• Бас мақала
  • 30 Маусым, 2020

КЕДЕЙЛІК ГЕНГЕ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАУ КЕРЕК

(Ғылыми фантастикалық әңгіме)

Нұрлан Сәрсенбаев (ҚХР), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Өз тағдырым туралы ойласам болды ішім удай ашиды, тіпті өзімнен-өзім түңіліп бұл дүниеден безіп кеткім келеді. Құрметті оқырман қауым, мені осындай күйге түсіріп, еңсемді басып тұрған зіл қара тас, мендегі кедейлік ген құрамының көп болу кесірі ғой! Ол мені алға ілгерілетпей етегімнен кейін тартып жібермеді. Ақша дейсіз ғой?! Ақшаның молдығы ит ұрып ойнауға жетеді. Өмірлік жинаған мал-мүлкім жеті емес, жетпіс қабат орнатсам да, аспандағы айға қол созсам да емін-еркін жетеді. Ақша десе бұл қалада менен өткен мәртебелі адам аз болар. Осыншама мол ақша бола тұра не қылған кедейлік деп мені тәлкек ететін шығарсыздар. Мұның себебі ғылым-білім саласының ұшқан құстай дамуы адамзаттың ген құрамын тексеруді қажет етіп, адамдарды табиғи түрде «Байлар», «Кедейлер» деп екі топқа жіктеп тастады. «Бай» – білімділерге, «Кедей» – білімсіздерге қаратылған атау. Менің ген құрамым тексерілгеннен кейін қытайдың «Жұлдыз ғылым академиясы» жағынан қызметтен босатылып, бірнеше жылғы жапа тартқан зерттеу еңбегім селге кетті. Ақыры мен бұл қаладағы жарамсыз адамдар қатарынан орын алып, кедейлер тізіміне іліндім. Бұл қоғам не боп барады? – деймін өз-өзіме сұрау қойып. Не болушы еді, әдеттегі тілмен айтсақ, арбаның дөңгелегі өрге домалап барады. Әдеби тілмен айтсақ, қоғам ұшқан құстай дамып барады. Ұлы ақын, ойшыл Абайдың: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деп айтқаны рас келді. Өз обалым өзіме. Бірінші – балалық шақта ойынға беріліп, үйренбедім, екінші – ген құрамымыздағы ақыл-парасатымның кемдігінен болды. Қазір «Байлар» атақты «Білімділер қаласында», кедейлер жер шарындағы әдеттегі қалаларда, сіңірі шыққан кедей болсаң жақсы күн көре алмайсың. Міне, осындай қайда барсам тауым шағылып, сорлап жүрген жанмын. Жер жаннаты Жетісуға орналасқан Алматы қаласына қоныстану туралы өтініш жазғаныма тұп-тура жеті жыл болды. Ескіден қалған бұл қаланың Ата заңы бойынша өтініш-анкета, өмірбаян, міндеттеме, сурет, туу туралы куәлік көшірмесі, төлқұжаттың көшірмесі, неке куәліктің көшірмесі, ыхтияр-хаттың көшірмесі, қандастық куәлік, шетел азаматтығынан бас тарту келісімі, т.б. қыруар құжат жинасам да еңбегім селге кетті. Өйткені, Алматы қаласы дүниедегі «білімділер қаласының» тізіміне ерте енгізілген. Менің бес ғасырдан бері ата-бабаларым адамзат өркениетін жаратқан Алматы өңірінде жасап келген. Алматы қаласының әкімі менің архив құжаттарымды көріп, кедей адам екенсің деп өтінішімді аяқсыз қалдырған. Талай жылдан бергі қызметтен босау маған оңай соққы болған жоқ. Жүрегімді қажаған дерттен ұйқым келер емес, төсекте дөңбекшіп жата алмаймын. Ұзын-сонар қиял құшағына батамын. Көзімді жұмсам болды «тұр орныңнан!» деген елес белгі бергендей болады. Кенет есік тарс етіп ашылды, бір адам кіріп келді. Қорыққанымнан қатты сасып қалдым. Өйткені, әлгі адамның көзі өте үлкен. Аузы мен мұрны өте кіші екен. Шынымды айтсам, өмірімде мұндай адамды көрген емеспін. Қорыққанымнан төбе шашым тік тұрды. Қарсы алдымда тұрған әлгі адам: – Қорықпа, Сағи мырза, мен Алматы деген қаладан арнайы сізді іздеп келіп отырмын. Жай келгенім жоқ, үлкен қуанышты хабар арқалай келдім, – деді. – Не жұмысыңыз бар еді? – дедім бір ауыз сөзге әзер келіп. – Алматы қаласының әкімін танисыз ба? – Естуім бар. – Алматы қаласының әкімі Сейіт мырза сізге бір парша хат берді, – деді хатты маған ұсынып. Мен хатты ашып оқыдым. Онда былай жазылыпты: «Құрметті Сағи мырза! Сізге хат жазудағы мақсатым Алматы қаласына қоныстану жөніндегі 56 рет жазған өтінішіңізді көріп, алған бетіңізден қайтпайтын қайсарлығыңызды ұнатып қалдым. Алайда, ген тексеру архив материалда жазылған кедейлік геннің молдығынан талабыңыз орындалмай келген еді. Жақында Алматыдағы «Білімділер қаласының» тұлпар шипаханасының шоқтығы биік ген зерттеуші Талғат Халықұлы «Кедейлік генге операция жасаудың» тұңғыш рет тәжірибе сынағын өткізбекші. Мен Талғат ғалымға сіздің жағдайыңызды түсіндіріп айтқан едім. Ол сіздің кедейлік геніңізге операция жасауға қосылды. Сізге хабар жеткізіп барған жігітпен шілде айының 21 күні жетіп үлгеріңіз.

Құрметпен, Сейіт Естайұлы 5 шілде 2050 жыл».

Мен бұл хатты оқып болып, қатты қуандым. Қызметім жоқ сергелдең болып жүрген мына жағдайда асығым алшысынан түсіп, төбем көкке жеткендей болдым. Қазіргі заманда Алматы қаласының тұрғыны болудың өзі даңқты, абыройлы мәртебелі іс. Сондықтан, Алматыдай аты аңызға айналған «Білімділер қаласынан» келген жігітке әрі-сәрі болмай баруға мақұлдық бердім. Ол ұзын сапар басып, еңбегінің еш кетпегеніне қуанса керек. Жүзіне күлкі үйірілді. Қала әкімі жіберген Ермек атты жігітпен бірге ұшпа тәрелкеге отырып, бірнеше күн жол азабын тартып, арып-ашып Алматы қаласына зорға жеттік. Қаланың көркі көздің жауын алады. Ғимарат ақбоз үй формасында орналасқан, оның төбесіне ай формалы шырақ орнатылып, шырақ нұрымен жазылып түсірілген «Білімділер қаласы» деген ірі жазу менмұндалап тұр. Біз ұшпа тәрелкені үлкен ақбоз үй формалы ғимараттың алдына қондырдық. Бізді он бес-он алты жасар шамасындағы ақ халат киген екі қыз бала қарсы ала шықты. Екеуі киген ақ халаттың кеуде тұсына үлкен ақбоз үйдің суреті айшықтап түсіріліпті. Ол екеуі ілтипат білдіріп, бізбен амандасты. Бірге келген жігіт менімен қоштасып, өз жөніне кетті де, екі қыз баланың жол бастауында ғимарат ішіне кірдім. Біз ғимарат ішіне кірісімізбен лезде үй ішін қараңғылық қаптап, тек сөйлескен адамдардың әлсіз дыбыстары ғана естіледі. Одан кейін не болғанымды білмеймін. Бір кезде есімді жиып, көзімді ашып қарасам, алдымда лазер нұр сәулесі арқылы ақыл-парасат генін өлшейтін аспап тұр. Аппарат көзінен сан мыңдаған шартты белгілер алма-кезек сырғып өтіп жатыр. – Сағи мырзаның кедейлік генге жасаған операциясы өте сәтті болды! – деп айғайлап жіберді жасы егделеу, сары сақалды, бұйра шашты адам. – Жалғасты экрандағы цифрларды мұқият бақылаңдар! – деді әлгі адам шәкірттеріне бұйыра сөйлеп. Екі қыз бала электрондық мишық арқылы сан цифрларды қадағалап бақылап, естелікке түсіріп отырды. – Операция жасағалы қанша сағат болды? – Тұп-тура жеті сағат болды. – Байлық гені көбейтіліп, өлшемге жетті! – деді көмекші қыздың біреуі бас шипагерге мәлімет беріп. – Тәжірибе сәтті болды, демалыңдар, – деді бас шипагер жүзінен күлкі үйіріліп. Мен төрт тәулік нәр татпай төсек тартып жатып қалдым. Еңгезердей екі адам келіп, көңілімді сұрады. – Сағи мырза, кедейлік геніңізге сәтті операция жасалып, үлкен табысқа жеттім, – деді сары сақалды адам. – Рақмет сізге, бас шипагер! «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» деген екен бұрынғы өткен ата-бабаларымыз. Жақсылығыңыздың қарымын қайтара жатармын, – дедім өз борыштылығымды білдіріп. Ол өзінің аты-жөні Талғат Халықұлы, Алматы қаласының бас шипагері боп қызмет істейтінін айтып өтті. Талғат шипагер қасындағы ат жақты, қою қара шашты, қыр мұрынды, бидай өңді адамды нұсқап: – Бұл мырзаның аты-жөні Сейіт. Алматы қаласының әкімі, – деді ол адамды таныстырып. Мен ілтипат білдіріп, Сейіт мырзаға мол алғыс жаудырдым. Сейіт мырза сөз кезегін іліп алып: – Кедейлік генге операция жасау күллі дүниедегі озық тапқырлық, – деді Талғат шипагерді ауыз жаппай мақтап. – Енді сіздің емханадан шығуыңызға рұқсат етіледі, – деді бас шипагер. Мен сенер-сенбесімді білмей орнымнан тұрып көріп едім, денем ешқандай ауырсынбады. Өте жеңіл тұрдым, тез сауығып кеткеніме өзім де қайран қалдым. – Мынау сіздің дүниедегі ең озық «Білімділер қаласы» болған Алматыға қоныстану туралы азаматтық куәлік құжатыңыз, – деді қала әкімі көк тысты куәлікті ұсынып. Қуанғанымнан жүрегім жарылып кете жаздады. Талғат шипагер мен Сейіт мырзаға бірнеше мәрте бас иіп тағзым етіп, көл-көсір алғыс жаудырдым. Мен, міне, осылай даңқты түрде кедейлік геннен құтылып, «Білімділер қаласы» болған Алматының тұрғыны болдым...

59 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ЭТЮДТЕР
Келесі мақала Адасқан кім?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Үркер

27 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы