• Бас мақала
  • 01 Тамыз, 2020

ДОМБЫРА

Домбыра – қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық аспабы. Осы бір қос ішекті баға жетпес мәдени мұраны халқымыз киесіндей әспеттеп, асылына балап, шаңырағының қақ төрінен орын берген.  Сондықтан да болар, халық арасында домбыра мен қазақ егіз ұғым деген түсінік қалыптасқан. 

Домбыра қашан пайда болған?

Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан домбыраның шығу тарихы туралы бүгінде айтылатын болжам көп. ІV ғасырда Хорезм мен Жамбыл өңірлерінде табылған тасқа қашалған аспапты ғалымдар домбыра деп болжап, оның тарихын тас дәуіріне жатқызса, зерттеуші-ғалым Кемел Ақышев б.з.б 4000 жыл бұрын салынған домбыраның суретін тапқан. Домбыраға өте ұқсас аспап жайлы деректерді әл-Фарабидің еңбектерінен де кезіктіруге болады. Еліміздің әр өңірінде табылған ұлттық аспаптың пішіні, сыртқы келбеті өзгешелеу келеді. Аспапты зерттеген ғалымдар жалпы домбыраның 20-ға жуық түрі бар екенін айтады. Оның ең жиі кездесетін түрлері жайлы күйші Таласбек Әсемқұлов «Домбыраға тіл бітсе» еңбегінде қауақ домбыра және қалақ домбыра жайлы айтып өтеді. Ұлттық аспаптың қазақ даласында әртүрлі болып келуінің бір себебі – домбыраның құлағында ойнаған хас шеберлер өздерінің болмыс-бітіміне, тарту мәнеріне қарай шеберлерге арнайы тапсырыспен жасатып отырған. Сондықтан да, домбыраның кең шанақты, қуыс мойын, торсық, шіңкілдек, тұмар деген секілді көптеген түрлері бар. Бұл деректің бәрі киелі аспаптың қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге келе жатқан айнымас серігі екенін көрсетсе керек. Халқымыз домбыраның шанағынан төгілген үн арқылы қуаныш пен мұң-мұқтажын, арман-тілегі мен қайғы-қасіретін жеткізіп отырған. Оған бір дәлел ретінде «Ақсақ құлан» күйінің тарихына үңілсек жетіп жатыр. Жошы ханның баласының өлімі жайлы суық хабарды ханға жеткізуге қорыққан халық домбыраның көмегіне жүгінеді. Баласы туралы жаман хабар әкелген адамның көмейіне қорғасын құямын деген хан «Ақсақ құлан» күйін тыңдап отырып, болған жайды түсінеді. Айтқан сөзінде тұрып, домбыраның шанағына қорғасын құяды. ХІІІ ғасырда ел арасында кеңінен тараған күй жайлы аңыз ел ішінде бүгінге дейін жетіп отыр.

Күйшілік дәстүрді қалыптастырған киелі аспап

Қазақ музыка өнерінің дамуында ерекше орын алатын күйшілік дәстүрдің қалыптасуында домбыраның рөлі зор. Әрине, күйлер домбырадан бөлек қобыз, сыбызғы сынды өзге аспаптарда да шығарылып отырды. Дегенмен, домбыраның көмейінен күмбірлеп шыққан қоңыр үнді күйлер халық жүрегіне жақын болғаны сондай, әр елді мекенде күй мектептері мен олардың белді өкілдері қалыптасып, күй тарихында аттары мәңгі қалды. Мәселен, Сыр бойының күйшілік дәстүрінің өкілдері Бекпенбет, Асан Көнек, Досжан Құрақұлылар болса, Арқа күйшілік мектебінің шертпе күйлерін орындаушы өкілдері Тәттімбет, Ақмолда, Аққыз, Бегімсал деген күйшілер болды. Төкпе күйдің отанына айналған Арал, Ақтөбе өңірінің күйшілік дәстүрінің бас-ты өкілі – Қазанғап Тілепбергенұлы болса, Қаратау күйшілік дәстүрінің өкілдері ретінде қыпшақтан шыққан Жұмабай, қоңыраттан шыққан Есенберлі, сондай-ақ, Төлеген Момбековтердің есімі аталады. Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрін қалыптастырған Сәйтек Мәмен, Дина, Дәулеткерейлер болса, сонымен қатар, Жетісу күй мектебі, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан өңірлерінің де күйшілік дәстүрі жайлы деректер музыка зерттеушілерінің еңбектерінде көптеп кездеседі. Осылайша кең байтақ қазақ даласында домбыраның орындау әдістері мен техникалық мүмкіндіктері, аспаптың дыбыстық ерекшеліктері арқылы тек қазақ ұлтына тән ешбір елде қайталанбас өнер мектебі қалыптасқанына уақыттың өзі дәлел.

Айтыстың әсерін арттырған домбыра

Қазақтың ежелден қалыптасқан ерекше өнері суырып салма, поэзиялық жанры – айтыс десек, бүгінге дейін ел ішінде кеңінен қолданыс тапқан сөз сайысы халық арасында әлі де мәнін жойған жоқ. Топтан озған жүйрік, қара сөздің шебері, адуынды ақынның аузынан шыққан әр сөзін әуенмен әрлеп, әсерін арттыруда домбыраның орны ерекше болған. Әсіресе, бүгінгі айтысты домбырасыз елестету мүмкін емес. Мұхтар Әуезов айтыс жайлы «халық театрының анық ұрығы» дей келе, айтыс әсерлі болуы үшін ақындар домбыра, сырнай немесе қобыздың сүйемелдеуіне жүгінгенін айтады. Мәселен, еліміздегі Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптар мұражайында әлі күнге дейін Біржан салдың, Махамбеттің, Жамбыл мен Динаның, Бөлтіріктің және өзге де ақын-жыраулардың серігіне айналған домбыралары сақтаулы. Көлемі жағынан ерекшеленіп, оқ бойы озық тұрған Біржан салдың домбырасы өнер иесінің тұлғасының ерекшелігін көрсетсе керек. Өзі сал, өзі сері атанған ерекше жан өле-өлгенше домбырасынан ажырамаған.Сөзі мірдің оғындай Құланаян Құлмамбеттің, жыр алыбы Жамбылдың, сөз жүйрігі Сараның айтыстағы айнымас серігіне айналған домбыраны халқымыз әлі күнге дейін ұлықтап келеді. Айтыс пен домбыраны егіздің сыңарындай қатар алып жүрген дәстүр бүгінде жалғасын тауып, елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін ақындар айтысы «Алтын домбыра» деген атауды еншіленуі де осы сөзіміздің мәнін аңғартса керек.

Ұлттық домбыра күні – ұлтымыздың ұлы мерекесі

Қазақтың киесіне айналған ұлттық домбыраның тұла бойында ұлттың коды, генетикалық жады мәңгілік сақталғандығы Қадыр Мырза Әлінің «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлаған өлеңі арқылы айқын көрініс табады. Халқымыз киелі домбырасын жанына серік етіп қана қоймай, оны тек қимасына ғана тарту еткен. Ұлттық аспаптан бір елі ажырамаған күйші Құрманғазы өзінің жас шәкірті Динаның күй тарту өнеріне тәнті болып: «Домбыра менің өмірлік серігім еді. Ол ғұмырымның ұзақ та қиян-кескі қиын жолында сенімді серігім, берік сүйеу болды. Енді осы қимас серігімді лайықты мұрагерім – саған табыстаймын», – деп өзі үнемі жанында ұстап, күйлерін шерткен асыл домбырасын Динаға сыйға береді. Ұлттық аспаптың құдіреті жайлы: Мінсіз болсаң – тіл бар ма, Тіл жоқ деуге бола ма, Тілден артық үн барда. Домбыраның күші мол, Көмейінде күй барда, – деп Ілияс Жансүгіров жырламақшы, бүгінде домбыраның үні мен қазақ күйінің құдіретін әлем мойындап келеді. Бір ғана 2010 жылы «Кеңес» күйін 10 мыңнан астам адам бір мезетте орындау арқылы әлем жұртшылығын таң қалдырып, Гиннестің рекордттар кітабына енгені белгілі. Қазіргі таңда домбыраны заманауи сұранысқа лайықтап, әр елдің шеберлері табиғи болмысынан алшақтатпай түрлі қалыпта шығаруда. Мәселен, Швейцариядан шыққан алтын домбыра, электронды домбыра, көлемі жағынан шағындалып шығарылып жатқан кәдесыйға арналған домбыра үлгілері әлем халықтарының бұл аспапқа деген қызығушылығын білдірсе керек. 2018 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен шілде айының алғашқы жексенбісі «Домбыра күні» болып белгіленді. Бұл әрине, ұлттық мұрамызға деген айрықша құрмет. Елбасымыз осы мерекеге орай: «Домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кезде Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын білеміз. Ғалымдар бұл сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның күмбірлеген күйін естіген. Қуанышта да, өкініште де бірге келе жатыр. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың қаны да жаны да бір екенін дәлелдейтін нақты нәрсе», – деген еді. Ұлттық мұрамызды қадірлеп, келер ұрпаққа ұлағаттау бүгінгі күннің еншісінде. 2019 жылдың ақпан айында елімізде «Домбыра» арнасы ашылды. Таңнан кешке дейін халық мұрасының жауһарларын көрермен назарына ұсынатын арнаның ұстаған бағыты мен бет алысы ауыз толтырып айтарлықтай. Тек, соңғы кезде арнаның әлеуметтік желідегі парақшасында және интернетте арна басшысының халықтан қаржылай көмек сұраған бейнероликтерін көзіміз шалды. Мәні мен мағынасы жоқ ән мен биді үздіксіз көрсететін сапасыз шоулардан гөрі, рухани мұрамыз бен мәдениетімізді насихаттайтын осындай арналарға қолдау көрсетсек игі еді.

Гаухар ТҮСТІКБАЕВА

22722 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы