• Әдебиет әлемі
  • 02 Мамыр, 2020

Шинелді шейіт 77 жылдан соң туған жерге жерленді

Бұл менің туған жерім – Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Сүмбе ауылында болған оқиға. Әкемнің айтысы бойынша ауылымызда Нүсіпбай Мазыбаев атты ақсақал өмір сүрген. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңы. Әспен апамызбен Сүйімбай, Тұңғышбай, Ұзақбай есімді үш ұл, Барша атты бір қыз тәрбиелеп өсірген Нүсіпбай ақсақал өнегелі отбасы ретінде аңызға айналған адам. Үш ұлына ауыл жұртшылығы қызыға қараған деседі. Тұңғышы Сүйімбай 1939 жылы үйленеді. Әке-шешесінің немере сүйсек деген арманы орындалмады. Келіндерінің құрсағына бала бітпей, үкілі үміттің ауылы ұзай берген. Ортаншы ұл – Тұңғышбай бұл кезде бойдақ еді. Бұған алаңдаған ата-ана қартайған шағымызда жалған дүниеден немересіз өтеміз бе деген үреймен 1924 жылы туған кіші ұлы – Ұзақбайдың жасын ұлғайтып жазып, үйлендірмекке бел буады. Дүниенің астаң-кестеңі шығатынын ол кезде кім біліпті дейсің. Кенеттен басталған соғыс ауыл азаматтарын жаппай майдан даласына тартты. Сүйімбай мен Тұңғышбай алғашқы лекпен аттанып кете барды. Жасын ұлғайтып жаздырған кіші ұл – Ұзақбай үйленгеніне ай толар-толмастан ағаларының ізімен кетті. Екі қарт үйлендіріп, ұрпақ сүйемін деп ниеттенген істеріне бармақ тістеп, өзекті өртеген өкінішпен аңырап қала берген. Осылай жастары келгенде үш ұлды соғысқа жіберіп, «құйрығы жоқ, жалы жоқ» жанарлары жасаураған қос мұңлық Алладан перзенттерінің туған жерге аман оралуын тілеумен күн кешіп жатты. Екі қарт бір-біріне көз жастарын көрсетпеуге тырысты. Жеке-жеке егіліп, езілумен болды. Алғашында ұлдарынан жеткен үшбу хат көңілге мият, жанға қуат құйғандай болған. Құдай оны да көп көргендей. Хат-хабар мүлде тоқтады. Үш ұлдың жолын тоса-тоса, хат-хабар күте-күте Нүсіпбай ата мен Әспен апа да ақыры мәңгілік мекендеріне аттанып кете барған. Соңында жоқтар тұяқ қалмағаны дүйім жұртты күңірентіп кеткен. Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз жоғалғандардың дерегін анықтау мақсатында бірер жылдан бері Ресейде «Патриот» атты қоғам жұмыс істейді. Сол қоғам өткен жылы Воронеж облысының аймағынан жауынгерлер зиратын тапқан. Қазба жұмыстарының нәтижесінде қару-жарақтарымен қоса жерленген боздақтардың арасында Мазыбаев Сүйімбайдың да сүйегі табылған. Осы хабарды естісімен ресейлік «Патриоттар» қоғамымен байланысқа шықтық. Олар сүйекті де, сүйекпен қоса табылған барлық заттарды да өз қаражаттарымен Қазақстанға жеткізіп беруге әзір екенін айтып қуантып тастады. Бұл шара соғыстың аяқталғанына 75 жыл толуына орай Ресей тарабынан атқарылып жатқан игі істердің бірі екен. 2019 жылдың 22 қарашасында Сүйімбай ағамыздың сүйегі Алматыға, одан әрі боздақтың туған топырағы – Сүмбеге жеткізілді. Әуежайда да, ауылда да арнайы жасақталған әскери құрам құрмет рәсімін жасап, шеп құрып тұрды. Күздің қара суығына қарамастан ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін жаназаға тұрып, көздеріне жас алды. Толқымаған адам жоқ. Туған топырағына 77 жылдан соң оралған батыр ұлының оқ тиіп тесілген темір каскасы, тұмағы, аты-жөні жазылған тұмары, қасық пен шанышқысына егіле қарайды. Еңкілдей жылаған қарттарға қарап аза жанымыз қаза болды. Мәйітті өз әке-шешесі Нүсіпбай атамыз бен Әспен апамыз тұрған шаңыраққа бір аялдатып, құран оқылған соң, бабалар зиратына қарай бет алдық. Сөйтіп қыршын кеткен бір перзент әке-шешесімен 77 жылдан соң қауышып, мәңгілікке тыныстады.

Тұрарбек Төлендиев

379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы