• Руханият
  • 06 Шілде, 2020

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ КҮН САЙЫН, АЙ САЙЫН, ЖЫЛ САЙЫН НЫҒАЙТУ КЕРЕК

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы:

Бүгінгі өмір – ертеңгі тарих. Тарихты тұлғалар жасайды. Десек те сол тарихтың жарқын беттерін жазу немесе жасау – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Олар санаулы, аз. Сол аздың бірі – біздің тұңғыш Президентіміз. Былайғы жұртқа оңай көрінгенімен, ел басқару ісі – күрес, үлкен күрес. Оған көз жеткізу үшін Елбасының саяси-экономикалық шешімдер қабылдаған  сындарлы кезеңдегі тұлғалық тәуекелшілдігі хақында ой қозғаған  (Н.Назарбаев. Өмір өткелдері. Сұхбат кітабы. Астана: Фолиант. 2015 ж.) көлемді сұхбатының қайсыбір тұстарын оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.

***

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында, яғни, Мәскеу мен Бейжіңнің арасындағы идеологиялық текетірес әбден асқынған кезде кеңес-қытай шекарасындағы жағдай да өте қиындаған. 1964 жылы басталған келіссөздер ақыры үзіліп қалған. Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңес Премьері Чжоу Эньлай шекарадағы талас-ты учаскелер жөніндегі мәселенің шешілмеуі қантөгіске соқтырмай қоймайды деп мәлімдеген болатын сол кезде. 1967 жылдан бастап КСРО шекарасын бұзу жиілеп, оның аяғы Даман аралы мен Жалаңашкөлдегі қақтығысқа соқтырғаны белгілі. Бұл мәселенің кешегі кеңестік кезеңде ушыққаны соншалық, 1967 жылы ҚХР сыртқы істер министрі Чэнь И кеңес-қытай қарым-қатынастарын үзу және соғыс жариялау мүмкіндігі жөнінде мәлімдеуге дейін барғандығы, ал Чжоу Энь Лай АҚШ-пен соғыстан бұрын, Қытай мен КСРО арасында шекара соғысы басталуы мүмкін екендігін аңғартқандығы белгілі. 1969 жылғы екі қанды қақтығыстан кейін ядролық қаруға ие екі ірі социалистік державаның соғыстың ернеуіне келіп тірелгенін бәріміз білеміз. Шекараның екі бетіне жер қайысқан қалың әскер топтастырылған еді. Сол тұста Түркістан әскери округіне қоса жаңадан Орта Азия әскери округы құрылғаны мұның нақты дәлелі. Тянь-Шяньнің екі бетіндегі талай асуларға әскери техника толтырылып, бекіністер, аэродромдар мен арсеналдар салынғаны белгілі. Қазақстан сондай текетірестің нағыз өтінде тұрған еді. Әйтеуір, үлкен жанжалдың өрті өрши қойған жоқ абырой болғанда. Сөйтіп Ресей империясы да, Кеңес Одағы да Қытаймен шекараны түпкілікті анықтамаған күйі тарих сахнасынан кетті. Соңдарына дау-дамай шығатындай көп мәселені қалдырып кетті. Ол түйіннің бәрін біздің тарқатуымызға тура келді.

***

Цзянь Цзэмин – көпті көрген, талай өткелектен өткен тұлға. Өзі Мәскеуде оқыған. Орыс, ағылшын, жапон тілдерін жетік білетін кісі. Орыстың классикалық әдебиетімен өте жақсы таныс. Музыканы сондай жақсы көреді. Өзі ән айтады. 2002 жылы ШЫҰ-ның Санкт-Петербургтегі саммитінде қабылдау кезінде мен өзіміздің «Дудар-айды» шырқап бергенімде ол аң-таң қалып еді. Менен кейін дәл сол әнді өзі айтты. Қытай тілінде айтты. «Біздің әніміз сіздерге қалай жеткен?» деп сұраған. Енді мен аң-таң қалдым. «Бұл – біздің әніміз – орыс қызының қазақ жігітіне ғашық болып шығарған әні», – дедім. Сөйтсем, «Дудар-ай» Қытайда халық әні болып саналады екен, әрине, мүлдем басқа мәтінмен айтылады. Аты – «Ақ лалагүл». Қысқасы, Қытай басшысының парасаттылығы, болашақтың биігіне қарай білетіндігі осы күрделі мәселені уақытылы, өз деңгейінде шешуге септескендігі анық. Мемлекет басшыларының арасындағы адамдық жылы қарым-қатынастардың халықаралық саясатта үлкен рөл атқаратын кездері көп. Әрине, шекара белгілеу сияқты аса маңызды мәселеде шешуші сөз мемлекеттер басшыларына тиесілі.

***

...біздегі баспасөз бетінде «Қытайға біраз жеріміз беріліпті» деген сияқты жосықсыз жайлар жазылып жатты. Кейін ондай көңіл-күйге Парламенттің біраз депутаттары да берілді. Келісімді ратификациялау мәселесін қараған отырысқа осы мәселемен тікелей айналысқан мамандар шақырылмағандықтан, өз сұрақтарына тыңғылықты жауап ала алмаған депутаттар келісім жобасын жетілдіру үшін қайтарып тас-тады. Келесі отырыста білікті мамандардың жауаптарынан кейін күмән туғызған мәселелердің бәрінің басы ашылып, келісім ратификацияланды. Назар аударарлық жағдай мынау. Қытайдың өзінде де Қазақстанмен шекара жөніндегі шарттарға жұрттың бәрі бірдей риза болған жоқ. Аспанасты елінде Қытай үкіметі Қазақстанға «жер беріп қойды» деп пікір айтушылар да табылды. Олардың арасында әскери адамдар көбірек болды. Бейжіңнің бұл істегі ұстанымы Гонконг пен Тайвань тарапынан да кезінде сыналғанынан жақсы хабардармын. Олар Қытай өзінен әлдеқайда әлсіз мемлекетке «жол беріп алды» деп санайтынын білдірген еді. Екі жақтың сынаушыларына да мына жайды айту керек. Таласты территориялар деп аталған жерлер – таласты территориялар. Ол жерлерді біздің жеріміз еді деп кесіп айтудың да, ондай жерлер өзге елге өткенде өз жеріңнен айырылғандай қиналудың да, ондай жерлер өзіңе өткенде өзгенің жеріне ие болғандай қараудың да реті жоқ. Бұны тарихи әділдіктің қалпына келуі деп санау керек.

***

«Горбачевтік қайта құру» кезеңінің тарихи ерекшелігін аса ірі мемлекеттік ағзаның жантәсілім етер сәтімен салыстыруға болар еді. «Қайта құру» шын мәнінде мәреге шыққан КОКП Орталық комитетінің 1985 жылғы сәуір пленумынан бастап қашан біржола тарап біткенге дейін ел өз тарихының ең бір жынысы қалың ну орманына кірді де кетті. Жазықсыз жазаланған миллиондаған жандар жұрт жадында жаңғыра бастады, тоталитаризм тастап кеткен интеллигенция өкілдерінің бет-жүзі көз алдымызға қайта келіп, үлкен және кіші халықтар өздерінің ежелгі тарихын еске түсірді. Бұрынғы КСРО-ның қиыр-қиырында бұл үдеріс көбіне-көп ұлтаралық жанжалға соқтырды, саяси дау-дамай өршіп, аяғы қарулы қақтығыстарға да ұласты. Тарих тегершігін тездетсем деген дәрменсіз ниеттегі көптеген саяси күштер нағыз идеялық үреймен үркітуге жүгінгендіктен де мұның аяғы кей жерде ұлтаралық қақтығыстарға ұрындырды, ал кей жерде тіпті тұтас мемлекеттер мен халықтарды бөліп жіберуге соқтырды. Қанға суарылған идеялардан қан тамшылаған дақыл көктеп шығады.

***

Көкейге қонымды басқармашылық көзқарастың ғана жөні бар. Қоғамның өзі жағдайды қаншалықты қиын санаса – соншалықты қиын. Сондықтан, кез келген дағдарысты шығанға шығара шиеленістірудің қажеті шамалы, өйткені, дағдарыс атаулының түпкі мәні адамдардың тіршілік болмысына және өмірлік мүдделеріне сай келетіндей жаңа шешім қабылдауға тіреледі. Қандай дағдарыстың да тұсында ең алдымен қайтсек алға дамимыз дегенді ойлау керек.

***

Жастармен көптеген жүздесулердің бірінде маған: «Ең бір қиын кезеңдерде, тіпті сіздің өзіңіздің де бойыңызда сенім мен оптимизм қалмайтындай кезеңдерде адамдарға сенім мен оптимизм ұялатудың қандай жолы бар?» деген сұрақ қойылды. Сол сұрақ талайға дейін ойымнан шықпады. Қазақстан экономикалық берекесіздіктің шырмауығына шырмалғандай болған сол ең бір қиын жылдарда да біз халықты өз болашағымыз өз қолымызда деген ойға ұйытуға ұмтылдық. Бәріміз бірлесе жүріп қиындық атаулыны еңсереміз дегенге елді сендіруге тырыстық. Біздің болашағымыз, Қазақстанның болашағы тек өзіміздің қолымызда екендігін ұғындырдық. Береке басы бірлік екендігін ұғындырдық. Табанды жұмыс істесек және ең бастысы, өзімізге, өзіміздің ортақ мақсатымызға сенсек, онда бәрін де еңсеретінімізді, бәріне де төтеп беретінімізді ұғындырдық. *** Қазақстан өзінің тәуелсіздігін бұрынғы кеңес республикаларының ішінде ең соңынан, 1991 жылғы 16 желтоқсанда жариялады. Көптеген «қамқоршыларымыз» сол кезде Қазақстан өз тәуелсіздігіне тағдырдан тарту түскендей, ғайыптан тайып ие болды деп те жатты. Олардың кейбіреулері тәуелсіз Қазақстанның ғұмыры ұзаққа бармайды деуден де тайынбады. Менің пікірімше, бұл ойым таңданарлық болса да айтайын, тәуелсіздік жолындағы нағыз күрес дәл 1991 жылы, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін, бізге бүгінгі заманғы, демократиялық мемлекет орнатуға кіріскеннен кейін басталды. Ол күрес көп жағдайда қазіргі таңда да жалғасып жатыр, тек бүгінде оның сипаты тәуелсіз мемлекет құрудың жүйелі жұмысына көбірек ұқсайды. Тәуелсіздікті күн сайын, ай сайын, жыл сайын нығайта беру керек, ол үшін дәйім күресу керек дейтінім сондықтан.

***

Каспий теңізінің солтүстік бетіндегі Қашаған кен орны соңғы 40 жылда әлемде ашылған мұнай-кен орындарының ең ірісі деп жарияланды. Оның алынатын қоры 10 миллиард баррель деп бағаланады. Бұл кен орны Қазақстанды әлемдегі өте ірі көмірсутек қорлары бар негізгі елдердің қатарына қосты. Мұнайдың мұншалық мол қорының табылуы бүкіл әлемнің Каспий өңіріне қызығушылығын күшейтті, оның инвестициялық тартымдылығын арттырды. Қашағанның байлығына қол жеткізу ұзақ жылдарға созылған аса күрделі шаруа болып шықты. Дегенмен, бүгінде біз осы ғажайып қазынаның ел байлығына нақты айналар шағының қарсаңында тұрмыз. Бүгінде Қазақстанның осы саладағы жетістіктерін сөз еткенде біздің экономикалық табысымыздың іргетасы мұнай байлығы екенін айтпаудың жөні жоқ. Кейбіреулер үшін бұл Қазақстан табыстарын субьективті тұрғыдан бағалау үшін ілік, ал кейбіреулер үшін, бәлкім, қызғаныштың қозғаушысы да шығар. Сонымен қатар, әлем тарихы бізді мұнай экономикаға ғана емес, мемлекеттің жалпы дамуына да кедергі келтіруі мүмкін деп үйретеді. Бұл орайда кірісі төмен және қарызы көп елдердің санатына кіретін отыз алты мемлекеттің ішіндегі жиырма жетісі минерал қорларын экспорттаушы елдер екенін айтудың өзі жеткілікті.

***

Шығыс Азия өңіріндегі елдерде, әсіресе Жапонияда нақ табиғи ресурстардың жоқтығы бюрократиялық элитаны елдің осал тұсын дәл табуға мәжбүр етті. Экономикалық, сонымен бірге саяси да тәуелсіздіктен айырылып қалу қаупі оларды елдің бар күш-жігерін басекеге қабілетті және экспортқа лайықталған өнім өндіру жолымен табыс табуға шоғырландыруға амалсыз көндірді. Біз де мұнай сатудан түсетін табыс мемлекеттің кірістерінің тұрақты қайнар көзі бола алмайтынын, қайта олардың бара-бара басқа проблемаларға ұрындыруы мүмкін екенін естен шығармауымыз керек. Бұл арада «голланд аруы» да, табиғат қорының орнына қайтып келмейтіні де, басқа да көптеген жайлар бар. Қазақстан мұнай долларларынсыз өмір сүруді үйренуге немесе басқаша айтқанда, «мұнай иесіне» бой алдырып қалмауға тиіс. Әсіресе өндіріс арқылы түспеген ақшаны әлеуметтік салаға жөнсіз жұмсауға әуестіктен, жалақыны беталды көтере беруден сақтану керек, «әлдеқандай күн болады» деп жинақтай жүру қажет-ақ. 2000 жылы құрылған Ұлттық қор міне дәл осындай мақсатты көздейді.

***

Ол кезде біз мұнай бизнесінің «акулалары» басқаратын әлемдік мұнай трансұлттық компанияларымен келіссөздерді өз бетімізше жүргізуге тиіс болғанбыз. Жаңа идеялар, жаңа көзқарастар, ең бастысы жұмыстың баяғы партиялық әдістеріне бой алдырмаған кадрлар керек еді. Олар сол шақта саусақпен санарлық-ты. Тегі, менің «ескі гвардияны» жаңа басқарушылармен алмастыруға бірте-бірте ғана ауысқаным да сондықтан шығар. Бұл міндеттің мен үшін оңай болмағанын мойындауға тиіспін, күдіктенген кездерім де көп еді, басқа амалым да жоқ еді.

***

Кейде халықтың әуелі айғайға басатынын, гуілдеп кететінін, аздан кейін барып ақырындап айтқандарыңа құлақ аса бастайтынын, қиындықтың не себептен екендігін түсінетінін және біздің осы мәселелерді шешуге байланысты не істеп жатқанымызды білгеннен кейін, бірте-бірте басылатынын қазір мен есіме түсіремін. Кейде топтың ішінен кейбіреулер: «Нұрсұлтан Әбішевич, сигаретіңіз жоқ па?» деп айғайлайтын. Мен темекі тартпайтынмын, тек осындай жағдайға қажет болар деп қалтама бір қорап сигарет салып жүретінмін. Кейіннен, осындай әңгімелесулер кезінде таратып беру үшін көбірек сигарет алып жүретін болдым. Мынадай бір күлкілі оқиға есімде: ол кезде фабрикаларда орайтын қағаздың болмауынан сигареттерді метрлеп сататын. Бүгін еске алғанда осы күлкілі сияқты, бірақ шыны солай болды, не істейсің? Кейде жұртқа сигареттер үлестіру атмосфераны сейілтетін, нәтижесінде әңгіме пайдалы болып шығатын.

***

Бізді жекешелендіруді ерте бастады деп кінәлады. Ал біз жекешелендіруді мемлекеттік институттар түпкілікті қалыптасып болғанға дейін шегеріп тұра алар ма едік? Өзбекстанның тәжірибесі меншік иелерін қалыптастыруды кейінге шегеру біздің экономикалық жағдайымызды онан сайын қиындатып жіберуі мүмкін екенін көрсетіп берді. Біз тәуелсіздікке кеңес мемлекетімен бірге тарих қойнауына сіңіп кеткен тиімсіз әскери-өнеркәсіптік экономика үшін бәсекеге шыдас бере алмайтын және жеріне жеткізілмеген өнім өндіретін алып кәсіпорындармен келіп кірдік. Әрине, жекешелендіру кезінде жіберілген қателіктер біздің бәріміз үшін үлкен сабақ болды. Жекешелендіру инвестициялық купондары арқылы жекешелендіру кезінде жаңадан шыққан қазақстандық бизнесмендерді қолдаған мемлекет инвестициялық қорлардың қызмет аясының заңнамалық негізін жасамады, қор меңгерушілеріне қойылатын қаржылық және кәсіби талаптарды айқындамады, олардың салымшылар алдындағы жауапкершілігінің деңгейін белгілемеді. Кейіннен жекешелендіру-дің осы кезеңінің күйрей құлауынан халықтың сенбеушілігі мен түңілушілігін еңсеру жөнінде мемлекеттің көп жұмыс жүргізуіне тура келді.

***

Біздің жас ұрпағымыздың басым көпшілігі қазіргідей табысқа жету жолында қандай ғарасат күш-жігер жұмсағанымызды, қаншалықты күйзеліске түскенімізді біле бермейді. Жекешелендіру процесі қашанда меншікті бөлумен байланысты екенін атап айту қажет. Жүріп өткен жолы социализммен байланысты әрбір мемлекет жекешелендіруді жүргізе отырып мемлекеттік меншікті әділ әрі неғұрлым тиімді бөлу мәселесімен бетпе-бет келгені белгілі. Әрине, біздің республикамыздағы жекешелендіру кезінде де бәрі төселген тақтайдай теп-тегіс өте қойған жоқ. Адамдар ол тұста «жеке меншік» деген сөздің өзінен шошитын еді ғой. Әйтсе де жекешелендірудің әрбір кезеңінің барысында біз ең алдымен халықтың, мемлекеттің мүддесін көздедік.

***

Әр нәрсенің бағасын білген жақсы. Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған байтақ жерімізді Тәуелсіздіктің арқасында заңдастырып, шекараны шегендеу арқылы ұрпақтарымыздың алаңсыз өмір сүріп, жасампаздық жұмыспен айналысуына мүмкіндік беретін жағдай жасай алғанымыз – баға жеткісіз бақыт. Мәңгілік ел құрудың бір шарты да осы.

31 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Әл- Фараби және музыкалық дыбыс
Келесі мақала Сұрағы көп бала едім...

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Үркер

27 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы