• Бас мақала
  • 01 Мамыр, 2020

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ: АЛТЫН ОРДА - АЛТЫН ТАМЫР,АСҚАҚ РУХ

Ұлы дала өркениетінің бірегей үлгісі – осыдан 750 жыл бұрын негізі қаланған Алтын Орда десек, үш ғасыр бойы мемлекет ретінде Еуразия құрлығында үстемдік еткен ұлы орданың тарихы жайлы бүгінде не білеміз? Алтын Орданың маңызды оқиғалары: қалыптасуы, саяси құрылымы, ел басқарған хандары, ұлы дүрбелең кезеңдері, сондай-ақ, қазақ хандығының қалыптасуындағы маңызы жайлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтан сұрап білген едік. – Берекет аға, жалпы әңгімені Алтын Орданың құрылуынан бастасақ. – Алтын Орданың бірнеше ғасырлық тарихы бар. Ол XIII-XV ғасырлар аралығында Еуразия құрлығында, шығысы – Ертіс пен батысы – Дунай өзендері аралығында өмір сүрген алып империя болды. Қазіргі кезде саяси жағдайларға байланысты оның құрылған жылы 1269 жыл делініп жүр. Неге бұл дата Алтын Орданың құрылған жылы деп есептеледі, ол жөнінде төменде тоқталып өтеміз. Тарихи әдебиеттерде Алтын Орда деп жүрген мемлекеттің құрылуы мен қалыптасуы, мемлекет атауының пайда болуы және тағы басқа сұрақтар – жеке-жеке ғылыми мәселелерге жатады. Алтын Орда атауы – ол мемлекет тарихтың көшінде қалғаннан кейін пайда болған термин. Ол өзі өмір сүріп тұрған кезінде әр түрлі атаулармен аталған. Олар – Ұлы Ұлыс, Жошы Ұлысы, Солтүстіктегі патшалық, Қыпшақтар патшалығы және билікте отырған ханның есімімен аталған Орда. Бұл атауларды сол заманда көршілес елдердің тарихшылары қолданған. Жошы Ұлысы – 1219-1224 жылдары Шыңғысханның Қыпшақ хандығы мен Хорезм шахтарының мемлекетіне жасаған жорығының нәтижесінде құрылған мемлекеттік бірлік. Шыңғысхан бүкіл жаулап алған жерлерін бәйбішеден туған төрт ұлына бөлгенде Шығыс Дешті Қыпшақ аумағы үлкен ұл Жошыға беріледі де, ол сол заманда-ақ Жошы Ұлысы деген атауға ие болады. Жошыдан кейін оның орнына екінші ұлы – Батый отырады. Бұл кезде Жошы ұлысы Моңғол империясының батыс жақтағы әкімшілік бірлігі болып саналды. Ал Алтын Орданың құрылуы осы Батый ханның есімімен тікелей байланысты. Ол 1235 жылғы Қарақорымдағы Құрылтай шешіміне сәйкес «моңғол жылқысының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі жерлерді жаулау үшін» батыс елдеріне аттанады. Тарихта оны «Батыйдың батысқа жорығы», «Батыйдың Шығыс Еуропаға жорығы» немесе «Батыйдың жеті жылдық жорығы» деп атайды. 1236-1242 жылдарға созылған жорық барысында Дунай өзеніне дейінгі жерлер жаулап алынады. Осылайша, Алтын Орданың аумағы сол жылдары шығыста Ертістен, батыста Дунай өзендеріне дейінгі орасан зор аумақты қамтиды. 1241 жылы Ұлы қаған Үгедей қайтыс болып, жаңа қаған сайлау үшін Батый хан әскерімен кейін қайтады. Еділдің төменгі ағысы бойындағы Ақтөбе дейтін жерге келгенде оған Қарақорымда жаңадан қаған сайланғаны жайлы хабар жетеді. Ол - Үгедейдің жесірі Туракина-хатун еді. Сондағы барлық ақсүйектер жаңадан сайланған әйел қағанға ант беріп қойған. Бұған әрине, Батый бармады және бүкіл Жошы ұрпақтарының баруына тыйым салды. Ол Еділдің төменгі ағысы бойы маңында қыстап қалады. Кейіннен ол жер Сарай Батый деп аталынып, Алтын Орданың астанасына айналады. Сөйтіп, құрылмай жатып-ақ, Қарақорым мен Сарай Батыйдың арасында қайшылықтар пайда болады. Үгедейдің жесірі тақта 5 жыл отырды. Осы уақыт аралығында екі ортада қарым-қатынас суық болды. Жошының ұлдары ант беруге бармады. 5 жылдан кейін Үгедейдің ұлы Гүйік таққа келеді. Жошы ұлдарының ешқайсысы тағы да бармады. Ақыры, Гүйік әскер жиып Батыйға аттанады. Бұл хабарды Төленің ұлдары Мөңке, Арықбұға, Құбылай, Ғұлағулар жансыздар арқылы Батыйға жеткізеді. Сөйтіп, Шыңғыс ханның немерелері арасында қаған тағын иелену мәселесі бойынша соғыс өрті тұтана жаздайды. Гүйік пен Батый бір-біріне қарсы аттанады. 1248 жылы Гүйік орта жолда қайтыс болады да, әскермен аттанған Батый сол екпінмен Қарақорымға барып, Шыңғыс ханның заңы бойынша тәртіпті орнатады. Билікке Төленің үлкен ұлы Мөңкені қаған етіп жариялайды. Мөңкенің билігі 1249-1259 жылдар аралығында он жылға созылады. Сол аралықта оның інілері Құбылай - Қытайды, Ғұлағу Иранды жаулап алады. Мөңке қаған інісі Арықбұғаны мұрагер етіп жариялайды. Ол қайтыс болғаннан кейін таққа Арықбұға отырады. Дәл осы кезде Қытайдағы Құбылайды моңғолдың нояндары қаған етіп жариялайды, осылайша, бір мезгілде Моңғол империясында екі қаған пайда болады. Екеуі бірін-бірі мойындамады. Ақыры, екі жақ ашық соғысқа көшеді. Соғыс ұзаққа созылды. Бұрынғы қудаланған Үгедейдің, Шағатайдың ұрпақтары енді одақтас ретінде күресуші тараптарға қолдау көрсетеді, сөйтіп, олардың да беделі көтеріледі. Ақырында, Алтын Ордадағы Батый ханның інілерінің бірі Беркежардың араласуымен күрес 1268 жылы аяқталады. Алтын Орда Үгедейдің немересі Қайдуды қолдайды. Қазақ жерінде 1269 жылы Талас өзенінің бойында Шыңғыс ханның ұрпақтары жиналып жаңа Құрылтай шақырады. Бұл оқиға тарихта 1269 жылғы Талас құрылтайы деген атаумен қалды. Онда негізінен екі үлкен мәселе қарастырылады: саяси және экономикалық. Саяси мәселе империяның болашақ тағдыры туралы болды. Жаңадан құрыла бастаған мемлекеттерді кім басқарады, қалай басқарады, бір-бірімен қандай қарым-қатынаста болады деген мәселе қарастырылады. Сол құрылтайда сөз алғандар былай деген екен. «Біздің ұлы бабамыз бен әкелеріміз бізге осыншама жерді қалдырып кетті. Ал біз, немерелер, я бабамыздай, я әкелеріміздей бола алмай отырмыз. Әлі күнге дейін бір-бірімізбен соғысып жүрміз. Енді осы соғысты тоқтатайық. Қазір кім қандай жерде билік құрып отыр, сол жерде мемлекет болып жеке өмір сүрсін» - деген шешімге келеді. Сөйтіп, Талас құрылтайы моңғол импер-иясының ыдырағандығын және оның орнында 5 жеке дербес мемлекеттің құрылғандығын заңдастырды. Бірінші, Құбылай мемлекеті, ол кейін Юань әулеті деп аталды. Екінші мемлекет – Ирандағы Құлағу мемлекеті, оны Ильхандар әулеті мемлекеті деп аталды. Үшінші – Шағатай ұрпақтарының мемлекеті. Төртінші – Хайду мемлекеті, ал бесінші – Алтын Орда немесе Жошы Ұлысы дейді. Қазіргі кезде зерттеушілер осы 1269 жылды Алтын Орданың нақты құрылған жылы деп айтып жүр. – Аға, дегенмен кейбір тарихшылар Алтын Орданың тарихы әріде дегенді айтады. – Де-факто және де-юре деген ұғымдар бар. 1269 жыл – Алтын Орда үшін де-юре болған жыл. Ал іс жүзінде ол 1242 жылдан бері өмір сүре бастады. Тіпті, 1224/1225 жыл – Жошы Ұлысының құрылған жылы, ал Алтын Орда оның жалғасы. Алтын Ордаға көпшілік 750 жыл деп ойлайды. 2002 жылы «1269 жылғы Талас Құрылтайы және моңғол империясының ыдырауы» атты бір ғылыми мақала жазғанмын. Онда 1269 жылы Қазақстан аумағына моңғол империясының өкілдері жиналып, Талас Құрылтайын өткергенін, империяның ыдырағандығын және жаңадан 5 мемлекеттің дүниеге келгендігін заңдастырғанын қарас-тырған едім. Бірақ, мен ол кезде 1269 жылды Алтын Орданың дәл құрылған жылы деп есептеген жоқпын. Оған дейін ол Жошы Ұлысы ретінде немесе Ұлы Ұлыс ретінде өмір сүріп тұрды. Тарихшылардың көбі Алтын Орданың бастауын Батый ханның есімімен байланыс-тырады. Ал мәселеге тереңірек үңілсек, шынында да 1269 жылғы Талас Құрылтайында қабылданған шешім – іс жүзінде Моңғол империясын ыдыратқан және оның орнында бес мемлекеттің құрылғандығын заңдастырған заңды шешім болған. Тарихшылар үшін бұл тарихи дата. Сол себепті тарихшылар соны пайдаланып, осы тақырыпты одан сайын өзектендіріп, оның маңыздылығын көрсете түскісі келеді. Қазіргі кезде Ресейде, Татарстанда, оның ішінде біздің елде Алтын Орданың тарихына деген қызығушылық артып отыр. Егер үндемей отыра бергенде баяғы 5-6 тарихшы өзінің зерттеуін жалғастырып жүре берген болар еді. Ал бүкіл қоғамның немесе мемлекеттің, мемлекет басшыларының назары ауған кезде тарихи мәселенің өзектілігі артады. – Алтын Орданы Еуразия аумағындағы орта ғасырлық мемлекет дейміз. Алтын Орда тарихының Қазақ хандығының құрылуында және Еуразияның бүкіл тарихында алатын орны жайлы айтып кетсеңіз. – Алтын Орда мемлекетінің дүниежүзілік тарихта, Еуразия халықтарының тарихында алар орны ерекше. Уақыт жағынан алғанда ол ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарынан ХV ғасырдың соңғы жылдарына дейін Еуразия аумағында үлкен империя болғаны белгілі. Бұл империияның этникалық негізі түркітілдес тайпалар болды. Ал орыс князьдіктері Алтын Орда хандарына тәуелді болып, тәуелділік салық төлеуден көрінді. Алтын Орданың орыс мемлекетінің тарихындағы алар орны жеткілікті түрде айтылмай келеді деп ойлаймын. Бір орталыққа бағынған орыс мемлекеті құрылғанға дейін, орыс жерлерін сыртқы жаулардан Алтын Орда сақтап қалды, олардың өз ішінде біріге бастауы алтынордалық кезеңде жүрді. Шведтердің, литвалықтардың, поляктардың, немістердің ХІІІ ғасырдан бастап орыс жерлеріне көз алартып, жаулап алуына Алтын Орда қарсылық білдірді. Басқаша айтқанда, орыс жерлері маған қарасты, маған бағынышты жерлер, маған салық төлеушілер деп тигізбеді. Ал оларға қатысты саясатында олардың дініне, тіліне, әкімшілік басқару жүйесіне тиіскен жоқ. Тек қана дер кезінде салық төлеп отыруын талап етті. Бара-бара салық жинауды орыс князьдеріне жүктеді. Ұлы княздік титулды алғашқы кезеңде ауыстырып отырса, кейін келе ол титулды Мәскеулік князьдер әулеті иемденіп алды. Соның нәтижесінде ХIV ғасырдың екінші жартысында орыс жерлері Мәскеудің басшылығымен жинақтала бастайды да, ақырында Алтын Орда әлсіреген тұста Московия деген атаумен белгілі болады. Сонымен қатар, Алтын Орда Еуропамен, араб, яғни, мұсылман әлемімен қарым-қатынас жүргізді. Мысалы, Египетпен қарым-қатынас өте жақсы болады. Иранға қарсы күресте Алтын Орда Египетпен одақтасты. Алтын Орданың тарихына қатысты жинақтарды қарасаңыздар, ең көп деректер араб тілінде. Сұлтан Бейбарыстың заманынан бастап, Египеттен талай елшілер келіп тұрды. Алтын Орданың ең күшеюі Өзбек, Жәнібек хандардың тұсына келеді. Сол кезең туралы араб тілінде жазбалар өте көп. Алтын Орданың саяси тарихы бірнеше кезеңнен тұрады. Қалыптасу кезеңі, күшею кезеңі, 20 жылға созылған дүрбелең жылдар деп аталатын кезең бар. Одан әрі Тоқтамыс ханның билігі тұсында қайта күшею кезеңі, одан кейін бытыраңқылық кезең, күйреуі бар. Қалыптасу кезеңі, әрине Батыйдың кезі, одан кейін оның екі ұлы хан болып бекітілгенімен Сарай тағына отыра алмай кетті. Олар – Сартақ пен Ұлақшы. Одан кейінгі он жылдық Берке ханның тұсы, Тұда Мөңке, Мөңке Темір, Тұла Бұқа, Тоқтай деген хандар болды. Зерттеушілердің пікірінше, Алтын Орданы күшейткен, нығайтқан, орталықтан басқарылатын билікті күшейткен Өзбек хан болды. Одан кейін билікке келген оның ұлы – Жәнібек хан. Бұл – ХІV ғасырдың бірінші жартысы аралығы, нақтырақ айтсақ, 1312-1357 жылдар. Яғни, Алтын Орданың ең шарықтаған кезі. Одан кейінгі кезеңде Жәнібек ханның ұлы Бердібек екі жыл басқарды. «Дүрбелең» деп аталатын 1360-1380 жылдары 25-26 хан билікке келіп кеткен. Осы дүрбелеңнің басында Алтын Орда екіге бөлініп кетті. Еділ өзені Алтын Орданың қақ ортасы арқылы өтіп, сол жағы біздің Дешті қыпшақ, Қазақстан жағы болды да, ол жақта Ақ орда деп аталатын мемлекет құрылды. Ал батыс жағында немесе оң қанатта тақ үшін таластар жалғасып жатты. Мамай, Едіге секілді әмірлер сол кезде Алтын Орданың тарихында үлкен рөл атқарған тұлғалар болды. Әмір Темірдің Алтын Ордаға жасаған жорықтары өте ауыр болды, әсіресе, екінші – 1595 жылғы жорығының салдарары зор болды. Дегенмен де Едігенің тұсында Алтын Орда әлі де болса сақталып тұрды. Едіге 1419 жылы қаза тапты, Алтын Ордада ыдыраушылық үдеріс күшейеді. Бірінші болып 1420-шы жылдары Сібір хандығы, Ноғай Ордасы бөлініп кетті. 1430-шы жылдары Қырым хандығы, көп ұзамай Қазан хандығы бөлініп шығады. Алтын Орданың орталық бөлігі Үлкен Орда деп атала бастайды. 1460-шы жылдары сол Үлкен Ордадан Қажы тархан (Астрахань) хандығы бөлініп кетеді. Алтын Орда ыдыраған кезде одан 5-6 хандық бөлініп шықты. Бәрінде хандық билік сақталынды, тек Ноғай Ордасында ғана Едіге бидің ұрпақтары би титулымен жоғары билікте отырды. ХV ғасырдың соңында Қазан хандығы, Қырым хандығы, Ноғай Ордасы, Үлкен Орда, Сібір хандығы арасында ұзаққа созылған және бітпейтін бақталастық күрестері жүрді. Алтын Орданың ең соңғы күні ретінде шартты түрде 1501 жылдың 15 маусымы деп айтылады. Осы күні Қырым ханы Меңлі Керей хан мен Үлкен Орданың соңғы билеушісі Шейх Ахмет хан арасында Днепрге құятын Сула өзеннің маңында шешуші шайқас болып, Үлкен Орда ханы жеңіліс табады да, алдымен Қажытарханға, одан кейін Киевке барады. Одан әрі ол Литваға кетіп, «құрметті тұтқын» атанады. Ал кезінде Алтын Ордаға тәуелді болған Мәскеу князьдігі, бірте-бірте күшейіп, алтынордалық аумақтағы басты саяси ойыншының біріне айналады. XVI ғасырдың ортасынан Мәскеу біртіндеп жекелеген хандықтарды бағындыра бастайды. 1552 жылы Қазан хандығы, 1556 жылы Қажытархан хандығы жаулап алынады. Ноғай Ордасының өзі өз ішінде бірнеше ұсақ ордаларға бөлініп, басқа хандықтардың кейпін киеді. 1598 жылы толығымен Сібір хандығын Мәскеу жаулап алды. Ал Қырым хандығы болса, 1783 жылы толығымен Ресейге тәуелді болды. Осылайша, XVII ғасырдың соңына таман бұрынғы Алтын Орданың орнында болған хандықтардың бәрін Орыс мемлекеті өзіне бағындырады. – Енді, Алтын Орданың атауына келейікші. Тарихшы Жақсылық Сәбитов Еуразияда Алтын Орда деген мемлекеттің болмағанын, ол тек хан ордасының, яғни, резиденциясының түсі дегенді айтып жүр. Жалпы, Алтын Орда атауы қайдан шыққан? – Қазіргі тарихнамада Жошы Ұлысының атауын Алтын Орда деп атау әбден қалыптасқан тұжырым. Шындығына келгенде, Алтын Орда атауы мемлекет жойылғаннан кейін ғана пайда болған термин. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1224/1225 жылдары Жошының әкесінен иелікке алған үлесі – Жошы Ұлысы деп аталды. Батый хан оны жеті жылдық жорық барысында батыс-та Дунайға дейін кеңейтті. Сөйтіп, 1242 жылдан бастап біз сөз етіп отырған Алтын Орда дүниеге келеді. Бірақ ол Моңғол империясының бір бөлігі болып саналды. Тек 1269 жылдан бас-тап ол жеке мемлекет болып саналады. Батый хан құрған бұл мемлекетті көрші-лес елдер мен қарым-қатынас жасасқан елдер өз жазбаларында әртүрлі айтады. Мәселен, армян деректерінде Солтүстік патшалығы дейді, араб деректерінде Қыпшақ патшалығы, орыс деректерінде Орда немесе Батый ханның Ордасы, Тоқтай ханның, Өзбек ханның Ордасы немесе Еділ жақтағы Орда деп айтады. Яғни, қарап отырсаңыз, сол кезде бірде бір нақты атауы болмаған. Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін ғана ғылыми әдебиеттерде Алтын Орда деген термин қолданыла бастап, толығымен қалыптасып қалды. Жошы Ұлысына қатысты қолданылатын Алтын Орда терминінің шығуы жөнінде ғылымда бірнеше пікірлер бар. Бір ғалымдар Алтын Орда атауын түрік-моңғол тайпаларының тараптарды түстермен берумен байланыстырады. Солтүстік – қара, шығыс – көк, оңтүстік – қызыл, батыс – ақ, ал орталық – сары немесе алтынмен байланысты болған деп түсіндіреді. Екінші бір зерттеушілер Алтын Орда атауын моңғолдардағы билеуші әулетті алтын әулет деп атаған деп айтады. Ал енді бір тарихшылар Алтын Орда терминін 1303-1377 жылдарда өмір сүрген араб саяхатшысы Ибн Батутаның 1334 жылы Өзбек ханның Ордасында болған кезіндегі жазбаларын негізге алады. Онда ол ханның Ордасын – Алтын Шатыр деп жазады. Мен осы пікірді қолдаймын. XIX ғасыр ортасында араб саяхатшысының бұл жазбалары француз, кейін ағылшын тілдеріне аударылып, ханның ставкасын Алтын Орда деп атайды. Міне, осы кезден бастап еуропалық ғалымдар өз зерттеулерінде 1242-1502 жылдардағы Жошы Ұлысын – Алтын Орда атап кетеді. Алғашында ханның резиденциясына, кейіннен бүкіл елге қатысты Алтын Орда атауы қолданылып кетеді. Мұндай әдіс қазірде де бар. Мысалы, Ақ үй, Вашингтон және АҚШ, Кремль, Мәскеу, Ресей Федерациясы, ал біздің елде – Ақорда, Нұр-Сұлтан және Қазақстан Республикасы атаулары синоним ретінде айтыла береді. – Талас Омарбеков Алтын Орданы зерттеген орыс тарихшылары оны жағымсыз етіп көрсетуге тырысқандығын айтады. Өзіңіз де Алтын Орданы зерттейтін ғылыми орталық қажет дегенді жиі айтып жүрсіз. Сонда оның тарихы ғалымдарымыздың тарапынан жеткіліксіз зерттелген бе? – Бұл жағынан келгенде Татарстанның тарихшы-ғалымдары алда келе жатыр. Қазанда Академиялық Тарих, археология және этнография институтының жанынан «Алтын Орда мұраларын зерттеу» атты ғылыми-зерттеу орталығын ашып алған. Содан бері 30 жылдай уақыт өтті. 10-15-тей мамандары бар. Нәтижесі қандай? Қазір сол орталық Алтын Орданы зерттейтін бірден-бір үлкен ғылыми-зерттеу орталығы болып отыр. Алтын Орданың 750 жылдығын алғаш көтерген солар. Ал біз өкінішке қарай, соған енді-енді келіп жатқан сияқтымыз. Бізде де осындай орталық болса, біріншіден, арнайы мамандар шақырылады. Археологтар, этнологтар, деректанушылар және орта ғасырдың мамандары арнайы жоспармен, бір айқын мақсатта жұмыстар жүргізсе 4-5 жылдан кейін орталық нәтиже бере бастайды, кітаптар, жинақтар, аудармалар, карталар жарыққа шығар еді. Сарайшық қаласы тұнып тұрған тарих, Сығанақ, Отырар, басқа да Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінен қалған зерттеуді қажет ететін қалалар бар. Филологтар зерттейтін қаншама асыл сөздер бар. Қанша қолжазбалар қазақ тіліне аударылмай жатыр. Саяси тарих мәселесін қосыңыз. Бір ғана Ақ Орданың тарихы неге тұрады? Оны зерттеуге кім барады? Жастар тарихқа келеді. Бірақ ондай күрделі тақырыптарға бара бермейді. Алтын Орданың тарихын жақсы білу үшін ең алдымен, қазақ тілінің майын тамызып жақсы білу керек. Қазақ тілін жақсы білмейтін адам Алтын Орда тарихын зерттеп, мардымды бір нәрсе жазады дегенге мен онша сеніңкіре бермеймін. Сонымен қатар Алтын Орда дәуірін зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Жасыратыны жоқ, кеңестік дәуірде билік белгілі бір тақырыптарды қаржыландырып отырды. Әрине, кеңестік кезеңде партияның басшылығымен 5 жылдықтар тарихына көп көңіл бөлінді, қаржыландыру көп болды. Ал өкінішке орай, орта ғасырларға, 1917 жылғы дейінгі кезеңге көп көңіл бөлінбеді. Тағы бір себеп, бұл тақырып онша көп қолдау таппады. Бірен-саран мамандар ғана ортағасырлар тарихымен айналысты. Академик Болат Ешмұхамбетұлы Көмеков, Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов, Клавдия Антоновна Пищулина, Меруерт Қуатқызы Әбусейітова және тағы басқалары. Орта ғасырлық тарихты зерттеуге қаржы мол бөлінетін болса, онда ол тақырып жастарды қызықтырар еді. – Қазақ тілін білу, түркологтар зерттеу қажет деген мәселелерді айтып қалдыңыз. Осыған кеңінен тоқталып, мысалдар келтіріп кетсеңіз. – Айтайын. Алтын Орданың негізгі тұрғындары кең мағынадағы қыпшақ тайпалары, тілі – қыпшақ тілі. Тіл – жай ғана қатынас құралы емес, ол халықтың жаны, дүниетанымы. Ауыз әдебиетіндегі Жиренше шешен мен әйелі Қарашаштың, Жиренше шешен мен әз-Жәнібектің даналық пікірлері жөніндегі материалдарды білесіз ғой. Алтын Орда тарихындағы Жәнібек ханды – әз-Жәнібек дейді. Ол бауырларын өлтіріп билікке келсе де, тарихта әз-Жәнібек есімімен қалды. Ол өз билігі тұсында ғылымға көп көңіл бөлген екен. Соның нәтижесінде Жәнібек ханның тұсында шығыстағы ғылым мен мәдениеттің орталықтарының бірі Сарай қаласы болған. Халық арасына сол дәуірден таралған қаншама ақыл сөздер, нақыл сөздер, кемеңгерлік сөздер, шешендік сөздер бар. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев мұрасында қарасаңдар сол дәуірден қалған ауыз әдебиетінің бірнеше нұсқалары толып жатыр. Тіпті, Жиренше шешенді Қарашашпен де айтыстырып қояды. Міне, осының бәрі Алтын Орда тұсында болған. Сол сияқты орыс тілін, ағылшын, араб, француз тілдерін де жақсы білуіңіз керек. Неге десеңіз, Алтын Орда сол елдердің тарихында терең із қалдырды. Солардың саяхатшылары келді. Бұл бір адамның қолынан келмейді. Бұған мемлекеттік түрде жоспарлы жүйе жұмыс істеуі керек. Сонда ғана Алтын Ордаға қатысты көп материалдарды дүниеге келтіруге болады. Алтын Орда мен Қазақ хандығының арасында көп байланыстарды табуға болады. Тіл деген ол халықтың жаны ғой. Алтын Ордадан қалған көп құндылықтар бар. Жалпы, халық басынан өткен қуаныш, тарихи жағдайды бір шумақ тіркеспен айта салған. Мысалы, еліміздегі ХХ ғасырдың 30 жылдары болған саясатты халық бір сөзбен: «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейді. Ал «Ақтабан-шұбырынды» десе, біз оның XVІІІ ғасырдың 20-шы жылдарындағы халық қасіреті екенін білеміз. Дәл сол сияқты Алтын Орда дәуірінен қалған қаншама тілдік құндылықтар бар. Мысалы, «Ноғай бұлғағы» деген сөз бар. Деректерде 1270-1290 жылдары Ноғай деген Алтын Орда батырының орталық биліктің ісіне араласып, бағынбауы жайлы айтылады. Ол өз ұлысын жеке мемлекет қылуға талпыныс жасаған екен. Бүкіл сарайдағы билікке кім келіп, кім кететінін реттеп отырған өте беделді тұлға болған. Бұл баяғы Мамай, Едіге сияқты. Ол таққа Тоқтай ханды отырғызады. Тоқтай хан билігін күшейткеннен кейін Ноғаймен күресуге тура келді, ақыры Ноғайды жеңген. Жалпы Ноғайдың іс-әрекеті Алтын Ордада 25-30 жылға созылады. Соның нәтижесінде тарихта «Ноғай бұлғағы» деген сөз тіркесі қалды. «Сайын хан тағы» дейтін сөз бар. Бұл Батый ханның тағын айтады. Немесе «Нар мойыны Бердібек хан тұсында кесілді» деген сөз бар. Бұл дегеніміз – Бердібек ханның өлімінен кейін Алтын Ордадағы Батый хан әулеті билігінің үзілгендігін білдіреді. Екі-ақ жыл билік құрған Бердібек хан 1357-59 жылдары билікке туыстарынан ешкім таласпасын деп Батыйдың кіндігінен тараған бүкіл еркек кіндіктің бәрін өлтірген екен. Жалғыз ғана ұлын қалдырған. Ол ұлы әкесінен бұрын қайтыс болып кетеді. Тарихта «қара жүзді хан» деген атпен қалған. Әкесін өлтіріп билікке келгендерді тарихта қара жүзді хан дейді. Ондайлардың биліктері 6 айдан 2 жылдың аралығында ғана болады екен. Бердібек екі-ақ жыл басқарды, ақыры өз әмірлерінің, бектердің қастандығы нәтижесінде өлтірді, ал таққа Батыйдың кіндігінен отырғызатын адам болмайды. Бұны халық бір-ақ сөзбен «Нар мойны Бердібек хан тұсында кесілді» деп айтқан екен. «Дін өзбектен қалған» деген сөз тіркесі бар. Кейбіреулер дұрыс түсінбей, бізге дін Өзбекстаннан келген деп ойлайды. Бұл сөз XІV ғасырдағы Өзбек ханның діни реформасына қатысты айтылып отыр. 1320 жылы Өзбек хан исламды Алтын Орданың ресми діні деп жариялады. Осыдан кейін Алтын Орданың халқы біртіндеп «өзбектер» деп атала бастады. Ал көшпелі жағы «көшпелі өзбектер». Бұл халықтың Өзбек ханға берген бағасы. Қазбалай берсек, Алтын Орданың әрбір ханына халықтың берген бағасы бар. Едіге деген хан екен, елдің қамын жер екен. Ел шетіне жау тисе, мен барайын дер екен. Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екен. Өзінен бір жас үлкенге сіз айтыңыз дер екен. Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екен, өзінен бір жас кішіге сіз тұрыңыз, мен айтайын дер екен, –деген сияқты өлең жолдары деректерде көп кездеседі. Бұл тілдік байланыс қазақ халқының Алтын Орданың заңды мұрагері екенін көрсетеді. Тұрмыс тіршілігі, географиялық факторға келсек, Алтын Орданың батыс жағы жартылай отырықшы, жартылай көшпелі, Қырым, Астрахань, Жайықтың бойындағылар көшпелі, отырықшылықтар бар. Солтүстік жақ башқұрттар, татарлар, Қазан жағы отырықшы. Біздің жаққа келсек, Дешті Қыпшақ көшпелі, Сырдың бойы отырықшы. Алтын Ордада қалалық мәдениет те, отырықшылық өркениет, көшпелі тұрмыс, бәрі қатар дамыған. Өзбек деген атауды Шағатай ұлысына Әбілхайыр ханның немересі Мұхамед Шайбани хан алып барған. Сөйтіп олар өзбек деп аталып кетті. – Берекет аға, Алтын Орданың Қазақ хандығына, халық этногенезінің қалып-тасуына әсері қандай болды? Осы мәселеге тоқталсақ. – Алтын Орданың алғашқы кезеңінде жаңа бір қауымдастық, этнобірлестік дүниеге келеді. Саяси құрылым ішіндегі этникалық топтардың барлығы Өзбек хан тұсында бір атаумен атала бастады. Жасыратыны жоқ, ислам діні жаңадан келіп жатқан кезде түркі тайпаларында жеке-жеке тотемдер болған. Аңға, құсқа, бөріге, бұғыға сыйынатын. Енді сол құндылықтардың орнын басқа ерекше құндылық, одан да жоғары тұрған құндылық ауыстырады. Алла, Алллаға деген сенім, Құран, шарият, пайғамбар, солардың бәрін халық мойындады. Сол құндылық оларды біріктіре бастады. Ал мемлекеттілік жағынан келетін болсақ, маңызы тіптен ерекше. Алтын Орда ыдыраған кезде соның бір сарқыншағы – Еділдің сол жағында, Қазақстан жерінде Ақ Орда, одан кейін Қазақ хандығы құрылады. Қазақ хандығында Алтын Орданың билік басқару жүйесі, әкімшілік құрылымы сақталып қалды және жаңғыртылды. Алтын Орданың ыдырауы – шыңғыстық идеологияның әлсіреуімен байланысты болып, оның орнына жергілікті этникалық күштер, ру тайпалардың көсемдері билікке араласа бастайды. Соның нақты көрінісіне 1428 жылы Әбілхайыр ханның билікке 16 жасында келуі жатады. Ондай тұлғалар өзі келе алмайды, оларды таққа отырғызады. Кім отырғызады? Әрине, жергілікті этникалық күштер. Этникалық күштер дегеніміз – ру, тайпалардың көсемдері, батырлары, билері. Бұрынғы шыңғыстық дәстүрді жергілікті этникалық күштер арқылы түркілік не қыпшақтық дәстүр ауыстырады. Бұл Қазақ хандығында ерекше көрініс тапты. Алтын Орданың ыдырау барысында мемлекеттіліктің 3 түрлі формасы пайда болды. Олар – Шағатай ұлысында «темірлік» немесе мауреннахрлық, Ноғай Ордасында «ноғайлық» немесе «едігелік», Қазақ хандығында «дешті-қыпшақтық» түрлер. Темірлік мемлекетте хан бар, тақта отыр, атқарушы билік әмірдің қолында болған, яғни, хан тек декоративті тұлға ғана. Ноғай ордасындағы билердің билігі заңды болу үшін көршілес отырған бір Шыңғыс ұрпағы басқарған ресми билік өкілінің билігін мойындаса болды. Ал Қазақ хандығында этникалық күштер күшейеді, солай болса да хандық билік сақталынды. Қазақ хандығында ХІХ ғасырдың ортасына дейін хандық биліктің сақталуының бір себебі осында жатса керек. Қазақ хандығында хандық жүйе, билеуші әулет барлығы Алтын Ордадан қалған. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Гауһар Түстікбаева.

4178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы