• Руханият
  • 30 Мамыр, 2020

Гендерлік саясат – ерінен әйелі озу деген ұғым емес

Динара Мәлік

Кейде көз алдыңнан кетпейтін көріністер болады. Иранның бір фильмі де сондай әсер қалдырды. Елді-мекендерінің бірі болуы керек, әйел адамға деген көзқарастары мен талаптары таң қалдырды. Таң қалу ұғымы бұл жерде сүйсіну деген сөзге сүйеніп айтылып отырған жоқ. Әйел адам ерінің сыртынан жүріс жасаса елдің ортасына шығарып тас атып, көмусіз өртеп жібереді екен. Бұл түсінікті жәйт деп қарағанмен, көп әйелдер жазықсыз құрбандыққа айналып кеткен. Соның бірі Сурая есімді келіншектің тағдыры. Төрт баласының көзінше күйеуі өлімші етіп сабаса да сыр білдірмейтін жанның сыртынан әлдебіреулер әңгіме таратады. Жүріс пен ызақорлыққа жақын ері ел ақсақалдарын жинап әйелін жазалауды сұрайды. Қанша ақталғанмен байғұс әйелді ешкім құтқара алмай, көптің алдына шығарып таспен ұрып, масқаралағандарына еркек біткен келеке етеді. Кейіннен бір тілшінің зерттеуімен әлем назарын аударған жан түршігерлік жәйттің шегіне нүкте қойылып, сол елдің белді өкілдері жазаға тартылған екен. Мұндай әрекеттер ертеректе мұсылман халқында көбірек кездес-кен. Бұл «дәстүр» қазіргі ғасырда жоқ десек те басқаша сипат алғаны ақиқат. Бала күнімізде көрші ауылға тұрмысқа шыққан әпкеміз қыстың қақаған суығында жалаң аяқ, желең киіммен түнделетіп ебіл-себілі шығып жетіп келді. Жаяу жүрсе де, жүгірсе де бір сағаттық жолдан қалай жеткені белгісіз. Әйтеуір әбден тоңып, қалжырап қалған. Анам екеуі ұзақ сөйлесіп, таң себезгілеп ата бастағанда ауылына кетті. Үйіне кірмей, жеңгесімен ғана сөйлесіп, ағасының көзіне түспей ошағына аттанды. Бұл ұлттық тәрбиенің тәбәрігі. Сол кезеңдерде сотқа беріп, ажыраспақ тұрмақ «үйіне келіп кетіптінің» өзі сын болатын. Елімізде ажырасудың жетпіс пайызы осы отбасылық зорлық-зомбылықтың салдарынан болады екен. Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта әрбір екінші отбасы ажырасатын болып шықты. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, жалғызбасты әкенің саны 60 000-ға жуықтаған. Осы тұрғыда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Неке және отбасы туралы» заңдар, 2030 жылға дейінгі ҚР отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданғаны белгілі. Бұл заңнамалардың тұрақты даму мақсаттарының бірі – гендерлік сезімтал қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталған. Әйел мен ер азаматқа билік тұрғысында тең қарау, олардың арыз-шағымдарын қадағалап, бірдей тұрғыда шешу жолы біздің елімізде дамып кеткелі қашан... Қазақтың ғұрып-дәстүріне сіңген аяулы қасиеттердің бірі әйел адам нәзіктіктің символы болса, ер адам оның қорғаны. Ата-бабаларымыз сол үшін қыз баланы-қонақ, құт деп есікте емес төрінде отырып мәпелеген. Келешекте бір үйдің емес, екі бірдей әулетінің абыройын арқалайды деген сеніммен қараған. Сондықтан да, жаңа бас қосқан жас жұбайларға: «Босағаларың берік, шаңырақтарың биік болсын» – деген тілектер айтылады. Бұл қанша қиыншылық болсын бірге көріп, бірге жеңіп ғұмыр кешу деген ұғым. Өркениетке өріс жайған ғасырда кез-келген тұлға өз таңдауын жасай алады. Әйелі түзде отбасын асыраса, ері үйінде отырып жан бақса таңқалмаймыз. Түрлі қызметтің тізгінін ұстаған арулардың таңнан кешке дейін бала мен ерінің қамы емес тіршіліктің түйткіліне мойынұсынып кеткенін көріп жүрміз. Бұл гендерлік саясаттың салқыны ма? – деген сауал туады. Гендерлік саясат ерінен әйелі озу деген ұғым емес. Осы саясатты біржақты қабылдап ғана келеміз. Бұл ең бастысы отбасының тәрбиесіне теңдей қарау. Отбасының татулық институтын қалыптастыру. Әйел мен еркектің екі жынысты болуы да бір-бірін толықтырып тұруы. Бұл тұрғыда кезінде Парламент Сенатының экс-депутаты Светлана Жалмағамбетова: «Қазақ табиғатында, әсершіл, өзге жұрттан көргенін өнеге тұтып, үйреніп алуға бейім тұратын халық. Елімізде соңғы жылдары батыстық үлгідегі гендерлік саясаттың белең алып, яғни қыз-келіншектердің құқын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісімен мемлекеттік деңгейде айналыса бастауымыз, осының бір айқын дәлелі іспеттес». Батыста ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін әйелдерді адам құрлы көрмегендіктен, осы қорлыққа намыстанған нәзік жыныстылар еркектердің алдында тұқырмаудың жолын қарастырды. Әлемде осылайша «феминизм», «гендерлік саясат» деген ұғымдар дүниеге келді. Алайда Батыс бүгінгі уақытта бұл саясаттың зардабын қатты тартып отыр. Батыс елдерінде бала туу санының күрт азайып кетуінің себебін кейбір ғалымдар гендерлік саясаттың өршіп кеткендігімен байланыстырады. Ендеше Батыс зардабын тартып жатқан гендерлік саясаттың Қазақстанға қаншалықты қажеті бар? Біз онсыз да сонау ықылым заманнан бері әрдайым әйел баласын ардақтап, ананы қадір тұтып, құрметтей білген ел емес пе едік… Ислам дінінде әйелдің еркекке, ал еркектің әйелге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Ұлы Жаратушының алдында пенде баласы еркек немесе әйел болғандығымен, байлық мансабымен емес, иманның деңгейімен өлшенбек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сендердің ең ізгілерің – әйелдеріңе жақсы мінезде болған-дарың» десе, басқа бір хадисте «Арттарында қалған күйеуі өзінен разы болған күйде жан тапсырған әйелдің барар жері – жұмақ» деп өзара түсіністікке, теңдікке шақырған. Алайда қоғамымызда гендерлік саясатты қолдайтындар да, керісінше құбыжық көріп, ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық мәдениетіне зардабын тигізетінін айтып, оны сынаушылар да бар – деген еді. Гендерлік саясаттың философиялық-психологиялық тереңдігі де осы отбасының қазіргісі мен келешегін сақтау. Екі адамның ажырасу салдарынан қаншама ұрпақ мейірімге зәру болады. «Әкенің тәрбиесін бір институт та бере алмайды» – деген сөз бар. Біздің қанымызға сіңген салтымыз ешқашан санамыздан алыс-тамайды. Бабалар өсиетін, әжелер мектебінен сусындаған ұрпақ бұл ұлылықтан аттап кетуі мүмкін емес. Әрбір қыз бала инаббатымен иіле білсе, ердің еңсесі түспесі анық.

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы