• Бас мақала
  • 31 Шілде, 2020

«ЕГЕР ТАСҚА ТІЛ БІТСЕ...»

Тұрсын ҚАЛИМОВА, Журналистер одағының мүшесі

Қанша заман аунап өтті, қаншама уақыт желі қазақтың басынан өткен қилы-қилы кезеңдерді ұшырып әкетті?! Қап тауын мекен еткен елдің «Егер тасқа тіл бітсе...» деп келетін мәтелге айналған сөзі бар деседі. Сол сөзді өзіміздің икемге сала қойып, «осынау бір маң далаға тіл бітсе...» десек ше? Қазақ даласы бастан кешкен талай нәубеттің, талай тарихи оқиғаның, талай жайттардың сыры ашылып, үні біздің құлаққа жетер ме еді? Әр топырақ астынан шыққан дауыс қосыла келе бұл даланың басынан өткерген әрбір сәтін жыр қылып төпелетер еді, сөз қалпында бүгінге шып-шырғасын шығармай жеткізер еді. Қазақ даласындағы әр төбеге жасырынған талай жайттың да сырына қанығар едік-ау! Белгілі журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тұрсын Қалимовамен әңгімеде қазаққа белгілі-белгісіз сол жайттың бір парасымен танысуға тырыстық... Айта кетейік, Тұрсын Қалимова Хиуаз Доспанова есімін Атырау халықаралық әуежайына беру туралы бастамашыл топтың жетекшісі және «Хиуаз» кітабын құрастырушы. Бүгінгінің тасы – ескерткіштер десек, қазақ даласының бастан кешкен тарихын ескерткіштерде бейнелетуге күш-жігерін салып жүрген журналистің де айтары көп...

– Хиуаз Доспановаға Атырау әуежайы алдында қойылған ескерткіштің де жайын білгіміз келеді. Хиуаз атындағы әуежайда батыр ескерткішінің тұруы да жарасымды секілді.

– Әрине, ол ойыңызбен келісемін. Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова апамызды ұлықтау туралы мәселені маған дейін де көтергендер бар және олардың көп болатыны сөзсіз. Хиуаз апамызға ескерткіш орнату мәселесі де маған дейін айтылған. Бірақ елдің тілегін аяғына дейін жеткізу үшін жылдар бойы еңбектенуге тура келді. Ал әуежайға қазақтың қанатты қызының есімін беру туралы ой Жеңістің 65 жылдығында ойыма келген еді. Сол жылы Хиуаз апамыздың бюсті тұғырына қонған еді. Ескерткішті ашқан соғыс ардагері Айдын Айбаров сол кезде «Мына ескерткіш әуежай алдында тұруы керек еді» деген болатын. Ардагердің сөзі мені қатты толғандырды.

2016 жылдың күзінде сол кездегі Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауына бардым. Хиуаз апамызға және құмаршыққа ескерткіш орнату туралы ұсынысымды айттым. Аймақ басшысы ұсыныстарымды бірден қабылдады. Сол кездегі Атырау қаласының әкімі болған Серік Шапкеновпен бірлесе отырып жобаны бірнеше рет пысықтадық.

– Ал маңғаз Атырау төрінде елді аштықтан аман алып қалған құмаршыққа арнап ескерткіш тұрғызу идеясы қайдан келді?

– Анамның «Сендерден кейінгі ұрпақ құмаршықтың халықты аман алып қалғанын білмей өседі» деген сөзі мен Фариза апамыздың «Құмаршықты жас ұрпаққа насихаттау керек, шағыл мен құмаршыққа ескерткіш қойса да артық болмайды» деген әңгімесі ұдайы жадымда жүретін. Тірісінде етене араласқан Нариман аға мен Фариза апай дүниеден өткен соң, аға буынның арманын орындау перзенттік парызым деген шешімге келдім.  «Құмаршық дәні» ескерткіштің жобасын мүсіншілермен ақылдастым. Аймақ басшысы Н.Ноғаевтың руханиятқа деген көзқарасының еректігі елге мәлім. Не мәселемен келіп отырғанымды тереңнен байыптап, бірден қолдады, «Тарихты ұмытпауға арналған ұсынысыңызды қолдаймын» деп, ескерткіш жобасын жасауға тапсырма берді. Ескерткіштің қойылатын жерін де ұсыныс ретінде айттым. Аймақ басшысы оны да құптады. Ескерткіш поэзия падишасы Фариза Оңғарсынқызының ескерткішінің маңында тұр. Оның да себебі бар. Бұл – Манаш ауылында дүниеге келіп, дүйім алашқа ақындығымен танымал болған Фариза апайдың «Құмаршық бізді сақтаған, ұмытпаңдар» деген тілегімен ұласқан арманын ақынның 80 жылдығы қарсаңында орындап, құрмет көрсетуіміз. Бұл ұсынысты зерделеп, тарихқа тағзым деп, халықты аштықтан сақтап қалған, дүниеге ұлттың танымал талантты тұлғаларына өмір сыйлаған өсімдікке ескерткіш қоюды қолдаған жергілікті атқарушы билікке алғысым шексіз. «Құмаршық дәні» композициясы – ұлт тарихына қойылған ескерткіш. Бұл біздің буынның ата-бабалар алдындағы парызының өтеуі, жас ұрпаққа аманаты.

Жас ұрпақ ұлттың басынан өткен тағдырлы тарихты біліп, өзінен кейінгілерге аманаттап жүруі міндетті деп білемін.

– Жалпы құмаршық қандай өсімдік? Оның елді аштықтан аман алып қалуы туралы тарихи айғақтар бар ма?

– Нарын бойындағы еспе құмды, ақ шағылды жерде өскен құмаршықтың қазақ халқын аштықтан аман алып қалғаны туралы әңгімені көнекөз қариялар айтады. Біздің буын бұл өсімдіктің сыр-сипаты мен ұлт тарихындағы орнынан аса хабардар емес. Сондықтан да, Нарын бойындағы ауылда 1932 жылы дүниеге келіп, құмаршық орып, оны тағам ету процесін түгелдей қол еңбегімен жасап көрген, бүгінде 87 жасқа келген анам Алуға Тастанқызының «Құмаршықты нар сүтінен пайда болды» деген сөз негізсіз емес. Ол кісі айтатын,тас диірменнен құмаршықты тартқанда аппақ ұн болып шығады. Құмаршықтың түсінің аппақ болуын сүтпен байланыстырамыз. Манашта дүниеге келдім. Бала күнімізде құмда өскен аппақ шағылдар, бүгінгі қаладағы тоғыз қабат үйдің биіктігіндей болатын. Ұршығына тыным бермей, жүн иіруіне кедергі келтіре берген соң, анам Аққыз биік шағылға шығып, ұршығын иіріп отыратын. Біз шағылға өрмелеп шығатынбыз. Ақшағылдың биігіне шығып, жерге қарағанда құмаршық шөпті көреміз. Тікенегі көп шөптің бізді аштықтан сақтап қалған ас екенін ес білгеннен білдік. Құмаршық – тікенегі мол шөп. Тамыз айының ортасында пісе бастайды. Бірақ әдетте, оны қыркүйек-қазан айларында, әбден піскенде, шалғы орақпен шауып, айырмен үлкен машинаның дөңгелегі секілді баспа етеміз. 10-15 күннен соң, құмаршықты кепсін деп арасын ашып, бір-біріне сүйеп қоямыз. Құмаршықты «көк баспа», «шық баспа» деп атайтын едік. Алғаш піскен уақытында көк баспа аталса, шық түскенде орылғанын шық баспа дейтін. Ал «топаң» деп көк баспа мен шық баспа кезінде қағып алған құмаршықтың шөбін сақтап, сәуір айында қайта қағып дән алуды айтады. Күніне 100 баспадай құмаршық орамыз. Сол жүз баспадан 50 пұт құмаршық дәнін аламыз. Дәні жып-жылтыр, дөңгелек, майлы болады. Қазіргі мөлшермен 50 келілік 20 қап шамасында дән шығушы еді. Бұл бір қыстық азығымызға молынан жетеді. Құмаршық шөпті алаша үстіне жайып, ағаш соққымен ұрып, дәнін алашаға қағып аламыз. Алаша үстіндегі дәнді қиқымнан тазарту үшін дәнді ыдысқа салып, жоғары көтеріп тұрып алашаға төгеміз, сол кезде шөптің қиқымы, қоқымдар желмен ұшып кетеді де дән тазарып, алаша үстіне түседі. Содан соң, қол диірменмен дәнді тартатынбыз. Суға қайнатып, сосын қазанға қуырамыз. Диірменге салғанда талқан болады. Дән сүттей аппақ болып, дастарқан үстіне төгіліп түсіп жатады. Дәнді қамыр етіп илейміз, сүт көже жасаймыз, пешке салып нан пісіреміз. Ол наннан таңертеңгілік бір үзім жеген адам, кешке дейін қарны ашпай жүреді. 18 жасымда келін болып түстім. Енем «Асығыс қайнаға» деп атаған Қалел қайнаға ертемен: «Келін, келін, тұр. Күн көтеріліп келеді, құмаршық орып келейік» деп мені ертіп кетуге келеді. Сөйтсек, біз тым ерте шығады екенбіз, 50 пұттай құмаршықты орып келгенде таң енді рауандап келе жататын. Құмаршықты шық кезінде орып алған жеңіл екен» дейді анам. Нарын бойында құмаршықтан басқа, қияқ, жыңғыл, қарабарақ деген өсімдік түрлері өсіпті. Ол кезде тас жоқ, халық топырақты саз етіп, қияқты бүктеп, тегістеп арасына саз салып, «Шеген қыстау» көтерген. Төбесін сазбен, жыңғылмен жауып, түйенің иленген терісін терезе еткен. Құмаршықпен бірге, қияқтың басында қылтиып шығатын сұлыға ұқсас дән де адамға ашаршылық жылдары азық болыпты. Енді осы құмаршық, қияқ, жыңғылдар шағылды құм Нарында қалай пайда болды деген сауалға келсек, бұл өсімдіктердің барлығы 1865 жылдардан бастап, әдейі еспе құмды тоқтату үшін және құмды жайылымдық жер ету мақсатында егілген болып шықты. Бұл деректі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Болат Махамбетов айтып берді. Құмаршық – өте құнарлы өсімдік. Оның құрамында өсімдік майы бар. Заманында 1 келі құмаршыққа 7 келі бидай айырбас болған. Нарынның еспе құмын тоқтату мақсатында 1865-1867 жылдары тау-кен инженері А.Дрейр төрт жыл аралықта мыңдаған гектар жерге құмаршық, сағыз, қияқ, жыңғыл ектіру жұмыстарын басқарған. 1898 жылы Нарын бойында 137 мың гектар құмаршық егілген. Басында патшалық Ресей, кейін Кеңес билігі 1904-1912 жылдары 60 мың гектарға, 1919-1929 жылдар аралығында 875 мың гектар жерге құмаршық пен қияқ ектірген. Осы деректерді профессор Н.Сустың 1956 жылы жарық көрген «Агролесомелорация» жинағынан алғанын айта келе Болат Махамбетов: «Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында 1968 жылдары оқып жүргенімізде, ұстазымыз Маденов Нарын құмында 1955-1960 жылдары Ф.Аверьяновтың басшылығымен құмаршық пен қияқты бірнеше мыңдаған гектар жерге еккенін, одан бұрын халық ашаршылық жылдары құмаршықты азық етіп, аман қалғанын дәрістерінде айтып берген. Бұл деректерді ғалым айтып отырғандықтан алып не қосарымыз жоқ.

Әлі күнге дейін құмдағы ауылдың адамдары құмаршықтың талқанын түйіп, көжесін дайындап, нанын жеп отыр. Қайбір жылы Исатай ауданының тұрғыны Ақтолқын Ахметжанова құмаршықтың талқанын жеткізіп берген болатын. Анама айтпай алдына қойғанымда, дәмін көрген бойда: «Бұл – тарының емес, құмаршықтың талқаны. Бірақ дәмі өзгерген екен» деп құмаршықтың талқаны екенін бірден білді. Себебін сұрағанымда «Құмаршықты бір жеген адам оның дәмін өмір бойы ұмытпайды» деп жауап берді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен Қ.Серікқызы

 

30 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала АТАМЕКЕН ҚАСИЕТІ
Келесі мақала ЮНЕСКО – МӘДЕНИ МҰРАМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙДЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Үркер

27 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы