• Руханият
  • 01 Мамыр, 2020

ТРАССА

Дидар АМАНТАЙ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері

Қырмызы автомобиль түн қараңғылығын жамылып ақырын сырғып келеді. Артқы орындық арқалығына сүйеп қойған портрет ай сәулесі түскенде ғана ақырын шағылысады. Бүгін жол үстінде қарауытқан ешкім жоқ. Қу медиен даланы қашықтан қақ жарып келе жатқан жарық көмескі. Шамдары тура алдына сығырайып жетеді. Ту сырты көз байлаған қараңғы. Бұл тұс – көрші елді мекендер қалаға шығатын аралық. Трассаға дейінгі екі аралықты жалғап жатқан жайдақ жатаған грейдер көлік қатынауға, жүк машиналарын қаңтара тұруға, ас ішіп, аяқ босатуға, демалуға таптырмайтын жер. Төңірек қараңғылық құшағында. Бірақ, қашықтан күңгірт ауыл оттары жылтырап көрінеді. Ол аялдамаға қатарласа тоқтағанда, ішінде сәкіде отырған бір бойжеткен қызды көрді. Беймезгіл уақыт бейсауат жүргені несі, деп ойлады жүргізуші. – Қайда бара жатырсыз? – Бұқар жырауға. – Қазір? – Иә. – Екі кештің арасында? – Екі кештің арасында. – Отырыңыз. Жеткізіп салайын. Қыз күмәнданып қалды. Жүргізуші жүзіне сескене, сеніңкіремей қарады. – Ойлануым қажет. – Неғып? – Бөгде адам, бейтаныс жер. – Бұл өңірде Сізге бәрі де бөтен емес пе? – Иә. – Ойланатын ештеңе жоқ. Қыз тосылды. Не деп жауап берсе болады? – Жарайды. Өзі де білмей қалды. Осы сөз аузынан тосын шығып кетті. Екі көзі жәудіреп салонға үңілді. – Бос па? – Бос. – Жолдан бөтен адам алмайсыз ба? – Қайдан табамын? Күлді. Ерсі күлкісінен қыз тағы секемденіп қалды. Автомобиль есігін ашып жатып, ішіне кірмей, сырттан жаба салды. – Бәрібір, басқа машина таппайсыз. Жүргізушінің сөзі Құдайдың кесімі, соттың үкіміндей көрінді. Аса қатыгез естілді. – Неден қорқасыз? Неден қорқушы еді, өзіңізден, деді қыз іштей. – Ешкім тиіспей ме? Қарқылдап күліп жіберді. Қыз одан сайын шошыды. – Кім тиіседі? – Сіз, – деді қыз дауысы дірілдеп. – Мен? – Иә. – Бұл енді ғайбат. – Ғайбат болса да. – Бүрісіп тоңып қалдыңыз. Екеуі бір-біріне қадалды. Бір-бірінің көз жанарынан қулық-сұмдық іздеді. Жүргізуші бір сәт қу қыздың ішін жайлаған жын-шайтанды, шашын жайған албастыны жасырып тұрғандай көрінді. – Онда, мен кеттім. – Кетесіз бе? – Кеттім. Қыз шегініп тұрды. Автомобиль дүр етіп, шапшаң қозғалды да, алыстап бара жатып көз ұшында жоғалды. Жан-жағын тыныштық бас-ты. Дүрбелең тоқтады. Сайын дала, бетпақ түз, қыр-жота жорта қалғып, аспаннан ағараңдап ай көрінді. Дүние ояу тәрізді. Ол қарамауға тырыс-ты. Қарамаған сайын айдың бетінде қыдырған бейнелердің ақ жүзінен күлкі кетпей қойды. Оны мазақтап күлетін сияқты. Ол қорқа бастады. Біреулер дала кезіп жүрген тәрізді. Кенет автомобиль қайыра көрінді. – Едет, – деді қыз. Машина тоқтағанда, қыз алдыңғы есігін ашып, салонға кірді. – Қай жақтансыз? – деп сұрады жүргізуші. – Қызылжардан. – Жеті түнде не істеп жүрсіз? – Сіз ше? – Мен такси қызметін атқарып, кісі тасып жүрмін. – Туған күн кешінен келе жатырмын. – Ренжісіп шығып кеттіңіз бе? – Иә. – Тақауда кісі өлген. – Білемін. – Арақтың соңы жақсылықпен бітпейді. Ол трассадан бұрылып, қара жолға түсті. Қыз шошып кетті. Дауысы шықпай қалды. Автомобиль үйіндіні айналып, қайыра асфальтқа көтерілді. – Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Көрдім, – деді қыз қорқынышын басуға тырысып. Оны жүргізуші сезіп отыр. Екеуі де үнсіз. Қыз қалғып кеткен екен, көзін бір ашса, шілік ішінде, өзен жағалап келе жатыр. – Біз қайдамыз? Жүргізуші жауап қайтарған жоқ. – Қайдамыз? – деймін. Ол тоқпақтап ұра бастады. Жүргізуші қорғанып жатыр. Кенет жарқ еткізіп ақ азу семсер алып шықты. – Басыңды шауып аламын, – деді ол. Семсердің жүзін біресе тамағына тақады, біресе суыра тартып, көк желкесіне қойды. – Жүрегіңе тығып жіберейін бе? – Көкетай! Жүргізуші семсердің ұшын кеудесіне тіреді. Қыз омырауына зақым келмесін деп, артқа жылжып отырды. – Шешін, – деді жүргізуші. – Осы жерде ме? – Иә. Қыз білдірмей, есіктің тұтқасын тартып, ептеп ашып қойды. Іле-шала автомобиль салонына қоңыр салқын майда самал кіріп, жүргізуші есік ашылғанын бірден аңғарды. – Жап! – Аһа. Қыз сыртқа қарғыды. Еңістен төмен домалады. – Тоқта. Жүргізуші соңынан жүгірді. Қолында – жіп. – Ешқайда қашып құтылмайсың. Ол қызды қуып жетті де, қол-аяғын байлап тастады. Енді тізерлеп төбесінен қарап отыр. – Тезірек өлтіріңіз, – деді қыз. – Өзім білемін. – Қинамаңыз. – Әуелі, азаптаймын. – Сосын, менен қашып құтылмайсыз. – Менің сөзімді қайталама. – Айтпады демеңіз. Ол қызды жоғары сүйреді. Машинаға жеткізді. – Қолымды босатыңыз. – Неге? – Батып кетті. – Жоқ. – Мені өлтірген сәттен бастап, Сіздің соңыңыздан қалмаймын. – Жорта қорқытпа. – Шын. – Басқадан артықпын деп ойлайсың ба? – Ту сыртыңыздан қараймын да тұрамын. – Қой. – Қой емес. – Бекер сөйлеме. Ол қыздың қол-аяғын босатты да, шешіндіре бастады. Қыз қарсыласқан жоқ. Айдалада, шілік арасында жалаңаш тұр. – Түсіңізден шықпаймын. – Қазір. Жүргізуші қыздың үстіне мініп алды. Пышағын жалаңдатты. – Күретамырыңды кесіп тастайын ба? – Иә. – Жоқ, – деді ол. Сосын, қолын төмен салып, түзеп жіберді. Қыз қимылсыз жатыр. Жүргізушінің сөзі көп, тоқтамайды, не сөйлеп жатқаны белгісіз. Бір кезде аунап түсті. – Қашан? – Мазамды алма, – деді ол. Шалқасынан жатыр. Аспан ашық, ақырын сырғып, ай жүзіп барады. – Әдемісін қарашы, – деді жүргізуші. – Иә. Қыздың дауысы күңгірт. – Қашан өлтіресіз? – Асықтырма. Ол қыздың қол-аяғын қайта байлады. – Тезірек өлтіріңіз, әйтпесе тоңып қалдым. Жүргізушінің пышағы қараңғыда жарқ ете қалды. Ол пышақты сөйлеп жатқан қыздың жүрегіне қадап жіберді. Қыздың шыңғырған дауысы төрткіл дүниені дүрліктірді. Шыңғырып жатып, жаны үзіліп кетті. У-шу басылғанда, маңай тып-тыныш бола қалды. Ол қыздың мүрдесін көтеріп әкеліп, жыңғылдың ішіне тас-тай салды. Бір шеті суға тиіп жатыр. Өзен жағасында тұрып, еңкейіп су көсіп алды да, бетін жуды. Үсті-басын тазалады. Қан тиген жерлерін шайды. – Бітті. Ол автомобильге қарай аяқ басқанда, салон ішінде біреу отырғандай көрінді. Машинаға тақап келгенде, есіктері ашық жатқанын байқады. Бірақ, салонда ешкім жоқ. Ол моторды қосып, жолға шыққанда ту сыртында біреу отырғанын сезді. Қарап еді, қыз. Күледі, кідірме, ілгері тарта бер дегендей қолын сілтейді. Зәресі ұшып кетті. Жүрегі дүрсілдей жөнелді. – Сен бе? – Мен. – Рас па? – Алаңдама, қалаға көп қалған жоқ. Таң бозарып атқан сайын сұлбасы бұлыңғырланып келеді. Ол қыздың алдағы түнде тағы желке тұсынан көрінетінін ойлады. – Екеумізді енді ешкім айырмайды, – деп сөйледі қыз. Жүргізуші бұрылып қарады. Өзі әкеле жатқан портреттен басқа ештеңе жоқ. Машинаны тоқтатты да, портретті далаға лақтырып тастады. Қайта жүріп кетті. Соңына қарап еді, қыз жалаңаш жүгіріп келеді екен. Қырмызы автомобильден қалатын түрі жоқ.

489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы