• Білім-ғылым
  • 27 Тамыз, 2020

АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ АШЫҚТЫҒЫ ҺӘМ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ

Білім беру саласы реформадан көз ашқан емес. Бұған министрлікке осы саланың қыр-сырын білетін білікті әрі жанашыр басшының құтаймағаны себеп. Оның үстіне бір министр бастаған жұмыс екіншісі келген соң аяқсыз қалып жататын. Ал былтыр бұл тізгінді Асхат Аймағамбетов ұстағалы бері біраз түйткіл оң шешімін таба бастады.

Министрлік қызметіне кіріскеннен кейін жоспарымен бөліскен Асхат Аймағамбетов білім саласындағы жемқорлыққа кешенді жұмыс әрі ашықтық арқылы қарсы тұру керек деп санайтынын жеткізді. Ол үш тілде білім беру, педагогтың мәртебесі мен еңбекақысы, мұғалімді өзге жұмысқа жегу, ғылымға бөлінетін қаржы және басқа мәселелерді де шешетінін тілге тиек еткен.
«Басшы болғаннан кейін сынды қабылдай білу керек. Егер шын мәнінде сондай кемшіліктер кетсе, жауапкершілікті ала білу керек. Мысалы, кейбіреулер «жаңа келіп жатырмын» деп уәж айтады. Олай болмайды деп айтамын, сен жұмысқа кеше келдің бе, жоқ енді келдің бе – жауап беруге дайын болуың керек. Алдыңғы жылы не болды, оның алдында не болды, бүгін жағдай не болып жатыр – барлығына жауапкершілікті мойынға ала білу – бүгінгі күні өте қажет құзыреттілік деп санаймын» деп жауап берген журналистке берген сұхбатында.
Шын мәнінде, Қазақстанда ең көп реформа жүргізілген және министрі жиі ауысқан сала – білім саласы. Осыншама көп өзгеріс білім және ғылым саласына, бергі жағында қарапайым мұғалімге де айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Әлбетте, жаңа ғасыр табалдырығында тұрған соң бәрі өзгеріске ұшырайды. Осы тұрғыдан алғанда, білім мен ғылымның да өзгермеуі мүмкін емес. Бірақ сол өзгеріс не үшін қажет, оның қандай пайдасы бар және оны қалай іске асыратынымызды халыққа түсіндіре отырып жүргізсек, әрине, қабылдау да басқаша болады.
Бұл мәселе жөнінде министр Аймағамбетов: «2016 жылдан бастап енгізіліп жатқан өзгерістер – мектептегі жаңартылған бағдарлама, жаңа бағалау жүйесі, оның бәрі қажет. Бірақ оны ең әуелі мұғалімдердің өздері түсініп, қабылдауы керек. Мысалы, бұрын мұғалім оқушыларға сабақты түсіндіріп, сосын сол айтқанын оқушының өзінен қайта сұрап келді. Мұндай тәсіл, әрине, көп уақыт алмайды және аса қиын да емес. Ал енді мұғалімге шәкіртке тек ақпарат берумен шектелмей, сабақты өзгеше жүргізу, оқушыларды білімді өздігінен ізденіп табуына, оларды сыни тұрғыдан ойлауға баулып, көмектесу міндеті қойылып отыр. Әрине, функционалдық сауаттылықты дамыту оңай шаруа емес, сондықтан өзгерістерді қабылдауда қиындықтардың болғаны түсінікті де» дейді.

Қашықтан оқу – министрліктің төтенше шешімі

Осылайша, қызу жұмысқа кіріскен министрдің тағы бір сыналған тұсы – әлемді шарпыған індет елге келіп, оқушылар мен студенттердің төртінші тоқсанды қашықтан оқыған кезі. Еліміздің білім саласында бұрын-соңды жаппай тәжірибеде қолданылмаған жүйеге бірден көшу оңай болған жоқ. Бұл жерде қашықтан білім беруге сақадай-саймыз ба, жоқ па деген сауалдың да басы артық еді. Егер бұл тәжірибеге бейбіт заманда көшсек, онда күрмеуі шешілмеген мәселенің бар екені талай уақытқа дейін айтылып, кейінге шегеріле берер ме еді, кім білсін?! Қалай болғанда да, бұл – лажсыздықтан қабылданған шешім. Біріншіден, көптеген ауылды аймаққа интернеттің жетпегені, кейбір мектептердің толықтай компьютерленбегені, ең ақырғысы балалардың құрылғы алдында тапжылмай отыруға дағдыланбағаны, тағысын тағы.
3 миллионнан астам оқушының тиісті білім алуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұған дейін ұстаздың қарсы алдында отырып сабақ алған бала алғаш рет компьютер мен смартфонға үңілді. Ал қашықтан оқытуға «Balapan» (қазақ тілінде) мен «Еларна» (орыс тілінде) телеарнасы атсалысты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аз уақытта жұмыс тобын құрып, мамандарға жаңа форматтағы білім жүйесінің моделін жасатты. «Індет кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделенді. Мұғалімдер балаларды жаңаша оқытуға дайындалды. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам телесабақ әзірленді» деген сол кезде.
«Уақытша қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары қажетті техникамен қамтамасыз етіледі. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша қиындықтың туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы оқыса, бір компьютер мен бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыздығы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселесі қарастырылды», – деді министр.
Айтып айтпай не керек, бір жарым айға созылған төртінші тоқсанды осылай тәмамдадық. Кейбір ата-ана әзіл-шыны аралас «Баламыз үшін өзіміз оқыдық» десе, енді бірі «Бұл тоқсан баланың емес, ата-ана білімінің деңгейін анықтады» деп қағытып жатты. Расында солай болды. Ата-ана да, шәкірт те ұстаздың қадірін түсінді. Шын мәнінде, қолда бар дүниемен дайындықсыз оқыған балалар жаздық демалысқа асықты. Себебі, қашықтан оқу – мектепке барып оқығандай болмайды. Мұғаліммен тікелей қарым-қатынас жасап, білмегеніңді сұрап, біліміңді толықтырғанға не жетсін?!
Әзірге індеттің беті қайтатын түрі жоқ. Жаңа оқу жылының бірінші тоқсанын да қашықтан оқитынымыз белгілі. Қазірдің өзінде министрлік қажетті шараларды қолға алып, балалардың компьютермен қамтамасыз етіліп, интернетке қолжетімсіздігін шешуге кіріскен. Әйтпесе, ірі қалаларды айтпағанның өзінде шалғайдағы елді мекендердегі көптеген отбасының жағдайы мүшкіл. Мәселен, Семей қаласында тұратын химия пәнінің мұғалімі Біржан Дүйсенов: «Отбасымда 2 студент, 2 мектеп оқушысы бар. Өзім химия пәнінің мұғалімімін. Бір ноутбукке қарап отырмыз. Жарайды, қалада Wi-fi ұстайды, қолымызда смартфон бар. Оқуға мүмкіндік бар. Бірақ ауылдық жерлерде интернет желісі ұстамайды. Өте нашар деуге болады. Осыдан-ақ онлайн сабақтың қандай болатынын болжай беріңіз. Жалпы, онлайн оқыту болашақтың шаруасы еді. Оған дайындықтан өтіп, әбден пісіп-жетілгеннен кейін кірісу керек болатын. Әрине, оқушының алдында тұрып сабақ берген мен қашықтан оқытқан екі бөлек дүние. Адамда эмоция болады. Методика деген бар. Онлайн сабақ бергенде оны қалай қолдана аламыз? Мұғалімнің қас-қабағына қарап түсінетін оқушылар бар. Неше түрлі сабақ беру әдісі арқылы жақсы білім беретін ұстаздар көп. Тіпті, кей балалар сабақты тәптіштеп түсіндірген соң ғана әзер қабылдап жатады. Балалардың қабылдау деңгейі әртүрлі ғой. Дегенмен, мынандай ауыр шақта бала білімсіз қалмауы керек, оқуы тиіс. Баланы босаңсытпау керек. Жалпы, бұл орынды шешім» десе, информатика пәнінің мұғалімі Мейіржан Темірбек: «Ең басты мәселе – интернеттің сапасы нашар. Қашықтан оқытуда оқушылар ресурстарға тіркеліп, сондағы тапсырмаларды орындап, баға алады. Екі мәселе бар. Ол – компьютер және интернет. Айталық, Білім және ғылым министрлігі мектеп әкімшілігі көпбалалы отбасыларға мектептегі компьютерді таратып беру керектігін айтып жатыр. Бәріне жетпесе де, бір мектептегі 20 компьютерді оқушысы көп отбасыға берсе де, үлкен көмек. Бұл жерде тағы бір мәселе туындайды. Егер ол отбасының үйінде интернет жоқ болса, компьютерге қол жеткізгеннен не пайда? Кей отбасында компьютер болса интернет жоқ, интернет болса компьютер жоқ» деген еді.
Коронавирус әлемдегі 421 млн білім алушыға кері әсерін тигізген деген дерек бар. Қазіргі жағдайда біз ғана емес, әлем елдері де осы жүйе бойынша білім беруде. Тіпті, бізге таңсық оқыту жүйесінің әлемде өз тарихы бар. Сонау Ұлыбританияда 1969 жылы ашылған Ашық университетте әлемнің түкпір-түкпірінен 200 мың студент білім алады. Ал АҚШ-та ХІХ ғасырдың 70 жылдарында-ақ қашықтан оқытудың бірқатар қадамы қабылданған. 1874 жылы электронды пошта арқылы оқу бағдарламасын Иллинойс штатының университеті ұсынған. АҚШ-та қашықтан оқыту жүйесінің «атасы» ретінде танылған Вильям Рейни Харпер алғаш рет Чикаго университетінен қашықтан оқу бөлімін ашты. Міне, осындай мол тәжірибесі бар елдерге бұл жүйе қиын болмауы мүмкін.

Білім беру саласын басқару өзгереді

Келесі жылдан бастап білім саласындағы басқару жүйесі өзгереді. Бұл жаңалық білім беру тиімділігін арттырудың ал¬ғышарты болмақ. Жүйе механизмі сәтті жұмыс істесе, алдағы бірнеше жылда же¬місін береді.
«Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі. Сарапшылар аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесіндегі кемшіліктер туралы ұзақ уақыт бойы айтып келеді», – дейді Аймағамбетов.
Президенттің тапсырмасы бойынша тиісті Заң қабылданыпты. «Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни бұл мектептер мен балабақшаларға да қатысты. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам», – деп жазды министр Фэйсбуктегі парақшасында. Оның айтуынша, халықаралық зерттеулер аймақтардағы білім сапасының әртүрлі екенін көрсеткен. Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде өңірлердегі білім сапасындағы айырмашылық 2 жылдан асады.
«Егер білім беру ұйымдарын қаржыландыру мәселесіне көз жүгіртсек, онда да бір облыс ішінде диспропорцияны байқауға болады. Бұл, әсіресе, мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстары мен жаңа білім беру ұйымдарын салу кезінде байқалады.
Бүгінгі жағдай мынадай: мектептер мен балабақшалар аудандық және қалалық білім беру бөлімдеріне бағынады, ал білім бөлімдері өз кезегінде аудандық немесе қалалық әкімдіктерге бағынышты. Ондағы басшылар аудан немесе қала әкімдерінің шешімі бойынша жұмысқа тұрады, қызметтен босатылады және мекемелер қаржыландырылады.
Ал облыстық білім беру басқармаларының заңды түрде және іс жүзінде де ешбір қаржылай, әкімшілік құзыреті болмағандықтан мектептер мен балабақшалардың дамуына айтарлықтай әсер етпейді.Облыстық басқармалардың құзыретінде колледждер, дарынды балаларға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 5-10 мектеп, балалар үйі, ПМПК бар. Бұл басқармалар өңірлердегі әкімдерге бағынады, әкімдіктерден қаржыландырылады. Сәйкесінше, басшыларын да облыс әкімдері тағайындайды»,– деген министр білім саласындағы мұндай басқару жүйесі кері байланысқа, білім саласындағы саясаттың тиімді имплементациясына кедергі келтіретінін айтты.
Бұл – жақын арада жүйемізді әлдеқайда тиімді ететін білім беру саласындағы қажет шешім. «Министрлік пен білім басқармалары арасындағы өзара байланыста да бірқатар мәселелер бар екені жасырын емес. Бұл да – әкімшілік және ұйымдастырушылық бағыныстылықтың болмауының әсері.
Білім және ғылым министрлігі тарапынан басқармалар қызметін әдістемелік үйлестіру жөніндегі «Білім туралы» Заңда көрсетілген құзырет – бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейтіні анық.Бұл ретте қолданыстағы ұйымдастырушылық және қаржы жүйесі бойынша министрліктің 20 мыңға жуық ұйымды тиімді басқаруы әзірше мүмкін емес екенін түсінуіміз керек.
Бұл жағдай жан басына қаржыландыруды кезең-кезеңмен енгізгеннен кейін, бухгалтерия, сатып алу және тағы басқа жұмысты цифрландырғаннан кейін, білім беру ұйымдары жанындағы корпоративтік басқару органдарын енгізгіп, басқа да шараларды қолданғаннан кейін ғана өзгереді», – деді Аймағамбетов. Оның айтуынша, әзірше оларға білім бөлімдерін облыстық басқармаларға беруді дұрыс ұйымдастыру, тиімді конфигурация мен олардың өзара іс-қимыл жүйесін ретке келтіру қажет.
«Біз облыстық басқармалар мен қалалық-аудандық білім бөлімдерінің басшыларын тағайындау барысында Білім және ғылым министрлігімен келісілу бойынша нормаларды енгізуге бастама жасадық. Сондай-ақ лауазымды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын да қалыптастырамыз.
Білім бөлімдері мен басқармаларының басшысы қызметіне білім саласында тәжірибесі бар және құзыреті жеткілікті адамдар тағайындалатындай етуіміз керек. Соңғы жылдары бұл лауазымдарға білім саласына қатысы жоқ адамдарды тағайындау фактілері жиі кездесті, оған жол бермеуіміз керек.
Осылайша, аудандық білім бөлімдері мен қалалық білім басқармалары басшыларын тағайындау және жұмыстан босату мәселелерінің БҒМ-мен келісілуі жөніндегі нормасы; бірыңғай біліктілік талаптарын қалыптастыру және қалалық білім басқармалары мен аудандық білім бөлімдерінің басшылығына тәжірибелі мамандарды тарту; директорларды тағайындау жүйесін өзгерту, оларды аттестаттау және ротациялау институтын енгізу; дербестендірілген және жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне ауыстыру; басқару жүйесін өзгерту және білім беру бөлімдерін мектептер мен балабақшаларымен қоса облыстық деңгейге беру мәселесі жалпы жүйенің тиімділігін арттыруға сеп болады»,–деп қорытындылады министр.
Өкінішке қарай, жемқорлық бүгінгі күні ең басты түйткілдің бірі. Бұған дейін «сатылатын» ҰБТ алғаш рет әділ өтті дейді мамандар. Бұған министрдің Ұлттық тестілеу орталығына жас білікті басшы Дидар Смағұловты әкелуі септігін тигізген. Алайда, министр Аймағамбетов білім саласы жемқорлыққа белшеден батқан дегенмен мүлде келіспейді. «Ондай мәселе бары рас. Жоғары оқу орындарында сессия тұсында, Ұлттық бірыңғай тест тапсырғанда, жұмысқа тұрған кезде кездесетіні рас. Бірақ жемқорлықпен күресті тек бір адамды ұстап, түрмеге отырғызумен емес, алдын алу шаралары арқылы жүргізуіміз керек. Оны тоқтату үшін, біріншіден, білім саласында жемқорлық бар деп мойындауымыз керек. Екіншіден, оған қарсы жекелеген ұсақ-түйек емес, кешенді жұмыс жүргізуіміз керек, ондаймен айналысып та жатырмыз. Үшіншіден, ашықтық керек. Ашықтық болған жерде жемқорлық болмайды. Төртіншіден, бұған әртүрлі процедуралар арқылы қарсы тұруымыз керек» деді.
Шын мәнінде, жұмыс істелініп жатыр, нәтиже де жоқ емес. Ең қуанышты жаңалық – мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерге «Әліппенің» қайта оралғаны. Бұл да – үлкен жеңіс.

  • Мақалаға орай бірер сөз:

Аятжан Ахметжанұлы,
республикалық “QAZBILIM”
орталығының бас директоры:

– Қазіргі министрдің беталысына, жобаларына оң баға беремін. Бұған дейінгі басшылармен салыстырғанда, Аймағамбетовті дұрыс қадам жасап жатқан министр ретінде бағалаймын. Артықшылығы – мәселені іштен біледі. Соған сай шешім қабылдайды. Айталық, аудандық білім бөліміне қатысты. Шыны керек, ауылдық, аудандық жерлерде қажетсіз болып қалған әкімдер, бұрынғы мәслихат депутаттары мектеп директоры боп шыға келеді. Яғни, бұл біреудің зейнетке шығар алдында отыратын креслосы сияқты. Оның үстіне жоғарыдан бөлінетін қаражат аудан әкімінің, ауыл әкімінің қолынан мектеп директорына жетпейді. Мектеп директорын әкім тағайындайтындықтан оны жеке көмекшісі сияқты пайдаланады. Мұның бәрі ауыл мектептеріндегі білім сапасын түсіріп жіберген. Дәл осы мәселеге қатысты аудандық, ауылдық мектептің бәрін тікелей облыстық білім басқармасына бағындыру аудандық мектептің сапасын көтеріп, қаржыны тікелей беруге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Тағы бір айтатыным – министрдің қоғамға ашықтығы. Мысалы, осы күнге дейін қаншама адамдарды қабылдады. Карантин кезінде онлайн кездесу өткізді. Жақында тағы ел алдында жүрген қоғам белсенділерін онлайн қабылдады. Мәселені төтесінен қойып, ашық пікірлеседі. Жалпы, біз министрлікке сын көзбен қараймыз ғой. Бірақ бұрынғы министрлер артымызға шам алып түсіп, қуғындауға дайын тұратын еді. Бұл министр керісінше «мына мәселеге қатысты не айтасыз?» деп өзі шығады.
Сол сияқты оқулықтарға байланысты жаңартылған бағдарламадағы кеткен қателіктерді ашық мойындауы. Яғни, «Сауат ашу» пәнін қайтадан «Әліппеге» ауыстыруы деген сияқты. Оның аты ғана өзгерген жоқ, ішкі мазмұны да өзгерген еді. Сол қателіктерді қайта түзетуге талпынысы қуантты.
Тағы бір жайт, шыны керек жоғары оқу орындарындағы (ЖОО) мамандықты оқыту сапасы. Қазақстанда 85-тен астам ЖОО педагогикалық мамандар дайындайды екен. Мысалы, аграрлық, техникалық университеттер де мұғалім даярлап кеткен. Яғни, оқу орнына өз мамандығы бойынша дайындауды міндеттеп, қалған мамандықтың лицензиясын алуға кірісу керек. Өйткені, сапалы маман дайындау үшін оған университеттің әлеуеті, шарт жағдайы сай болуы керек.
Қазақстанда 175-ке жуық мамандық дайындалса, кейбір оқу орны 165-ке жуық мамандық бойынша оқытады. Бұл оқу орнының білім сапасының деңгейін түсіреді деген сөз. Осы мәселені шешуге белсене кірісуі қуантады. Әрине, министр кейбір мәселені шешуге шамасы келмейтіндей көрінеді. Бірақ бастысы ниет дұрыс.
Биыл ҰБТ-ға 11-ші жыл оқушыларды дайындадым. Шыны керек, соңғы бес жылда ҰБТ-ны телефон тапсырып берді. Мысалы, бір оқушыдан 13 телефон табылған кез болды. Биыл Ұлттық тестілеу орталығына Дидар Смағұлов келіп, осыған байланысты нақты шешім қабылданды. Сондықтан бұған дейінгі ҰБТ-мен салыстырғанда әлдеқайда әділетті болды. Одан бөлек мұғалімдерді тестілеу де 100 пайыз таза өтті.
Былтыр жыл соңында 2020-2025 жылға арналған бағдарлама қабылданды. Онда республика бойынша үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы 160 мектептің жағдайын шешуге байланысты 5 жылда 800 мектеп салу жобасы бар. Сондықтан министр Асхат Аймағамбетов «арық сөйлеп, семіз шықса» екен деймін. Бастаған тірлігін аяғына жеткізсе екен деген тілегім бар.

Өмір Шыныбекұлы,
тарих пәнінің мұғалімі, жоғары
санатты ұстаз (Шымкент қаласы):

– Министрлікке басшы болып Асхат Аймағамбетов келгелі ең басты ашықтыққа көңіл бөлді. Бұған дейінгі министрлердің ешқайсысы да мұғалімдердің пікірін көзбе-көз отырып тыңдауға ниетті болған жоқ. Ал Аймағамбетов министр болған 15 күннен кейін бізді шақырды, тыңдады. Ол 2020-2025 жылға дейінгі жоспарды құрды. Үлкен шаралар атқаруда. Қазір оған қарсы шабуыл пайда болды. Бірақ ол қызметтен кететін болса, жобалар соңына жетпейді.
Қазіргі басты мақсат – білім ұяларын 1 қыркүйек Білім күніне дайындау. Қашықтан оқытуға келсек, министрліктердің ішінде форс-мажор жағдайында жұмыс істеуге қабілетті – Білім және ғылым министрлігі болды. Мұғалімдер жаманды-жақсылы қашықтан оқытуға дайын еді. Бірақ оған оқушылардың отбасылық жағдайы дайын болмай шықты. Тіпті, интернеті жоқ ауылдар бар. Екінші мәселе –ноутбук түгілі, Шымкент қаласының 1300 отбасында теледидар жоқ екен. Халық әлі жоқшылықта өмір сүруде. Халықтың кедейшілігі Қазақстанның экономикасына қатысты. Мұндайда министрлік емес, Үкімет жауап беруі керек.

11109 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы