• Шежіре
  • 30 Мамыр, 2020

АДАМЗАТ ТАРИХЫНДАҒЫ АЛАПАТ

Биыл адамзат тарихында «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атпен таңбаланған алапат соғысқа 75 жыл толды. Жыл өткен сайын қатары селдіреп бара жатқан ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпес еді. Алайда, елімізге ғана емес, бүкіл әлемге тараған індетке байланысты әскери шеру, мерекелік шаралар өз деңгейінде өтпеді.

Залал мен зауал

Сол бір азапты жылдар уақыт өткен сайын бізден алыстап барады. Біз ардагерлерге құрмет көрсеткен сайын олардың сол бір сұрапыл жылдардағы ерлігі жадымызда жаңғыра берері сөзсіз. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай:«Соғыс қасірет пен қайғыны еске түсірумен бірге, қан майдандағы шайқастар мен ерен ерліктердің де естелігі. Бұл – Жеңіс жаңғырығы!». Әрине, соғыс тақырыбына қалам тербеген қаламгерлер көп емес. Соның ішінде майдан алаңындағы ажалмен арпалысқан жауынгерлердің өмірге деген құштарлығын, Отанға деген махаббатын бейнелі түрде жатық баяндап беретін жазушы Бауыржан Момышұлының қанатты сөзін бекер тілге тиек еткен жоқпыз. Бұл жазушы Әзілхан Нұршайықовша айтқанда «Ақиқат пен аңыз» ғой. Алты жылға созылған алапат соғыстың адамзатқа тигізген зауалы тарихтың сарғайған парақтарынан белгілі. 1939 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде аяқталған бұл соғыс адамзат тарихындағы ең сұмдық алапатқа айналды. Өріс алуы жағынан бұрын-соңды болмаған үлкен көлемдегі бұл соғысқа сол кездегі әлемнің 73 елінің 62-сі қатысып, жер шары халқының 80 пайызы зардап шеккен-ді. Әскери іс-қимылдар Еуропа, Азия, Африка құрлығында, теңіздерде, мұхиттарда дамылсыз жүрді. Соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда жүргені де мәлім. Біздің елден қаншама буыны қатпаған жасөспірім ауыр еңбекке жегілді. Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болатын. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез жайылып, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі Беларусь жерінде қалған. Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай майданға жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Өз еркімен соғысқа сұранғандар да болды. Белгілі тарихшы Тілеу Көлбаевтың деректерінде: «Соғыстың тек алғашқы алты айында ғана кеңес әскерлері 3 миллион 138 мың адамнан айырылса, бүкіл соғыс барысындағы қаза тапқан солдаттар мен офицерлердің 40 пайыздайы осы қанқұйлы 41-жылдың үлесіне тиеді екен. Оның ішінде 1941 жылдың маусым-қараша аралығында Қызыл әскер майданда күніне екі дивизиядан, яғни, 24 мың адамынан айырылса, соғыс аяғында 20 мың адамды құраған. Міне, жағдай осылай болуына қарамастан кеңес халқы опасыздықпен соқтыққан, аранын ашып келген ажалға тайсалмай қарсы шығып, жауынгерлік ерлік пен батырлықтың баға жетпес үлгісін көрсетті» делінген.

Отты жылдар жаңғырығы

Соғыста ең бірінші көзге түсетін нәрсе – адам шығыны. Ал ол құрбандардың нақты саны әр кезде әр түрлі айтылып, нақты бір санға тоқталуға біраз уақыт кеткені бар. Мәселен, 1946 жылы «Больщевик» журналында КСРО 7 миллион адамынан айырылғанын жазды және ол сол кездегі КСРО басшысы И.В. Сталиннің баяндамасында да айтылды. Ал 1961 жылы Н.С. Хрущев Швецияның премьер-министріне жолдаған хатында, өз елінің соғыста 20 миллион адамынан айрылғанын жазған. Оны 1965 жылы жеңістің 20 жылдығы тұсында КСРО басшысы Л.И. Брежнев те растаған болатын. 1988-1993 жылдары генерал-полковник Г.Ф. Кривошеев басқарған әскери тарихшылар ұжымы мемлекеттік органдардағы архив мәліметтерін пайдалана отырып, соғыста КСРО-ның жоғалтқан адамы 28 668 400 деп көрсетті. Бірақ ол тарихшылар тарапынан сынға ұшыраған еді. 1989 жылдың наурызында КОКП Орталық комитетінің тапсырмасы бойынша құрылған мемлекеттік комиссия Отан соғысы жылдарындағы адам шығынын зерттеп, қаза тапқандар санын 26,6 млн адам деп жариялады. 2017 жылдың 14 ақпанында Ресей парламент тыңдауында КСРО Госпланының құпияландырылған мәліметтері көрсетуі бойынша, Кеңестер Одағы соғыста 41 миллион 979 мыңнан аса адамынан айырылғанын мәлімделді. Қалай болса да, екінші дүниежүзілік соғыста соншама адамның ажал құшуы – бұрын-соңды болмаған құрбандық. Соғыста 600 мыңнан аса қазақстандық қаза тапты. Жарты миллионнан аса қазақ ұлт өкілі қатысып, оның 70 пайызы қайтып оралмаған. Былтырғы жылдың 1 мамырына дейінгі есеп бойынша елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1425 адам ғана қалыпты. Әлемдегі ірі он соғыстың қысқаша мәліметтері Адамзат тарихы, көп жағдайда, соғыс тарихы секілді көрінеді. Оны тарих ғылымынан хабары бар адамның бәрі біледі. Швейцариялық зерттеуші Жан-Жак Бабельдің айтуынша, күллі адамзат тарихында, яғни, біздің дәуірімізге дейінгі 3500 жылдан біздің дәуірімізге дейін адам баласы, бар болғаны 292 жыл ғана тыныш өмір сүріпті. Қалғанының бәрі соғыспен өткен. Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам – Даңқ орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар –Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда. Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы – мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова да болды. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі – қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев, жаудың тылында партизандардың қатарында шайқасқан – Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар. Алаңы көп осынау күрделі кезеңде өмір сүріп, елінің жарқын келешегі үшін, ұлтының намысы үшін қан майданда да, бейбіт күннің тайталасында да арыстандай арпалысып өткен ірі тұлғаның ұлағатты өмір жолымен, тәуекелшіл ер мінезімен, оның майдан даласындағы батырлығымен бала жастан таныспыз. Бауыржан Момышұлы – өзі басқарған әскери құрамалармен бірге Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан жауынгер. Ол соғысты Еуропаға жетіп, бір-ақ аяқтаған. «Ерлік бірлікте емес, жүректе» деп айтқандай, соғыс жылдарында майдан даласында ерлік көрсетіп, шайқастарда шыңдалған командирлер жетіп жатыр. Бірақ жаудың қоршауын бір рет емес, сан мәрте бұзып-жарып өткен, сол қоршаудан қарамағындағы жауынгерлерін аман-есен алып шыққан Бауыржан Момышұлындай ержүрек командир сирек. Соғыстың нағыз қайнап тұрған тұсында жазушы Александр Бектің «Волоколамское шоссе» атты романы жарық көргені белгілі. Бұл роман Бауыржан Момышұлы батальонының ержүрек шайқастарын жан-жақты баян етеді. Шын мәнінде, батырдың атағы осы роман арқылы әлемге тарады деуге болады. Кескілескен жаумен жан беріп, жан алысып соғысса да, Баукеңнің қаһармандық еңбегі сол тұстағы билік тарапынан лайықты бағасын ала алмағаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Майдан алаңының қақ ортасында жүріп, қаламын қолынан тастамаған жазушының қазақ әдебиеті тарихындағы соғыс тақырыбына арналған тұңғыш әскери мемуарды «Москва үшін шайқасты» жазуы да үлкен ерлікпен пара-пар.

Қазақстаннан жөнелтілген байлық

Неміс әскері КСРО-ның батыс аудандарын басып алғаннан кейін, Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңызы күрт артқан. Жау қолына түспеуі үшін соғыстың алғашқы айларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын жайғастырылды, 532 506 адам көшірілді. Оған қоса, жаңа өнеркәсіптік нысандардың құрылыстары жеделдетілді. Соғыстың алғашқы 1,5 жылында Қазақстанда 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола-Магнитогорск желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдары Қазақстан жалпы одақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын берді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі Қазақстанда өндірілді, сондықтан да, соғыс жылдары әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда құйылды. Республикада танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы жүрді. Соғыс кезінде Қазақстан 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 млн 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн, 2,5 млн дана жылы киім және басқа да өнімдерді майдан даласына жіберді. Қазақстандық тыл еңбеккерлері майданға 110 мыңнан аса жылқы, жаудан азат етілген аудандарға 500 мыңнан асатын мал жіберген. Сондай-ақ, 14 100 жүк және жеңіл автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110 400 жылқы, 16 200 арба жөнелтілді. Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам қазақстандық жолдамамен барды. Адамзат тарихында ешқандай ақтауға келмейтін әрекет – соғыс. Ең мықты ел – соғыстан аман, іргесі бүтін, халқы аман ел! Биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Тек мерекеге орай, соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріледі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа заң бойынша мемлекет тарапынан тек соғыс ардагерлеріне ғана емес, тың игеруге атсалысқандарға да тиісті көмек көрсетіледі. Әлемде бейбітшілікті сақтауға үлес қосқан қазақстандық ардагерлер де назардан тыс қалмайды. Ауған соғысына қатысқан, Чернобыль апатынан зардап шеккендер мен түрлі елдерге бітімгерлік миссия атқаруға аттанғандарға мемлекет қамқорлық көрсетеді» деді. Ардагерлердің, ең алдымен екінші дүниежүзі соғысына қатысушылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа заң бүгінгі бейбіт өмірімізге жол ашқан аға буынға көрсетілген ерекше құрмет. Елімізде соғыс оты шарпымаған әулет жоқ. Қан майданға аттанған қазақстандықтардың жартысы елге оралмады. Тыл еңбеккерлері де Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан, әрдайым ардагерлерімізді ардақтап, Отан үшін опат болған ерлердің рухына тағзым етеміз.

Динара Мыңжасарқызы

35 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАУ
Келесі мақала ЕРЛІК ДАСТАНЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР

30 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы