• Айтарым бар...
  • 27 Тамыз, 2020

ШАШЫРАНДЫ СӨЗ, ДАУЛЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТУРАЛЫ

Сәкен Сейфуллин

Расында, сын көркем әдебиеттің өзінен де көркем сұлу және онан да терең болуы керек. Плеханов та солай болу керек деген. Ал біздің сын деп жазылып жүрген сөздеріміздің саяздығы, уақшылдығы былай тұрсын, тұрпатының сұмырайлығы былай тұрсын, біздің «сын» деп жазылып жүрген сөздерімізде де ақылға сыймайтын өрескелдік бар. Мысалы бізде «сынау» деген ұғынысты «сою» деген ұғыныспен бірдей сөйлейді. «Пәленді сынаймын» деудің орнына «пәленді соям» дейді. «Сынады» дегеннің орнына «сойды!» дейді. Осы сөзді тіпті жазушыларымыз да қолданады. Жақында Бейімбет бізге бір әңгіме үстінде: «Мені біреу сойса, мен жайсызданып қалам, сендерді сойса, сендер шыдап отыра береді екенсіздер» деді. Міне, бұл «сынаудың» орнына сою дегенді қолдану жақсылықтың, мықтылықтың ең алды «сою» деп қана білген.Біздің қазақ сияқты ең қасиетті нәрсе «сою» деп қана білген елдің ескіліктен келе жатқан мінезі болады. Қазақтың кейбір бейшаралығы немесе кейбір уақшылары біреумен екі ауыз сөз қатса немесе біреуді кеміткісі келсе «соямын» деп, жаман қара шолақ пышағын ала жүгіретін. Біздің сынсымақтардың да көбі сондай «сынды» «сою» деп түсінген соң да бізде кейбір қу аяқ, арзан атақ іздеген, оңай пайда көздеген қусымақтар да лас ниеттеріне сынды құрал қылады.
Онсоң кейбіреулер «сынау» дегенді, «ұру» деп түсінеді. Бұл да ұрыстың, жуан жұдырық надан ескілігінен қалған мінез ғой деймін. Сын кемшіліктері толық ашып, көрсетіп, ол кемшіліктердің жойылу шараларын көрсетіп, әдебиеттің өркендеуіне нұсқа көрсетіп отыруы керек.
Расында, сын көркем әдебиеттің өзінен әрі сұлу, әрі терең болу керек.
Сәбиттің (С.Мұқанов – ред.) баяндамасында қозғаған мәселелеріне қарағанда, соңғы жылдарда Сәбит бірсыпыра білім алған «сияқты» (Сәбиттің өзі баяндамасында «сияқты» деген сөзді тым көбейтіп жіберіп еді, мен де бұл арада «сияқты» деймін). Жалпы оның баяндамасынан менің байқауым сол. Онсын бір тәуір нәрсе, Сәбит бұл баяндамасында сөйлеген сөздерін шолақ білімділерше қатесіз заң секілді қылып сөйлеген жоқ. Тек өз пікірі қылып сөйледі. Әрине, бұл да сол бірсыпыра білім алғанның арқасы ғой демін. Міне, бұл Сәбиттің шынында өскендігі, ал онсын Сәбиттің сөздерінде біршене оғаштау ойланбай сөйлегендік болды.
Ол айтты: «феодал дәуірінің поэзиясы, тек ақ сүйектікті, байлықты, салтанатты айтады...Ат туралы өлеңнің бірі орнында болмайды» деді. Қазақ елі сияқты күні кешеге шейін, тіпті күні бүгінге шейін негізгі кәсібі мал өсіру болып келген, көшпелі тұрмыстан келген елдің феодалдық-бишілдік құрылысының поэзиясы – өлеңі туралы олай деп келісе сөйлеу – ойланбай айтқандық қой деймін. Менің пікірімше, қазақ елінің феодал дәуірінің де поэзиясында, өлең-жырында атты қасиеттеп суреттеу зор орын алып келген. Қазақ елінің ескі әдебиеті оны айқын дәлелдей алады. Бұл туралы керек болса, мен тарихи мағлұматтар, дәлелдер келтірер едім.
Және Сәбит айтты: «Сәкен ескі әдебиеттің конкретный материалдарына келгенде, мысалы «Қобыланды», «Қыз Жібекте», кей жерде тапшылдығын анықтап айта алмайды» деді. Мен осындай айқын мәселеде таласуды едәуір қиын көрем. Бір жерде айтқан сөзді екінші сөздермен қайталай беру қызықты нәрсе емес қой деймін. Мен Қобыландының жырын талқылағанда былай дегем: «Жоғарыда және бұрынғы бөлімдерде біз айттық: Елді қара күш билеген кездерде, әлі жеткен әлсізді құлданған кездерде, үстем табы бастаған көршілес елдер, көршілес рулар бірін-бірі шауып, талап жүрген жаугершілік замандарда билер, батырлар үстемдік қылған. Ру, ер жігітке, жастарға «үлгі» қылатыны сол үстем таптың шоқпарын мықтап соққан, «жауға» қарсы тұратын... батырлар болған дедік... Міне, сол реттің бәрі де Қобыланды батыр суретінен айқын табылады. Бұл сол кездегі руға үстемдік қылған таптың санасы бойынша «жатқа намыс» жібермейтін, ұруды «жауға бермейтін» билер билеген руға «жаттан олжа» түсіретін, елге «жау» саналған «кәпірді» қыратын батыр болып суреттелген. Міне, Қобыланды батыр туралы мен осылай жазған едім («Қазақ әдебиетінің» 192-193 санын қараңыз).
Менің түсінуімше жалпы батырлардың сипаттары сол замандағы үстем санамен жазылған. Ал үстем сана – үстем таптікі.Ал «Қыз Жібек» әңгімесі де «Қозы Көрпеш – Баян» әңгімесі тәрізді. Байдың ұлы мен қызын жыр қылады. Мұнда да билер дәуірінің үстем санасы, екі байдың ұлы мен қызын дәріптеп жыр қылып, жастарға, жұртқа «үлгі» қыла суреттейді» («Қазақ әдебиетінің» 231 санын қараңыз).
Сәбит сияқты әдебиет мамандарымыз бұл пікірді теріс десе немесе бұл пікірді бұдан гөрі әдемілеп айтуға болар еді десе, әдемілеп айтып, жазып көрсеткені жақсы болар еді.
Ал, тек жалаң сөзбен, Сәкен «Қобыланды» мен «Қыз Жібекті» кей жерінде тапшылығын анықтап айтпайды» деу ойланбай айтылған сөздердің бірі ғой деймін. Мен «Қобыланды», «Қыз Жібек» туралы жазғандарымның бәрін қайтадан бұл арада айтып шығуды орынсыз көрем...
Және Сәбиттің мына сөздері де шашырап түсті: «Сәкеннің әуелгі жылдарда тапшылдығы жоқ еді» деді. Бұл қалай айтылған сөз?.. Қай жылдарда Сәкенде тапшылдық жоқ еді?.. Олай болғанда, Сәбит «тапшылдық» деп нені айтады? Мен түсіне алмадым. Бұған да мағлұмат бере кетейін. Мен аздап өлең, әңгімелерді оқып жүргенде жаза бастадым. Сол Омбыда учительдік семинарияда оқып жүргенімде 1914 жылы ең алғаш өлеңдерімді Омбыдағы оқушы балалар үйірмесі («Бірлік») кітапша қып бастырып таратты. Кітапша сиырдың тіліндей ғана 32 бет еді. Барлық өлең жолы 500 жолдан артық емес еді. Әрине, бұл өлеңдерімде қазіргідей «Жасасын совет», «колхоз-совхоз» деген сөздер жоқ еді. Ал сол 1915 жылдан кейін 1916 жылда бір-екі ғана өлең жаздым. Бір әңгіме жаздым.Сонан соң 1917 жылда жұртқа белгілі революция болды. Революцияға екпінді түрде қатысып кеттім. Ақмолада 10 шақты адамдармен бірге Совдеп – Совет үкіметін жасастым. Колчактың түрмесінде қол-аяқтарым шынжырлаулы ұзақ отырдым. Сол тап соғысы кезінде көп сөйлеуге, көп жазуға менде уақыт болмады. Төңкеріске қатысушылардың көбінде уақыт болмайтын еді. Тынымсыз қимыл-әрекет, ұйымдастыру істері, талас-тартыс, толып жатқан қауыпты-қатерлі істер өлең, әңгіме жазып отыруға уақыт бермейтін еді. Ол уақыт Ресейдегі әрбір еңбекшінің, әрбір төңкерісшінің, жалпы төңкерісші еңбекшілер табының бар тіршілігі екі талай майдан ортасына салынып тұрған кез еді. Сол бір қауыпті әрбір төңкерісшінің өз басына қауыпты-қатерлі уақытта, қазіргідей емес, совет ұраны үшін өлімге басын тігіп, қан майданға шығушылар онша көп емес еді. Сондықтан, ол кезде жазып отыруға біріншіден менің қолым тимеді, екіншіден, ол уақытта мен шынын айтқанда жазушы да емес едім. Балалық мінезден шыға алмаған, оқып жүргендегі жазған 10-15 шақты кішкене өлеңмен кісі жазушы бола ма екен? Қандай адамды ақын, жазушы деуге болатындығын қазіргі жазушылар ұйымы көрсетіп отырған жоқ па? Міне, осының бәрін ойлап көрмей, Сәбит «Сәкеннің тапшылдығы әуелгі жылдарда жоқ еді!» дейді. Тапшылдығы жоқ кісі патшаның, Керенскийдің, Колчактың, алаш-орданың кезенген қалың қара күшіне қарсы, Совет үшін қызыл ту ұстап майданға шыға ма?.. Менің бұл сөздерді айтуым мақтан сияқты болды. Айтпауым керек еді. Ал айтпай кетсең, кейбіреулер, «Е, Сәкеннің тапшылдығы әуелгі жылдарда болмағаны рас екен... Пәленнің сөзіне жауап бермей кетті ғой!» деулері мүмкін. «Сөзден сөз туады!» деген осы.
Онсоң жолдас Өтепұлы «Провинциализм-ді қолданбау керек» деді. Менің ойымша, біздің Қазақстанда дәл осы дәуірде провинциализмді қолдану керек... Біз білетін қолданып жүрген сөздің аздығынан кейде бір ойымыздағыны толық айта алмаймыз, кейбір нәрсені ойдағыдай, қиялдағыдай толық суреттей алмаймыз. Мен мысал үшін сіздерге айттым ғой. Мен былтыр осында Алматы тұрмысын жазып жатқан бір әңгіменің ішінде, май айындағы бауды суреттемек болдым ғой. Сонда жаза келе осы Алматының май айындағы бауын өзімнің көргенімдей қылып суреттей алмадым. Мен бұл арада сіздерге мақтанайын – осы Қазақстанда Ленин шығармаларын аударуға жарап жүрген оншақты кісінің бірімін. Қазақ тілін өте жақсы білген адам ғана Ленин шығармаларын қазақшаға аудара алады. Сондықтан, талайлардың аудармалары жарамай қалып жүр... Мен Лениннің бай тілін қазақшаға аударуға жарап жүрген адам болсам да, сол неше түрлі жұпар иісті гүлдерді, жинап гүлдеген бауды көңілдегідей суреттей алмадым. Ал сол баудағы гүлдердің барлық түстерін бас-басына айырып атай аласыздар ма?.. Әр гүлдің әр түрлі иістері бар, соларды айырып айта аласыздар ма?.. Осылардың бәрін айтып суреттеген ешқайсыларыңыздың сөздеріңізді мен әлі көргенім жоқ. Тілдеріңіз жетпейді. Міне, сондықтан біз тілімізді байытуымыз керек. Байыту үшін сөзді көрші елдерден де алудан қорықпауымыз керек. Интернационалдық сөздерді іркілмей қолдануымыз керек. Онан соң өз еліміздің ішінде, әрбір аймақта айтылып жүрген сөздерді қопарып алып, әдебиет жүзіне шығаруымыз керек. Одан соң солай барысымызда әдебиетімізге елге сіңген сөз үйреншікті болып алынып кетеді, керексіз сөз жалпы тіл шеңберінен шығып қалып отырады.
Жолдастар, мен енді сөзімді бітіремін.Уақыт аз болғандықтан көп сөзді тастап кеттім...
Қалай дегенмен біздің бұл Қазақстандық бірінші жиылысымыз біздің әдебиетіміздің, мәдениетіміздің өсуге бет алғандығын көрсетті.Енді алдымыздағы социалдық құрылыс майданында, кезеңді өмір майданында, ұлы тарихи дәуірімізге лайықты, кең өрісті, терең маңызды, биік сапалы көркем, сұлу әдебиет жасаймыз деп сенемін!..

543 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы