• Қоғам
  • 27 Тамыз, 2020

САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ

Бізді ғана емес күллі әлемді дүрбелеңге салып, дүрліктіріп отырған COVID-19 вирусы біздің елімізді де қамтып отыр. Бүгінде «каронавирусты» жұқтыру жылдамдығы жөнінен, бүкіл әлемдік санақ бойынша, алдыңғы қатарға шықтық (күніне кемінде 1500 науқас тіркеледі). Осындай ауыр күнде барлығымыз ортақ міндетке үлес қосып, жарияланған карантин ережесін қатаң сақтауға міндеттіміз. Алайда оны орындауға (өзінің денсаулығы үшін) халық әлі де ықыласты емес. Осы орайда, журналист, театр және кино сыншысы, Англияда тұрып жатқан
Әсия Бағдәулетқызының жазбаларымен қоса автордың бірнеше мақалаларын
жариялап отырмыз.

Қазақстан халқы шыдамсыздық танытуда...

Қазақстан халқы «вирус жоқ, қалыпты өмірге оралайық» деп шыдамсыздық танытуда. Ал Ұлыбритания халқы «карантинді бұзу әзірге ерте» деп көшеге шығуға қорқып отыр. Өйткені, олар (биліктің дер кезінде қимылдай алмағаны себепті) вирустың бар екенін көзбен көрді, 38 000-ға жуық адамын жерледі. Үкімет бастауыш мектептерін ашамыз десе де, «баламызды мектепке жібермейміз» деушілер көп.
Дәл ковидке қатысты шараларға келгенде Қазақстан Ұлыбританиядан алда сияқты көрінеді.
1) Қазақстан карантинге ерте жабылды, және оны қатаң ұстанды. Соның нәтижесінде вирустың кең таралуының алдын алды. Ал Ұлыбритания карантин енгізуде кешікті: бүгінге дейін 270 мыңға жуық адамда дерт анықталды. Енді карантиннен шығуды да кешіктіретіні анық.
2) Қазақстанда тестілеу қарқынды болған сияқты. Ал Ұлыбританияда осы аптаға дейін тек арнайы саладағы қызметкерлер мен егде жастағы адамдарға тест жүргізіліп келді. Орта жастағы ауырған адамдардың көбі тест тапсыруға да мүмкіндігі болмай, дәрігерге де көріне алмай, қиын жағдайда болды. Қазір кез келген адам симптомдардың бірі болған жағдайда тесттен өте алады.
3)Қазақстанда көшеде, т.б. дезинфекция жүргізіліп тұрды. Мұнда ондай мәдениет жоқ. Сыртта вирустың жұғуы екіталай деп мән бермейді. Тіпті күніне 1000 адамнан қайтыс болған кезде де жүргізбеген, соңғы аптада орта есеппен күніне 250 өлім тіркелуде. Енді жүргізбейтіні анық.
4) Қазақстанда малярияға қарсы, ВИЧ-қа қарсы дәрілерді о бастан пайдаланған сияқты. Мұнда күні кешеге дейін ондай дәрілерді кеңінен пайдалануға қорқақтады. Өлім деңгейінің жоғары болуының бір себебі де сол болуы мүмкін.
Әйтеуір соңғы күндері достарыңызбен парктерде, бақшаларда кездесулеріңізге болады деп ресми түрде рұқсат берді. Бірақ арада 2 метр қашықтық сақталуы керек. Старбакс, Преттер ашылып жатыр, бірақ қалыпты өмірге оралуға әлі біраз уақыт керек. Халықтың көбі табыс көзінсіз қалды, көп бизнестер жабылуға мәжбүр; бұл британдықтардың екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көрген ең үлкен экономикалық кризисі. Қандай шешім қабылданса да оны жұмыс істетіп-істетпеу барша қоғамның, халықтың қолында-ау...

Карантин сағынуды үйретті...

Карантин көп нәрсені, соның ішінде сағынуды да үйретіп жатыр. Күнде көріп жүрген адамдарды, ағаштарды, гүлдерді, көшелерді, тіпті неше ғасырдан бері тұрған, осында мен келгелі де болған, мен кеткеннен кейін де қасқайып қала беретін тас үйлерді де сағындырды-ау.
Көшеге әр шыққаның мереке, көзің тоймай, бұрын меңіреу күйде жанынан өте беретіннің бәріне ғашық көзбен қарап, ол ғашықтықты қалай жеткізеріңді білмей, қолың ұялы телефонның камерасын ашып жатады.
Қаланың қарбаласында сағыну дегеннің не екенін ұмытып барады екем, адам жанындағы бар асылдың бастауы – сағыныш екен, жаным тазаланып қалғандай бір сезім бар. Сізде де бар ма сол сезім?
Ішімде бәріңізге деген, ерінбесем әлі ұза--ақ тарқатуға болатын сағыныш бар. Бірақ ол туралы Төлеген Айбергеновтен асырып ешкім айта алмайтын шығар:
О, шіркін, менің сағынышымдай көлемі
шексіз болса аудан,
– Ондағы жандар көз ашпас еді ау, сағыну
менен шаршаудан.
– Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі
ыстық дүние,
– Тұратын түгел сағыну менен аңсаудан.
– Сағыныш деген – молшылық қазына,
бола да берер артық-кем,
– Ал нағыз асқақ сағыныштарда араның
балы бар тіптен.
– Мен мынау ыстық жүрегімменен қара
тасты да сағынам
– Қаланып қалса тәртіппен.

Індеттен аман шығудың өзі той екенін неге түсінбейді?

«Той, құдалық, ас дегенді қоя тұру керек» дегенді ең алдымен өзіміздің жақындарымызға түсіндіре алмай қойдық. Пандемия деген төтенше жағдай екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бұл індеттен той жасамақ түгілі, басымыз аман, бауырымыз бүтін шықсақ – соның өзі той екенін неге ғана түсінбейді? Кеткен адамның рухына Құран бағыштаймын деген жақсы ниет қой, бірақ соның артынан көпті жинап, біреуден-біреуге жұқтырып, бірнеше адамды аттандырып жіберем бе деп қалай қорықпайды? Өздері жүрек жұтқан болса да, өзгелер үшін неге қам жемейді?
Англияда наурыздан бері карантиндеміз. Бірді-екілі кездесетін адаммен саябақта, бақта – ашық жерде ғана кездесеміз, оның өзінде тақалып тұрмай, араға бір метрдей дистанция салып сөйлесеміз. Дүкенге, көлікке, кез келген ғимаратқа кіргенде маска киеміз. Реті келсе жаяу, велосипедпен жүреміз. Сыртта жүргенде бетімізге, шашымызға қолымызды тигізбеуді де үйреніп қалдық. Санитайзер өз алдына. Үйге кірісімен қолды көпіртіп жуу керектігі айтпаса да түсінікті. Осының бәрі нормаға (new normal) айналды. Қанша сақтансаң да өзіңді жүз пайыз қорғау мүмкін емес, бірақ барынша жұқтырмауға тырысу – парызымыз.
Сауда орталықтары жарты ай бұрын ашылды, Қазақстандағыдай лап қойған жұртты көрмедім – іші қаңырап бос тұр. Жаназаға бес адамнан артық жиналтпайды. Мұндағы саналы жұрт (санасыздары да бар, бірақ бізбен салыстырғанда өте аз) карантин бітсе де вирус кетпейтінін түсінеді, кемінде бір, не бір жарым жылдай, жұртқа түгел екпе салынбайынша той, жиындар жасамауға көндіккен. Менің туыстарымда сол сауаттылықтың бір пұшпағы болса ғой...
Вирусты үкімет жұқтырмайды. Билл Гейтс келіп бетіңізге түкіріп кетпейді, өзіміз, білместікпен бір-бірімізге таратамыз. «Мен жауаптымын, мен жауаптымын, мен жауаптымын» деп үш рет қайталаңызшы, бәлкім ақыл кіріп қалар.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист, кино және театр сыншысы

703 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы