• Мәдениет
  • 27 Тамыз, 2020

Сембек Жұмағалиев: ҚЫЗЫҒЫ МЕН ШЫЖЫҒЫ КӨП ӨМІРДІ БАСТАН КЕШТІМ

Қазақ өнерінің жарқын жұлдызы, ән әлемінде өзіндік келбетімен ерекшеленетін дара тұлға, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері –
Сембек Жұмағалиевтің есімі талғамы биік, талабы зор әнсүйер қауымға етене таныс. Алты қырдан асқан әсем дауысымен махаббат жырын жырлап, халық әндерін әуелете орындайтын ғажап қасиетімен тыңдарманының жүрегін мәңгілікке жаулаған өнер иесімен тілдесудің ерекше сәті түсті. Көптеген оқырмандарымыздың сұранысы бойынша журналымыздың кезекті санына халық әртісімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Сембек аға, əнсүйер қауым өнердегі өз орны бар тұлғаларын үнемі іздеп отырады. Сізді сұрап редакциямызға хабарласатын оқырмандарымыз жетерлік. Кейінгі кезде сахнадан, телеарналардан көп көрінбей кеткеніңізге не себеп?

– Алдымен ата салтымыз бойынша мені іздеп, өнерімді бағалаған қазақтың жанашыр әнсүйер қауымына «Армысыздар?!» дегім келеді. Редакцияға хабарласып, сұрастырып жатқандарыңызға мыңда бір рахмет! Соңғы жылдары сахнадан, теледидардан жиі көрінбей кетсем, оған себеп – қазіргі таңда  ұстаздық қызметке көп көңіл бөлгендігім және уақыт өткен сайын жастарға жол көрсетіп, солардың өнерін тамашалағанды жөн санағандығымнан деп ойлаймын.

– Қызмет бабымен батыстан Арқа төріндегі елордамызға табан тірегеніңізді естіп жатырмыз. Қазіргі қызметіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

– Жоғарыда айтып  кеткендей мен қазір ұстаздықпен айналысамын. Қазақ Ұлттық Өнер университетінде «Эстрада өнері» кафедрасының профессорымын. Бұл ұжымға 2012 жылы университет ректорының арнайы шақыруымен келгенмін. Сегіз жылда көптеген шәкірттер тәрбиеленіп өмірге жолдама алады.

– Өнерсүйер қауымның сіздің орындауыңызда сүйіп тыңдайтын «Ауылың сенің іргелі», «Анаға сəлем», «Дудар-ай», «Махаббат елі» секілді əндеріңіз жетерлік. Дегенмен, Мақпал Жүнісовамен бірге айтқан «Ғашықтар жыры» əнін халық бүгінде сіздің өнердегі бойтұмарыңыз деп жатады. «Қазақтың 100 əніне» кірген бұл туындыны сізге сазгер Кеңес Дүйсекеевтің өзі ұсынған екен. Осы жайлы айтып өтсеңіз.

– Өткен ғасырдың 80-жылдары Кеңес Дүйсекеев ағамыздың шығармашылығының табысты жылдары болатын.  Түрлі тақырыптағы әндері көптеп шыға бастады. Бірде Кеңес аға хабарласып: «Сембек, дуэт болып айтылатын жаңа ән жаздым, келіп тыңдап  көрсең қайтеді?»  – деп өтініш жасады. Ән өте ұнады. Ендігі шаруа кіммен айту. Нағима Есқалиевамен айтып көр деген де ұсыныс болды. Соңында таңдауымыз «Гүлдер» ансамбліне жаңа әнші болып орналасқан жас әнші Мақпал Жүнісоваға тоқтады. Бұл 1983 жылдың желтоқсан айы болатын. Әнді жазып «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасының  жаңа жылдық көрсетіліміне түсірді. Содан міне 40 жылдай уақыт өтсе де тыңдарманның сүйіспеншілігін жоғалтпаған ерекше әнге айналды. Бұл бір өміршең шығарма болды!

Gulder

–  Аға, еліміздегі  «Гүлдер» ансамблі қазақ өнерінің үлкен мектебін қалыптастырған мəдени ошақ десек, осы ортада аттай 20 жыл қызмет еткен екенсіз. Сіз бұл ансамбльге қалай келдіңіз?

– Мен 1976 жылы Алматыдағы Эстрада-цирк студиясында оқып жүргенде «Гүлдер» ансамбліне әнші ретінде жұмысқа шақырды. Әлі есімде, сол күні Роза Рымбаевамен алғашқы танысуым болды. Өйткені, екеуіміз бір күнде осы ансамбльге келгенбіз. Бұл ұжымда шынымен де үлкен өнер мектебінен өттім деп айта аламын. Бұл жерде қазақтың талай талантты ұл-қыздары өз өнерлерімен елге танылып, қазақ өнерінің мәртебесін көптеген елдерге паш етті. Мен де өзге әріптестерім секілді өз өнеріммен талай жерді аралап, әртістік-гастрольдік ыстығы мен шыжығы көп, қызығы мен қиыны араласып жатқан өмірді бастан кешірдім. Талай байқаулар мен фестивальдарға, Қазақстан өнерінің басқа Одақтас республикаларда өткен онкүндік декадаларына қатысып, қалың көрерменнің қошеметіне ие болдым. «Гүлдер» ансамблінің  мен үшін орны бөлек, шығармашылық өміріме үлкен із қалдырған ерекше ұжым.

– Сембек аға, өнерге, жалпы, əн əлеміне деген қадамыңыз неден басталды? Сұхбаттарыңыздың бірінде «біздің кезімізде əртіс болам деген сөзді жұрт онша қабылдамайтын» депсіз. Солай бола тұра сахнаны таңдауыңызға не себеп?

– Бала кезімнен өнерге жақын болдым. Әсіресе ән айтуға деген ықыласым ерекше еді. Оңаша қалсам әндетіп жүретінмін. Тағы бір себеп,  9-10 сыныпта оқып жүргенде мектептегі драма үйірмесіне қатысып, сахнаға шығуым болды. Сахнаның құдіретін жастайымнан түсіндім. Әскер қатарында болғанда әскери ансамбльде биші  және хордың жеке орындаушысы болдым. Міне, осы бір жастайымнан басталған әнге деген қызығушылық менің үлкен өнерге түбегейлі аяқ басуыма әсер етті.

– Өнерде жүрген əріптестеріңіздің дені еліміздің үлкен қалалары Алматы мен астанада тұрғылықты тұрақтауға тырысады. Əрине, ол түсінікті де. Көзден кетсең, көңілден кетесің дегендей. Ал, Сіз 2000 жылы үлкен шаһарды тастап, Атырауға кетіп қалуыңызға не себеп? Тыңдармандарыңызды жоғалтып алам, болмаса киелі сахнадан қол үзіп қалам деген қорқыныш болған жоқ па?

– Жоқ, әрине! 2000 жылы Атырау облысының әкімі болып қазақ өнерінің жанашыры Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды. Имекең Атыраудан шыққан өнер адамдарын туған өңірдің мәдениеті мен өнерінің  өркендеуіне үлес қосуға шақырды. Мен 2000 жылы әкімнің тікелей қолдауымен құрылған «Атырау» жастар ансамблінің директоры және көркемдік жетекшісі болып тағайындалдым. Сөйтіп қаланың талантты әншілері мен бишілерін таңдап, жаңа өнерпаздардан құрылған ұжыммен жұмысты бастап кеттік. Жаңа бағдарлама жасап, аудандарға концерттік сапармен шыққан кезде жас өнерпаздар өздерін нағыз өнер иесі екенін сезінді. Осы ұжыммен облыстық, аймақтық байқаулар өткізілді.  Атырауда жүрсем де Алматыға келіп жаңа әндер жазып, теледидардан көрініп жүрдім. 2004 жылы Алматыға, яғни, үлкен  өнер ордасына қайта оралдым.

– Қателеспесем, 2017 жылдан бері жеке шығармашылық концерт бермепсіз. Əрине, қазіргі елде орын алған жағдайға қарап бір нəрсе айту қиын. Дегенмен тыңдармандарыңызбен ендігі кездесу қашан өтеді? Жаңа əн жазу жағы қалай? Шығармашылық жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз?

– Ұстаздық қызметтен көп босай бермегесін жаңа ән жазып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен шығармашылық адамы болған соң көкейде жүрген жоспарлар да жоқ емес. Оны қазір айту ерте деп ойалаймын.  Бәрін уақыт көрсете жатар.

– Аға, бүгінде əншілерге қатысты «қолынан келгеннің бəрі əнші» деген халықтың назы жиі айтылады. Сахнада жүрген əріптестеріңіз жайлы пікіріңізді білгіміз келеді. Қазір өзіңіз де шəкірт тəрбиелеу ісімен айналысып жүр екенсіз. Сіздің мектебіңізден шығып, сахнаға аяқ басқан жастар қатары  бар. Жалпы, бүгінгі әншілер жайлы не айтасыз?

– Өзім шәкірт тәрбиелеп, жастармен етене жақын араласып жүргендіктен,  оларды қатты сынағым келмейді. Себебі, «әркім өз заманына сай көсіледі», – демекші бүгінгі жастар өз заманына лайықты әндер жазады, өз жүрек қалауларына қарай шығармашылықпен айналысып жатыр. Кейде олар біздің  болашағымыз дейміз де, ақыл айтып, бағыт-бағдар берудің орнына жерден алып, жерге салып, қатаң сынның астына аламыз. Алайда, қазір қазақ эстрадасында мақтауға, мақтануға болатын қаншама әншілеріміз бар?! Бес саусақ әрқашанда бірдей болмаған. Қазір талантты жастар көп. Өз пікірім, қазіргі қазақ эстрадасында жүрген талантты жастарға көңілім толады, мен оларға ризамын!

– Сембек аға, сіз өнерге аяқ басқалы жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Сіз бұл жолдың ащысы мен тұщысын, қиыны мен қызығын көріп келе жатқан тəжірибелі əншісіз. Кәсіби әнші ретінде сізге бір сұрақ қойсам деймін. Қазіргі əлемді жаулаған індет адамзаттың талай дүниеге деген көзқарасын, құндылықтарын өзгертті. Алдағы уақытта көпшіліктің өнерге деген сұранысы, əнге деген көзқарасы қандай деңгейде болады деп ойлайсыз?

– Сонау ықылым заманнан бері адам баласының басынан қаншама аумалы-төкпелі қиын заман өтті. Талай жаман індеттен адамзат аман қалды. Біз ерте заманда болған оқиғаларды тарихтан, ауыз әдебиетінен, әдеби жырлардан білеміз. Сондықтан айтарым, қандай қиын жағдай болмасын,  адамзаттың талай дүниеге көзқарасы өзгерсе де, өнерге деген сұранысы мен қызығушылығы еш жоғалмайды. Өзіңіз білесіз, өнерсіз халық алысқа бармайды. Өнер әр заманда қалыптасқан ортасына қарай өзгеріп отырған. Дегенмен, ән әлемі мәңгі жасамақ. Оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Артыңыздан ерген мұрагеріңіз сіз секілді əнші болғысы келе ме?

– Отбасым жайлы айтар болсам, үйде үш адамбыз. Әйелім – Айгүл, заң қызметкері. Ұлымның есімі – Әли-Нұр. Ол әнші болғысы келмейді, дегенмен, музыкалық колледждің 3- курс студенті. Оның арманы – болашақта үлкен музыкант, оранжировщик болу. Алла қаласа, аман-есен оқуын аяқтап, ойлаған арманы орындалды деп сенемін.

-  Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан:

Гауһар Түстікбаева

 

3262 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы