• Руханият
  • 31 Шілде, 2020

Сұрағы көп бала едім...

Дүкен Мәсімханұлы

Мен бір үйдің кішісі, кенжесімін. Біз үйде бес бала едік, алдымда екі ағам, екі әпкем болды. Ата-анамның және сол аға-әпкелерімнің айтуынша Мен, бала күнімде сұрағым өте көп, «мылжың бала» болыппын. Тілім шыққаннан кейін-ақ көзіме көрінген зат, жаңа естіген сөз, кездескен адам, төрт түлік мал, аң-құс... бәрі-бәрі туралы сұрақты жаңбырша жаудырады екем. Сұрайтын адамдарым тек ата-анам, аға-әпкелерім ғана емес, үйге келген арнайы шақырылған немесе құдайы қонақ дейсің бе, қыдырып жүрген көрші-қолаң дейсің бе, апаммен (анам) бірге қыдырып барған жерде кездесетін үлкен-кіші дейсің бе, бәрін сұрақтың астынан алатын көрінемін. Сонда не сұрайсың десеңіз, «нанды неден жасайды?», «тау қалай пайда болған?», «өзен неге өрге қарай ақпайды?, «ағаш отқа жанады, топырақ неге жанбайды?», «қарағай неге тауға ғана өседі?» Міне, осылай жалғасып кете береді екен. Бұндай сұрақ қойғыштық, «мылжыңдық» қасиет кейін, кейін болғанда бастауыш мектеп табалдырығын аттағаннан кейін, шамалы ес кірген кезде сәл-пәл азайды. Азайғанда мені мазалаған сұрақ көбеймесе азайған жоқ. Біреу жауап бере алмай қиналып қалады, ал енді біреулер «басты қатырмашы-ей» деп сілкіп тас-тайды. Содан кейін «біледі-ау, ренжімей жауап береді-ау» деген адамдардан ғана сұрайтын болдым. Сондай адамнның бірі әрі бірегейі өзімнің анам еді. Анам жауап бере алмай қалса да, зекіп, сілкіп меселдемді қайтармайтын. Өзі білмейтін сұрағы болса «оны мұғаліміңнен сұра» деп жөн сілтер еді. Біздің ауылдың адамдарында фамилия да, фамилия деген ұғым да болған емес. Басшылар да, қарапайым халық та бір-бірін тек есімімен ғана атайды, егер жасың кіші болса, әлгі кісінің есімінің соңына қажетіне қарай «ата, апа, аға, жеңге...» деп қосып айтасың. Алайда ауылда аттас адамдар өте көп. Мәселен, сол кезде біздің ауылда оншақты Жұмабай, бес-алты Әуелхан, оншақты Тұрсын, үш-төрт Дүйсенбек, оншақты Тоқтар, бес-алты Тұрғанбек, тағы сондай Сейсендер болды. Аттастардың бәрінің лақап аттары (кличка) бар. Лақап ат қою біздің ауылда мазақ ету мақсатында емес, қоғамдық қажеттіліктен туған. Оларды ауылдың басшылары болсын, үлкен-кішісі болсын, міндетті түрде лақап атымен қосып атайды. Тіпті, былайғы жұртты қойып, олардың әйелі мен балалары да солай атайды. Мысалы, сізге бір бала кездесіп сәлем берді делік, сіз жыға тани алмай «қай баласың?» деп сұрасаңыз, әлгі бала еш ойланбастан «сиыр Сейсеннің баласымын» деп жауап береді. Осындай лақап аттар жапсырылған есімнің бірі Дүйсенбек. «Талтақ Дүйсенбек», «Бұқа Дүйсенбек», «Кемпірауыз Дүйсенбек», «ақын Дүйсенбек» деп кете береді. Бала күнімде осы Дүйсенбектерге жапсырылған лақап аттың ішіндегі маған түсініксіздеуі «ақын» деген сөз еді. Бір күні апамның көңілі жайланып, шәй ішіп отырған бір сәтінде: «Апа, ақын деген не?» деп сұрадым. «Ақын деген өз жанынан өлең шығаратын адам. Олардың кейбіреулері өлеңді суырып салып, екінші бір ақынмен айтысады. Кейбір ақындар өлеңді жазып шығарады» деп жауап берді апам. «Біздің ауылдағы ақын Дүйсенбек айтысатын ақын ба, жазатын ақын ба?» «Ол жазатын ақын». «Сонда сен айтатын «Қыз жібек», «Алпамыс батыр» деген өлеңдерді Дүйсенбек аға жазған ба?», «Жоқ, оны басқа ақындар жазған».... Міне, анаммен ортадағы осы диалогтан кейін «ақын» деген сөз миымда өштпестей болып орнығып қалды. Ендігі жерде ақын Дүйсенбекті көрсем, ол кісінің сөз сөйлегеніне, жүріс-тұрысына аса мән бере қарайтын болдым. Киім киісі, жүріс-тұрысы шынымен де елден ерекше секілді ме қалай.... Ол кісі бізге жақын туыс болып келеді. Үйлері іргелес көршіміз. Бірге ойнайтын, менімен жасты Бекмырза деген баласы бар, мектепке қатар барып, бір сыныпта оқыдық. Сол Дүйсенбек ағаның «склад үй» деп аталатын шағын «сарайында» қолжазба түрінде де, баспа түрінде де, кітаптары өте көп. Көбісі төте жазуда. Ішінара бізге белгісіз бір жазумен басылып шыққан кітаптар болды. Сөйтсем, ол криллицамен жазылған советтік Қазақстанның кітап-журналдары екен. Мен мектепке алты жасымда бардым. Мектепке барған жылы бізді жаңа қабылданған латын әліпбиімен оқытты. Бірақ мектепке бармай тұрып үйдегі аға-әпкелеріммен жағаласып жүріп төте жазуды үйреніп алғам. Бекмырза арқылы Дүйсенбек ақынның сарайында «тығулы жатқан» кітаптарды бір бірлеп алып оқи бастадым. Латын әліпбиін білгеннің арқасында ежелеп жүріп кириллицаны танып алдым. Бекмырзаның әкесі Дүйсенбек ағамыз көбінде айлап-апталап коммунаның қара жұмысына кетеді. Ал үйінде болған кезде үйінің төргі бөлмесінде етбетінен түсіп, не кітап оқып немесе жазу жазып жатады. Бір күні ауласындағы алма ағашының түбінде кітап оқып отыр екен, қызығып қасына барып: – «Қандай кітап оқып отырсыз?» дедім. – Кітап емес, «Жұлдыз» деген журнал. – Ол не? – Қазақстан Жазушылар одағынан шығады. Журнал деген кітап емес. – Көрейінші. «Жұлдыз» журналын қолыма алып парақтай бастадым. Қателеспесем, 1950-ші жылдардағы бір нөмірі екен. Ішінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов шығармалары бар екен, шығармаларының басына қолмен сызылған суреттері беріліпті. Алғашқы беттерінің бір тұсынан «Қазақстан Жазушылар одағы» деген сөздерді де оқыдым. Сосын сұрақтарым басталды: – Жазушы деген не? Одақ деген не?» – Жазушы деген әдеби шығарма жазатын адам. Одақ – ұйым деген сөз. Яғни, Жазушылар одағы – ақындар мен жазушылардың ұйымы». – Ол ұйым не істейді?» – Ақын-жазушыларға мынандай шығарма жаз деп нұсқау береді, ақын-жазушылардың жазған шығармаларын баспадан шығарады. Дүйсенбек ағадан қолындағы «Жұлдыз» журналын үйге апарып оқып келуге сұрап едім, «бұндай кітаптарды кейінірек оқы» деп жауап берді. Сол күннен бастап «Қазақстан Жазушылар одағы» деген сөз санама берік орнығып қалды. Алтыншы әлде жетінші сыныпқа барғанда өзім де өлең жаза бастадым. Көп өтпей ауыл, аудан ауқымында «ақын бала» атанып үлгердім... 1982 жылы ҚХР астанасы Пекин қаласындағы «Орталық ұлттар институты» (қазіргі Орталық ұлттар университеті) деп аталатын оқу орнына қабылдандық. Білмекке құштар ашқарақ көңіл Пекинге барған күннен қолды-аяққа тұрғызбай шиыршық аттырып жүрген кез. Жатпай-тұрмай оқып, үйреніп, тез арада дөкей қаламгер болғымыз келеді. Кеудені кернеп бара жатқан басты арман осы. Бірақ, қайдан не оқып, кімнен не үйренеміз?! Сұрақ бар, жауап жоқ! Ауылдан қазақ мектебін бітіріп келген біздерді неше мыңдаған иероглифі бар қытай тілі әзірше «алдына отырғыза» қоятын түрі жоқ. Ал қытайдағы қазақ қаламгерлері Маоның әйгілі «мәдени төңкерісі» тұсында жаппай «ұлтшыл», «халық жауы» атанып, алды абақтыға жабылып, арты Тарым лагеріне жер аударылып кеткен жерінен енді-енді ғана ақталып, ауылына келіп жатқан. Демек олар әлі қаламын қолына алып үлгерген жоқ. Жаңа буынның басы өзіміз. Осылай дағдарып жүрген күндердің бірінде, Пекин қаласындағы Орталық ұлттар аударма мекемесінің қазақ бөліміне, ҚХР Орталық халық радиостанциясының қазақ бөліміне кеңестік Қазақстаннан «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» секілді мерзімді басылымдар келіп тұрады екен. Әдебиетке жаны құштар біздер үшін, көктен тілегеніміз жерден табылғандай қарық болдық та қалдық. Аталған басылымдардың әрбір жаңа нөмірін жыл келгендей төрт көзімізбен сарғая күтіп, ерекше әсермен, үтір-нүктесін қалдырмай оқып шығамыз. Оқумен ғана шектелмей, жиналып алып, онда көтерілген мәселелер мен өзімізге ұнаған шығармаларды таласа-тармаса талқылап, қызыл кеңірдек боламыз да жатамыз. Талқыға қатыспай, «тек жүру» тіптен мүмкін емес. Әдебиеттің, баспасөздің құдіретін қойсаңшы, бірте-бірте өзімізді Қазақстанда, Алматыда тұрып жатқандай, Қазақстан Жазушылар одағына күнде кіріп-шығып жүргендей сезіне бастадық. Университет бітіріп, Үрімші қаласындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына келгеннен кейін Шынжаң өлкелік жазушылар одағына мүше болдық. 1993 жылдың басында Отанға оралдық. Алғаш «биссмиллә» деп имене бас сұққан мекемеміздің бірі қазақ қаламгерлерінің қасиетті қара шаңырағы – Жазушылар үйі болды. Ол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек ағамыз (Найманбаев) Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының да бастығы болатын. Ол кісіні бұған дейін бірер мәрте сол Қауымдастықтан көргем. Неге екенін қайдам, Қалдарбек аға бірінші көргеннен менімен қалжыңдасып сөйлесті. Еркелеткені болар. Сол күйі әзілдесіп кеттік. Көкейіміздегі ендігі бір сұрақ, әлде арман, «Қашан Қазақстан Жазушылар одағына мүше боламын?» Бірақ бұл сұрақты мен ешкімге қоймадым. «Асықпайын. Уақыты, реті келер» деп шештік. 1994 жылдың, жаңылмасам әлде қаңтар, әлде ақпан айларының бір күнінде, ҚазГУ-де ұстаздық етіп жүрген маған: «Жазушылар одағында істейтін Нүкеш Бәдіғұлов деген ақын ағамыз сені Одаққа келіп кетсін деп шақырып жатыр» деген хабар жетті. Сабақтан босаған соң тізгін ұшымен Одаққа жеттім. Нүкеш ағам орнында екен: – Одаққа мүше болғың келе ме? – Болғым келгенде қандай! – Олай болса, өтініш жаз. Мынау бланкіні толтыр, 3х4 фотосуретіңді әкеліп бер. Нүкеш ағамның айтуы бойынша құжаттарды тастай ғып дайындап бердім. Тағы бір шарты Одақтың екі мүшесі мінездеме-ұсыныс хат беру керек екен, бұл хаттарды Оразақын аға (Асқар) мен Жәркен ағамнан (Бөдеш) алдым. 1994 жылдың қыркүйек айының басында Нүкеш аға шақырып жатыр деген хабар келді. Бардым. «Қазақстан Жазушылар одағына мүше болуыңмен! Ал құтты болсын Дүкеш! Мүшелік билетің дайын. Қалекең қазір жоқ, іссапарда. Куәлігіңді төрағаның орынбасары, сатирик жазушы Ғаббас Қабышев ағаң тапсырады» деді. Осыны айтты да, Нүкеш ағам мені Ғаббас Қабышев ақсақалға ертіп кірді. Аз-кем құттықтау, біраз әңгімеден соң Ғаббас аға сыртында «ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ» деген куәлікті ресми түрде тапсырды. Коридорға шыққасын Нүкеш ағам тағы да қапсыра құшақтап, бетімнен сүйді. Осы арада айта кетерлік бір жағдай, өзімді Одақтың белсенді мүшесі болдым деп есептеймін. Ғылыми еңбектерді айтпағанда, әдеби шығармашылықпен, әдеби аудармамен қатар шұғылдандым. Бүгінге дейін 30-дан астам кітаптарым жарық көрген болса, соның 5-6-сы жыр жинақ, 4-5 кітап көркем аударма. Сонымен бірге, Одақтың барлық пленум, сьездеріне, басқа да іс-шараларына белсенді түрде қатысып келемін. 2010 жылы Одақтың басты әдеби сыйлығы – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болдым. Өткен жылы Елордада өткен екі үлкен форумның да төрінен табылдық. Тағдыр деген қызық....Сонау бала күнімде ауылдағы Дүйсенбек ақыннан «Қазақстан Жазушылар одағы» деген сөзді алғаш естігенде, кейін есейіп, ақын болып, Атамекенге оралып, осы Одаққа мүше боламын деп ойлаппын ба?!

21434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы