• Айтарым бар...
  • 30 Мамыр, 2020

Майдангерлер азайып бара жатыр

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толды. Қазір еліміз бойынша сол соғысқа қатысушылардың қатары сиреді. Сирегенде селдіреп қалды. Мәселен, қырық мың халқы бар біздің ауданда қазір соғыс ардагері жоқ. Соғыстың соңғы солдатын осыдан екі жыл бұрын ақтық сапарға аттандырдық. Біздің оқушы күнімізде аудан түгіл, бір ауылдың өзінде кем дегенде 15-20 соғыс ардагері бар еді. Тәрбие сағатында сол әкелерімізбен кезек-кезек кездесу ұйымдастыратынбыз. Балалар үшін соғыс туралы әңгіме, жауынгердің жорық жолдары қызық һәм қорқынышты. Қан көрген соң ба, әкелеріміз кездесуде соғыс тақырыбына онша маңайлай бермей, тыныш замандағы бейбіт өмірдің қадірі жайлы көп айтатын. Ал, бір шешілсе ауылдан шығып, Берлиннен бір-ақ қайтатын. Не десең де, кеудесінде орден-медальдары сыңғырлап отырған сол кісілердің барлығы да біз үшін нағыз айбынды, қаһарман батырлар еді. Ол кісілерге балалардың ғана емес, қоғамның да құрметі ерекше болатын. Былтыр ауылдарды аралап, жастармен кездестік. Әңгіме ауаны ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жайына ойысқанда мен оқушылардан «Ауылдағы соғысқа қатысқан аталарыңның ерлігі туралы білесіңдер ме?» деп сұрадым. Масқара болғанда, әлгілер ауылдарындағы соғыс ардагерлерінің ерлігі түгіл, өздерін де білмейтін болып шықты. Тек арасында бірен-сараң оқушылар өз аталарының соғысқа қатысқанын шатып-бұтып айтқан болды. Оған да шүкір дедік. Сонда біз «жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп жатырмыз» деп ұрандатқанда оларға не үйретіп жүрміз? Қазақтың қанға бөккен арғы тарихын айтпағанда, өмірден кеше ғана өткен өз әкесінің (атасының) қай соғысқа қатысқанын, кіммен, не үшін соғысқанын, майданда көрсеткен ерлігін білмейтін баланың ел дегенде емешегі қалай үзіледі ертең?.. Қазірде барлық қала, аудан, ауылдарда «Тағзым тақталары» бар. Ескілерін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөліп, жаңалады, мүлдем жоқ ауылдарға жаңадан жасады. Тақтада майданнан оралмағандардың аты-жөндері тасқа қашалған. Мақсат: Отаны үшін отқа түсіп, ерлікпен қаза тапқан боздақтардың есімдерін кейінгі ұрпақтың жадында жаңғырту. Менің айтайын дегенім, сол боздақтардың тізімі тұрған тас тақтаның қасына майданнан оралып, бейбіт өмірдің қайта түлеуіне, тұралаған тұрмыстың түзелуіне үлес қосқан соғыс ардагерлеріне де белгі орнатып және мектеп бағдарламасынан тыс арнайы сағат бөліп, сол «Тағзым тақтасына» мұғалімдер оқушыларды айына бір мәрте апарып тұрса. Иә, сөйтуіміз керек, әйтпесе, көздері жұмылған бойда ұрпағы ұмытып қалатындай кеше ғана өмірден өткен майдангерлердің не жазығы бар?.. Қазірде екінші дүниежүзілік соғысқа басқаша баға беретіндер пайда болды. Әсіресе, кейбір жастар ол соғыстың қазақ үшін ешқандай маңызы жоқ екенін айтып жүр. Меніңше, бұл дұрыс емес, жаңсақ пікір. Соғыстың аты – соғыс. Әкелеріміз қолына қару алып, майданға кіргенде «Отан үшін» деп ұрандағанымен, оның ойында, жүрегінде – елі, туған жері, отбасы, ағайын-туысы тұрды. Солар үшін, солардың амандығы үшін соғысты. Көбінің елге сүйегі де жетпей, жат топырақты жамылып қиырда қалып қойды. Қазақ қанша қаһарман болғанымен, ол кезде біз КСРО-ның құрамында болып, әкелеріміз соғыстан бас тарта алмады. Өйткені, ол кезде біздің амандығымыз, болашағымыз, тағдырымыз сол алып державамен байланысты еді. Сондықтан, екінші дүниежүзілік соғыс тек орыстың емес, қазақтың да тарихы болып қала береді...

Қуат АДИС

40 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Латын әліпбиі қайткенде қолайлы?
Келесі мақала ТАРИХТА ҚАНДАЙ ПАНДЕМИЯЛАР БОЛҒАН?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР

30 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы