• Білім-ғылым
  • 30 Мамыр, 2020

COVID-19: Коронавирустың құрсауы Қазақстан медицинасының талапқа сай екенін танытты

Елімізде бұрын ұстаз қауымы мен дәрігерлерге қара күйе жағушылардың қарасы басым еді. Коронавирус Қазақстанға келген көктемде қоғамға ауадай қажетті екі сала мамандарына деген құрмет арта түскені айқын.  

Дамыған мемлекеттерде дәрігер де, мұғалімдер де жоғары беделге ие. Бірі – бала тәрбиелеп, білім теңізіне сүңгітсе, екіншісі – ем іздеген жанның бойына шипа дарытады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жаһанда дәрігер тапшылығы 4,5 млн адамға жеткен. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жалпы 3 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Ауылдық жерлерде жас дәрігерлерді ұстап қалу үшін қазір түрлі әлеуметтік жобалар жасалуда. Мысалы, теріскейге келіп, дәрігер болған жанға жарты миллион теңге жәрдемақы мен бір жарым миллион теңге баспанаға деп берілді. «Дәрігер жетіспеушілігінің негізгі себебі жергілікті жерлерде, әсіресе ауылдарда оларға әлеуметтік көмек көрсетілмейді. Сондықтан, мамандар тұрақтамайды. Біздегі мәлімет бойынша жоғары оқу орнын бітіргендердің 92 пайызы өз мамандықтары бойынша қызметтерін бастайды. Алайда, олардың жартысы қаржылай көмек көрмегендіктен жұмыстарын тастап, жекеменшік емханаларға барады», – дейді Денсаулақ сақтау министрлігі.

Жаңа жүйе жарылқасын

Отандық медицина саласының қызмет сапасын арттыру мақсатында түрлі жоспарлы шаралар жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау министрлігі қолға алған шаралардың бірі – міндетті медициналық сақтандыру. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгіземіз дегелі біршама уақыт. Тіпті, 2017 жылдан бастап кезең-кезеңмен жүзеге асатын жүйе 4,5 миллион адамға тегін медициналық көмек көрсетуге тиіс. Медициналық сақтандыру – денсаулық сақтау саласындағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың бір түрі. Яғни, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Дерек бойынша, елімізде тәулік бойы ем алудың құны 1,5 есеге, ал күндізгі станционар бойынша 2,5 есеге өскен. Өйткені, медицина саласына қатысты технологияның қызметі қымбат. Мемлекет қаржысы медициналық қызметті реформалауға міндетті болғанымен, науқастың ем-дом алуына қажетті шығынды өтей алмайды. Жұрт сол себептен де ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр. Соңғы 5 жыл ішінде халықтың түрлі меншік түріндегі емханалар мен ауруханаларға жұмсаған қаржысы 680 млрд теңгені құрапты. Бұл – жеке адам жұмсауға тиісті шығынның 42 пайызына жетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша, мұндай шығын 20 пайыздан аспауы тиіс. Сақтандыру қорына барлық азамат жарна төлеп тұруға міндетті. Жарна төлеу бойынша Алматы қаласы алға шыққан. Мәселен, 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 наурызына дейінгі аралықта Медициналық сақтандыру қорына 298,1 млрд теңгеден астам қаржы жинақталды. Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдығапаровтың айтуынша, алматылықтардың Қорға аударған жарнасы 60 млрд теңгеден асып жығылды. «Оның 54,7 млрд теңгесі – жұмыс берушілерге тиесілі. Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 10 мыңға жуық алматылық 40,1 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген», – деді ол. 2017 жылдың бастапқы үш айы өтпелі кезең ретінде жарияланды. Себебі, жаңа жүйе болғандықтан әртүрлі сұрақтардың туындайтыны рас. Өтпелі кезең осындай мәселелерді шешіп, тұрғындардың жаңа жүйені бағалап, оның артықшылықтарын сезінуі үшін енгізілген болатын. Дегенмен, бұл Қазақстан азаматтары мен осында тұрақты тұратын шетелдіктерді жарна төлеу міндетінен босатпайды. Шілденің біріне дейін сақтандырылмаған тұрғындар МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалана алмайды. Алайда «сақтандыру жүйесіне енбеген азаматтар медициналық көмектен қағылады» дегенді білдірмейді. Яғни, әрбір адамға кез келген жерде көмек берілуі тиіс. Мысалы, олар бұрынғыша жедел жәрдем шақырта алады, созылмалы, қауіпті және әлеуметтік маңызы бар аурулар тегін емделеді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Сонымен, МӘМС бойынша кез келген адам барлық кіріс көзінен аударым жасайды. Бұған дейін міндетті аударымның жалпы әрі нақты сомасы бекітілді, ол – 6000 теңгеден аспауы қажет делінді. Медициналық сақтандыру қорына кез келген Қазақстан азаматының жарна құюы міндетті. Яғни, жұмыс беруші қызметкер жалақысының 1 пайызын бөледі. Егер жұмыс беруші ай сайын жарна аударып отырса, жеке емханалар да тегін қызмет көрсетеді. Ал бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтың жарнасы айына 6 мың теңгеден аспауы тиіс. 6 мың теңге – жарнаның ең жоғары көлемі. Егер жарна төлемесе, ол азаматқа тек шұғыл көмек көрсетіледі. Бірақ жоспарлы түрде тегін медициналық көмекке жүгіне алмайды. Әрі қарай ақылы емделеді. «Егер кәсіпкер 600 мың теңге жалақы алса, ол тек 425 мың теңгесіне 6 мың теңге жарна төлейді. Ал 100 мың теңге жалақы алатын адам 1 мың теңге ғана төлейді. Жұмыс істемейтін қалалықтар Қазпошта, банк терминалдары арқылы бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна құя алады» деп түсіндірді МӘМС-тің Call орталық маманы. Алматы қаласы бойынша тұрғындарға 269 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Оның 131-і тегін пакет, ал 138-і МӘМС бойынша. Яғни, биылдан бастап бұрын ақша төлеп, тексерілетін КТ және МРТ, лабортаориялық зерттеулер, сондай-ақ дәрілердің кеңейтілген тізбесін тегін алады. Егер сақтандырылған статусы болса, ол барлық медициналық қызметтерге қол жеткізе алады деген сөз. Сақтандыру ақшасына медициналық көмекті жеке клиникаларда да алуға болады. Бұл үшін қазақстандықтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгініп, қалаған емханаға таңдау жасай алады. Немесе тіптен үйден шықпай-ақ, e-gov порталы арқылы өтінім қалдыруына болады. Министр Елжан Біртанов медициналық мекемелердің бірыңғай нормативі бойынша еліміздегі ауруханалардың басшылық аппараты қысқарып, бұл ауруханалар мен емханаларды өзара біріктіру арқылы жүзеге асатынын айтқан. Министр ұсынған нормативке сәйкес, монобейінді, яғни, бір саламен шектелетін ауруханаларды салуға рұқсат берілмейді. Мұндай мекемелерді тек үлкен ауруханалардың бөлімшесі ретінде ғана салуға болады. Ал қазіргі бір-біріне жақын орналасқан медициналық мекемелерді қосып, көпбейінді ауруханалар құрылады. Мұның арқасында жылына 10,7 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік туатын көрінеді. Елжан Амантайұлының дерегінше, еліміздегі емханалармен қамту көрсеткіші Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттерден 40 пайызға артық екен.

Шетелдік тәжірибе не дейді?

Денсаулық сақтауды қаржыландырудың жаһандық модельдері бойынша медициналық сақтандыру жүйесінің үш түрі – мемлекеттік, қоғамдық және жеке сақтандыру түрлері бар. Мәселен, Ұлыбритания, Италия, Испания және Швецияда медициналық сақтандырудың мемлекеттік түрі жұмыс істейді. Яғни, халықтың медициналық қызметтермен қамтылуы мемлекеттік бюджеттің есебінен қамтамасыз етіледі. Ал Германия, Франция, Бельгия сияқты мемлекеттерде қоғамдық сақтандыру түріне басымдық берілген. АҚШ-та денсаулық сақтау жеке сақтандыру тәсілі бойынша қаржыландырылады. Орталық және Шығыс Еуропаның 16 елі, сондай-ақ, Түркия денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға реформалар жүргізе отырып, бюджеттік қаржыландырудың орнына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру моделіне тоқтады. Енді бұл тәжірибені Қазақстан да таңдап отыр. Жүйе Еуропа елдеріндегі медициналық сақтандырудың бюджеттік және қоғамдық модельдерінің тәжірибесін ескере отырып жасақталса да, Қазақстан аралас модель енгізуді қолға алмақ. Айта кету керек, жарна көлемі үлгі ретінде қарастырылған елдермен салыстырғанда арзан. Мысалы, Германияда МӘМС жарнасының көлемі жұмыс берушілер үшін 7,2%, ал қызметкерлер үшін 7,3% құрайды.

Еңбек еленбей қалмайды

Елімізді ғана емес, бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індеті ақ халаттылардың еңбегін еселей түсті. Төтенше жағдай режимі енгізіліп, жұрт үйге қамалғанда бар жауапкершілік медицина мамандарына жүктелді. Ал халық алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге қолдау көрсетіп, ерекше құрметке бөледі. Әсіресе, Еуропа елдері тұрғындары күнде кешкі сағат 8-де балконға шығып, қол шапалақтауды әдетке айналдырды. Бұл дәрігер беделінің жоғары екенін айқындайтын және жүрек жылытатын көрініс еді. ҚР Президенті Қ.Тоқаев коронавирус індетімен күресіп жатқан дәрігерлерге көмек көрсету жөнінде тапсырма беріп, үш санат бойынша жалақысына үстемеақы қосылады деді. Бірінші топ – бұл реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар станционарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 3 284 маман. Олардың жалақысына үстемеақы – айына 850 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 1 млн теңгенің үстінде алады. Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 11 951 маман. Олардың үстемақысы – айына 425 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 600 мың теңге алады. Үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары кіреді. Барлығы – 10 994 қызметкер. Олар айына 212 мың теңге үстемеақы алады. Яғни, орташа айлығын қосқанда олардың қолына шамамен 380 мың теңге тиюі тиіс. Осылайша, 26 мыңнан астам медицина қызметкеріне жалпы сомасы 33,8 млрд теңге бөлінгенін айта кеткен жөн. Қалай десек те, COVID-19 пандемиясына қарсы күреске қатысып, науқас жандарды емдеу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігерлердің ерлігі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Індеттің күн сайын өршіп бара жатқандығын ескерген мемлекет халықтың денсаулығымен қатар әлеуметтік жағдайын да басты назарда ұстап отыр. Әсіресе, коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы қатарда тынымсыз еңбек атқарып жүрген ақ халаттыларға барынша қолдау қарастырылған. Бүгінгі таңда «Біргеміз» қоры медициналық қызметкерлер арасында 2500 дәрігерге 50 мың теңге көлемінде үстемеақы төледі. Адам өміріне араша түсіп жатқан «бүгінгі күннің батырлары» өздері де дерт жұқтырып алды. Әу баста індет 20 медицина қызметкерінен анықталса, әп-сәтте 200-ге жетті. Қазір еліміз бойынша мыңға жуықтады. Дәл қазіргі қысылтаяң шақта дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болып қана қоймай, оларды жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Бұл індет адамзат өмірінде жаңа құндылықтардың пайда болуына әкелді. Бүкіл әлем медицинаның алдында тізе бүгіп, ақ халаттылардың білім-білігіне, күш-жігеріне арқа сүйеді. Әсіресе, бұл індет жас мамандардың өз ісіне деген жауапкершілігін сезініп, ерекше құлшыныспен жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Ал бұл жанкештілік пен еңбекқорлық «болашақта дәрігер боламын» деген қаншама жас өскіннің бойына сенімділік ұялатты.

Тоғжан Төлеген

27 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҚАЗАҚ АРМИЯСЫ - ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛҚАНЫ
Келесі мақала Адамдар бар алуан мінез, не түрмен, Періштеден пенде болып жетілген

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР

30 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы