• Әдебиет әлемі
  • 02 Мамыр, 2020

Аспан жаққа апаратын бір жол бар...

Дина Бөкебай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3-курс студенті

Алматыға көктем келді,

Біз жүретін жолдың бəрі жыр болып,

(Еске салар өткендерді)

Ал дəл қазір,

Есентайдан түскі ас ішіп

Шаштарында дицентра гүлденіп,

Кеудесінен құстар ұшып...

Мен келдім!

Алматыға көктем келді,

Құстар айтты құлағыма сыбырлап,

Жалғастырар көк пен жерді

Ал дəл қазір,

Жүрегімнің досы үміт.

Сосын мен де бір əн айттым ыңылдап,

Молданазарға қосылып...

Алматыға көктем келді,

Құрбыларым шықты жаңа сəнденіп,

(Жек көретін өктем желді)

Ал дəл қазір,

Кеше жауған қар артық,

Менің жаным қуыс-қуыс тəнге еріп,

Жатсам дейді дүниені ағартып.

Алматыға көктем келді,

Көрінеді қарасаң, жақыннан күз,

(Мұңға бату жоқ менде енді)

Ал дəл қазір,

Сыр орнына жыр беріп,

Терезе алдында түнмен бірге отырған қыз

...ғайып болар, үлгеріп!

Алматыға көктем келді,

Ақындар!.. қиын бұларға

(Ессіз деп сөкпең мені)

Ал дəл қазір,

Бір сағыныш ойларымды үсіріп,

Айналдырар жүрегімді жырыма

Жырларымды қиындыларға

Түсініксіз түсінік.

Алматыға көктем келді...

***

Caprice

Аспанға көшкім келді,

Қарды кешкім келді.

Білмеймін, ғашық боп қалғандаймын,

Сізді көрсем деп армандаймын.

Бірақ сізге апарар жолды кінәлаймын,

Айрықта көктем басталып, өледі ме Күз?

Сүйесіз бе деп те сұрамаймын,

Сұрамаймын.

О не дегеніңіз!?

Сіз жіберген хатты оқымаймын,

Сіз ұсынған гүлдер жатыр әні.

Күйіңізді сырттай бақылаймын

Дір-дір етіп тағдырымның жапырағы.

Күймеймін, сізді ойлап сабылмаймын,

Тәңірім сабыр дейтұғын өткелде сынар.

Өмірдің заңдарына бағынбаймын.

Ол ғасыр өткен де шығар...

Сезем ғой, енді қайтып жолықпаймын,

Қар да жылы – сезімді қорғаса қар қыз,

Мен өмірде ештеңеден қорықпаймын!

...сізге ғашық жүрегім болмаса жалғыз.

Қауышу

...Ғасыр екен шамдар сөнген, сөз өліп,

«Жылдамырақ сен алдыма өт енді».

Маңдайыма тапаншасын кезеніп

Уақыт тұр...

Мен қолымды (өмірімді) көтердім.

Басқа уақыт сағатымда, бөтен Ай

Мұң ыржияр ессіз ойды қылғытып.

Шығарып сап ескі Дина Бөкебай

...есік жақта жап-жаңасы тұр күтіп.

Ол білмейді

Пенде емес, жүрегіңмен тілдесу

керектігін адам деген талантқа.

Күн кешудің екендігін мұң кешу,

Түсінбепті тағдырларға қарап та.

Жылжып жырдың артынан бір жыр келер,

Есік жақтан ескі Дина ұшырап.

Адамдар да пенде болып үлгерер,

Уақыттың тапаншасын қысып ап.

***

Кім болды екен қазақ деп бір ат қойған

Тарихымды оқып тас пен тақтайдан,

Қасқыр болып көкке ұлудан шаршадым,

Қырандығым шың басында қап қойған!

Маңғаз дала мені өзіңе еліктір,

Жүр ғой қызың қарайғанға сеніп кіл.

Бағасыздау баққа талас жүргізбей,

Мен жай ғана әлсіз болғым келіп тұр.

Ызғырықты әсем әуен, желді үн деп,

Бар секілді жоқ нәрсеге ердім көп.

Ақтарылар болғым келді аңқылдақ

Анау жұртқа алдаса да сенгім кеп.

Естілердей айқайлаған үн жолдан

Кешеліден біздер жақта нұр жауды ал.

Жанарлар мен жүректердің тұсында,

Аспан жаққа апаратын бір жол бар.

Нұрила

Нұрила деген қыз бар-тын,

Тым әдемі, тым ерке.

Сұрақ қояр жүз қарқын:

«Батады неге күн ерте?».

Жоқ еді одан тыс қайғы,

Миына сұрақ орнаған.

«Пенделер неге ұшпайды?»,

«Ит неге адам болмаған?».

Анасы ғана куәгер,

Ұқсап бір жаңалық ашқанға

Үреймен қорқып жылады ол,

Ең алғаш қарды басқанда.

Тәттіні бер деп қиылған,

Қалауын әркез тапқан дөп.

Күйіс қайырған сиырдан

Жылады сағыз ап бер деп.

Ұқпайды мүлде жылап құр,

Алдатып, тәтті жолдаймыз.

Менде де жалғыз сұрақ тұр

Сендерде бар ма сондай қыз?!

Кімнің баласысың?

Біздің үй – бақыт мекені,

Талас та, тартыс жетеді.

Білейік, інім қай кезде

Кімдерге бала екенін.

Жіберер күнде бір ағат,

Ұрысқан жанды кінәлап.

«Анама ғана баламын»

Дегенді бір күн жылап ап.

«Келеді саған, ата, ергім,

Сен маған ұшақ әпердің».

Доп берген күні жымиды

«Баласымын, – деп әкемнің».

Аңқаулықпенен шоқ басты,

Жүрсе де, қу ғой, жеп тасты.

Әжеден кәмпит алған соң,

«Балаң емеспін» , – деп қашты.

Әжесі айтты: «Тонадың,

Келмейді саған жолағым».

«Кешірші, әже, – деп күлді,

«Бәріңе бала боламын».

Қосудың әлегі

Жасамас әсте жат үлгі,

Әйкерім біздің ақылды.

Жатқа оқыр өлең, жаттауын

Есепке жүйрік, батыл-ды.

Жатады әркез сыналып,

Таппайды тыным бір ауық.

2-ге 3-ті қос деді,

5 деді сонда қуанып.

Көп болсын сондай достарың,

Қайтесің сөзін басқаның,

Деді әже бір сәт жымиып,

Қосшы енді 10-ға 5 санын.

Тұратын ойын жүгендеп,

Әжеге бала – ұлы ермек.

Санайды екі қолдағы,

Саусақтың бәрін түгендеп.

(Балалар заңға көнбейді !)

Әйкерім солай терлейді.

«Санаймын, әже, тек маған

5 саусағыңды бер» -  дейді.

Кім болам?

Қиялмен самғап кеттің бе,

Арманға шексіз құмарым.

«Кім боласыңдар»? деп бірде

Сұрады бізден мұғалім.

Әсемай әнін тыңдатып,

Сазымен елдің таныс дер.

Көрші үйдегі Нұрбақыт,

Боламын деді ғарышкер.

Арманды аңсап, әбігер

Батасы үйдің қабыл ма!?

Аружан болар дәрігер,

Инженер болам деді ұлдар.

Жарқ етіп сол сәт жасындай,

Арманға ұштық сеніммен.

«Абайдай ұлы , Қасымдай

Ақын боламын», –дедім мен.

 

719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы