• Әдебиет әлемі
  • 02 Мамыр, 2020

ТАЛАЙДЫҢ ТАҒДЫРЫН ӨЗГЕРТКЕН ҮШ САУАЛ

Төлеген Қуанышев ҚР Парламенті Мәжілісі I шақырылымының депутаты, педагогика ғылымының кандидаты, профессор

...Фариза апамен алғаш рет Алматы қаласында таныстым. 1996 жылы ҚР Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, Сенат депутаттарымен бірлесіп өткізілген отырыстан кейін, алдын-ала белгіленіп қойған кабинеттерге жайғастық. Әріптестерімнің қалай орналасқанын байқайын деп дәліздің бойын жағалай кабинеттерге кіріп, азаматтармен жақын танысып шықтым. Келесі бір кабинеттің есігіндегі алтын түсті әріппен жазылған «Ф.Оңғарсынова» деген маңдайшаны көзім шалды. Жұмыс үстелінің жанындағы орындықта жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының сүреттері мен қысқаша өмір деректері жазылған кітапшаны оқып отыр екен. «Жоғары шық, Марат Оспановтың жерлесі, атың Төлеген ғой», – деп маған тік қарап, сөзге тартты. Міне, осы сәттен бастап ол кісі мені өзінің жақын інісіндей көріп кетті. Қазақстан Республикасының Парламен-тінде өткізген төрт жылдың ішінде елдің талай тіршілігіне оң әсер ететін, оң ықпалын тигізетін шешімдердің басы-қасында жүріп, ол мәселелердің заң болып қабылдануына Ақтөбе өңірінен сайланған депутат ретінде үлесімнің бар екендігін атап кеткім келеді. Осындай сәттердің бірінде, 1998 жылдың қаңтар айында ел Президентін сайлау науқаны ойдағыдай өтіп, әдеттегідей келіп түскен заң жобаларын талқылап, қорытынды жасау үшін жұмыс топтарындағы қызметімізге кіріскен болатынбыз. Аяқ астынан «Депутаттарды Мәжіліс Төрағасы Марат Оспанов мырза шықырып жатыр» деген жедел хабар жетті. Залға жиналдық. Жиналыс басталған бойда Төраға сөз алып, ертең біздің отырысымызға жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келетіні туралы мәлімдеді. Сөз арасында регламентке сай Мәжілістің алдында өтетін депутаттық сауалдарды жасамау және Елбасына сұрақтар қоймау туралы өтішін білдірді. Қатысқан әріптестеріміздің көбі айтылған мәселелерді қабыл алып, сол жерде Төрағаның өтініші орындалатыны туралы келісімге келдік. Ертеңіне белгіленген уақытта барлығымыз бірлескен отырыс залына жиналып, мінбеге Ел Президенті Н.Назарбаев шығып, сайлау науқанында депутаттық корпус тарапынан көрсетілген қолдау мен көмек үшін өзінің жүрек жарды алғысын білдіріп, бәрімізге еліміздің даму жолындағы еңбегімізге табыс тіледі. Президент төрдегі орнына отырған соң, М.Оспанов мырза алдындағы микрофонын қосып, Елбасына Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші шақырылымның депутаттары атынан бүгінгі отырысқа келіп, алғыс білдіргені үшін рақметін жеткізді. Мәжілістің жұмыс регламентінің талабына сәйкес «Депутаттар тарапынан сұрақтар бар ма?»- деп сұрады. «Сұрақтар жоқ болатын болса...», – дей бергенде, аты- жөніміз жазылатын төрдегі үлкен телеэкранда «Ф.Оңғарсынова» деген жазу жарқ ете қалды. Төраға: «Сұрақтар жоқ болатын болса, бірлескен отырысымызды жабық деп жариялаймын», – дегені сол еді, Фариза апамыз орнынан түрегеліп, қолын көтеріп: «Менің микрофонымды қосыңыз!» – деді М.Оспанов сасқалақтап: «Фариза апа, не айтқыңыз келіп тұр?» дегені сол еді, апамыз: «Президентке қояр сауалдарым бар, микрофонды қос немесе мінбеге шығамын», – деп дауысын көтере сөйледі. Микрофон амалсыздан қосылды. Өз сөзінде апамыз Президентті кезекті сайлау-да жеңіске жетуімен құттықтап, үш сауалы бар екенін тілге тиек етті: – Қазіргі кезде мемлекеттік қызметте қыз балалар мен әйел азаматшалар жоқ деп баспасөз беттерінде жазылып та, айтылып та келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Талдап қарайтын болсақ, бұл шынында да шешілмей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Бірінші сұрағым – осы мәселені оң шешуге не кедергі? Екінші сұрағым. Қазіргі Үкіметтің құрамында бала-бажыр көбейіп кетті. Кеше ғана АҚШ-тың Бостон университетін үздік бітірді деп, бірде бір күн кәсіпорындарда қызмет жасамаған, бел ауыртып жұмыс жасау дегеннің не екенін білмейтін, аузынан уызы кеппеген жас балаларды Үкіметтің құрамына енгізу, оларға басқа да атқарушы билік органдарды басқартып қою үрдіске айналып бара жатқанын байқаймыз. Қазіргі жастардың білімділігіне ешқандай күмән жоқ. Бірақ олар Астанада отырып, жергілікті жердегі өнеркәсіпті қалай басқарады және өзгеге тиімді жұмыс жасау үшін қандай нұсқау бере алады? Менің ойымша, оларды Жамбылдағы фосфор өндіретін зауытқа екі-үш жылға жұмысқа жіберіп алып, сол қирап жатқан зауыттың жұмысын өнімді жолға қойса, зауыт қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін ойдағыдай шешсе, содан кейін барып республика деңгейіндегі қызметтерге ұсыныстар түссе, өз қара басым ондай жас мамандарды қолдап, екі қолымды көтерер едім. Үкімет құрамына практикалық терең дайындығы бар азаматтарды баулуымыз керек. Осы қағидатты ұстанатын болсақ, біздер еліміздің жағдайын алға бастыра аламыз. Үшінші сұрағым мынау, құрметті Президент мырза! Сіздің маңайынызда және Президент Әкімшілігінде кездейсоқ қызметкерлер көбейіп бара жатқандығын байқаймыз. Олардың да құрамын анда-санда жаңа көзқарастағы білгір, сенімді мамандармен ауыстырып тұрғанды жөн деп санаймын. Олар кім дейтін болсақ, міне, мынау залда жүзге жуық Мәжіліс депутаттары отыр. Әрбіреуі кем дегенде жүз елу мыңнан астам сайлаушыларының аманатын арқалап, абыроймен еңбек жасап жүрген кәсіби мамандар. Бұл азаматтардың жоғарыда сынға алын-ған қызметкерлерден кәсіби дайындықтары артық болмаса, кем түспейтіндігіне менің сенімім мол. Олай болса, алдағы уақытта сіздің жаныңызда осы ортадан азаматтардың болатындығына үміттімін, – деп Фариза апамыз өз сөзін аяқтап, микрофонын өшірді. Залда отырғандарда үн жоқ, қаңғалақтап ұшып жүрген шыбынның ызыңы естілуде. Тым-тырыс тыныштық орнап, барлығымыз не болар екен деп президиумға қарап қалдық. Көп ұзамай Президент микрофонын қосып:– Фәке, айтылған мәселелердің барлығы орынды, алдағы жұмыста Сіздің көтерген сұрақ-тарыңызды ескереміз, – деп қысқа қайырды. Сол салиқалы отырыстан кейін көп ұзамай, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева бастаған төрт-бес азаматша Үкімет құрамына енгізіліп, енді үш-төртеуі мемлекет деңгейіндегі лауазымды қызметтерге тағайындалды. Сөйтіп, апамыздың айтқан бір ғана сөзі көптеген азаматшалардың қызмет бабында көтерілуіне түрткі болып, олардың жауапты қызметтерге тағайындалуына осылайша септігін тигізді. Қазіргі кезде мемлекет қызметіндегі бар жағдайды сол кездермен салыстырып қарасақ, әйел азаматшалардың саны мемлекеттік қызметте ерлерден асып түспесе, кем емес екендігін байқау қиын емес. Үлкен мінбеден лауазымды азаматтар тарапынан айтылған ұлағатты сөздер сол кездегі баспасөз беттерінің ешбірінде жарияланған жоқ. Соған қайран қаламын. 1998 жылдың күз айында әдеттегідей ертеңіне болатын Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібін қарап шықтым. Үкіметтің депутаттарға қабылдауға ұсынған кейбір заң жобалары бойынша отырыста талқылау барысында сөз сөйлеймін деп жоспарлап, айтар ойымды қағазға түсіріп жатқанмын. Баяндамамды жазу барысында пайдаланған әдебиеттерді жинастырып, қабырға сағатқа қарасам, түнгі 12-ден ауған мезгіл болып қалыпты. Кенет үйдегі телефон шыр ете түсті. Телефон тұтқасын алғанымда, арғы жағынан: «Алло, бұл Төлегеннің үйі ме?» деген әйел адамның дауысы естілді. Сол бойда Фариза апай екенін біліп: «Апа, мен ғой, Төлегенмін» – деген бойда: «Ай, Төлеген, сен не істеп жатырсың?» деген сұрақ қойып, біршама састырды. «Апа, ұйықтағалы жатырмын» деп едім, «Ой пәлі, сен мынау жасыңда ұйқышыл екенсің, апаң болса ертеңгі 60 жасқа толуына байланысты шешілуге тиісті шаралармен ақ тер, көк тер болып отыр, інілерім болса, ұйқыға дайындалып жатыр», – деп мені бір түйреп алды.

[caption id="attachment_8218" align="aligncenter" width="1024"]Фариза Оңғарсынова апамыздың 60 жасқа толған мерекелік  салтанатты кешіндегі көрініс. Фариза Оңғарсынова апамыздың 60 жасқа толған мерекелік салтанатты кешіндегі көрініс.[/caption]

«Апа, жұмыстың соңында тойыңызды ұйымдастыратын комитеттің отырысы болып, барлық мәселелер өз шешімін тапты деген хабар естіген соң, үй-үйімізге тарқастық. Аяқ астынан туындаған ол қандай мәселелер?» – деп Фариза апама қайыра сұрақ қойдым. Ол: «Салтанат сарайында болатын мерекелік салтанат кешін Иманғали інім басқарады деген шешімге келгенбіз. Жаңа бір мезгілде Имаш телефон шалып, Ел Президентінің шұғыл тапсырмасымен жолсапарға кетуіне байланысты жүктелген қызметті атқара алмайтынын жеткізді», – дей келе, хабарды естіген бойда маған шұғыл телефон шалып тұрғанының себебін осылайша түсіндірді. Әдетте той басқарудың көптеген қыр-сыры болатыны жасырын емес. Сол сәтте соның барлығын ой елегінен өткізе келе, сасқалақтап, той басқара алатын азаматтардың есімін атай жөнеліп едім, Фариза апам мені тоқтатты да: «Төлеген, 500 адам қатысатын тойды басқару оңай емес екенін білемін, ол шараның абыройлы өтуіне сол ортаны білетін, мен үшін жаны ашитын адам болуы керек, сен сол тойды басқарады деген шешім қабылдадым, соған дайын бол!» – деді. «Апа, менен асқан сөзге шешен, дайындығы мол асабалар бар ғой, бір түнде ондай ауқымды шараға жан-жақты дайындалу мүмкін емес қой», – деп айта бергенімде, апам телефонның тұтқасын қоя салды. Ал керек болса?! Қайтадан апайдың үйдегі нөмеріне және қалта телефонына қоңырау шалсам, көтермеді. Содан не істерімді білмей, біраз уақыт өз-өзіме келе алмай, бөлмемдегі кітапханама ұмтылдым. Ондағы ойым Фариза апайдың өлең жинақтарын алып оқып, соның негізінде шамамен өзім білетін, ертеңгі кеште сөз сөйлейтін қонақтарға лайықты өлең шумақтарын іздеп, олардың аттарын атаған кезде пайдалансам деп едім. «Табанды адам тау қопарады» деген нақыл сөздің растығына сол түні куә болдым. Олай дейтін себебім, 150 беттік Фариза апайдың «Қыз ғұмыр» атты өлең жинағын бір түнде оқып, тек оқып қана қоймай, әр керек шумақтарын талдап, қойын кітапшама жазып шыққаныма әлі күнге дейін сенбеймін. Ертеңіне Астанадағы Салтанат сарайында 500-ден астам адам жиналған мерекелік кешті әріптесім, бірінші шақырылымның депутаты болған Мырзакелді Кемел деген азаматпен бірге абыроймен өткізіп шықтық. Мұндай бақыттың пешенеме жазылғаны мен үшін үлкен мәртебе.

944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы