарастарына қатты әсер еткен шығарма, әрине, XVII ғасырдағы Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и түркие» кітабы. Ол патша заманында бірнеше рет жарияланды, орта ғасырлар тарихын зерттеушілерге сол заманның өзінде кітапханаларда. Далалық түркі тіліндегі, бұл күнде «сыйлыққа арналған» деп айтуымызға лайық, азғана таралыммен Қазанда 1825 жылы шығарылған тамаша басылым [11] Мәскеуде Ресей Мемлекеттік кітапханасының (бұрынғы «Ленинка») Кітап музейі бөлімінде су жаңа шыққан күйінде сақталып тұр.
Әбілғазы хан кітабының Абай, кейін Шәкәрім танысқан басылымы түпнұсқа тілінде және шығыстанушы П. Демезонның француз тіліне аудармасымен екі том болып 1871-1874 жылдары шыққан [12].
Мұсылман авторларының орта ғасырларды тану шығармалары Абайдың рухани әлемінде өмір бойы қызмет етті. Абай сол шығармалар арқылы, атап айтқанда, түркі этногенезінің тамыры тереңде екеніне көз жеткізеді, жаңа замандағы түркі халықтарының туыстығы туралы деректерге сүйенген тарихи көзқарасы қалыптасты. Кейін «өлеңі бар, өнерлі інісі» Шаһкәрімге де тарихты, шежірені зерттеуді тапсырғанда шығыс тарихшыларының еңбектерімен жете танысуға Абайдың кеңес бергені жақсы белгілі.
Шығыс халықтарының тарихынан дара ел билеушілер ретінде Ескендір, Шыңғыс хан мен Әмір Темірді атайды [3: 236], бірақ олардың қырғын істерін, «араны ашылып», жер жүзін жаулап алу істерін тойымсыздыққа балап, құптамайды [3: 319-325].

Абайдың түркі-парсы-түркі өркениетінің тоқырау және құлдырау кезеңіне (XVII-XIX ғғ.) қатысты ой-пікірлері

Араб-парсы-түркі өркениетінің тоқырауы құлдырауға ұласқанын шығыс ойшылдары бірден байқаған жоқ. Оның халықаралық қатынастағы, саяси, әскери тартыстағы нақты көріністері әрі қарай тоқталмайтын заңдылыққа ұласқаннан соң, XVIII ғасырдың соңынан бас-тап қана әуелі мемлекетті, әскерді басқару ісіне жаңалықтарды енгізе бастады. Рухани әлемінің дайындығы тағы бір ғасырға жақын уақытты алды.
Абайдың кемелдену жылдарында түркі халықтарының ұзақ тербелістен кейін «ояну» кезеңі де келіп жетті. Таңғажайып тарихи құбылыс: түркі халықтары кең географиялық аймақта біз мезетте оянды. Ресей империясында 1881 жылы Исмаил Ғаспыралы «Орыс мұсылмандығы» қағидаларын жариялап, 1883 жылы Қырымдағы Бақшасарайда бір бетін түркі, бір бетін орыс тілінде түркілердің алғашқы тәуелсіз басылымы «Тәржіман» газетін шығара бастаса, Еуразия даласының шығысында, Семей жерінде ұлы Абайдың түркі халықтарында теңдесі жоқ көркем де тұнұқ, жаңа сипаттағы реалистік, дүниетанымдық поэзиясы өмірге де сол 1881-1883 жылдары жаралды. Яғни, батыстағы Балкан түбегінен Оңтүстік және Шығыс Сібірге, Моңғолия мен Қытайға дейін созылып жатқан Еуразия кеңістігінде жаңа тұрпатты, әлемдік маңызы бар мәдени бетбұрысты бастаушылар шығыста Абай Құнанбайұлы, батыста Исмаил Гаспыралы маңдайларына бұйырды.
Абай заманы қазақтың түркі-моңғол өркениетінен алыстап кеткен, араб-парсы-түркі өркениетінен әлі шықпаған, шығыс славян-түркі өркениетіне әлі кірмеген заман-тын. Абай сол себепті соңғы екі өркениетті ұштастыра білді. Өзі «мен ескінің арты едім» деп айтқандай, күдігі мен қаупі көп жаңа өркениетке заман талабын сезіне реформаторлық жолмен айқара есік ашқан еді.
Абай еуропалық ойшылдар мен ғылым иелерінің шығармаларымен, Батыс елдерінің көптеген жауһар рухани қазынасымен көбінесе XIX ғасырдың 80-жылдардың ортасында, өз жасы қырыққа жеткенде танысты.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деп оның алдындағы жылдарға өкініш білдіргені де осыдан.
Объективті себебі – Семейде қоғамдық кітапхана мен музейдің ашылғаны да 1883 жыл еді. Абай кітапханаға негізінен 70-80-жылдарда жиыстырыла бастаған басылымдар арқылы танысты. Аракідік Абай қай басылымдарды оқыған деген сұрақтар қойылып жатады, бірақ абайтанушылардың бұл мәселені зерделеуі кешігуде. Атап айтқанда, Абайдың қолына француз философы Огюст Конттың 1851-1854 жж. француз тілінде шыққан «Позитивті саясат жүйесі» төрт томдығы түспесе де, ол философиялық жүйеге орыс тілінде талдау жасалынып, 1867, 1873, 1877 жж. жарыққа шыққан кітаптар [13] Семейге де жеткен.
Абайдың философиялық, тарихи ой-пікірлерінің қалыптасуына эволюционисттердің еңбектері әсер етті. Жер бетіндегі тірліктің кең панорамалы дамуын көрсеткен Чарльз Дарвиннің ілімімен [14], оның «қабаған иті» атанған Томас Гекслидің жазғандарымен де [15] таныс болған. Философияда өз бағытын ұстанған ағылшын Джордж Льюистің шығармасын да қараған [16].
Америкалық Джон Дрейпердің 1866 ж. орысшаға аударылып шыққан «Еуропа ойы дамуының тарихы» қостомдығының 1873-1874 жж. және 1880, 1885 жж. қайта жариялануы [17] бұл кітаптармен Абайдың жете танысуына жағдай туғызды. Ағылшын Генри Бокльдің «Англиядағы өркениет тарихы» қостомдығы да орысша бірнеше мәрте – 1862-1864, 1866, 1874-1875 жж. жарияланып [18], Семейдегі қоғамдық кітапхананың рухани игілігіне айналған. Ағылшын Герберт Спенсердің «Әлеуметтік статика: адамзат бақытын қамтамасыз ететін әлеуметтік заңдарды баяндау» шығармасы 1872 ж. жарияланды [19]. Семей кітапханасында француз Ипполит Тэннің 1866, 1872 және 1876 жж. орысшаға аударылып жарыққа шыққан бірнеше кітаптары болған [20]. Солар арқылы Абай бұл философ пен эстеттің өнер туралы ілімімен және ағылшын әдебиетінің тарихымен таныса алған. Бұл шығармалардың нақты қай жылғы басылымдарын Абай оқығанын зерделей түсуге ізденістер әлі жасалына бермек.
Абай «он тоғызыншы ғасырдың ағылшын тілді ең ықпалды философы» атанған Джон Милльдің зерттеулеріне үңілді. Тарихи танымын тереңдете түскен Абай жеке зерттеулермен қатар Ресей империясында шығып тұрған мерзімді баспасөз, журналдардағы тарих деректеріне ден қояды. Семей кітапханасының тұрақты оқырманы болған Абай «Вестник Европы» журналында 1873-1874 жж. жарияланған О. Россельдің «Джон Стюарт Милль и его школа» мақалалар топтамасын да [21] зерделеді деуге деректік негіз бар.
Бұл жерде біз «Абай кітапханасы қандай кітаптардан тұрды» деген сұраққа жауап бере отырып, Абай шығармаларын зерделеді деген бірнеше ғалымдарды атаған 1885 ж. деректерді [22] тағы да ескере, Семей кітапханасындағы нақты басылымдарды көрсеткен жайымыз бар.
Батыс өркениетінің жетістіктеріне үңілген Абай қоғамдық ой мен тарихи көзқарастарын қалыптастыруда әсіресе позитивизмдегі Огюст Конт, саяси экономияда Джон Милль белгілі бір ықпал етті. Милльдің қоғамдағы әлеуметтік үйлесімге жету, мемлекеттің соған байланысты табысы аз, әлсіз әлеуметтік топтарды мейлінше қолдау миссиясы болуы тиіс деген идеясын Абай әлеуметтік теңсіздікті ымырасыз күрес арқылы шешуді ұсынған теориядан артық көрді. Марксизм үстемдік етіп тұрған кеңестік заманда Абайдың тап күресі идеологиясын құптамаған бұл көзқарасы дәріптелмегені түсінікті жағдай. Абай революцияшыл идеологтардың шығармаларына санасын жеткізе алмады деген жорамалдарымен шектеліп бақты. Ал, Абай оның бәрін білген, бірақ таптық идеология қоғамды күйзелтіп, рухани сабақтастықты үзіп, әлемді жаңғыртуға тиімсіз жол деп есептеген, келер қауіпті де сезген.
Бұл орайда Абайдың жылдар бойы қасында жүрген Көкбай ақынның:
Абайдан құлағыма бұрын тиген
Дүние болады деп бір тайталас, – деп, кезінде көпшілік мән бермеген Абай сөзін еске алғанын атаймыз.
Аталған зерттеулердің көбі дүниетаным мен тарихқа арналған, сол арқылы Абай жаңа замандағы тарихтың сан алуан құбылыстарын байқап, туған халқының даму жолына түсуін аңсайды, оған жетер жолды көріп, ол үшін ел ішінде ғылым мен білімге деген сұраныс болуы қажет деп есептейді.
Абай трагедиясының үлкені де осында – отарлық езгіге түсіп кеткен, «өз басына би болған өңкей қиқым сиқын алған», берекесін кетірген халық әлемдік өркениет биігіне көтерілуге ол заманда дайын емес.
«Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», – деп кейіс білдіруі сондықтан.
Абай ертедегі қазақ жырауларының шығармаларындағы тарих та толық жетпегеніне, қазақ ақындарының дәстүрлі поэзия өрнектерін ғана ұстанып, әлемдік өркениеттегі құбылыстар оларды толғандыра алмауына, өзінің алдындағы Дулат ақын мен Шортанбай ақынның патша отаршылығын сынаған кітаптарын [23] шығарушылар сөздеріне өз сөздерін қосып, баспадан «бірі жамау, бірі құрау» болып шыққанына кейіс білдірген [3: 94].
Абайдың әлемдегі озық ойлы туындыгерлер зерттеулерімен танысуына Қазақстанда алғаш ашылған Семей қоғамдық кітапханасының тұрақты оқырманы болуы, оның кітап қорының бай болуы әсер етті. Еуропа тілдерінен аударылып, Абай оқып, зерделеген шығармалардың барлығы дерлік империя астанасында – Санкт-Петербургте шыққан. Абай араласып, пікірлес болған, Ресейдегі саяси қозғалыстар мен ұйымдарға қатысып, сол себепті Сібір мен Қазақстанға қудаланған, әртектілік әлеуметтік ортадан шыққан орыс, еврей, поляк, неміс интеллигенция өкілдерінің құлшынысымен жинақталған сан-алуан ғылыми әдебиет Семей статистикалық комитетінен, кітапханасынан және музейінен алып оқылды. Тарихи танымды қалыптастырған әдебиеттің бір тобы Ресейдегі императорлық қоғамдар, әсіресе Ресей географиялық қоғамы шығарған кітаптардан, этнографиялық және Сібір басылымдарынан келіп жатты.
Сол басылымдар арқылы Сібірдегі түркі халықтарының да тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, қазаққа туыстығы Абайға жақсы таныс болды. Бұл ретте Абай Василий Радловтың, Григорий Потаниннің, Николай Ядринцевтің, ж.б. зерт-теулермен [24] таныстығы байқалады. Енисей губерниясы Минусинск үйезіндегі «ясашный татарды», немесе Бийск пен Кузнецктегі түркілер мен қалмақтардан мысал келтіруі бұл жөнінде жақсы дәлел.
Абай ой-өрісінің әлемдік деңгейге шығуына жәрдемдескен оның достары ішінде ерекше әсер еткен деп абайтанушылар, әрине, жаратылыстанушы ғалым Евгений Михаэлисті атайды. Михаэлистің тегі – заманында Балтияға қоныс тепкен орыстанған неміс отбасынан. 1869 жылдан бастап облыстық басқармада іс жүргізуші көмекшісі қызметіне алынған, одан кейін жеке тапсырмаларды орындайтын кіші шенді қызметті атқарған Е. Михаэлис Семейде өлкенің мәдени дамуында терең із қалдырды. Абаймен достығы оның 1871 жылы Күшік-Тобықты, 1872 жылы Қоңыр-Көкше Тобықты болыстарында болған жылдары басталса керек. Абай орыс тілін жетік меңгергенше империя тарихы мен оның ішкі жағдайы туралы көп мағлұмат Семейге келген Абайға Михаэлистен жетіп отырды. Е. Михаэлис 1882 ж Өскеменге қоныс аударғаннан кейін ол өзінің бойындағы дарынды, ғылыми мүмкіндіктерін бірнеше сала бойынша өлкені зерттеуге жұмсады. Абай мен Михаэлистің достығы Өскеменде де жалғасқан. Империяның ішкі және сыртқы саясатына Абайдың сын көзбен қарауына, отаршылықты халықты еркінен айыру деп түсінуіне оқымысты достары да өздерінің өмір тәжірибелерінен ой қосып отырды. Бұл ретте 80-жылдары жастары кіші поляк С. Гросс, орыс А. Леонтьев қазақтың дәстүрлі құқығы туралы деректер жинауда Абайдан мол мағлұмат алып отырған. Бұлардан да жастау балтиялық еврей А. Блек 1883-1884 және 1887-1888 жж. Абай қасынан табылып, пікірлесіп отырды. Абайдың ұстаздығы, сонымен, өз еліндегі шәкірттермен шектелмейді. Ол еуропалық достарын қазақ тарихы мен тұрмысы туралы деректермен байытты.
Абайдың дүниетанымға, тарихқа, мәдениетке, өнерге құлшынысын оның сырлас достары ғана байқап қалған жоқ. Семей облысын басқарған кейбір лауазымды адамдар да ізденістеріне оң қабақ танытқан деп айта аламыз. Семей облысының 60-80-жылдардағы әскери губернаторларынан Семейдегі қызметі аз уақытты қамтыған инфантериядан генерал Г.А. Колпаковский (1865-1867 жж.) сол кезде және одан кейін жаратылыстану, антропология, этнография қоғамдарының, генерал-лейтенант И.Ф. Бабков (1867-1868) география қоғамының мүшесі болған, олардан кейін қалада он жыл тұрақтаған генерал-лейтенант В.А. Полторацкий (1868-1878) өлкедегі бірнеше географиялық экспедицияларға қатысты. Семейдегі, сол кездегі Қазақстандағы ең бай кітапхана қорының қалыптасуына олар өз үлестерін қосты. Абайдың ғылыми ізденіс жүргізген жылдары әскери губернаторлар болған генералдар А.П. Троценко (1878-1883), В.С. Циклинский (1883-1887), А.Ф. Карпов (1891-1901) те Семейді кітаппен байытуда ықпалды деп есептеуге негіз бар.
Туған халқының отарлық езгіден шығу жолдарын қарастырғанда Абай алғышарттар ретінде оқу-білім, ғылым арқылы рухани жетілу қажеттігін мейлінше сезінді және осыны өз шығармашылығында дәріптеді.
Өзі кітап мәдениетіне жасынан бой ұрған Көкбай ақынның Абайдың реформаторлығы туралы айтқаны бар ғой:
«Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.
Мысырдан төте жолмен оқу шықты,
Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді».
Түсінігімізде, бұл Қырымда Ғаспыралы бастаған жаңа, дыбыстық оқу жүйесін де құп көріп, онымен бірге Исламбұл мен Мысырдан келетін танымдық әдебиетті де аңсауы.
Шығыс елдеріндегі оң құбылыс, жаңару жолдарын іздестірген тұлғалар болса, олардың игі істерін үлгі қылып көрсетуге тырыс-ты. Міне, осы тұрғыда, Абай өз замандасы, Иранның шаһы Нәсіреддиннің реформаторлық қайраткерлігін тарихпен, тегімен байланыстыра сөйлейді. XVIII ғасырда атағы шыққан Нәдір шаһ афшар, Нәсіреддин шаһ қажар тайпасынан шыққан, аталары қазақтың аталары сияқты «Маңғұлдан» [Моңғолиядан] келген. Ғылымда арғы тегі белгісіз, аталары Хулагудың XIII ғасыр ортасындағы Иранды жаулап алған жорығы кезінде келген деген жорамал бар. Абай да сол себепті: «Біздің қазақтың Маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят», «Кім жетсе – табады, өнерімен жетеді. Оларға атаң қалмақ деп кім бөгет болады?» [2: 226-227] - деп тарих дерегіне сүйенген ойын түйеді.
Шартарап әлемнің шолған, адамзат құндылықтарын бойына сіңірген Абай тарихты зерделегенде әр топырақта жаралған тарих түсініктері оның тарихи көзқарастарын қалыптастырды. Абай Шығыс әлемінен де, Батыс әлемінен де сергек ақылға сүйенген, рационалды, позитивті, адамзатты дамуына игі ықпал етер танымды іздеді.
Ежелгі және ортағасырлық Қытайдың әулеттік тарихнамаларынан бірін-бірі ауыстырған замандар дөңгелекті өзгерісті – жаралу, өрлеу, жетілу, тоқырау, құлдырау, қайта жандану – қайта айналып келеді деген тарихшыларының түсініктерін көрді. Араб, парсы, түркі тарихнамаларынан елді басқарғанда дара, дана тұлғаның алға сүйреп, халықтарға игілік сыйлайтынын, жауыз билеуші елдің берекесін кетіріп, тоздырып, бөлшектеп, аздыратынын көрді. Еуропа тарихшыларының еңбектерінен қоғамның технологиялық дамуы, әскер күшінің реттілігі, көпшіліктің мәдени жетілуі, ағартушылық пен ғылымның жетістіктері империяларға қызмет етіп, дамыған елдерді алдыға шығарып, бағынышты қылғандарды қараңғылықта ұстап дамытпай, тарихы жоқ елдер қатарына қосқан түсініктердің таралғанын көрді. Қазақтың дәстүрлі тарихи түсінігінде адамның өз қауымымен бейбіт өмір мен шапқыншылықтан өзге өзгермейтін, тұрақты тарих сахнасында өзгермей жүретін, тек «алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» өз халқы тұрды.
Тарихтың тәжірибесі арқылы Абай халқының алдыда тұрған неше түрлі зұлматтан сескенді, халықты аман алып шығудың экономикалық, саяси, мәдени жетілу жолына үндеді.
Абайдың тарихи көзқарастары ұлы ақын және ойшылдың поэзиясын да, қара сөздерін мейлінше ұғуға да жол ашады. Абай тарих деректері мен ғылыми әдебиетті, әсіресе, әкесі Құнанбай ел билігін балаларына қалдырған 1871-1873 жж. бастап терең зерделей бастаған. 70-жылдардағы ғылымға құштар ізденістерін 1883 ж. Семейде қоғамдық кітапхана ашылғанда тереңдете түседі. 70-80-жылдары Абай көп жылдар бойы сусындаған Шығыс ғылымын Батыс ғылымымен ұштастырады. 1881-1883 жылдардың өзінде жаңашыл шығармашылығымен, реформа-торлық көзқарасымен түркі әлемі мәдениетінің заманға сай жаңғыруының көшбасшы тұлғасы-ның біріне айналды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Иакинф [Бичурин Н.Я.]. Описание Чжунгарии и Восточного Туркестана в древнем и нынешнем состоянии. – СПб., 1829; Сонікі. История первых четырёх ханов из дома Чингисова. – СПб., 1829; Сонікі. Историческое обозрение ойратов или калмыков с XV столетия до настоящего времени.– СПб., 1834; Сонікі. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – СПб., 1851.
2. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. II-т. – Алматы: «Ғылым», 1977.
3. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. I-т. – Алматы: «Ғылым», 1977.
4. Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Персидский текст // Труды Восточного отдела Русского Археологического общества. Ч. VII. СПб., 1861;
5. Baber-nameh: Diagataice ad fidem codicis petropolitani / Edidid N. Ilminski. – Casani, 1856.
6. Хөсәен Фәезханов. Тарихи-документаль жиентык. – Казан, 2006. 23-б.
7. Материалы для истории Крымского ханства, извлечённые по распоряжению императорской Академии наук из Московского главного архива Министерства иностранных дел / Издал: В.В. Вельяминов-Зернов. – СПб., 1864.
8. Ассеб ас-сейяр, или Семь планет, содержащий историю крымских ханов, сочинённая на турецком языке Сейид Ризою / Изд.: А. Казем-Бек – Казань, 1832.
9. Шиһабетдин Маржани. Мөстәфад әл-ахбар фи әхуали Казан уә Булғар. – Қазан, 1885.
10. Абай мен Шәкәрім оқыған османлы тарихшылары туралы қараңыз: Исин А. Шәкәрім оқыған османлы түрік шығармалары // «Абай». 2012. № 4-5-6. 50-54-бб.
11. Abulghasi Bahadur chani. Historia mongolorum et tatarorum nunc primum tatarice edite auctoritate et munificentia illustrissimi comitis Nicolai de Romanzoff. – Casani, MDCCCXXV [1825].
12. Histoire de Mogols et des Tatars par Aboul-Ghazi Behadour Khan. Publiee, traduite et annotee par Le Baron Desmaisons. T. I. Texte. T. II. Traduction. – St.-Pbg., 1871-1874.
13. Полетика И. Критика философской системы Конта. – СПб., 1873; Лесевич В. Опыт критического исследования основоначал позитивистской философии. – СПб., 1877.
14. Дарвин Ч. Происхождение видов в царстве животном и растительном… -СПб., 1864; 1865; 1868; 1873.
15. Гэксли Т. О причинах явлений в органической природе. – СПб., 1866.
16. Льюис Дж. Вопросы о жизни и духе. Т.1-2. – СПб., 1875-1876.
17. Дрэпер [Дрейпер] Дж. История умственного развития Европы. – СПб., 1866; 1873; 1874; 1880; 1885.
18. Бокль Г. История цивилизации в Англии. – СПб., 1862-1864; 1866; 1874-1875.
19. Спенсер Г. Социальная статика: Изложение социальных законов, обусловливающих счастье человечества. – СПб., 1872.
20. Тэн И. Философия искусства. – СПб., 1866; Сонікі. Очерки современной Англии. – СПб., 1872; Сонікі.История английской литературы. – СПб., 1876.
21. Россель О. Джон Стюарт Милль и его школа // «Вестник Европы». 1873. Кн.V-X; 1874. Кн. XII.
22. Кеннан, Джордж. Сибирь и ссылка. Пер. с англ. – СПб., 1906. С. 131-148.
23. [Дулат Бабатайұлы].Өсиетнама. – Қазан, 1880; [Шортанбай Қанайұлы]. Қисса-и Шортанбай. Шортанбайдың бала зары. – Қазан, 1890.
24. Радлов В. Этнографический обзор тюркских племён Южной Сибири и Джунгарии. – Томск, 1867; Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии. Вып. I-IV.– СПб., 1881-1883; Ядринцев Н.М. Сибирь как колония. – СПб., 1882; Вербицкий В.И. Алтайские инородцы. – М., 1893.

 

1506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы