• Қоғам
  • 30 Мамыр, 2020

БІЗ - ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ ЖОЛАУШЫМЫЗ

Адам өмірі үнемі жолайырықта тұрған жолаушыға ұқсайды. Әр сәт сайын белгілі бір әрекетті істердің, белгілі бір сөзді айтардың, мәселені шешердің алдында ол: «Қалай шешкенім дұрыс?!» деп ойланады. Бірі өзіне тиімді, бірақ Аллаға жағымсыз. Өйткені, әлгі «тиімді» шешімнің артында пендешілік, нәпсіқұмарлық, қызғаныш, кек, тағы басқа арам ниет тұр. Оны адамның қу іші сезеді, Алла да біліп тұр. Іші сезе тұра, күнімдік тірлігіне, бас пайдасына жақын шешім қабылдайды. Әрине, кей адам: «Әр пендесінің тағдыры Жаратушының қолында бола тұра неліктен оның осындай теріс шешім қабылдап, қателесуіне жол береді?!» деп таң қалуы мүмкін. Мәселенің түп төркіні де осында. «Алла Тағала біздің еркін болуымызды қалайды, дұрыс пен қатенің, ұлылықты мойындау мен күнәһарлықтың қайсысын таңдау еркі болмаса, еркіндіктің мәні бола ма? Алла бәрімізді де өнегелі, құлдық ұруды ғана білетін етіп шығара алады, бірақ онда Ол ерік бермеуге тиіс», – дейді дін тақуасы. Алла Тағала бұл туралы былай деген: «Егер Алла адамдарды қылмыстарына қарай жазалай берсе, жер бетінде жан иесінен ештеңе қалмаған болар еді. Бірақ Тәңір олардың (есеп беретін) уақытын мәлім мерзімге дейін шегерді...» (Фатыр сүресі, 45-аят). Бірақ «Е-е, Жаратушы Иеміз қателессек те кешіре береді екен, бізге сондай тағдыр таңылған, бір күні кенеттен өзі-ақ жолға салып жіберер» деп ойлауға болмайды. Адамның өмірі тым қысқа. Көп қателессең өмірдің босқа өткені. Ащы – тәттінің дәмін білу үшін, ауру – денсаулықты қадірлеу үшін берілсе, әр қателескен сайын оның түп-төркінінде адамның өзінің дұрыс жолды таңдай алмауы жатқанын мойындауы қажет. «Мысалы, сен ашуыңды басып, ақылға келуге еріктісің, сезіміңді шектеп, теріс пиғылдан арылуға әлің жетеді, оған ерік-күшің бар, жақсы ой-толғамдарыңды кеңейте, ұлғайта аласың. Дүние-мүлкіңді қайырымдылыққа жұмсап, өзіңді де адамгершілік жолында құрбан етуге еркің бар. Шындықты да, өтірікті де айту еркің, тыйым салынғанға жоламауға да болады. Өзгенің өрескелдігіне қарамай-ақ қой, балағат сөз, өсек, жала сияқты азғындықтармен аузыңды ластама. Осылардың бәріне сен еріктісің, осылардың барлығы үшін жауаптысың, бұл жөнінде бәріміз де қатаң талап астындамыз», – дейді тақуа дін жақтаушысы. Яғни, өмірінің қайғы-қасіретке немесе қуанышқа толы болмағы, тіпті мұсылман болу-болмауы, Аллаға сену-сенбеуі әр адамның өзінің таңдау еркіне байланысты. Адам – тәуелсіз тұлға. Алла Тағала оның еркіндігіне қол сұқпайды. Әйтпесе бүкіл он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла бір-ақ күнде керемет жіберіп, бар пендесін мұсылман етер еді. Алайда өзі о баста таңдау еркіндігін берген адамдардың еркіне қол сұғу Алланың таңдауы емес. Ол Пайғамбарымызға: «Сен адамдарды мұсылман болуға күштеп көндіремін деп ойлайсың ба? Жоқ, жер бетіндегі адамдар тек Алланың бұйрығы болса ғана түгел мұсылман болады» (Жүніс сүресі, 99-аят) деген. Не істеп, не қоятынымызды «өзі білсін» деп бізге Алла таңдау еркін беріпті. Алайда біз ерікті екенбіз деу – қателік. Шексіз еріктілік: жаратушылық, тіршілік иесіне жан беріп, жанын алу, бүкіл ғаламдағы барлық дүниенің тепе-теңдігін әділетті реттеп отыру, яки олардың тағдырын қалай қаласа солай шешу – тек бір Аллаға ғана тән. Ал адамға берілген «өз тағдырын дұрыс реттеу, таңдау еркін» лайықты пайдаланса да жетіп жатыр. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Құдай адамның пейіл, ниетіне қарай береді» деген сөздерінің негізінде де сол жақсылықты таңдау еркі жатыр. Құранда: «Кімде-кім (іс-әрекетін дұрыстап) ахиреттің сауабын көздесе, оған жеткілікті сауап жазылады. Ал бұл дүние пайдасын көздейтіндерге тілегінің кейбіреуін ғана береміз. Ахиретте ондайларға несібе бұйырмайды» (Шура сүресі, 20-аят) делінген. Адам өмірі үнемі жолайырықта тұрған жолаушыға ұқсайды. Екі жолдың бірін таңдау керек. Қай жолдың дұрыс екенін іші біледі...

Әділбек Қаба

28 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала МӘҢГІЛІК ЕЛДІ ІНДЕТТЕН САҚТА
Келесі мақала ДІНИ АҒЫМДАР ҚЫЗУ ІСКЕ КІРІСЕ БАСТАҒАН СЫҢАЙЛЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР

30 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы